«Алтын домбыра» иегері, айтыстың ақтаңгері Рүстем Қайыртайұлы мен «Асыл домбыра» иегері, Алматы қаласының ақыны Қазырет Бердіханның айтысы.
РҮСТЕМ:
Әндердің ішіндегі, айхай-ахау, әнұрандай.
Айтыстың қазақ үшін мәні қандай.
Ауданды сөзбен қалай суреттейсің,
Алдымен табиғатын танып алмай.
Бұл Жаркент – Жетісудың иран бағы
Іздеген дәруменің табылардай.
Сары өрігі үлбіреп піскен кезде
Езуіңде ериді сары балдай.
Қызыл жеген қырандай тояттайсың
Қып-қызыл қарбызының дәмі қандай.
Марқұм әжем тамсанып отыратын
Тәтті тағам жоқ-ау деп лағмандай.
Суға піскен шіркін-ай жүгерінің
Балқыған қазандағы бабы қандай.
Бойжеткеннің ерніндей бүлдіргені
Алмасы – аттың басындай, бағы қандай.
Алма өспейтін ауылдың баласы едім
Есесіне көп бізде малы бар бай.
Абай елі сіздерге сәлем айтты
Қойы – тайдай, қояны – қабыландай.
Бөрісі көп ауылдың ақ сәлемін
Жемісі көп Жаркентім қабыл алғай.
Іленің сырғып аққан суы әдемі.
Жайқалған жағасында нуы әдемі.
Қағазға қол қоюдан асықпастан,
Қазылар тыңдаса екен мына мені.
Дәнештің дала дауыс – үні әдемі.
Оразақын Асқардың жыры әдемі.
Біз жақты беске біліп отыр ғой деп
Түсінбей тұрсыздар-ау сірә мені.
Әкеміз Семейдегі Найман еді,
Шешеміз Жаркенттегі Суан еді.
Семей суық болғанда, Жаркент ыстық
Бірі – аяз, ал бірі – шуақ еді.
Аяз бенен ыстықты құда қылған
Әкем жігіт кезінде қуаң еді.
Ыстық пенен суыққа төзеді деп
Мен тумай олардан кім туар еді.
Үш жұртымның біреуі – қабырғалы
Ассалаумағалейкум Суан елі!
38 жыл бұрынғы махаббаттың
Ортаңа келіп отыр куәгері.
Енді менен кемшілік тере ме екен.
Сынымды алқалаған сезеді екен.
Осы өлкеге қатысты тарихым бар
Алдыменен соны айтпай неге кетем.
Алтыүй деген ауылында Панфиловтың
Айжан деген ару қыз өнеді екен.
Студент болған кезде сол аруды
Қайыртай деген жігіт көреді екен.
Осы қызды алмасам өлем депті
Марқұм әжем амал жоқ Москвичпен
Ақсуаттан Алтыүйге келеді екен.
Москвич қайбір жылдам жеткізеді
Ыңыранып өгіздей желеді екен.
Жол соғып, әбден шаршап қайран әжем
Алтыүйге арып-ашып енеді екен.
Көліктен түскен бетте аһылеп-үһілеп
Кейуана білесіз бе не деді екен.
Әй, осындай сары қыз, Құдайым-ай
Ауылдада бар еді деген екен.
Ақыры Мырзагелді еліменен
Құда болып құйрық-бауыр жеген екен.
Ол үшін тәубе айтамын күнде Аллаға.
Алыстан қыз алуды дұрыс көрген
Бабалар жаугершілік жылдарда да.
Төркіні жақын қыздың қазақ айтқан
Төсегі жиналмас деп тұрғанда да.
Ауылдың сары қызын ала салса
Әкеме туар ма еді ұлдар дара.
Ал Жаркент жиендерің келіп отыр
Айтыста белін бекем буған дара.
Мінезі шешесіндей мамыражай
Шаштары әкесіндей дудар бала.
Сіздердей нағашының жақсылығы-ау
Көрінсек көбінесе шыңнан ғана.
Алты Алашқа танымал ақын болды
Алтыүйдің көбелегін қуған бала.
Сары қымызын өлеңнің сапырып жүр
Сары қызынан Суанның туған бала.
Мына күн жырдан жаңбыр төгетін күн
Мына күн ойдан тамшы өретін күн.
Ассалаумағалейкум Қазыретім,
Қарыспасам қасыңда неге отырмын?
Сенің анаң менің бір әпкем еді
Нағашыңа тартпасаң неге тудың?
Жиенім деп өзгеден ерек көріп
Көзбенен, сөзбенен нұр себетінмін.
Жал бітпеген кезіңнен жаныма еріп,
Шәкіртің болайын деп сүйретілдің.
Қолымнан келгенінше қолдау беріп
Жетілгенің соншалық жебе тілдің.
Нағашы деп наз айтып еркелесең
Жиенім деп жолды да беретінмін.
Бірақ бүгін ренжіме ешкімнің де
Еркелігін көтермеймін деп отырмын.
Өйткені өзім келіп еркелейтін
Нағашымның ауылына кеп отырмын.
Емес бұл шәкіртімді шеттеткенім
Еңбегімді сезінсін ептеп менің.
Ақын түгіл асаба боламын деп
Нағашыңның жаттап ең көк дәптерін.
Ей, Қазырет есіңде ме ертеректе
Меніменен Шежінге кеп кеткенің?
Сол кезде алғаш қолыңа микрофон ап
Тұңғыш рет тамадалық етпеп пе едің.
Шежін ол – Қастеевтің ауылы ғой
Сап кеткен сары даланың портреттерін.
Содан кейін сұрапыл тамада боп
Той бизнестің шыңына жетпеп пе едің.
Жаркентке сен де мендей қарыздарсың
Ешқандай да еңбегі жоқ деп пе едің.
Қасиетті Қастеевтің ауылының
Батасы ғой бағыңды көктеткенің.
Қаламның суретшісі болмасаң да
Өлеңнің суретшісі боп кеткенің.
Ал сөйле, сөздің саған бердім көшін.
Тартып ал аламанның сен жүлдесін.
Қорғасындай салмақты ой айтпасаң
Қорғасқа ат арытып келдің несін.
Сыйласып астарменен айтысайық
Жүйткітіп әзілдің де желдірмесін.
Нағашы-жиен емес мына екеуі
Ит пен мысық екен деп ел күлмесін.
Ал енді барыңды сал, нарыңды сал
Нағашыңның толтырып ел іргесін.
Біздің жиен мықты екен, бірақ оның
Жиені нашар екен деп жүрмесін.
ҚАЗЫРЕТ
Басыма күн туғандай кенет бүгін
Рекең көрсетті ғой өр екпінін.
Нағашымның ауылында отырмын деп
Секілді зіркілдейтін деректірім.
Ақындық, асабада ұстаз едің
Еңбегіңнің білемін бөлек құнын.
Мен өнерге көшеден келген жоқпын
Туғанымнан байқалған зеректігім.
Уайымдама жиендік жасамаймын
Айтыстағы стратегиям бөлек бүгін.
Сізбенен шәкірт болып шайқасамын
Байқатып білімімнің еректігін.
Бұл жоспар сізге аса ұнамайды
Қазақтың мәтелі оған себеп-тұғын.
«Ұстаздан шәкірт озар» деген мақал
Көнеден бізге жеткен дерек-тұғын.
Ұстазым сіз ұятқа қалмау үшін
Шәкіртіңнің шабуы керек бүгін.
Көрінді той жайында тіс қаққаның
Онда да ұстазбын деп қыспақтадың.
Шежінде томағамды шешкенің рас
Асабалық қырымды ұштатқаның.
Ол кезде мен бірін де білмеуші едім
Тойдағы гонорар мен ставканың.
Беташарда қағазды ұстап беріп
Тост беріп, үмітіңді күшті ақтадым.
«Шежіндегі сол бір той есіңде ме?»
Деп Рекең айтады ысқақтарын.
Әрине ол күн естен кетпейді ғой
Жомарттықпен жонымнан үш қаққаның.
Екі жүз мың теңге алып беташардан
Аямай екі жүз теңге ұстатқаның.
Ай, Реке, жауап берем сұрағыңа.
Жиеніңнің қалма енді сынағына.
Нағашы қырық серкеш беруші еді
Жиен дейтін қадірлі шырағына.
Осыны әлі күнге түсінбедім
Миым түгіл кірмеді құлағыма.
Екі жүз теңгеменен есептесер
Бір серкешің бес теңге тұрады ма.
Алсам деп ақындыққа сай батамды.
Қазырет елден қуат, қайрат алды.
Жер едің адам түгіл, ағашы да
Әулие боп тамырын бойлата алды.
Тінекей, Бөлек пенен Сатай батыр
Жау біткенді жапырып жайрата алды.
Елдік деген сөзді айтсаң еске аламын
Ербол менен Ләззаттай тай-ботамды.
Даланың жусан, жұпар иісі аңқиды
Тыңдасаң Дәнеш салған әйбат әнді.
Оразақын Асқарың орақ тілмен
Өлеңге айналдырған жәй мақалды.
Бексұлтан мен Жүсіпбек қаламымен
Көркемсөз көмбесіне бәйге апарды.
Жай оғындай жарқ еткен Жандарбек те,
Жаркенттің атағын айға апарды.
Мекендеген қазаққа сәлем бердім
Тарихи қазынаға бай шаһарды.
Шекарада миллиардтың мысын басып
Аяқпен тіреп жатқан айдаһарды.
Бағалай білмегеннен бақ та қашад.
Қастеев жайлы жаңа айтып қалдық
Жөн болар әулиені аттамасақ.
«Таудың бұлағынан, қойдың құлағынан,
Апамның құрағынан үйрендім» деп
Қастеев айтқан сөзді хатқа басад.
Туған жерін аралап шықтым кеше
Ғажайып боп өтіпті, рас бала шақ.
Ырғайлы сайындағы жазуларды
Жаңылмаспыз жаңғыртып жаттап алсақ.
Қойтас пен Бұрхандағы суреттерді
Алтын қорға апарсақ таспаға сап.
Шежіндегі қашалған таңбаларды
Танысақ тарих бізге қақпаны ашад.
Болашақтың алдында кінәліміз
Бұларды қорғамасақ, сақтамасақ.
Қастеевке қасиет қайдан қонды
Деген ой миға сыймай бастан асад.
Баласы бейнелеуші болмай қайтсін,
Бабасы сурет салса тасқа қашап…
Ай, қайымда десе бүгін қайымдаймын.
Қайсы өрге салса да тайынбаймын.
Қайыртайдың баласымен жолыққанда
Құнанменен жарысқан тайыңдаймын.
Жаркентке жиенмін деп отырған
Рекеңе мен бір уәж дайындаймын.
Өткенде Таразда да айтыс болып
Бас жүлдесі болып ед уайым-қайғың.
Жамбылдықтар сендерге жиенмін деп
Айтқаныңызды деңізші мойындаймын.
Бүгін айттың анашым Жаркенттік деп
Түк түсінбей отырған шайырдаймын.
Мұның да бір себебі бар-ау бірақ,
Шариғаттың жолымен пайымдаймын.
Бір ұлы екі ауылға жиен болса,
Қанша әйелі бар еді Қайыртайдың?
РҮСТЕМ:
Әй, Қазырет қолым ашық сен дегенде.
Сен жаман ойламасай мен дегенде.
Екі жүз теңге бергенің есімде деп
Сараң ғып көрсетпексің елге демде.
Ол кезде степендияң бес жүз еді
Өлі балық секілді өлмегенге.
Қалтасында жүз теңге жоқ боп жүріп
Жүз мың алмақ болған-ау кем дегенде.
Бұл жерге сараңдықтың қатысы жоқ
Білуіміз керек оны сен де, мен де.
Қазақта ырым деген дүние бар
Артық ол тіпті миллион теңгеден де.
Үш жүзді ауызыңа қаратар ма ең
Екі жүзді ырымдап бермегенде.
Сабыр, сабыр демесем ақыныма.
Шығып бара жатыр ғой шатырыма.
Ұстаздан шәкірт озар дегенді айтып
Қазақтың қол созасың нақылына.
Мен әлі шәкірт болып құлақ түрем
Дәулеткерей ағамның ақылына.
Ұстаздан шәкірт озар деп сондықтан
Сен бүгін баса алмайсың тақымыңа.
Саған ұстаз болғанмен айналайын
Өзім әлі шәкіртпін Кәпұлына.
Жиен емес сен тіпті қожамдайсың
Қай жерден сүрінер деп көз алмайсың.
Қанша әйелі бар ед деп Қайыртайдың
Қалжыңдап сөйлегенде бажамдайсың.
Әкемде бір әйелден бес бала бар
Күдік пенен күмәннан тазарғайсың.
Жаркенттің бір қызына қосақтаса
Екіншіге қолыңды соза алмайсың.
Таразда жиенмін деп айтқансың деп
Нағашыңа уәжді сөз арнайсың.
Жамбылда қалың Дулат мекендейді
Барып көрсең байқайсың, бажаңдайсың.
Албан, Суан, Дулаттың бір Үйсіннен
Тарағанын сен неге сезе алмайсың?
Сондықтан олар-дағы нағашым ғой
Ал енді қызарғайсың, бозарғайсың.
Дәл осыны білмесең шәкіртім-ау,
Сен әлі ұстазыңнан оза алмайсың.
Жүрегінде, сөзінде сұсы болды.
Білегінде білемдей күші мықты.
Жандарбек – жасын ғұмыр, қайран ағам
Құлагердей аузымен құс іліпті.
Біздерде естігенде елтиміз ғой
Көргендер тамсаныпты, тұщыныпты.
«Қазақ әдебиеті» осы тұста
Ұлықтап бір нөмірін ұсыныпты.
Жандарбек ағамыздың жолдастары
Жүрек сөзін қағазға түсіріпті.
Көкшелік Құдайберлі Мырзабеков
Сағыныштың сұңқарын ұшырыпты.
Жас болсаң да жарқ еткен жанарыңнан
Көрдім депті кеңдікті, кісілікті.
Құсанбаев Серікке бір көргеннен
Құшақ жайып танытқан кішілікті.
Айтақын ағыл-тегіл ақтарылып
Жан бауырын жоқтағанда іші ұлыпты.
Сәбиге Жандарбек деп ат қоюға
Талайлар сол жылдары қысылыпты.
Серттен таймай ұлына Жандарбек деп
Ат қойған Айтекеңнің ісі мықты.
Қандай жігіт болғаны Бегімбетов
Білгенге осыдан-ақ түсінікті.
Тағдырдың ақшам туар есігінен.
Әркімнің ғұмыры бар несібімен.
Ақынның бәрі бірдей Жамбыл емес,
Жүз жасайтын жөнімен, жосығымен.
Жұлдыздай ағып түскен ақындар көп
Артында жетімі қап, жесірімен.
Еліне адал Ораздай оғыландар
Жазмыштың опат болды кесімімен.
Оларды төрт аяқты темір тұлпар
Бақидың алып кірді есігінен.
Жүрегі жоқ темірге өкпең бар ма
Көзіңмен көргеннен соң кешіріп ең.
Амал не Жандар аға жазым болды
Екі аяқты айуанның кесірінен.
Асқаров Ерік аға атындағы
Ақындар мектебі бар осы білем.
Ораздың атындағы орталықты
Шұғайып басқарады пошымы кең.
Қос Қалел, асыл ақын Әсеттейін
Айтыстың қомдануда көші білем.
Ат аунаған жерде әсте түк қалмай ма
Ойланып жүрмін көптен осыны мен.
Айтыскерлер мектебі Жаркентте де
Ашылса әкімдіктің шешімімен.
Ол мектепті атасақ қандай құрмет
Жандарбек ағамыздың есімімен.
Бұлғақовтың талайы шықпас па еді
Бұлқынып ерте шыққан бесігінен.
Жаркентте қызық жоқ қой біз білмейтін.
Қазырет бір жағдай бар сіз білмейтін.
КСРО-ның кезінде Панфиловқа
Рұқсат қағаз болмаса кіргізбейтін.
Шекаралық аудан деп күзет қойып
Кірсең де ұзақ уақыт жүргізбейтін.
Сәлем жолдап қайтатын жыл құстардан
Өттік қой сондай қиын тұрмыстардан.
Шешем байқұс төркінге келуші еді
Келгендей боп шекара Қырғызстаннан.
Жаз шыққанда бір айға виза ашып
Шапқылап жететінбіз Шыңғыстаудан.
Күнге күйіп қап-қара боп қайтатынбыз
Демалып келгендей боп Үндістаннан.
Алтынкөл, алтын аймақ байтағым бар.
Тауым бар, өзен-көлім, орманым бар.
Қытаймен шекаралас Жаркент елі
Байыңдар, нар болыңдар, жайқалыңдар.
МЦПС қайта ашылды деп жатыр ғой
Оған да менің қосып айтарым бар.
Жаркенттіктер Қорғаста жұмыс істеп
Шаруаны жұмыртқадай шайқадыңдар.
Бала-шаға асырап, нәсіп теріп
Бақайға киіп жүрген байпағың бар.
Әй, Қазырет жиенжан сенің де осы
Сауда десе қозатын сайтаның бар.
Қорғас қайта ашылды деп қатты қуанып
Жүргеніңді жол бойы байқадым дәл.
Тек қана айтысты емес МЦПС-ті
Көру үшін келдің-ау, әй таңым бар.
Жаркент нәпақаңа ортақтаспақ
Болғандардың бетін тез тойтарыңдар.
Финалға өткізбеңдер бостан-босқа
Қазыреттің ниетін байқадыңдар.
Конкретно айтқанда нағашылар
Конкурентті тезірек қайтарыңдар.
ҚАЗЫРЕТ:
Ау ағайын менің де айтарым бар.
Мені де қолдайтұғын байтағым бар.
Бұл жаққа Қазыретті конкурент деп
Кәрін төккен жиенді тойтарыңдар.
Жаркентке ат басын бұрған сайын
Нағашының ауылын жайпадыңдар.
Не керектің барлығын тегін алып
Өздерің жиенмін деп шайқадыңдар.
Қазір бірақ Реке нарық заман
Пайданы да нарыққа сай табыңдар.
Мен не алсам бұл жақтан сатып алам
Сондықтан уайымдамай жай табыңдар.
Жаркентке титтей де зияны жоқ
Қазыреттің ниетін байқадыңдар.
Сатып алар клиентті алып қалып
Тегін алар жиенді қайтарыңдар.
Нағашыма таусылмас оспағым да.
Кішкене сөздің артын тоспадың ба.
Екі жүзді ырымдап бердім дейсің
Ақылыма сыймай тұр жоспарың да.
Үш жүзге танылсын деп ырымдасаң
Екі жүзге тағы бір жүз қоспадың ба.
Адамға әкеп тіреген қаттылығын.
Рекең ғажап әнді тапты бүгін.
Біресе Суандарды нағашым деп
Тілінің аямады тәттілігін.
Біресе Албан, Дулат нағашым деп
Жауабың бермей жатыр, нақтылығын.
Қолдануға қас шебер болыпсың ғой
Туыстықтың сәйкесті сәттілігін.
Одан кейін Кәпұлы Дәулеткерей
Ұстазым деп ұпайдың тартты жібін.
Қарсыласпен бір өзім шайқассам шы
Қол жинап көбейтіпті атты бірін.
Туысын тек айтыста түгендейтін
Рүстемнің көрдіңдер әккілігін.
Нағашыма мен бір баз айтайыншы
Көрсетіп Қазыреттің жақсы ырымын.
Бастысы тату болсын екі арамыз
Болашаққа бірлікте жете аламыз.
Жаркенттің жақсы елі аман болса
Нағашы-жиен бірлікке жете аламыз.
Қара түгіл айтатын ханға кеңес.
Жандарбегің қалайша заңғар емес.
Жай оғындай жарқ еткен ғұмырында
Армандарын сүйрепті, арбаны емес.
Алты Алаш мойындаған ақындығын
Артында арзан өлең қалған емес.
Әншілігі бір төбе деседі жұрт
Күміс көмей, жез таңдай, маржан өңеш.
Көкірегі күй сандық, сазгер еді
Естісең езіледі арман елес.
Сатирасы дәл тиген сайгез оқтай
Шымшылапты шығармай даудан егес.
Батырлығы бір төбе болған екен
Қайратына сеніпті, қанжар емес.
Жалтақбайлар Жандарбек бола алмайды
Бұл айтып отырғаным жалған емес.
Ауызы бардың бәрі ақын емес
Азуы бардың бәрі арлан емес.
Жандарбек осал жерде тумағанын
Дәлелдеп өткен екен әр ісімен.
Өнер қонған әулетте өсіп-өніп
Құлағына ағаның әні сіңген.
Дәнеш аға ауданға ән үйреткен.
Тату болып жасымен, кәрісімен.
Алақандай ауылдан ансамбльді
Жасақтапты шеберлік әдісімен.
Сондықтан да Жандарбек жалғыз емес
Жан-жағының шашыпты бәрі шүлен.
Жаркентте дәл сондай мақтанады
Абай қалай мақтанса Әбішімен.
Жаркентте дәл солай қайғырады
Абай қалай айырылса Әбішінен.
Ай, Реке пысықсың деп шатқаныңда.
Амалсыз апарасың ақталуға.
Өзің де аңқау, жалқау жан емессің
Сауданың талай дәмін татпадың ба.
Ақсуатқа апарып ақбас сиыр
Белгілі кәсіп бастап жатқаның да.
Ақсуатың Жаркенттей жайдарлы емес
Тісің сынар дірдектеп қатқаныңда.
Жеп кеппей жарты малың қырылмайма
Семейдің көк мұзы мен ақ қарында.
Жаркент нағашымның ауылы деп
Айтылды өлеңің де, тақпағың да.
Ай сайын Ақсуатқа шапқыламай
Малыңды осында әкеп бақпадың ба.
Маусым менен мамырдың самалы бар
Бұл жақтың қаңтары мен ақпанында.
Малыңды мұнда бақсаң мың пайда бар
Шалғыны жайқалып тұр шатқалында.
Тонналап жем-шөп алып қажеті жоқ
Шөп түгіл витамин бар батпағында.
Сиырыңа жегізсең семірмей ме
Шіріп жатқан алманы бақтарында.
Жол азабын шекпейсің бордақыңды
Алматыға апарып сатқаныңда.
Жүз сиырың екі жүз сиыр болад
Өйткені ол жүрген жоқ жат қолында.
Нағашыларың көбейтпесе азайтпайды
Қысы-жазы ұстайды откормда.
Қабанбай бабаң құсап содан кейін
Жоңғар Алатауында жатпадың ба.
РҮСТЕМ:
Жылқының қазысының майы қандай.
Сиырдың ақ сүтінің шәйі қандай.
Қырық бас сиырымды сөз қылдың-ау
Мен бір мың бас өсіріп байығандай.
Бар малымды Жаркентке айдап келсем
Анам қайдан алады айран, май?
Сиыр бақтыр дегені нағашыңа
Ойпырмай Қазыреттің ой қандай.
Суыққа әбден үйренген біздің малдар
Ыстықта жүдемей ме жайыла алмай.
Орбұлақтың шұңқырына құлап кетер
Оқыралап кеткенде қайыра алмай.
Ащы шөп жеп үйренген өгіздерім
Өкірер өлеңшөпке тойына алмай.
Досқа емес дұшпаныңа айт мұндайыңды
Бас тартам жоспарыңнан дайын ондай.
Тышқақтап өліп жүрер сиырларым
Алма мен лазыны айыра алмай.
Ұмытар Нұрғиса мен Шәмшіні кім.
Ұмытар Дәнештейін әншіні кім.
Қой мен жылқы, сиырды қоя тұрып
Тақырыпқа болайық жаршы бүгін.
Жандарбектей ән мен саз жаңбырының
Теңізіне қосылып тамшы нұрын.
Арқау қылғым келіп тұр айтарыма
Ағаның сазгерлік пен әншілігін.
Өнерді қазақ ұлттың жаны деген.
Ал әнді жанды емдейтін дәрі деген.
Әттең қазір ән деген әзелгі өнер
Әуелгі қауышпай тұр нәріменен.
Екінің бір қазір композитор
Қасиет келмесе де қаныменен.
Әнін де өзі жазады, сөзін де өзі
Әйтеуір бәрі Нартай, бәрі Кенен.
Ақ көйлек, күлгін көйлек, жылтыр көйлек
Болды ғой киім-кешек бәрі де өлең.
«Елім-айды» шығарған ел емес пе ек
Ерегесіп заманның зарыменен.
Арқада Ақан салған «Балқадиша»
Еуропаны шарлады Әміремен.
Ән деген халқымыздың рухы еді ғой
Күрескен сынақтардың саныменен.
«Менің Қазақстанымды» шырқап тұрды
Алаңда желтоқсанда қалың өрен.
Әнұранға айналды ақырында
Жұмекен, Шәмші жазған жалын өлең.
Қанша қазақ оралды отанына
Ескендірдің «Атамекен» әніменен.
Ескі әндер шіркін қайда көшіп кеттің
Есті әндер қандай дінді кешіп кеттің.
Тандемі-ай Нұрғиса мен Тұманбайдың.
Әндері-ай Ақселеу мен Несіпбектің.
Құнарсыз ән шығарған халтуршиктің
Құлақтарың келеді кесіп кеткің.
Есерсоқ кей әндерді естігенде
Есек тепкен баладай шошып кеттім.
Отаныңа оралу былай тұрсын
Келеді Италияға көшіп кеткің.
Ынтымақ, бірлікті айтсын әрбір ақын.
Демеп пе ед Құлмамбетке Жамбыл ақын.
Бұл Жаркент қилы-қилы тағдыр көрді
Тарихы естігенді таң қылатын.
Тауыңда талай кино түсіріліп
Мұрағатта жазылды мәңгіге атың.
Киноның бір абызы Асанәлі
Есімі экраннан жаңғыратын.
«Атаманның ақыры» киносында
Түн қатып, таңды шіркін таңға ұратын.
Жаркенттен аттанып Құлжадағы
Дутовтай атаманды қан қылатын.
Жарынан, екі ұлынан айырылып
Күйретті қатал тағдыр бар мұратын.
Бағдаттай бір әпкемді әспеттеймін
Асекең жабыққанда жар қылатын.
Ұрпағы кіші Асанды туып беріп
Арнады бойындағы нәр-қуатын.
Анамның әпкелері, сіңілілері-ай
Сазгер болсам арнар ем әннің атын.
Жаркентімнің қыздары мың жасаңдар
Жігіттің қара басын хан қылатын.
Жанып тұрған ошағың былай тұрсын
Сөніп қалған ошақты жандыратын.
Ағайын әрқайсыңды жақсы көрем
Туыссың маған туған, ту секілді.
Неге жиен ел болмас жайлы болса
Деген сөзі қазақтың шын секілді.
Ақ жаулықты әжелер отырыңдар
Көздеріңіз ерітер күн секілді.
Құс ұйқылы, қайың таяқ қариялар
Басында ақ қар жатқан шың секілді.
Жандарбектей боп өссін әрбір балаң
Тасты жарып өсетін гүл секілді.
Өздеріңдей нағашылар аман болсын
Сендер барда төбемнен кім секірді.
Қаншама жыл қытаймен қоңсы болып
Қыңқ етпей тіреп тұрсың бір шетімді.
Дүние тұрғанынша тұр Жаркент елі
Топан суды тоқтатқан шым секілді.
Бір ұсыныс айтайын сабыр енді.
Осы үшін ақындардың бәрі келді.
Ертеде Бұқа молда екпе жасап
Шешектен құтқарыпты қалың елді.
Солардың сарқытындай кім білмейді
Мұрат Мұхамеджановтай дәрігерді.
Бірінші байлығыңның сарбазы боп
Жазды ғой сырқатынан жарым елді.
Меніңше, осы отырған нағашылар
Сол кісінің жақсылығын бәрі көрді.
Есімі ескерілмей жатқанына
Қарадай ауырады жаным енді.
Мұратқа бір көшені берсек шіркін
Қуантып көзін көрген кәрілерді.
Аман жүр Қазыретім арландайын.
Алғы топтан көрінсін кең маңдайың.
Алматыда кафең бар, асханаң бар
Бизнесте де жігітсің тарландайын.
Әй, бірақ ол жердің лағманы тәтті емес
Жаркентте жасалатын лағмандайын.
Жиенжан саған жақсы ұсыныс бар
Клиенттің жасақтайсың бар жағдайын.
Жаркенттен бір аспаз ап қайтсаңшы
Лағманның жасайтын әр қандайын.
Маған жақсы болар ед басқа-басқа
Айтудан ниетімді арланбайын.
Жиеннің кафесіне бармаймын ба
Нағашымның ауылына барғандайын.
ҚАЗЫРЕТ:
Ақындар бәйгесіне ат қосайын.
Нағашымның тамырын тап басайын.
Жаркенттен бір аспаз ап кет дейді
Бұл ойына қалайша жақтасайын.
Аспаз барар, ал бірақ Жаркенттің
Ауасын, суын қалай ап қашайын.
Алматы мен Жаркенттің арасындағы
Жолдың тегіс екенін мақтасайын.
Сондықтан да Реке ұсыныс пен
Пікіріңе ойымды ап қосайын.
Нағашыңның ауылын аңсап жүрсең
Автобанмен кеп тұрсай апта сайын.
Жеріне ағаш өсіп, гүл көктеген.
Елінен намысты қыз, ұл кетпеген.
Жаркенттің аймаңдай аруларын
Рекең ретімен суреттеген.
Қызы түгіл, бұл жақтың келінінің
Жүрегінен рух, жүзінен нұр кетпеген.
Жандарбектей ағамның асыл жары
Майра жайында айтайын жырды еппенен.
Таразда танысып, отау құрып
Отауында Олжастай ұл көктеген.
Азаматын ажал ерте әкетсе де
Тіршілігін жасапты тірнекпенен.
Ата-енесі рұқсат бергенменен
Әулетінен алыстап бір кетпеген.
Жаңа тұрмыс құруды ойламапты
Жастыққа тән жалынмен, дүрмекпенен.
Қазір жастар аз күндік қиындыққа
Ажырасып жатқаны тым көптеген.
Солар Майра жеңгемнен үлгі алса ғой
Көңіл шері, көз жас бір кеппеген.
Жайнамаздай күзетіп жар төсегін
Жандарбектің рухын құрметтеген.
Жанынан артық көріп ардың құнын
Жары жоқта жаулығын кірлетпеген.
Алтын күн нұрын төгіп түндігінен.
Бір атаның тараған кіндігінен.
Жер бетіне тараған қазақтарды
Бір Құдайым айырма бірлігінен.
Жақында Ташкентте жарыс өтті
Бірлесіп жердің алты құрлығымен.
Алты қазақ финалға бірақ шығып
Алты Алаштың атағын білдіріп ем.
Қытайдан Тоқтарбектей қандас шығып
Оралбайға ол қарсы тұрды білем.
Бір жақсысы бір қазақ жеңіп кетті
Бір жаманы бір қазақ жеңілді деп
Бір жылап, қазағым бір күлді білем.
Финалда қос қазақтың жолыққанын
Ұмыта алмай жүрмін-ау бұл күні мен.
Көзіме жас ұялап сол көріністен
Қиялым кезіп кетеді қырды кілең.
Шіркін-ай жолықсақ қой қазақ дейтін
Жиырма сегіз мемлекеттің тұрғынымен.
Әр тудың астында емес әрбір қазақ
Бір байрақтың астында бір-бірімен.
Жылқы жейді тепкенін.
Дихан жейді еккенін.
Атақты сатып аларсың
Абырой кетер бірақ та.
Теріңді төксең тек кетпес.
Қадірлі ерлер аз емес
Құлжасындай таулардың.
Құрмасындай Меккенің.
Жаркентте ашылған
Дәнештің көрдім мектебін.
Гүлнар Дәнешқызы отыр
Ұштырып өнер кептерін.
Рүстем ақын айтпақшы
Жандарбектің атында
Тағы бір мектеп ашылса
Қарсы болмас текті елім.
Шәкен апам кессе тұсауын
Жамылып шапан, шекпенін.
Жанатбек пен Ғанилар
Семсердей ұстар серттерін.
Ауданның болған доноры
Жұмсалған елге доллары.
Ақсубаев Серіктей
Қолдайтын шығар бектерің.
Әрқайсына бір мектеп
Береміз бе деп сөкпегін.
Окоппен емес ол кезде
Мектеппен қоршап тастайсың.
Шекараңның шеттерін.
РҮСТЕМ:
Осымен тұрмайық па, тұрайық па.
Ақынға көп сөйлеген лайық па.
Нағашы мен жиеннің айтысына
Нағашылар бір қолды ұрайық та.
Жүрсін ағам ауырып келе алмады
Ағайын етпеңіздер мың айыпқа.
Сол Жүкеңе соққандай қол соғайық
Жүкеңнің первый замы Шұғайыпқа.