«Ауруын жасырған өледі», «Іштен шыққан жау жаман», «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты», «Жаман үйді қонағы билейді» деп дана бабаларымыз сан ғасыр айтқан мақалдар қазіргі күні де өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Әлемде ұлтаралық татулық пен бірліктің «ерекше үлгісі» деп 30 жылдан астам уақыт аузымыз көпіріп мақтаныш етіп келе жатқан «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» және әр түрлі ұлттардың мәдени орталықтары, «Достық үйлері» тағы да басқа көптеген қоғамдық ұйымдардың ел арасында анда-санда көңірсіген шаладай бықсып тұрып, лап ете қалатын ұлтаралық жанжалдарды болдырмаудың алдын алатын жүйелі тәлім-тәрбиелік шараларды жүзеге асыра алатын қоғамдық институттар ретінде қалыптасып, өз миссиясын толыққанды атқара алмағандығын көрсетеді. Бүкіл түркі жұртының қасиетті қарашаңырағына иелік етіп отырған, даласында құлдық, абақты, балалар мен қарттар үйі деген болмаған, далалық демократиясы бір ауыз сөзге тоқтаған қазақ халқы ынтымақшыл, бауырмал һәм қоғамшыл болғаны тағылымды тарихымыздан белгілі.
Тар жол тайғақ кешудің зардаптарын бірге көріп, достығы қиындықта шыңдалған өзге ұлт диаспорасы өкілдерімен кеңпейіл қазақ халқының ішкі жан үйлесімі жарастық табуының нәтижесінде еліміз өсу мен өркендеудің жолына түсті. Сол азапты, қаһарлы жылдардың сынағынан сүрінбей өткен достығымызға, ынтымағымызға сызат түспесе, арамызға сына қағылмаса екен деп тілейміз.
Өздеріңіз білетіндей, еліміздің солтүстік өңірінде 19 наурызда 19 азаматтың «Халық Кеңесі» ұйымын құрып, өздерін «еркін халықпыз» деп айдарлап, ал әлем мойындаған Қазақ мемлекетін «корпорация» деп атаған топтың «басқару жүйесіне сенімсіздік білдіре отырып тәуелсіздігін жариялайтындығын» мәлімдеуі шектен шыққандық болды. Мемлекет пен ұлт тағдырына қатысты мәселелерде ұлт зиялыларының, қоғам белсенділері мен қарапайым азаматтарымыздың Петропавлдағы жікшіл-сепаратистік арам пиғылдыларды қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етулері дер кезінде мемлекет пен ұлт тағдыры үшін жасалған орынды әрекеттер болды.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің СҚО облысы бойынша департаментінің сепаратизм дерегіне қатысты тергеу бастағанын, ал прокуратураның ведомствоаралық тобының да осы өзекті мәселемен айналысатыны, кінәлі 3 азаматтың қамауға алынғаны туралы хабарлама да жасалды. Осы әрекет тек қоғам белсенділерінің дабылынан кейін ғана қолға алынды деуге болады. Сонымен бірге ұлтжанды қоғам белсенділерінің Батыс Қазақстан облысын Ақжайық, Солтүстік Қазақстан облысының атауын Қызылжар, Шығыс Қазақстан облысының атауын Алтай, Павлодар облысының атауын Ертіс, Қызылорда облысын Сыр елі деп атау керектігі туралы, сондай-ақ жергілікті азаматтарымыздың Жоңғар Алатауының атауын Жетісу Алатауы деп байырғы атауларымен атауға талпынуы қолдауға тұрарлық бастамалар. Кеңестік кезеңнен қалған, идеологиялық түрде ескірген елді-мекен аттары мен жоңғар шапқыншылығы кезінен телінген жат атауларды еліміздің рухын көтеретін, халықты бірлік пен ынтымаққа шақыратын атауларға өзгертетін уақыт әлдеқашан жетті. Туған жердің әр төбесін тарихи атауларымен алмастыруды ешкімге жалтақтамастан жүргізу керек деп есептейміз. Ұлттық мүддені қорғауға келгенде жан мен ақшаны аяп қалуға болмайды. Жемқорлардың шетелге асырған миллиардтаған доллар қаражаттары мен өзге байлықтарының қасында өзекті мәселеге шығарған қаржы түкке тұрмайды деуге болады.
Өз ауданымыздағы Пенжім ауылының атауын Атамекен, Сүптай ауылының атауын Ақсай, Тұрпан ауылының атауын Қоңырқойнау деп өзгертіп, одан басқа Ават, Лесновка, Диқанқайрат, Нәдек, Садыр ауылдарының, кейбір көшелердің атауларын да қазақшалау керек. Ал, Панфилов ауданының атауын Орбұлақ деп өзгерту туралы орынды ұсыныстардың құзырлы органдар тарапынан қазіргі күнге дейін ескерілмей келе жатқаны бізге түсініксіз. Ұлт мүддесі үшін батыл қадамға баруымызға кім немесе не кедергі? Елордамыздың атауын мың құбылтқан депутаттарымыз да облыстар мен облыс орталықтарының төл қазақи атауларын қайтаруда ұлтжандық хәм қайраткерлік танытады және осы кезек күттірмес өзекті мәселеде шетте қалмас деп ойлаймыз. Себебі, өзге тілдегі атаулармен аталатын облыс, елді мекендерді өзінің атажұртындай көретін өзге ұлт диаспораларының жікшіл-сепаратистерінің дүркін-дүркін үй ішінен үй тігуге бағытталған әрекеттері өр рухты, текті қазағымызды алаңдатпай қоймайды. Кейде бұрқ ете қалатын ұлтаралық жанжалды тек тұрмыстық мәселе ретінде біржақты қарау ауруды асқындырып алып емдеу сияқты екенін неге ұғынбаймыз? Кезінде өктемшіл күштерге арқа сүйеп келгендер мен бас сауғалап қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлт диаспоралары мемлекеттік тілімізге, салт-дәстүрімізге құрметпен қараулары керек. Қазақстандағы сияқты ешбір мемлекетте басқа ұлт өкілдеріне ана тілінде білім алуға, ұлттық мәдени орталықтарын ашып еркін өмір сүруіне һәм ұлттық салт-дәстүрін дамытуға ерекше қамқорлық жасап отырған жоқ. Өркениетті егемен мемлекеттерде сол елдің мемлекеттік тілін білмесе, ұлттық дәстүрі мен заңнамасына құрметпен қарамаса ол елдің азаматы ретінде өмір сүрудің өзі қиын екендігі белгілі жағдай. Пейілі ұлы даласындай дархан, тумысанан текті, рухты қазақтың кеңпейілділігінің арқасында Қазақстанда мемлекет құрушы қазақ халқы мен жүзден астам диаспора өкілдері тату-тәтті тірлік етіп жатқаны шындық. Әрбір қолында билігі бар лауазым иесі – зиялы қауым ұлт мүддесі үшін жан аямай, халқына адал қызмет етсе мемлекетіміздің өсу мен өркендеудің жолына түсіп, жан-жақты дамитыны, ешкімнің бізді басынбайтыны анық.
Қасиетті қазақ жерінің, егемендігінің тағдыры қыл үстінде тұрған сәттерде, ұлтаралық жанжалдар кезінде қазақ жерінде барлық игілікті пайдаланып, барлықтан көздерін шел басып, қазақты басынатын өзге ұлт өкілдерінің бұғып қалатыны жасырын емес. Бас көтерген ұлтжанды қазақ азаматтарының құқық қорғау органдары тарапынан Сталин кезіндегідей көзі ашық, көкірегі ояу, ұлтжанды азаматтарымызды қанды қасап репрессияға ұшыратып, «халық жауы» деген жаламен азаптап, атып, итжеккенге айдағаны сияқты тәуелсіз қазақ елінде оның заман ағымына қарай өзгерген түрі «ұлтаралық жанжалды қоздырды» деген қалыптасқан репрессиялық баппен айыпталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жататыны көпшілікті қынжылтады. Сонда Ресейдегі кейбір ұлтшыл шовонистер мен еліміздегі кейбір басқа ұлт диаспорасының өкілдері қазақ жерінде аузына келгенін айтып, білгенін істеп, мемлекет құрушы ұлтты ашықтан ашық басынатыны, ішіміздегі кейбір сатқын шенділерге арқа сүйеп қазақты қорлаған әрекеттері жазасыз қалатыны алдымен мемлекеттік билікке де сын емес пе? Сан ғасырлар бойымызда қалыптасып қалған құлдық психологиядан арылып, санамыз да отарсызданатын кез жетті.
Халықаралық деңгейде егемендігі мойындалған, мемлекеттік шекарасы айқындалған, ата-бабамыз сан ғасыр жанкештілікпен қанын төгіп, ерлікпен қорғап бізге аманат еткен тарихи тиесілі жерімізді бөлшектеуге ешқашан да жол беруге болмайды. Елдік және жерлік біртұтастығымызды мойындамау, ұлттар арасындағы достыққа сына қағу арқылы ұлтаралық араздықты қоздырушыларды, сепаратист-жікшілдерді құзырлы органдарымыз заң шеңберінде өз әлеуетін пайдаланып дер кезінде ауыздықтап, Конституциямыз бен Қылмыстық Кодекске сәйкес қатаң жазаға тартуы керек. Сонда ғана арампиғылдылар аяғын тартатын болады.
Осындай қайғылы, келеңсіз жағдайлардың болашақта мемлекетімізде орын алмауы үшін жікшіл-сепаратизм көріністеріне дер кезінде мемлекеттік деңгейде сауатты тосқауыл қойып, өзіндік қазақы салт-дәстүрімізге негізделген өзіндік ұлттық идеологиямызды қалыптастырумен қатар ұлттық қауіпсіздігімізді де күшейтіп, тек бір елдің ескі қарулары мен қарабайыр ұрыс тәсілдеріне ғана сенгенді қойып, АҚШ, Англия, Германия, Франция, Түркия, Израиль, Норвегия, тағы да басқа жан-жақты дамыған, өркениетті елдермен жоғары дәрежеде әскери-техникалық байланыс орнатып, әскери білімімізді жетілдіріп, әлемдегі ең озық қарулармен әскерімізді қаруландырып, бірлескен жаттығуларға қатысып, қорғаныс қабілетімізді жақсартып, әскери әлеуетімізді еселеп арттыра түсуіміз заман талабы.
Тәуелсіз қазақ мемлекетін сақтап қалу үшін «сақтансаң – сақтаймын» деген Жаратқанның ескертуі әрқашанда жадымызда жаңғырып тұруы керек. Ұлттық қауіпсіздігімізге төнетін кез келген қауіп-қатердің үлкенді-кішілігіне қарамай әрқашан алдын ала білгеніміз абзал.
Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
Қазақстанның Заңгерлер және
Журналистер Одағының мүшесі.