(толғау)
«Жақсыда жаттық болмайды» дейтін ел едім,
қолымнан келсе, қоңсы деп бөлмей, демедім.
Алмағайып замандар кешіп басымнан,
тірнектеп жидым тіріге керек дерегін.
Жарты нанымды жасырып жемей, бөлісіп,
жол серігіммен туыстай болдым, сенісіп.
«Бір күн танысқа, мың күн сәлем» жолдаумен,
сағынатынмын, көрмесем жылап көрісіп.
Тас атқанға асымды адал ұсындым,
«аққа құдай жақ» болады деп түсіндім.
Құдайы қонақ көңілі қалап келгенде,
дастарқанымнан дәм татпай кетсе, қысылдым.
Жамандық іздеп жамағайынның жанынан,
кезім жоқ еді ата жолынан жаңылған.
Жаратқан алла асылық айтсам кешіргін –
жаным садаға – ұятым менен арымнан!
Қиындықтан да кезім жоқ еді тартынған,
ұлағат алдым жасындай өткір жарқылдан.
Аңқылдап тұрар, жарқылдап тұрар әмәнда,
айыра көрме қазақы мінез, қалпымнан!
Келмеске кеткен жылдарым саған салауат,
Бүгінге жеттім жанымды қанша жаралап.
Қаймана халық қазақтығымды танитын,
Салт-дәстүріміз – ұрпаққа келер АМАНАТ!
2
Аманат саған Жерімнің әрбір бөлшегі,
аманат саған найзамен қаққан ел шебі.
Ақ нұрына, Бақ нұрына бөлейді,
деп сенейін жиырма бірінші ғасыр, мен сені.
Ілім, біліммен адамның өсіп санасы,
Жазылса екен Санаға түскен жарасы.
Жиырма екінші ғасырға қадам басса екен,
Салт-дәстүрімен қазақтың ерке баласы.
Ғылымнан өзге уайымы болмай жастар түк,
Алатын болса ақ ниеттерін достар құп.
Саналы ұрпақ алаңсыз өмір сүрсе екен,
Қырып-жоятын қарудан түгел бас тартып.
Жойылса соғыс көңіл көгінен боп таса,
саяси сайқал күрестер мүлде тоқтаса.
Түйсігі терең келер ұрпақтың өресі,
аманаттарға адалдықтарын сақтаса.
Тентегін теріп, әділеттілікпен соттаса,
сотталған адам ол жолға қайта соқпаса.
Тоқтаса егер, адамның асыл жүрегі,
апаттан емес, өз ажалынан тоқтаса.
3
Жиырма бірінші ғасыр, аманат саған ұрпағым,
ақындарының аялап атыр жыр-таңын.
Мен Ғарышқа аттанып кетсем бір күні,
ұрпағымның бойында тулар бұл қаным.
Шаттықпен шалқар… уайымға толы өтер күн,
кетуге келгем, уақыт бітсе, кетермін.
Тамырымен аққан тамшы қаныммен қалайда,
келешек саған ұрпағым арқылы жетермін.
Бақыттан, келер ғасырым қалай бас тартпақ,
бүгінгі тайды өсірер ертең жас баптап.
Жалыны бөлек жастарға сенем, қанында,
елесім емес, рухым тұрар асқақтап!
Жыр оқиды олар, өз ғасырының төрінен,
бұдан да асқақ, бұдан да күшті өр үнмен!
Өлең дегенде өзегін жарып беретін,
Ақын Рухы тірілер, шығып көрінен.
Жыр-Пырағының тұяғын қайта тағалап,
Ақын Рухы кетер-ау, жұртты аралап.
Өзегі-жалын, өресі-ғалым өскелең,
Келешек саған жырларым осы АМАНАТ!
4
«Аманатқа қиянат жоқ» деген ата-бабамыз,
Осы сөзбен жетілген-ді, ақыл-ой мен санамыз.
Темірқазық жұлдызындай адастырмас бақ санап,
ата-баба аманатын арқалап ап барамыз.
«Ол – адалдық ар алдында…мынау бес күн Жалғанда,
дүние деген қызыл итке қызығам деп алданба.
Айбалтаға мойын тосып, ар алдында есеп бер,
өзіңменен-өзің кейде оңаша бір қалғанда».
Деп үйретті олар бізді, шынықтырып құрыштай,
ісіменен дәлелдеді зекіп, ұрып, ұрыспай.
Қазақия даласына ажырамас құт болып,
Ел киесі, Жер киесі сондықтан да жүр ұшпай.
Иемізді-Киемізді аманаттап сақтадық,
туған жерден өзге ұяны іздеп қанат қақпадық.
Сертіміз сол: өлсек-өлдік өз жерімде тік тұрып,
таудай алтын берем десе, жалғыз тасын сатпадық.
Туған елді – тұғырым деп, жүректің ең төрінде,
аяладық. Өлу-бақыт дедік туған елімде.
Шейіт болсақ, Жаратқаннан иман бер деп тіледік,
кір жұқтырмай аманат пен ар алдында сенімге!
5
Келешек ұрпақ, өзіңе тағы аманат,
Тәңірдің сыйы – ең нәзік сезім махаббат!
Атаң да татқан, Анаң да татқан бал дәмін,
сол үшін кейде жанардан жасы боталап.
Асыл сезімді, ақындар мәңгі жырлаған,
қиса, дастаннан сәби кезімнен тыңдағам,
тыңдағам-дағы, өзім де тынбай жырлағам,
жарлаған оны аққулы көлім, мұң далам.
Махаббат – Ұлы Поэзияның бастауы,
алаулап тұрар іңкәрліктердің аспаны.
Сүйріктей сұлу болғанмен пәк жас жаны,
зымиян, зәрлі болып келетін қас жауы.
Махаббат – мәңгі Мәжнүндердің мекені,
көз жасын төгіп Ләйлілер зарлап өтеді.
Сейпіл-Мәлік пен Жамалдай іздеп бір-бірін,
сәтке табысу – ғұмырларына жетеді.
Дүние бүкіл сол сәтке ғана сиғандай,
сол үшін ғана жас өмірлерін қиғандай.
Қозы мен Баян, Жібек пен батыр Төлеген,
ғарыштан бүгін біздерге қарап тұрғандай.
Дейтіндей бізге: «аманат еді арманым,
кәусар сезімді неліктен сақтай алмадың?
Жас жанымызды қиналмай қиған пәктіктен,
жиырма бірінші ғасырда жұрнақ қалмадың…»
Бүгінгі Баян Қозыны неге алдайды,
Төлегендері Жібекті пұлмен арбайды.
Ақшада ма еді, алтында ма еді бар қайғы,
жан қимақ түгіл, жарты күнге де бармайды.
Жарты күндік ақылы сезім жайлаған,
Сайтан мен Сайқал, жын-ойнақ бүгін айналам.
Махаббат үшін жұмағыңнан да қуылған,
Хауа Ана менен Адамнан туған қайда адам?
Ғашық жүректер алаулап қайта жанды ма,
Мәжнүн сынды сағынып естен танды ма?
Жұпары кәусар жұмақты жерге көшірген,
Адамзат қарыз махаббат сенің алдыңда!..
Жиырма бірінші ғасырдың ғашық жастары,
мөлдіреп тұрғай пәк сезімдердің аспаны.
Қыңсылап жатсын босағаларыңды күзетіп,
қызылит мінген қызғаныш атты қас жауы.
Аманат саған, келешек ұрпақ, аманат,
өрекпіп, зулап өткен күдерге салауат.
Жүректе тұнар адамгершіліктің белгісі –
пәк күйі жетсін келер ғасырға махаббат!
6
Көңілдерінде көл болып тұнып шер-мұңы,
(санаңда сақта саналы ұрпақ сен мұны).
Байтақ жерімді ат тұяғымен қорғаған,
аманат саған бабаларымның ерлігі!
Асқар тауымды бабамдай тірі, сүйемін,
«таудай бол!» деген батаңа басым иемін.
Ерлік пен Өрлік өзіңе ғана жарасқан,
Рухы асқақ, еңсесі биік киелім!
«Туған жеріңді тұмар ғып мәңгі жаныңа,
Ерліктің дәнін суарып өсір қаныңа!» —
деген тәмсілді айтпай-ақ үнсіз ұқтырып,
бес қару қойдың тал бесігімнің жанына.
Айбынды басын ақша қар басып тұрған шың,
ездік елесті аластап ерте қуғансың.
Ерліктің нұрын ақ сүтіңменен емізіп,
санама сарқып анашым өзің құйғансың.
Санама құйған сәулелі бесік жырынан,
етек жаппай-ақ, елімнің сырын ұғынғам.
Он үшімде ат жалын тартып мінген соң,
зор үміт күттің тұлымды қайсар ұлыңнан.
Бесік жырынан бастау табатын сан арман,
әр ғасырда әр қырыменен жаңарған.
Көк Түріктің Көкбөрі еді тұмары,
Ерлікті мен де аманатқа алғам солардан.
Жайқалып өссін деуменен Қараорманым,
Ерліктің туын ұрпақтарыма жалғадым.
Тоныкөк тартқан қобыздың сарыныменен,
Тұран даласын Афрасияб болып қорғадым.
Ел үшін өлген ерлерде дедім бар ма мұң,
Мұндалап тұрды мұзбалақ ұшқан тауларым.
Қабанбай менен Бөгенбай, Наурызбайлардың,
қылыштарынан қырғын тапқан-ды жауларым.
Бүгінге жалғап кешегі батыр қыз-ұлды,
(ашық келетін айқастың салты бұзылды).
Саясаттың салқыны жайлап ғаламды,
Шырмап ап жатты тұлғаларды да құзырлы.
Аштық пен нәубет, соғыстың көріп азабын,
бодандықтың да көтердік сансыз мазағын.
Ғасырлар сыны қан түкіртсе де, қасқайып,
Ерліктің Туын құлатпай өтті қазағым!
Өткен ғасырлар өзіңе айтам салауат,
өлтіре алмадың… өлімші қылып жаралап,
Ез болып өмір сүрмеуің үшін ұрпағым,
ата-бабаңның Ерлігі саған аманат!
7
Аманат саған даламның әрбір бөлшегі,
Ол – кеңдік пен кемеңгерліктің өлшемі.
Алла да жерді домалақ етіп жаратқан,
болмасын деп Ұлы Далада жер шегі.
Ұрпағым саған ой салсын дала тағдыры,
Көз жасы оның – нөсерлеп құйған жаңбыры.
Топырағын улап, сулары құрғап барады –
өзіме аян өз анамның хал-мұңы.
Адам ата мен Хауа анамыздан жаралып,
Ұлы далаға кетіппіз еркін таралып.
Тереңде жатыр қазақтың түпкі тамыры,
Шығыстан шыққан, күн нұры болып даналық.
Даналық түбі дейді екен бабам – қанағат,
қанағатсыздықтан туады жерде сан апат.
Апаттан сақтар амалың болса қолыңда,
келешек ұрпақ, өзіңе Далам аманат!
Аманат саған өзендерім мен көлдерім,
(үстінде тұрсың үнемдей білсең, көмбенің).
Айыптай көрме ақымақ мына біздерді,
улы қоқысты көл түбіне апарып көмгемін…
Саналы ұрпақ, үміт шырағын жағарсың,
Өзен мен көлді тазарту жолын табарсың.
Саясат деген сайқалдың түскен қолына,
біз жіберген қатені түзеу – саған сын!..
Қай ғасырда да ақынның жаны бір деген,
Ұлтым үшін ұяттан бүгін күнде өлем.
Келешек ақын түсінермісің мұңымды –
алапат күндер, азапты өмір сүрмеген?
8
Түркі Әлемінің түбінен жаткен ғаламат –
құлағын тігіп, құмары қанған бар алап.
Аққуға да үн қосатын қос қанатым –
әнім мен күйім, келешек саған аманат!
Тасытар қанды қуатым да сол, еркем де,
Әндерім – әсем, күйлерім – көркем… өртеңге,
өскен құрақтай құлпыртып құйып санаңа,
тамырын басып, тап-таза жеткіз ертеңге.
Ұлтымның асылын жисаң бар игі,
жетпейді оған… жігерді қайрап, жаниды.
Кім екеніңді… еліңнің асыл арманын,
Өркениет мынау, өнеріңнен ғана таниды.
Сазынан жанға шуақты сәуле бөлінген,
Әнім мен Күйім – егіз өрімдей өрілген.
Арқауы – алтын, өрнегі – күміс сазды әуен,
домбырамның шанағынан саулап төгілген.
Ақтарып берер өзегіндегі бар асылды,
(елестетер көзіңе жазғы жасынды).
Әбунасыр Фараби тартқан қос ішек,
Шежіресін шертер көміліп қалған ғасырдың.
Түркі Әлемінің түбінен жеткен ғаламат,
өнерімізді өзгертіп алма, жаралап.
Келер ғасырға саф алтындай саралап,
тап-таза жеткіз… өзіңе ғана аманат!
9
Сырымды айтам мен саған келешегім,
аманатқа көп еді берешегім…
Мынау төрткүл Әлемде өз орным бар –
демесем де бәрінің төресі едім.
Өз орным бар, төрім бар, Отаным бар,
Қазақ Елі дейтіндей атағым бар.
Келешекке берейін ақ батамды,
халық едім ежелден бата құмар.
Өз төбесін биікке теңемес кім,
Рухымды қалайша жебемеспін!
Саған сенем келешек, саған сенем!
Ертеңіне сенбейтін ел емеспін.
Күнге қарап қол жайдым таң алдында,
Қуанышым, шаттығым, бәрі алдымда!
Келешекке үмітпен қадам басам,
көлдетуге көз жасын жаралдым ба.
Сырымды айттым, мен саған шынымды айттым,
мұңымды айттым қу жаным шырылдайтын.
Тілім үшін жүрегім тілім-тілім –
желбірейді екен деп туың қай күн.
Өмір сүріп келемін үмітпенен,
(үзе ме екен үмітін жігіт деген).
Ішімдегі өз дертім – өзімдікі,
сыртқа жаймай, ішімді бүгіп келем…
Тіл қатады өзімнен бұрын Санам,
(келер ұрпақ өзіңе мұңым шағам).
Мен көгерте алмаған көсегесін,
Тілім саған аманат, Тілім саған!