Ұланның ойы өссе он үшінде, бас болып бағыт ұстар топ ішінде
Атамыз қазақ ғасырлар бойы адамның жасын есептегенде мүшелден бастап, сол мүшел жас арқылы қаншаға келгеніңді жыл санау бойынша есептеп отырған. Ал орыс билеген заманнан бері туған жылды, айды, күнді тәптіштеп қағазға түсіріп қолға ұстатып келеді.
Әуелі мүшел жас туралы айтатын болсақ, адам өмірге келісімен қазақша жыл санауды, қайсы жылы туды сол жылдан келер он үшінші жылды мүшел жас деп атайды. Мысалы, биылғы 2023 қоян жылғы жыл басы наурыз айынан бастап, одан кейінгі сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында туған баланың жылы қоян болып келеді де, 2035 қоян жылы, мүшел он үш жас болып есептелінеді. Тегінде ауыз екі солай айтылғанмен баланың іште жатып жетілгені бір жас болып есептеліп, сонда ғана мүшел жаста болып айтылады. Ал келесі әр мүшел жас қазақша жыл санаудағы тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз – осы он екі жыл бір мүшел болып есептелінген. Соның нәтижесінде әр мүшел жас тақ санымен аяқталып 13, 25, 37, 49, 61, 73, 85 жас мүшел жас болып қалыптасқан. Ал биылғы қоян жылғы туған баланың мүшел жасы 2023 қоян жылынан 2035 қоян жылы он үш жаста бірінші мүшелге толды. Одан әрі әрбір мүшел он екі жастан қосылып отырғанда 2047 жылы 25 жаста екінші мүшел, 2059 жылы 37 жаста үшінші мүшел, 2071 жылы 49 жаста төртінші мүшел, 2083 жылы 61 жас бесінші мүшел, 2095 жылы 73 жас алтыншы мүшел, 2107 жылы 85 жас жетінші мүшел болып саналған. Ата-бабамыз жетінші мүшел жасты қасиетті мүшел деп санапты. Одан арғы жасаған мүшел жасты Алланың сүйген құлына берген арнайы сыйы деп бағаланған екен. Адамның әр мүшел жасы өтіп болғанша барынша сақтанып жүрген абзал. Өз қолы мен жақсы көретін киім кешегінен садақаға беріп, өмірден өткен ата-баба әруағына құран бағыштап тұрса мүшел жас иесіне көп жақсылықтар әкеледі. Арам іске жоламай, арын, жанын, тәнін таза ұстап жүрсе жаратушы әр мүшелде жақсылығына кенелтуден тарықтырмайды. Мүшел жастан қорқудың қажеті жоқ.
Аспан әлемінің адам баласының жаратылуына ықпалы
Шығыс ғұламасы Илияс Мағрибиден
Алғаш әйел құрсағы еркек ұрығын қабылдаған күннен бастап адам туылып, кәрілік келіп өмірден өткенше аспан әлеміндегі жеті жұлдыздың басқаруымен тіршілік етеді екен. Ол жұлдыздар Зухал, Мүштари, Маррих, Зуhра, Ғұтрат, Ай, Күн. Еркек ұрығы ана құрсағында қанға айналғанша жеті қат көктен Зухал жұлдызы бақылап басқарады дейді. Бұл бақылау қырық күнге жалғасатын көрінеді. Одан кейін ұрық қаннан етке айналғанша Мүштари жұлдызы жұмыс істейді. Бұл да қырық күнге созылады. Бұдан әрі ұрықтың еттен сүйек пайда болар шағында Маррих жұлдызы жұмыс жүргізбек. Келесі қырық күнде Күннің ықпалы күшті болады да балаға жан бітеді. Жан біткен ұрық енді адам пішініне бейімделерде оны Зуhра жұлдызы басқарады. Бұл да қырық күнге созылмақ. Бұл арада адам пішіні қозғалысқа тап болады. Енді іштегі нәрестеге сезім пайда болуын Ғұтрад жұлдызы басқаратын болса керек. Ең соңында Ай қамқорлық еткенде бала толысады. Сонда бәрі екі жүз сексен күнде, дәлірек айтқанда тоғыз ай он күнде бала дүниеге келеді. Бала туған соң төрт жасқа дейін оған Ай қамқорлық жасап, бала бес түлейді. Мұны «бесік баласы бес түлейді» деп айтады. Төрт жастан он екі жасқа дейін Ғұтрад жұлдызы басшылық етеді екен. Бұл өте жылдам, баланың шапшаң ер жететін кезі. Жиырма мен отыздың арасын – ең шешек атқан жылдарын Зуhра, одан кейін әуелі Күн, одан кейін Маррих кезек алады дейді. Адам баласы әбден шарықтау шегіне жететін, бар өнерін сыртқа шығарар кез. Елуге келген соң салдарлы ақыл тоқтатқан шақ Мүштари басқарған кез. Одан әрі адамға кәрілік келіп, өмірден өткенше Зухал жұлдызы басқарады екен.
Қазақ әйелдерінің өмірге бала әкелудегі білгірлігі
Ертеде қазақ халқы әйелдердің өз уағында құрсақ көтеріп көп балалы болуына үлкен мән берген. Ауылға келін боп түсіп бір қуантса, жерік айы басталғанда «құрсақ тойын» жасаған ел-жұрт өмірге қошқардай ұл әкелуін тілеп, батасын беріп риза болып тарасады екен. Сол күннен бастап ауыр аяқ болған жас әйел көпті көрген ауыл анасының бақылауына алынған. Жүкті әйелге ауыр көтертпеу, ат үстінде қатты жүріспен ұзақ жүрмеу, оқыс шошынып қалудан сақтану, түнде суға бармау, Айға қарап дәрет сындырмауды ескертіп отырған. Алғаш әйел толғағы басталған сәтте ауылдың қыз-келіндері баланың тез босануына тілекші болуына арнайы «жарыс қазан» көтерген. Ол үшін қазанға толтыра ет асылып, құрт, май, мейіз, тәттіден шашу дайындалған. Кең үйге дастархан жайылған. Әйел босанғанша қазан-ошақты басқарып жүрген әйел «қара қазан қайнағанша қара келін бұрын босансын» деп тілей жүріп асылып жатқан етті аударыстыра беретін дәстүр болған екен.
«Құдай сәтін салып қара қазан қайнағанша босанып алды» деп кіндік ананың бала өмірге келген сәтін қазанның қайнаған уақытысымен байланыстыра салыстырғаны елдің әдет-ғұрпына жататындығы және толғақтың жеңіл болғанын айқындайды. Сондықтан болар сол қуанышқа ортақтасқандар «жарыс қазан» тойымен аяқтап тарасқан. Бір қызығы екіқабат әйел босанардағы ай-күні жақындағанда «жарыс қазанға» арналған қазы-қартасын, май-құртын, тәтті мейізін босанатын әйел өзі дайындап, абысынының қолына табыс еткен. Дастархан жасап тойды өткізу сол абысынның мойнына жүктелген. Ал әйелдің толғағы келіп бала босанар алдында үйді оңаша тіктіріп, шаңырақтың желбеуін толғақ асылып отырардай байластырып дайындаған. Жерге таза жұмсақ төсеніш төсеп, желбауға артылған болашақ ананы жайлы орынға жайғастырған соң тәжірибелі ауыл анасы толғақ қысқан әйелдің белінен мықынға қарай жұмсақ сипай бастайды. Осы әдіспен екі-үш сағат көмек жасағанда денсаулығы қалыпты әйел қиналмай сәбиін өмірге әкелген. Егер босану кешігіп қиналыс ұлғая бастаса әйелді киіз немесе кілемнен жасалынған аспалы төсекке жатқызып, оң мен солға кезек аунату әдісін қолданған. Сонда барып бала оңына келіп босану жеңілдейтін көрінеді.
Бала жарық дүниеге келісімен ауыл немесе әулет анасы кіндігін кесіп, жөргекке орап, шешесінің қолына ұстатқан соң «Өмірге қойшы келді» немесе «ат байлар келді» (ұлды айтады), «өмірге жылқышы келді» (қыз баланы айтады) деп жар салады. Денсаулығы жақсы ана босанғанда баламен бірге жолдасы да жерге түседі. Егер ондай болмаған жағдайда ана қатты қинала түскен. Бұрын ең ауыр жағдай осы болып, науқастың басына өлім қаупі төнген жағдай көп болған. Осындай кезде бала босанған әйелдің күйеуін шақырып алып, оң аяғының өкшесін таза сумен жуғызып, сол суды әйелге айтпай ішкізіп жіберген. Содан бірер сағат өткенде жолдасы жерге түсіп, ана өлімнен аман қалғанын көне көздер бүгінге дейін айтады.
Баланың кіндігі кесілген күннен бастап анасы кіндікке күнделікті түкірігін жағып емдеп отырған. Аз күннен соң баланың кіндігі жазылып қалпына келген. Сол сияқты қазақтың қасиетті аналарының қолынан келген мына адам сенбес ерлікті тыңдаңыз. Қыздар ұзатылып, келін болып біреудің босағасын аттаған соң қайсы бірінің бала көтермей өмірі өксумен өткендері қаншама. Қазақтың дана аналары сондайларға бала көтерту бақытын да білген екен. Өткен ғасырдың елуінші жылдары жайлау үстінде бұрыннан бірнеше рет нәрестелі болып, көп балалы атанған әйелдің кезекті бір толғағы болып жатқанда жасы қырыққа келгенше балаға зар болып жүрген Қалиша деген әйелді жаңағы көп балалы ананың босанып жатқандағы нәрестесімен бірге түскен жолдасына жарты сағат жылы орап отырғызған. Соның нәтижесінде әйел екі жылдан кейін бала көтеріп, өмірге ұл әкелгендігін айтады. Ол адам қазір Қоңырөлең ауылында тұрады дейді. Ал Қалишаны баламен бірге түскен жолдасына отырғызып, Алладан бала сұрап жүрген анамыздың аты Қораз әже деген кісі екен. Жүз алты жасында қайтыс болыпты.
Қалжа
Қалжа деген не? Қалжа әйел босанған күннен бастап бала қырқынан шыққанша сорпаланып, ауыраяқ кезіндегі өне бойындағы пайда болған суық, жел-құз әлсіздігінен ащы терін шығару арқылы арылу үшін арнайы сойылған семіз қойды айтады. Қалжаға жылқы сиыр еті құнарсыз келеді. Жас ана босанғаннан кейін әлсіз денесіне суық өткізіп алмас үшін жылы киініп, күнделікті жас еттен тамақтанып, ыстық сорпа ішіп отырғанда ғана тез ширап, денсаулығын қалыпқа келтіре алады. Сонымен бірге омырау сүті де молайып, баланың тез жетілуіне көмегі тиеді. Атамыз қазақ босанған анаға арнап сойылған қойды неге қалжа деп атаған?
Қалжа сөзі әлсіз, әлжуазды оңалдырады деген мағынаны білдірсе керек. Әйел босанған соң, әлсіреп, қалжырап әлжуаз күйге түсетінін балалы аналар жақсы біледі. Қазақта «Қоянның түрін көріп қалжасынан түңіл» немесе «Қалжасы қалақтай екен» деген сөздер қалжа сөзінің қандай мағына білдіретінін айтып тұрған жоқ па. Демек баланы тоғыз ай көтеріп, қиналып босанып, денсаулығында әлсіздік пайда болған ананың жүдеулігін анықтап тұрғандай. Соны білетін нәрестенің әкесі әйелін қалжалап жататыны осы күнде де жиі кездеседі. Біздің дәстүрімізде ана күнделікті сорпалана жүріп қалжаның мойын омыртқасын бұзбай асып, етін өзі жеп, таза омыртқа сүйегін ағашқа өткізіп қатырып қойған. Бұл жас нәрестенің мойыны ерте қатаяды деген ырым. Содан кейін үлкендер жиі айтатындай, жас ананың қалжаның алғашқы ыстық сорпасынан бүкіл өне бойын балбырата шыққан ащы терін «шілде тер» деп атаған. Сол тер шыққан әйел тез оңалып кетеді деп жатады. Әйелдің шілде терін шығарып оңалтумен бірге өмірге сәби келген қуанышқа ортақ туған-туыс, ел-жұрт «шілде тойды» да дүрілдете тойлап, мәз-мейрам болып тарасады.
Демек «шілде той» деген ат сол ананы сауықтырған шілде терімен байланысты аталады. Шілде тердің адам бойында қалмай шығып кетуіне үлкен мән берілген. Өйткені, денедегі жел-құздан арылған ана бір жылғы құр аттай тетік күйге еніп, күндей ашылған қабағымен баласының шілде тойын бірге тойлау қуанышына ие болған. Бала ер жетіп азамат болғанда кейбір жағдайда адамдар намысына тие қалса «Ей, сен не айтып тұрсың, менің де анам ұл тудым деп қалжа жеген» деп өзінің ер мінезді текті ұл екенін оқыста білдіріп қалады. Қалжаның ер жігітті намысты ер етіп өсіретіні осы сөзден-ақ белгілі емес пе.
Бесікке салу
Ел болам десең бесігіңді түзе
Халық мақалы
Біздің қазақ ел болып аталғалы, Алладан қолын жайып бата алғалы ең киелі зат деп атап санасына сіңіргені, күн нұрын шашу етіп тұратын басындағы шаңырағы мен ұлан даласын билеген ұрпағын тәрбиелеп өсірген бесігін қасиет тұтқан. Енді сол бесікке баланы қалай салатыны жөнінде әңгіме қозғамақпыз.
Алдымен бесік туралы, одан кейін нәрестені бесікке салардағы керекті заттардың атауын айта кетелік.
Бесік – бұрынғы қазақ өміріндегі жыл он екі ай көшіп-қонып, болмаса жаугершілік заманда баласын бесігімен ат үстінде алып жүріп орын ауыстырып кетуіне өте ыңғайлы және жайлы болғанын айтқан жөн. Сол кезде әйелдер ат үстінде бесікті алып жүру сырын және бала жөргегін ауыстыру жөнінде тіс қаққан аналар жастарға үйретіп отырған. Соның нәтижесінде аналар ер адамдармен қатар тау асып, тас басып жүрсе де ұрпағын аман сақтап өсірген. Ал баланы бөлеу үшін бесікке керекті заттар мыналар.
1) Бесіктің тақтайшасына салынатын төсеніш көрпеше. Түбек тұратын тақтайшадағы тесік осы көрпешеде де жасалынған. Бұл көрпеше баланың аяғынан кеудесіне дейін қайырылып оралынады.
2) Балаға жастық. Бесікке ыңғайланып жасалынған. Бала жатқанда құйрығына дейін жету керек.
3) Түбек – баланың дәреті түсетін ыдыс. Бесіктің тақтайын тесіп орналастырады. Түбекті құмырадан жасаған жөн.
4) Шүмек – қойдың асықты жілігінің асық тұратын жағынан ұлға арнап кішірек, дөңгелектеп тесіп баланың мүшесі кең тұрып кіші дәрет ағатындай, қыз балаға сопақша тесік жасалынады.
5) Төрт жастықша (жүннен). Түбектің үстінен айналасына қойылып баланың құйрығын жылытып жатады.
6) Жөргектері. Бала бесікте жылы жату үшін басына аяғына орап қымталады.
7) Аяқ бау. Жалпақтау етіп жасайды. Баланың денесіне батпау керек.
Баланы бесікке жатқызған соң шүмектің тесігін қойдың майымен майлап, аяғын жөргекпен орап, үстіне көрпешені жауып, дәл тізе үстінен аяқ бауды бастырып тартып байлайды. Сонда баланың аяғы қозғалмай жатады.
8) Қолбау. Бесікте шалқасынан жатқан баланың кеудесіне дейін көрпешені жауып, сәбидың екі қолын созып, алақанын жазып екі жағына қойып, көрпені жауып, екі қолдың сырт жағынан екі жастықшаны тағы қойып қолбаумен тартып байлайды.
9) Баланы алғаш бесікке салған күні дәстүр бойынша бесік тойы басталып, шашу түбек тұратын бесік арқылы шашылады.
10) Бесікте жатқан нәресте аттың құлағында ойнайтын батыр азамат болсын деген ырыммен бесік арқалығына жүген, қамшы тартып қойылған.
11) Бала шошымас үшін жастық астында ылғи пышақ жастаған.
12) Жас сәбиге көз тимес үшін бесік басына үкі байлаған. Міне осыдан кейін бала бесігінде бес түлеп, жыл айналмай қаз тұрып жүре бастаған. Анасы баласын бесікке бөлер алдында тәй-тәй басқанына қызығып, түбегін, шүмегін, жастығын әкелуге жұмсап, ертерек жүріп кетуіне баули бастаған. Баланы бесіктен бір жарым, екі жаста шығарған. Өйткені ауыраяқ ананың келесі сәбиін өмірге әкелуге дайындығы басталмақ.
Өткен ғасырдың бас кезінде, одан әріректе де, заманның бір жаймашуақ шаттық кезінде көшпенді қазақтың салтында бір ауыл немесе бір әулет салтанатты сәнімен көшкенде жорға мініп, торқа киген ауыл анасы, болмаса әулеттің бәйбішесі сол ауыл иесінің қарашаңырағы артылып, алуан түрлі кілем жабылған атан түйесін жетелеп сәндете көш бастап отырған. Сәбиін бөлеген бесікті де сол қара шаңырақ артылған жүк үстіне орналастырып қойғанда ана сүтіне тойған нәресте көш жүрісіне тербетіле балбырай ұйықтаумен болады екен. Баланың анасы, ауылының жас келіні болса да елінің салты бойынша өзі қатарлы қыз-келіншектермен көш жөнекей ойын-сауық, күлкі салып жол бойы қызықтың қайнар ортасынан табылған. Бұл қазақ салтында келінді еркелете еркін ұстау дәстүрі болған. Көш тоқтағанда ғана енесінің бақылауындағы сәбиіне көңіл аударып, құшағына алған.
Қазақта «Көш қызығы – көңілдің мәні, салтанат сәні – өмірдің нәрі» деген содан шыққан сөз ғой шіркін.
Сүндет той
Қазақ әйелдері баланы бір жарым, екі жасқа келгенде бесіктен шығарады. Анасы ауыраяқ болған жағдайда емшектен де ерте шығарып, дастархан шетіне отырғызып, тамақтандырып үйреткен. Бала емшектен шыққанда «ұлым жігіт болды, қызым бойжетті» деп әкесі қатты қуанған. Оған себеп, ұлы немесе қызы сәби болсада ел қатарлы дастарханның шетіне отырып, бір кісілік орынға ие болып, алдына тамақ тартып қатарға қосылуынан. Ата-анасы қуанышты көңілмен «баламыздың бесіктен белі шығып азамат болды» деп жатады.
Ұл бала үш жасқа толғанда жуас тай немесе құнанға ашамай (жас балаға арналған кішкене ер. Оның артықшылығы баланы ашамайға отырғызған соң қорғағышты екі жағынан баланың қабырға тұсына келтіріп көлденең ашамайдың екі басына бекітіп қояды. Ашамайдың үстінен артыла салынған қоржынның екі басына екі аяғын салып (үзеңгі орнына), ауып кетпес үшін байланған екі көлденең қорғағыш баланы ат үстінде қорғап отырады) ерттеген атқа мінгізіп, жетелеп жүріп үйретеді. Бала бес жасында аттың жалынан тартып өзі мініп, тізгін-шылбырға ие бола бастайды. Ұл бала үш жасқа толғанда сол жылғы туған құлынды сүндет ат болсын деп ен салып, бәсіре етіп берген. Бала бес жасқа толып сүндетке отырғызарда бәсіресі екі жастағы құнан болады. Баланы сүндетке отырғызу діні мұсылман қауымға үлкен парыз. Оның ішінде қазақ халқы баланы сүндетке отырғызуды аса құрмет тұтқан. Бала бес жасқа толғанда алдымен сүндет тойын жасаған. Ол үшін ұлдың сүндет атын ерттеп, құйрық-жалын үкілеп, баланың бас киіміне, қамшысына үкі тағып қою заң. Үкі тіл көзден сақтайды. Баланы сүндет атқа мінгізіп, жетелей жүріп тойға шақыруды ауылдың пысық жігітіне тапсырады.
Сүндет тойға ауылының бас иесінен бастап сарысүйек жекжат-жұраты, баланың нағашы жұрты, әкесінің нағашы жұрты деген сияқты алыс-берісі, барыс-келісі жарасқан жақындарды арнайы «кәде» жолымен шақырған. Ол кәде жолы деген не? Баланы атқа мінгізер алдында әкесі қой сойып, оның он екі жілігінің ішіндегі кәдеге жарамсыз екі түйгіш жілікті қоспай, қалған он жілікті (екі жамбас, екі асықты жілік, екі ортан жілік, екі жауырын, екі кәрі жілікті – барлығы он жіліктің әр қайсына қосымша ет қосқанда бір асым ет болған) сыйласымды құдаларға атап, баланың қоржынына салып жібереді. Онымен қоса баланың сүндет шашуы деп тәтті-мейіз, құрт-ірімшіктерді арнап жіберу өз алдына.
Тойға шақырушы баланы ерте жүріп алыс-жақындағы құда-жегжаттарды тойға шақырып, арнайы жіберген кәделі жілікті де атап тапсырған. Бұрыннан сыйластығы мол құдалар кәделі жіліктің құрметі үлкен екендігін бағалап, сыйластық бұдан былай да жарастық таба беретінін түсінеді. Арадағы татулық пен алыс-беріс арта түспектің бір кепілі осы кәделі құрмет. Бұл үрдіс бұрыннан ел бірлігін сақтап келе жатқан жол. Қазақтың осындай өткенінен қалған әдет-ғұрпын әлі де жалғастырса ел арасындағы сыйлы өмірдің жақсаруына мұрындық болар еді. Той аяқталысымен баланы білгір молдаға сүндетке отырғызған. Молда дұға оқып болған соң ұстараны шамның қызуына аз ұстап, (микробын жояды), баланың татамайын шимен қысып байлап, тері ұшынан кескен. Кесілген орыннан қан шықпас үшін сиырдың ақ жапы тезегін (күнде ұзақ жатып ағарып кеткен) отқа жағып, күлін шыныға салып, кескен жердің үстіне шыныны төңкеріп жауып қойған. Бұрынғылар күн астында көп жатқан ақ тезекте жараны асқындыратын кесел болмайтынын біліп пайдаланып келген. Соның әсерінен бір жетіде бала ойынға айналып кеткен. Ұл баланы бес жастан асқан соң әкесі, атасы қасынан тастамай ертіп, жиын-тойға, қонаққа алып жүру сөкеттік болмаған. Ондағы себеп бірінші баланың тіл байлығы мен сөз сөйлеудің қыр-сырын үйрену, айналасын ерте тану, жақсы-жаманды айыра білуді, үлкенді сыйлауды үйрету үшін көптен үлгі алсын деп баулығаны.
Алқалы жиында ел үшін, жер үшін келелі әңгімеде баланың да намыс-жігері көтеріліп, азаматтығын ерте түсіне берсін дегені. Бала жеті жасқа толғанда толық әкесінің тәрбиесіне өтіп, түздің ұланына айналған. Әке баланы жаугершілікке, білімге, төзімділікке, қайсарлыққа, саятшылдыққа, ар тазалығы мен жан тазалығы, тән тазалығына шыңдап отырған. Келешек елі мен жерін қорғайтын азамат қандай болуын құлағына құя білген. Аттың құлағында ойнайтын, түн қараңғылығы тұманды далада адасар болса ағаштар мен өсімдіктерге қарап жол табуды үйреткен. Алғашқы мүшел жас ішінде бала әке бойындағы білімділік қасиетін түгел үйрену шарт болған. Олай болмағанда үміт ақтарға жатқызбаған. Сондықтан ғой деймін, «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген мақалдың таралуы. Немесе «әкесі қандай болса, баласы сондай» деп баласы жаман болса әкесін кінәлайтын.
Қазақ елінің дәстүрінде қыз бала анаға жақын өседі. Бес жасында құлағына сырға салып, мойнына алқа таға бастаған. Қызды жеті жасынан қол өнер шеберлігіне үйретуді бастап, ою ойып, кесте тігуді меңгерген соң киім пішіп тігуді жалғастырған. Қыз бала мүшел жасқа толғанда бұрымына шолпы, бөркіне үкі тағып, қос етек көйлекпен сәнденіп жүруді үйренген. Жеңгесі қыз мүшел жасқа толған соң өз басынан өткен, қалай қалыңдық болуды, күйеу жігітті алғаш қалай қарсы алып, қабылдауды үйреткен. Туған ұясынан ұзатылғанда аужар айтуды, сыңсуды қалай бастап, аяқтауды жаттатқан. Келіндік өмір басталған күннен «атаға нәлет келтіріп, ат басына соқтырмау» үшін қандай келін болуы керектігін толық үйретіп, ақ босаға аттатып отырған.
Қыз оң жақта жүргенде аға-бауырларымен бірге ат үсті ойындарына араласып үйренуге заманы мәжбүр еткен. Сондықтан сәукелелі қыз, сәнді күміс ер-тоқымын саңлақ жүйрікке ерттеп, салтанат құра білген. Қазақ елі қыз балаларын ұлынан артық сыйлап бағалаған халық. Сондықтан қыздың барған жерде бақытты болуын тілеп, «қызға қырық үйден тыйым» жасап, ақ босағасын адал аттауына анасы мен жеңгесі жауапты болған екен.
Базархан ЖАҚЫБАЕВ,
жазушы, сазгер,
Халықаралық Жазушылар
одағының мүшесі.