Өткен тарихқа үңіле көз салсақ, Қазақ ел болып ірге көтергеннен кейін-ақ өмірін соғыспен өткізе жүріп, қайтпас қайсарлығымен еш жауға берілмей өмір сүріп келе жатқан батыр халық екендігін бүгінгі егеменді елге айналуымыз паш етіп тұрғаны анық. Сонау алыс, осыдан төрт жүз жылдай бұрын, Қазақтың сорына жер бетінде пайда болған Жоңғар мемлекеті құрылмай тұрғанның өзінде Қалмақтың Ойрат тайпасы қазақ жеріне соғыс ашып, адам қырудан әккі жауыздығын өзіне мәртебе санағандығын тарих айтады. Осындай қисапсыз қырғындарда елі үшін, жері үшін қанын төгіп жанын берген ерлеріміз туралы Қазыбек бек Тауасарұлы бабамыз сияқты ғұламалар тарих бетіне там-тұмдап қалдырған бірен-саран ерлеріміздің аты-жөні болмаса біздің одан өзге білеріміз де аз.
Ұшарын жел, қонарын сай біліп жау талаған, ажал қамаған, тоз-тозы шыққан, тау-тасқа бұққан шарасыз ел қолына қалам алып тарих жазып қағаз түрту орнына, ашымайға аяғын арта алмайтын алты жасар баласына найза ұстатып жебе тартуды үйретуді оқудан анағұрлым артық көріп өмірі өте бергенін ғана білеміз. Әсіресе қазіргі еліміздің шығыс шегара шебі төңірегінде жайлаған Суан деген жұрт сол заманда көбіне қалмақтардың табанының астында қалғандығында тарих растайды. Жоңғар жойылып Қазақ елі орысқа бағынышты бола бастаған күндер туғанда, көргендері көз алдынан кетпей, естігенін есіне сақтайтын сұңғыла сүлейлермен, сөз мәйегінен май шайқайтын, өткен күннің өзегін ақтарып алдыңа келтіретін, өрелі ойының өрісі кең, көпті көрген көсем қарттар әңгіме арқауын, өткен сұрқылтай заманға бұрғанда елін қорғаған ері, жау қолында қалған жері туралы неше алуан әңгіме ақтарып, одан қалды ақын-жыраулар бәйіт, сайыс айтысына арқау етумен бүгінге дейін жеткізген. Сол өткеннен біздің де естігеніміз атадан балаға жалғасып келе жатқан ауызекі аңызға айналған шындық оқиғалар еді. Басқа елдегідей тарих ретінде хатқа түсіп қатталып, шаң басып жатқан жерінен қолға іліндіріп, бетін ашып «бәлен деген батырымыз түген деген жерде жауды жеңіп ерлік көрсетіпті» дегенді оқитын көп ғасырлық архивтік дәлеліміз болмағандықтан бабалар өмірінен жылы сөз естиміз бе деп өзімізден қырық-елу жас үлкендердің аузына қарап өскендігіміз ешкімнен жасырын емес. Сол қасиетті аталарымыздың ескертіп кеткен есті сөзінде айы мен жылын тап басып көрсете алмаса да Суан деген рудың ұрпақтары кезінде Жоңғарлар соғысындағы қан майданда небір ерлік көрсеткен ерлерін мақтанышпен атап бір-біріне мақұлдатып отыратынын бала кезден бізде естіп қалғанымыз бар. Естілер сөзін солай ұққан жазықсыз құлақ миға апарып шегелеп берген соң ұмыта алмайды екенсің. Сен ұмытайын дегенмен көкірегіңе ұялаған батырлар рухы оқтын-оқтын есіңе салғанда ғана «қайран бабалар елің үшін істеген ерліктеріңді бізден кейінгі ұрпақтарыңа жеткізе білсек» деген ой мазаламай қайтсін. Мен де ержете бастағанда үлкендер аузынан түспейтін, жаугершілік заманда еліне қорған жеріне қормал болған ержүрек батырларымыз Ұзақ батыр, Тайлақ батыр, Матай батырлардың аты-жөнін көп естігенім бар. Бірақ Матай батыр туралы, Қабанбайдың қолы қан майданға кіргенде ылғида туын жоғары ұстап алғы шепте айдынын асыра жүретіндіктен туы бір сәт еңкеймей соғыс жеңіспен аяқтала бергенін көрген ел, «жолы болғыш ту ұстаған Матай» атандырып жүріп ақыры «Туматай» аталып кеткен деген бір ауыз сөзден басқа Ұлы баба туралы бізге ештеме жетпепті. Ұзақ батыр, Тайлақ батыр жөнінде де елін, жерін жауға бермеген ер жүрек ерен адамдар болғанынан басқа білеріміз аз.
Баяғыда үлкендеріміз «алтын іздеген аяғының астын қарар» деп отыратын-ды. Адамға бар керектіні жер анамыз қойнауына жасырып жатқандықтан айтылған мақал болар. Сол сияқты асыл бабаларымыздың басынан өткен ерлігі мен соңғы демі үзіліп жүзін жасырған жерлігі туған топырағымыздың қай бұрышынан бұйырды екен деген менің алаң көңілім біршама орнына келгендей. Өйткені Суанның Солтанғұл руынан шыққан Ұзақ батыр бабамыздың Жоңғарлармен қан майдан ашып жеңіс туын желбіреткен жері табылғандай көңілім тоғайып қалған сияқты. Ол жер мына Текелі тауының алқабында көрінеді. Мен бұрында сол Текелі ойпатында Жоңғар қалмақтарымен болған айқасты, содан кейін де соғыс аяқталып біршама уақыт өткен кезден соң жер ауып кеткен Ақша аталарымыздың баласы Естеместен тараған Байбұға, Тайбұғалардың Текелі аңғарының оңтүстігіндегі Сатылы сайына келіп көп жылдар тұрақтап қалғанын білуші едім. Осы әңгімелер негізінде сұрау сала жүрудің нәтижесінде сол жақта тұратын Байдәулет інімнің арқасында біраз анықтамаға көз жеткізгендей болдым. Ол да көргенін көңіліне тоқып жүретін текті азамат екен.
Текелі қаласының шығысынан Жоңғар алатауынан басталған үш өзен ағып келіп бір-біріне қосылған соң «Текелі өзені» аталып қала ортасынан басысқа қарай өтеді. Текеліге құятын Қора өзені алғашқы бастауын 3889 м биіктікте жатқан Безсанов және Салжоников мұздағынан алады. Одан кейін 2827 м биіктіктен төмен құлай ағып «Қора» өзені деп атала бастайды. Солтүстік батысқа қарай жылжи отырып 3744 м биіктегі Тронов мұздағынан шығатын Шұңқыр бұлақ суын қосып алып одан еңістей Қасқа бұлақ, Тасты бұлақ, Сылдыр бұлақ, Тентек бұлақ суларымен көбейгеннен кейін оңтүстік батыстағы Мыңшұқыр тауына қарай бұрылып, Текелі қаласының шығысынан Текелі өзеніне құяды. Ал өзеннің Текелі тармағы таудың оңтүстігіндегі 2732 м биіктіктен бастау алып жол-жөнекей көптеген өзен, бұлақ суларын қосып алып Текелі қаласының шығысынан келіп үлкен өзенге қосылғанша өзі де «Текелі өзені» деген атаумен ағады. Текелі қаласының шығыс бағытынан Шажа өзені ағып келеді. Өзен 2814 м биіктікте жатқан Тілектөр тауымен Сандықтау арасындағы Шымбұлақ суынан бастау алып, Шопабай тауын басып өтіп, Ақтышқан тауының оңтүстігіндегі Ойсаз өзенімен жалғасады. Ақтышқан тауының солтүстігіндегі Қойтас, Шажа бұлақ сулары және Қайыңды өзендері қосылып үлкен Шажа өзені Текелі қаласының шығысынан Текелі өзеніне құяды. Демек, солтүстіктен Қора өзені, шығыстан Шажа өзені оңтүстіктен Текелі өзені ағып келіп Текелі қаласына жетпей үлкен Текелі өзенін құраған соң Талдықорған қаласының шығыс жағынан өткенде Қаратал өзені аталып Балхаш көліне бағыт алады.
Бағанадан біздің әңгімеміздің негізгі арқауы Ұзақ бабыр болғандықтан әңгіме ауаның соған аударсақ. Біз атап өткен шығыстан Текеліге қосылатын Шажа өзенінің бойында «Ойсаз» деп аталатын үлкен сазды алқап Ақтышқан тауының оңтүстік етегінде жатыр. Бұл жерде бүгінге дейін «Қоңтайшы тауы», «Қызыл ауыз» дегенде жер бар. Осы Ойсаз, Қоңтайшы тауы, Қызыл ауыз аталатын жерде Суан Ұзақ батыр бабамыз қайысқан қалың қолымен келіп, жоңғарлармен соғыс ашып, жеңіске жеткенін бүгінге дейін сол жердің көне көздері «Ұзақ батыр соғысқан Ойсаз» деп атайды. Соғыс қай ғасырда өткенін ешкім тап басып айта алмайды.
Ойсаз, Қызылауыз, Қонтайшы тауы Текеліден 40-45 шақырым жерде екені белгілі. Ұзақ бабамыздың ел үшін егеске түскен батыр екендігін осы дәлелдеме ұрпақтар үшін үлкен қуаныш екені айқын. Бабаларымыздың жорық жолдары Текелі сайынан бастап Шажа өзенін бойлай жүріп, Айыр кезең асуы арқылы 3257 м биіктікте жатқан Демікпе асуымен немесе 3378 м биіктіктегі Көккөл асуымен Қытай шекарасына дейін барып солтүстікке қарай Ақсу, Сарқан өзендерінің бойымен жүретін жолдар әлі көненің көзіндей анық байқалады.
Базархан ЖАҚЫБАЕВ,
жазушы.