Қазақстан азаматтарының 80%-ы мемлекеттік тілді меңгерген
Жуырда ғана Жаркент қаласындағы Жоғары Гуманитарлық-техникалық колледжінде «Тілдерді оқытудағы белсенді әдістер мен технологиялар» атты облыстық көшпелі семинар өткізілді.
Аталмыш іс-шараның негізгі мақсаты республика көлеміндегі үздік деп танылған тілші ғалымдардың озық әдістемелерімен танысып, өзара іс-тәжірибе алмасуға бағытталғандығы жайында – жүргізуші, Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Жеңіс Хамитұлы Жолдыбаев өзінің беташар сөзінде семинар қонақтарына қысқа-нұсқа түрде хабарлады.
Алғаш болып сөз алған Панфилов ауданы әкімінің орынбасары Қанат Нүркешұлы Досмайылов мырза тілді қорғап дамыту кез-келген мемлекеттің басты мақсаты және рухани құндылығы болып табылатындығын, сонымен қатар тілге қатысты туындаған проблемаларды қозғап, көшпелі семинардың сәтті өтуіне өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Одан әріге баяндамашы, Жетісу облысындағы тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Рахымбердина Толғанай Сламғалиқызы ел президенті Қ.Тоқаевтың өз жолдауларында тіл мәселесін ешқашан назардан тыс қалтырмағандығын айта келіп, еліміздегі ынтымақ бірліктің тікелей тілге қатыстылығына да тоқталды. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің саяси дамуындағы ең бір стратегиялық маңызды факт екендігін және мемлекеттік тілді меңгеру кез-келген этнос өкілінің, әрбір қазақстандықтың мәдени деңгейінің көрсеткіші екендігі де нақты айтылды. Әрбір қазақстандық патриоттың азаматтық міндеті мемлекеттік тілді меңгеріп, құрметтеуінен көрінетіндегі, тағы басқа да Отаншылдыққа қатысты келелі мәселелер туралы да кеңінен баяндады.
Семинар модераторы өз кезегінде көпшілікті Алматы облысынан бөлінген біздің Жетісу облысындағы 8 аудан, 2 қаланың бәрінде тілге қатысты мекемелердің бәрінде штаттық бірлік пен материалдық-техникалық базаларының үкіметіміз бен облыс әкімінің қамқорлығы арқасында талапқа сай жасақталғанын, сонымен қатар республиканың барлық өңірінде «Тілдерді дамыту басқармаларының» атқарып жатқан қызметтері туралы және еліміздегі жалғыз «Тіл сарайының» да біздің Жетісудың облыс орталығы Талдықорғанда екендігін мақтанышпен хабардар етті.
Келесі сөз кезегін алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, белгілі ғалым, ф.ғ.к. Анар Мұратқызы Фазылжан да өзі басқарған мекеменің «Тіл проблемаларын» ғылыми тұрғыда зерттеумен айналысатындығын және қазақ тілінің әлемдік лингвистиканың бір тармағы болып табылатындығына тоқталды. Сондай-ақ, мысалға орыс, ағылшын, қытай тілдерін зерттейтін институттар тек сол Ресей, Англия, Қытайда ғана емес шет елдерде де бар екендігін, ал қазақ тілінің ғылыми зерттеу орталығы осы жалғыз А.Байтұрсынұлы атындағы институт ғана екенін, одан басқа ондай мемлекеттік деңгейдегі мекемелердің жоқтығын да ескертіп өтті. Және де «Ұлт» деген адамдардың ғана емес, ой-сана мен ұғымдардың, түсініктердің жиынтығынан тұратындығын керемет мысалдар келтіре отырып әңгімелеп берді.
«2021 жылғы санақ бойынша Қазақстан тұрғындарының 5 жастан және одан үлкен жастағылардың 17 млн. астам азаматтарының 80%-ы «Мен мемлекеттік тілді меңгергенмін» деп жауап берген. Бұл дегеніңіз үлкен жетістік. Ал, бұның 12 млн-ға жуығы ел мен жердің иесі қазақ ұлтының өкілдері. Демек, алдағы жылдары қазақ тілі өз тұғырына қонып, біртұтас мемлекеттік тіл, қазақ тілінде сөйлейтін елге айналатынымызға бек сеніммен қарауға болады», – деп сөз соңын түйіндеді.
Ендігі кезекте сөз тізгінін алған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тіл тарихы және түркология бөлімінің» меңгерушісі Сейітбекова Айнұр Аташбекқызы өз баяндамасында біршама тілдік ерекшеліктерге тоқталды. Мәселен, жоғарыда айтылған қаншама ұлттық құндылықтармыздың астарында жатқан мәдени-семантикалық ұғымдар мен «Тіл танымы» білімдерінің сабақтастығы және алшақтықтығы туралы сөз қозғады. Тіл танымдағы алшақтыққа тіліміздегі ауызша және жазбаша түрдегі айтылуындағы ерекшеліктер жатады. Себебі, қалай жазылса солай оқу дұрыс еместігінен, мысал келтірер болсақ: «үлкен» деп жазылғанмен, оқылғанда «үлкөн» деп айтылатындығы. Тағы сол сияқты – үтір, нүктелердің қойылуы, сөйлеу мәнеріндегі дикция, интонация туралы да көптеген тұщымды ойлар мен зерттеулер айтылып, тіл ғылымы саласынан біршама дәлелдер мен дәйектер келтірілді.
«Ертеде ауызша тіл кеңінен қоданылса, орта ғасырлардағы экономика саласындағы сауда, дипломатия және салық түрлерінің дамуы жазба тілдің жаңа сатыда қарқын алуына өте күшті ықпал еткен еді. Тағы бір ерекшелік, жазба тілді жоғарғы топтағы элита ғана түсініп білген. Демек, қазіргі таңда ауызша мен жазбаша тілдің шығу тегі мен қолданысы, қарым-қатынастағы пайдаланыуы ғылыми тұрғыда тереңдетіп зерттелуі күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Ал, оның енгізілуі, оқытылуы ауызша тілдің айтылуы мен дыбысталуынан басталып, жас ұрпаққа балабақшадан, бастауыш сыныптардан бастап үйреткен абзал. Мәселен, жазылғанда – «ала қарға» десек, айтылғанда «алағарға», «қысқы киім» деп жазылса, айтылғанда – «қысқыгиім» деп өзгеріске ұшырайды. Міне, мұндағы ерекшеліктер шәкірттерге білім беру барысында ескерілуі тиіс» деп сөзін қорытты баяндамашы ғалым.
Көшпелі семинардың тағы бір ерекшелігі қазақ тіліндегі қолданылып жүрген көптеген термин сөздердің жіктелуі мен мән-мағынасының терең мазмұнды болатынына көз жеткізді. Мәселен: «контент» сөзі – атаудың немесе уақиғаның, әрекеттің мазмұнын білдеретіндігі, «ахлақ» – мораль (осынау қоршаған орта мен тіршіліктегі жазылмаған заңдар жинағы), «діт» – көзқарастағы, қарым-қатынастағы емеурінді білдірсе, «лингвокогниттік» – өз ойыңды ыммен, қас-қабағыңмен білдіру екендігін көңілге түйіп қойдық. Сонымен қатар, «14 ай» дегені айдың толысуы кезеңі болса, «сайыпқыран» сөзі күн жүйесіндегі 9 ғаламшарлардың бір сызық бойына жиналған сәтінің бейнесі, ал, «теке бұрқақ» дегеніміз, аталардың айтуы бойынша қараша айындағы текелердің күйекке түсу кезеңін айтады екен. Ал, «жомарттың» да атымтай және қасым болып бөлінетіндігін, «жайлауымыз» – малға жәйлі, шөбі шүйгін жайылымды білдірсе, «қыстауымыздың» қысқы күнгі боран мен суықтан қорғайтын пана, ықтасын жерде орналасқан қоныс екенін де білдік. Діндегі жиі айтылатын «4 шадиярға» – Омар, Осман, Әли, Әбубәкір жататынын, «өнердің» кәсіп, іс екендігін, ертедегі киіз үй жасаушы ұстаны – «моршы», қыста қарды тебіндеп жайылатын жылқы малын «ақ мал» деп әспеттегенін, бүкіл қазақты бір дастархан басында тоғыстырған астың – «қымыз» болғандығын да көңілге сақтап түйсіндік.
Әрмен қарай жалғастырар болсақ, даланың жабайы жануарларын – «қоңыр аң» атаса, құстарды – «қыранқұстар» (тапқан тамағын қанын ыстықтай ағызып жейтін) және «қарақұстар» (өлексе жейтіндер) деп екіге жіктеген. Және де «қылқұйрық» деп жаугершілік заманда атқа мінуге жарайтын еркек кіндіктілердің түгелдей жауға қарсы аттануын айтса, «Құлға да бір күн бостандық» деп, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз қасиетті мейрам Әз Наурызда құлдарды әсем киіндіріп, жақсы аспен жайылған дастарханға шақырып, төрге шығарып құрмет көрсету салтын айтқан екен.
Міне, тәлімі мен тағлымы мол аталмыш көшпелі семинардан осындай мәні мен мағынасы терең рухани азық алып, бір марқайып қалдық. Және де жалпы семинарда айтылған мәселелердің негізгі ұстанымында – Қазақстан халықтары арасында тіл бірлігін қамтамасыз ету мен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жан-жақты дамыту, сондай-ақ, мемлекеттің тіл саясаты мәселелерін жүзеге асыруға әр азаматтың міндетті түрде үлес қосудағы белсенділігі барынша арттырылсын деген сыңайдағы іс-әрекеттер де кеңінен қамтылыпты.
Осындай бағытта білім алған балалардың тілдік қоры мол болатынын, «Тілге – құрметтің, елге – елге құрмет» екендігін, келешек ұрпақтың ана тіліне деген құрметінің артуы, кез-келген қазақ азаматының қасиетті парызы екендігін семинарға қатысушы қонақтар анық түсінді десек артық айтқандық емес. Және де тіл тағдыры – мемлекет тағдырымен үндес екендігін де түйсінген көпшілік, баяндамашы ғалымдарға зор ризашылықтарын білдірді.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ