немесе Өнерлі жанның өрісі кең
«Атыңнан айналайын, Қоңырөлең, Жақсы хабар естісем етем елең» демекші, тұғыры тәлімді жердің толайым тәрбиелі жандарының аттарын естісек қуанып жүретініміз рас. Біз арқамыздағы тіреп көсіліп жатқан, жолбарыс жонды Қояндытаудың бөктеріндегі қатарлас орналасқан Қорғас пен Қоңырөлеңнің арасын бөле-жара қарай алмаймыз. Басын өркешті тау арасындағы сай-саладан жиып, Сарытөрді сусындатып сылдыраған Көктерек өзені аймақты көкорайға бөлеп, Қоңырөлеңнің көркін кіргізіп жатыр. Жері – жайсаң, елі – жомарт, еңбегінің ақ уызын емген еңбеқор жұртшылық осында тұрады.
Қоңырөлең ауылындағы екі қабатты еңселі мәдениет үйінің иесі Гүлнар өз ауылы туралы осылай ойлайды. Туған өңіріндегі, тау сағасындағы киелі Найзатапқан-Арасанының өкпе тұсындағы Ынталы ауылында 8 жылдық мектепті жақсы оқып бітірді. Оқушы кезінде ұнатқан музыка мамандығына, Сарқандағы мәдени-ағарту училищесіне 1980 жылы құжат тапсырды. Білімін көрсете отырып оқуға қабылданды. Осы училищені ыждағаттылықпен барлық пәндерді, музыка сабағын үздік оқып, түрлі аспаптарды игеріп, оларда еркін ойнауды үйренді. Оқу орнында Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітіріп келіп, дирижерлықтан сабақ берген Сапаржан Баяхметовтан жақсы білім алды. Табиғатынан музыкаға бейім қыз 1983 жылы ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі бөлімін бітірді. Училищені аяқтайтын кезінде Гүлнардың бұдан былайғы өміріне ықпал еткен маңызды оқиға болды. Бітіретін студентерден мемлекеттік емтихан алуға келген комиссияның құрамында атақты композитор, «Нұрикамал» әнінің авторы Тұрдықылыш Естаев та бар еді. Т.Естаев емтихан үстінде Гүлнардың музыкалық қабылетінің ерекшелігін байқап, Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы мәдени-ағарту институтының қабырғасында жоғары музыкалық білім алуына ақыл кеңесін береді. Жоғары білімді, адам тани алатын ағаларының кеңесімен әрі алған мамандығын жетілдіру үшін 1983 жылы Шымкент қаласындағы мәдени-ағарту иституның күндізгі бөліміне түсіп, 1987 жылы жақсы аяқтап шықты. Шымкенттегі оқу орнында оқып жүргенінде қалада өткізілетін әртүрлі мәдени шаралардың көбінен қалыспай қатыса жүріп, оркестрде отырып, төрт ішекті қобызда ойнап өз қабілетін, шеберлігін шыңдай берді. Тәжірибелі музыканттардан үлгі алып, көргендерін көкейге түйе қайталап, тәжірибесін жетілдіре түсті. Оқу орнын бітірген соң жоғары білімді музыка маманын Талдықорған қаласындағы халық шығармашылығы орталығына қызметке шақырғанымен ол жаққа барып қызмет атқаруға отбасылық жағдайы келмеді. «Октябрь» қой кеңшарының директоры С.Көшкінов пен партия ұйымының хатшысы Е.Келемсейітов ағалары оқу орнын бітірген жергілікті маманды шақыртып алып, ауылдағы мәдениет үйіне директорлық қызметке орналастырды. Себебі осындағы 1982 жылы заман талаптарына сай салынған көрікті де, көрнекті 400 орынды мәдениет үйіне жақсы мамандар ауадай қажет еді. Мәдениет үйінің жанынан кеңшардың өнерпаз жастары 1986 жылы жылы бірігіп ұйымдастырған «Назқоңыр» фольклорлық ансамблі жаңа үлгідегі ұйымдастырылған концерттік бағдарламаларымен халыққа өнер көрсетіп, республикаға таныла бастаған-ды. Осы ансамбль тумысынан іскер, өз саласын өте жақсы білетін, ұйымдастыру ісін меңгерген, музыкалық сауаты жоғары маманмен толықты.
Бірде концерт барысында Гүлнардың сахнаға шыққан сәтін көрген шаруашылық басшысы Көшкінов Сүлеймен ағасы «Мына қыздан бірдеңе шығады. Кірпік қақпайды» деп қайсарлығына сүйсініп баға берген екен.
Ізденімпаз топ мүшелері ансамбль репертуарын жаңалап толықтырып, қазақтың дәстүрлі ән-күйлерін сахнаға шығарып, өздері шеберлікпен орындап, көрермендердің сүйікті өнерпаздарына айналды. Облыс көлемінде өнерлерімен көзге түсе бастаған ансамбль 1991 жылы облыстық кәсіподақ ұйымының атынан 15 күндік гастролдік сапармен Моңғолия еліне жол тартты. Атамекеннен өшпес өнерді жаңғыртып апарған «Назқоңыр» ансамблін Баян-Өлгей аймағында ұйысып отырған қазақ ауылдары сағынышпен құшақ жая қарсы алды. Елден жырақтағы асыға күтіп отырған қандастарымызға және өзге де тыңдарман жұртқа қазақ өнерінің құдіреттілігін, өміршеңдігін насихаттап, қоштасарда өздері де жергілікті қазақтардың біраз әндері мен күйлерін үйреніп, репертуарларына енгізіп, рухани байып қайтты. Сапарға барған кездегі оркестрдің құрамындағы артистер, музыка аспаптарының қыр-сырын өте жақсы меңгерген өнерпаздар әрі халыққа әнмен күйдің бар әсемдігін, көркемдігін көрсете шырқайтын, ойнайтын шеберлердің нағыз өзі еді. Ансамбль әншісі әрі жетекшісі Әділқан Молдахметов, Алмас Мырзаев, Әтейбек Әжібеков, Мұсабай Әбиев, Данияр Бұтарбаев, Айгүл Қалиева, Раушан Рысқұлова, Шырын Әжібекова, Мәукен Сатқынбаев сияқты қобыз, домбыра, бас қобыз, сырнай, шертер, т.б. аспаптардың құлағында ойнайтын музыка тарландары болды. Әнші қыз Қараулова Ғалия дәстүрлі ән айтудан шеберлік көрсетсе, ал Лекерова Фарида сахна төрінде айдында қалықтаған аққудай жүзетін бидің нағыз өнерпазы еді. Гүлнар ұйытқыдай осылардың бел ортасында жүрді. Сөйтіп ауылға үлкен абыроймен оралды.
Ауылдық жерге мәдениетін көтерісейін, талантты балалар болса көмектесейін деп келетін елжанды өнерпаз жандар өте сирек, бірақ ел ішінен туған жұртының мәдениеттен қалыс қалмауын ойлап еңбек ететін азаматтар табылады. Өсіп келе жатқан өскелең жастарды өнерге баулу, өздерінен кейінгі жылдарға ізбасар етіп қалдыру үшін 1991 жылы Азат Ақберов ауылда музыка мектебін ашты. Өнер қуған жастардың бойына ұмтылыс сепкен, ауылдастарынан үлкен қолдау тапқан бұл мектепте музыкаға ынталы, әртүрлі аспапқа құштар балаларға Гүлнар, Гүлбаршын, Зәуре, Әділхан, Назгүл, Мұрат Қатубеков, Ақберова Райгүл сабақ жүргізді. Бұл жақсы бастамаға, шәкірт тәрбиелеуге мәдениет үйінің басқа да қызметкерлері ат салысты. Гүлнардың да 1997 жылдарға дейін 5 жыл оқып бітірген шәкіртінің кейбіреулері атақты халық және дүниежүзінің классик композиторларының әртүрлі аспаптарға жазылған 50-ден астам шығармаларын, этюдтарын еркін, жеңіл әрі өте таза орындайтын. Сондай талантты шәкіртінің бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінде істейтін Айнагүл Қожаназарқызы. Тағы бір өнерпаз қызы 5 жасынан домбыраның құлағында ойнап өскен Қалибекова Альфия Қожахметқызы да әр елдің классик музыкантарының туындыларын сахна төрінде еркін ойнайтын. Нарық қыспағынан шыға алмаған музыка мектебі қаржы жағынан тапшылық көріп жабылған соң, өнерсіз алақан жайып отыруды салтына сыйдырмайтын Гүлнар ауылдағы орта мектепте музыкаға бейімді балалардың басын қосып үйірме жүргізді. Оқушылардан құралған мектеп оркестрі үзбей еңбектенудің арқасында жыл сайынғы аудан оқушылары арасында өтетін көркемөнерпаздар олимпиадасының бас жүлдесін жеңіп алып жүрді. 2008 жылы үкімет бұған дейін көңіл аудармай келген мәдениет саласына бет бұрып, штаттар қарастырып, сол кестеге сай мамандарға жалақы төлей бастады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мәдениетті дамытуға қаржы бөліне бастағанда ауыл ортасындағы тозып бара жатқан мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, 2010 жылы тұрғындардың пайдалануына берілді де, өнерге де жан кіре бастады. Ауыл өнерпаздарының қарым-қабілетін жақсы білетін ағаларының қолдау көрсетуінің арқасында Талдықорған қаласынан артистерге қажетті сахналық киімдер тіккізіліп, ұлттық музыкалық аспаптар алынып және мәдениет үйінің сахналық жабдықтары түгел жаңаланды. Бұл орайда, сол кезде ауыл әкімі қызметін атқарып, осы істің бәрін қадағалап, басы-қасында жүрген Ерғали Отарғалиұлының да еңбегін айту ләзім. Материалдық жағынан қамтамасыз етілген мәдениет үйінде де алаңсыз жұмыс жүргізудің өзі шығармашылықа қозғау салып, шабытқа қузау береді.
Халқымыздың мақтанышы, Ұлы Отан соғысындағы жасаған ерлігі күллі қазаққа үлгі болған, жазушы Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерекесіне байланысты ауданға келген атақты жазушы Ә.Нұршайықовпен Қоңырөлеңде өткен кездесу бүгінгі күнге дейін Гүлнардың есінен кетпейді. Батыр атамыз туралы «Ақиқат пен аңыз» және өзге де жанрлардағы, «Өмір өрнектері», «Өсиет өлеңдер», «Махаббат, қызық мол жылдар» сияқты қайталанбас туындылар берген қазақтың талантты прозаигі Ә.Нұршайқовпен жұрт айта жүрерлік кездесу өтті. Мұндай көкейіңнен кетпейтін жолығысулар өрелі жанның санасында өзгеріс туғызып, айналаңдағы қоршаған дүниеге басқа көзқараспен қарауға үйретеді. 1970 жылы жазылған жастармен үлкендердің қолынан түспейтін, ғашықтардың бойтұмарына айналған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының авторымен кездесуге жиналған ауыл жұрты мәдениет үйіне сыймай кетті. Фойеге Б.Момышұлының ерлікке толы өмір жолын көрсететін көрме жасалынып, жанына жасанған жауынгерлік қарауыл тұрғызылды. Қанды соғысты бастан кешкен, майданда көптеген қаруластарынан айырылған байырғы солдат қолын шекесіне қойып қаза тапқан жандарға құрмет көрсетіп өткенде риза болған бүкіл жұрттың демі шықпай ұйып қалды. 60 адамдық әжелер ансаблінің өнеріне риза болған жазушы оларға «Менің Меңтайларым» деп бәрінің өнеріне қол соғып, қуанышын білдіріп, құттықтап шықты. Мұндай тартымды кездесуді бұрын-соңды көрмеген жұрт алған әсерінен көпке дейін айыға алмай жүрді.
Мәдениет үйі – өнер, тәлім-тәрбие ордасы. Ол адамдарға, әсіресе арттағы өсіп келе жатқан жастарға рух беретін орда. Осыдан барып оның елжандылыққа, ерлікке тәрбиелейтін киелі орын екенін бағаламауға және ұмытуға әсте болмайтынын қатысқан көпшілік жадына түйді. Өнер әлемінде жүріп бойындағы күш-жігерін жұмсап, ауыл мәдениетін өрге сүйреген жандар қашанда мадақталуға лайық. Төгілген тер тегін кетпеді. Осыған дейін жоғары көрсеткіштерге және мәдениет саласына сіңірген еңбегі мадақталып Қоңырөлең ауылдық Мәдениет үйінің директоры Гүлнар Стамбекова «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясының жеңімпазы атанып, облыс әкімінің дипломы мен 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Жалпы ауылдағы мәдениет саласындағы жұмыстарды жандандыру, көркейту мақсатында 2017 жылы маусым айында 17 ауданның 33 ауылдық клубтары мен мәдениет үйлері арасында «Ауылым – алтын бесігім» атауымен облыстық байқау өткізілді. Оның мақсаты ауылдағы мәдениеттегі түбейлі өзгерістер мен олардағы жаңаша даму бағыттарына серпін бере отырып өнер саласындағы жетістіктерін насихаттау болатын. Мұнда да байқауға қатысқан ұжымдардың арасындағы өздеріне қойылған 8 талаптың үдесінен толықтай шыға білген Гүлнар басқарған Қоңырөлең мәдениет үйінің ұжымы үздік көрсеткішке жетіп, бағалы сыйлықтарға ие болды. Облыс орталығындағы І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында осы байқау қорытындысы бойынша 8 жеңімпаз ұжымның арасында Панфилов ауданындағы Қоңырөлең ауылдық мәдениет үйіне «Үздік ауылдық мәдениет үйі» атағы беріліп, облыс әкімінің дипломына, 300 мың теңгенің сертификаты мен 1 млн теңгенің музыкалық аспаптарына ие болды. Халық қазынасы саналатын ел ішіндегі өнерді көпшілікке жарқыратып көрсете білген Гүлнардың шыққан биігінің бірі осы еді. Осы жерде, ауылдағы мәдени өнердің көркеюі халықтың еңбек етуге құлшынысын туғызатынын жақсы түсініп, барлық істің басы-қасында жүріп жан-жақты көмек берген ауыл әкімі Е.Далабаевтың еңбегін атап өтуге тұрады. Бұның өзі орталықтан шалғай жатқан Қоңырөлең ауылының республика көлеміндегі мәдениет саласындағы аса зор өнер жетістігі еді. Алынған жүлденің барлығы мәдениет үйінің қажетіне жұмсалды. Осыдан кейін өнерімен аты алысқа жайылған Қоңырөлең ауылындағы мәдени жұмыстардың жетістігін көруге және құжаттардың жүргізілуімен танысуға облыстық семинар ұйымдастырылды. Осы жақсылықты істің басы-қасында болып ұйымдастырушысы бола білген Гүлнар жан-жақтан жиналған мәдениет саласының қызметкерлерін лайықты қарсы алды. Гүлнар мұндай кезде ауыл абыройы үшін барын салатын 100-ге жуық әншіні хорға дайындады. Мәдениет үйінің фойесін көркем безендіріп, тұрғындардың қолымен жасаған, дайындаған бұйымдарынан, заттарынан ұлттық көлөнер көрмесін қойып, ақындарға арнау айтқызып, вокалды-инструменталды ансамбльдің мүшелері Қ.Мұқажанов, А.Мырзаев, Ә.Әжібековтер эстрадалық ән-шашумен қарсы алып, ауыл мәдениетінің жоғары екенін жұртқа тағы бір дәлелдеді. Гүлнардың бұл еңбегі баспасөз бетінде кеңінен жазылып халықтан өз бағасын алды.
Ауылдың жан-жақты дамуына белсене ат салысып жүрген Гүлнар қоғамдық жұмыстардың бәріне араласып, тиімді шешімдер қабылдануына дәйім ықпал етіп отырады. Соның бір айғағы 2019 жылы шілде айында Талдықорған қаласында өткен Қазақстанның ауыл әйелдерінің бірінші форумына Алматы облысы делегациясының құрамында қатысты. Өнер деген бір өміршең әлем. Адам бойындағы өнерге құштарлық қасиеттер, ол қандай қиындықта да әрі қуанышты жағдайда да тоқтамайды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Гүлнар «Назқоңыр» ансамбліне бағдарлама дайындап, репертуарына жаңа ән-күйлерді кіргізіп, 2018 және 2020 жылдары Кеген, Райымбек аудандарын аралап ауыл жұртшылығына концерттер қойып қуанышқа бөледі. Осы сапарымен тұспа-тұс келіп көкорайлы тау сағасында өткізілген облыстық ауылшаруашылығы саласының қызметкерлерінің семинарында концерт беріп, сондағы жиналған мәдениет үйлерінің қызметкерлерімен мәдени шараларды ұйымдастыру тәжирибесін бөлісіп қайтты. Өзгелерден озық шығып өнер көрсеткен жерлеріндегі халықтан алғыс алып, ұйымдардан сыйлықтар, алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарымен марапатталып оралатын. Сонау 1985 жылы ұйымдасқан ВИА тобы өздерінің музыкалық өнердің өміршеңдігін көрсетіп еңбектенуін әлі тоқтатқан жоқ. «Сағындырған сол бір кез» деген жаңарған концерттік репертуарымен ән мен жыр сүйер аудан жұртшылығын әлі де тәнті етіп келеді. Гүлнардың ара-тұра өз бойындағы өнерге деген құлшынысын тоқтата алмай, отыра қалып таяқшаны ойнақтатып, дауылпазды да сартылдатып ойнатып жіберетін шеберлігі бар. «Жақсыны көрмек үшін» демей ме аталарымыз. Мәдениет саласы жұмыстарының үздік ұйымдастырушысы ретінде аудандағы мәдениет үйлерімен клуб қызметкерлері Гүлнармен кездесу өткізіп, тәжірибесінен үлгі алып отырады. Сегіз қырлы бола білген өнерпаз жан көппен тіл табыса істеуге әбден төселген. Ауылды көркейту, тұрғындарға жағдай туғызу жұмыстарының бел ортасынан табылады. Жақында ғана ауданға басшылық қызметке ауысқан округтің бұрынғы әкімі Нұрлан Берікұлының ұйымдастыруымен ауыл ішін абаттандыру, тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық көрсету, әртүрлі атқарылатын қайырымдылық жұмыстарынан жұбайы Смағұлов Батыр екеуі тыс қалған емес. Қашанда қаржылай көмек көрсетіп, демеушілік үлестерін қосып отырады.
Өнер сүйер елдің есінде қалатын айтулы фестивалдің бірі 2022 жылдың сәуірі мен мамыр айында Түркістан қаласында өткен республикалық мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің арасындағы дәстүрлі «Рухани қазына – 2022» болды. Фестивальді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті ұйымдастырып өткізді. Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының бұйрығымен бұл шараға сол кездегі Алматы облысы, Панфилов ауданының атынан «Үздік ауылдық мәдениет үйі қызметкері» ретінде Гүлнар Тұралықызы жіберілді. Ахмет Яссауи, Арыстан бап кесенелерін тамашалап, орта ғасырлық ғажайып архитектуралық өнер туындыларымен танысып және Әбу Насыр әл-Фараби, Сұлтан әз-Захир Бейбарыс сияқты ұлылардың топырағы қойылған жерлерді аралап, тарихқа бойлай сүңгіп, ежелгі мәдениет жәдігерлерін көріп-біліп келгені болашақта істейтін жұмыстарына өрлеу туғызды. Өз ойымен көптеген шаралардың нобайын жасап, оны жүйелі түрде дайындап, әр өнерпаздың қай сахнада, қандай ән салып, тыңдарман жүрегін баурап алатынын жақсы сезіне білетін Гүлнар осындай қабілетін жұмсай отырып киелі Түркістан жерінен де биік мәртебеге қол жеткізіп оралды. Республикалық фестиваль аясында өткізілген «Рухани қазына – 2022» конкурсында Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Н.Дәуешов қол қойған Алғыс хатына ие болды.
Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Талдықорған қаласында өткен жиында Гүлнар Тұралықызы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Мәдениет үйінде жүргізілетін шаралар мен ауыл тұрғындарының қойындаса отырып атқарған жұмыстарын бөле-жара қарамау керек сияқты. Бұл жерде де бұрынғылар айтып кеткен ұйымдасқан ұтады деген қағидат жетістікке жетелеп тұр. Былтырғы 2022 жылдағы еліміздегі болған көптеген жаңалықтар бұл ауылды айналып кете қоймады. Дайындығы жоғары, тапсырылған істі өнер арқылы жоғары деңгейде атқарып шыға алатын болғаннан кейін шығар, 25 қазан Республика күні «Егемен елдің еңсесі биік» екендігін тағы да бір дәлелдеді. Жаркент жұртшылығын ұлттық нақышпен тігілген қазақ үйімен, қолөнер бұйымдарының қайталанбас түрлерінің үлгісін апарып, ұлттық тағам түрлерінің ерекшелігін көрсетіп, қуантып қайтқаны. Елі үшін жан салып атқарған қызметі еленбей қалмады. Гүлнар аудан әкімінің грамотасымен мадақталып, ауылына қуанышпен оралды. Ел ішіндегі жұрт сыйлайтын ардагерлермен тығыз байланыста екендігі мынадан көрінеді. 2015 жылы Астанадағы Конгресс холлда «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» байқауына қатысып, «аспаптық орындаушылық» номинациясы бойынша ұлттық аспаптар оркестрі 2-ші жүлдені иеленіп, Мәдениет министрлігінің дипломын алып үлкен жетістікпен елге оралды.
Қоршаған дүниені жүрегімен сезіне білген, іздене білген адамға өнердің өрісі кең. Жүйрік ат та дүбір шықса елеңдейді. Гүлнар да аудан бойынша ардагерлер арасында байқау өткізіледі деген хабарды естігелі ұйқыдан айырылды. Округ әкімімен және әріптестері Ынталы, Бөрібай би, Сартөбе ауылдық клубының директорлары Ә.Әжібеков, М.Қасымова, Б.Мұқаевалармен ақылдаса отырып өнерлі қариялардың басын қосып, дайындық шараларын жүргізді. Ауылдың қариялары үйінде отырып ертеңді-кешкісін өлеңдетіп, күйлерін тартып, сахналық киімдерін тіккізіп, хордың сөзін жаттап, одан кейін мәдениет үйінің кең сахнасына шығып дайындық жүргізіп, байқауға үлкен шабытпен келді. Еселі табыс ұйымдастырушылық еңбекпен келері анық. Соның нәтижесі енді міне, жыл соңына қарай Жаркент қаласындағы мәдениет үйінде өткен «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдағы аясында өткен аудан ардагерлері арасындағы «Өнерім – өмірім» фестивалінде көрінді. Облыстық комиссияның қорытынды шешімі бойынша Қоңырөлең ауылының 63 пен 90 жас аралығындағы өнерпаз ардагерлері ерекше көзге түсіп, 1-орын алып 100 мың теңгенің сертификатына ие болды.
Музыкалық қабілеттілік екінің бірінің бойына қона бермейді. Менің ойымша, музыка саласы өнер атаулының ішіндегі ең сезімталдықты, оның ішінде табиғаттағы өзгелер естімейтін тербелістерді сезіне алатын, осы дыбыстарды өз керегіне жарата алатын адамдарға қонған қасиет. Адамдар да табиғаттың ерекше бір жаратылған қабілетті бөлшегі. Олай болса, ол адамдардың жүрегіндегі сезім қылын тауып оларды белгілі бағытқа жолдап отырған Гүлнардың да бойында осындай көптің көкейіндегісін тауып жұмыс істей алатын сезгірлік үрдіс қалыптасқан. Гүлнар Тұралықызы ауылдық мәдениет үйінде бірге жұмыс жасайтын әріптестері, білікті музыка мамандары Б.Оспанов Ә.Молдахметовтермен бірге жастардың «Назқоңыр» және «Ақниет» әжелер ансамблінің әртүрлі үйірмелердің жұмысын үйлестіріп, тұрғындардың демалыс уақыттарын тиімді өткізуге еңбек етіп келеді. Қай кезде де өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын жоғары санатты мәдениет қызметкері. Отбасының ұйытқысы болып Гүлнардың ісін алаңсыз атқаруына жағдай туғызып, әр кез жанына серік болып отырған жұбайы Батыр да өз атына лайық бақытты жан екендігіне риза боласыз. Тәрбиелі жанұяда туылып, әке-анасының аялы алақанда тербеліп өскен Азамат, Асхат секілді ұлдары оқып, лайықты мамандықтарын алып, отбасын құрып, 6 бірдей немере сүйгізіп, ардақты ата, әже атандырып отыр. Алдарынан қия өтпейтін Жадыра, Мақпал сынды ізетті де келісті келіндері өздері қалаған саланың тәжірибелі мамандары ретінде еңбек етуде. Гүлнардың ауылдастары оның бойына біткен осындай музыкалық қабілетімен, күш-жігерімен алдағы күндерде талай өнер байқауларында тарландардай топ жаратынына қалтқысыз сенеді.
Молот СОЛТАНАЕВ
Дүниеде қанша мамандық болса, оның сонша салмағы, қадыр-қасиеті болады. Мамандығын дұрыс таңдаған адам ғана сол кәсібінен бақыт табатыны шындық. Оны айналаңдағы мынау қарбалас тіршілікте көріп-білесің, танисың, бағамдайсың. Ұлы Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген тәмсілі текке айтылмаса керек-ті. Рас! Аңдап басып, ойланып барып істеген кәсіп қашанда нәтижелі болатыны сөзсіз. Сондай бақытын мамандығынан тапқан жандардың бірі – Қоңырөлең ауылындағы мәдениет үйінің басшысы Гүлнар Тұралықызы. Г.Т. Стамбекованы өзім осы ауылдың әкімі болған кезден бастап жақсы білемін. Өз ісіне өте жауапты, тыңғылықты, іскер мәдени қызметкер ретінде бағалаймын. Мәдениет үйінің жандануына, киім-кешекпен, аспаптармен қамтамасыз етуге өзім тікелей басшылық жасаған едім. Бүгінде мәдениет үйінің жұмысы кемеліне келіп, ауыл тұрғындарына абыройлы қызмет жасап келеді. Домбыра, қолөнер, баян, ән, ВИА үйірмелерінің шәкірттері түрлі жүлдегерлер қатарынан жиі көрінеді. Ал, «Ақниет» әжелер ансамблі – ауылдың көркі, мәдениет үйінің шырайы іспеттес. Қандай іс-шараның болсын басы-қасында жас ұрпаққа үлгі болып әжелеріміз жүреді. Әрине, мұның бәрі Гүлнар Тұралықызының басшылығымен атқарылып жатқан істер және жай іс емес, нәтижелі істер екені көпшілікке аян. Ендеше, іскер басшыға алдағы уақытта да толағай табыстар тілеймін. Халық игілігі үшін атқарылып жатқан еңбегі жандана берсін демекпін.
Е.О.ШОҚПАРОВ,
Панфилов аудандық мәслихат төрағасы.