Жаркентті дүбірлеткен халықаралық айтыстың үшінші жұбы тараздық тарлан, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы Қанат Мырзахан мен қызылордалық ақын, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Нұрзат Қару арасында өтті.
Қанат:
Оу, мен едім айтыстағы бөрікті ұлың,
Келеді жөн сұрасып, жөн ұқтырғым.
Ассалаумағалейкум Жаркенттіктер!
Бас иіп босағаңа еніп кірдім.
Панфилов ауданына арнайылап,
Бауыржанның елінен жорық қылдым.
Қайраттың аулынан кеп Ләззат пенен
Ерболдың жерлестерін жолықтырдым.
Әулиеатадан шығып ем ат терлетіп,
Әулиеағашы бар еді көрік берген.
Жамбылдың Майра деген ару қызы,
Жары еді Жандарбектей көрікті ұлдың.
Мен болсам, сол Майраның інісімін,
Сіздерге құда бала болып тұрмын.
Жиенің кеткен кезде құдаң шықты,
Мен мұны жақсылыққа жорып тұрмын.
Жаркенттік құдаларға Жамбылымның,
Жолдаған ақ сәлемін беріп тұрмын!
Құдасын қара жерде қалдырмас деп,
Суандай текті жұртқа сеніп тұрмын.
Үш жүзді таң қалдырған Жандарбектің,
Үш жұртының бірінен келіп тұрмын.
Өлеңді өңірді,
Жырлауға балаң бекінді.
Сатай менен Елтінді,
Қорғаған жаудан шетіңді.
Арша ағаштан қиылған
Бір шегесіз салынған,
Жаркенттің мешіті.
Қыл қаламы бекінді.
Қасиет қонған Қастеев
Өр суретші боп жетілді.
Дауысы қандай Дәнештің,
Жеткен жоқ оған әлі ешкім.
Саңырауды да тыңдатып,
Жылататындай соқырды,
Ербол менен Ләззаттың
Азаттық үшін күресі,
Азапты көрді не түрлі.
Бексұлтан ағам қаламгер,
Қағазға төккен сырлары,
Көңілдің кірін кетірді.
Айтақын жырын төккенде,
Қара жерді тепкенде,
Қайдан ғана шықтым деп,
Қарсыластары өкінді.
Отырған текті елге кеп,
Сірә да менде арман жоқ!
Жазиралы Жаркентім,
Қабыл ал аппақ ниетімді.
Жетісудың төрінде,
Жандарбектің елінде,
Жүрегіне халықтың,
Солай салдым дүбірді!
Қиқуласа ағайын,
Шабыттанып шабайын!
Жандарбектің баптаған,
Жирен аты секілді.
Оу, ақын ба, сұлулыққа бас ұрмаған?
Жігіт пе, қызды көрсе тасынбаған?
Айкүміске айтыста қырындаған,
Жамбыл да жүз жасаған ақын бабам.
Он ақынның ішінен қыз бұйырды,
Он екіде бір гүлі ашылмаған.
Неке жүзік тағылып саусағына,
Шаштарын ақ орамал жасырмаған.
Алайда фамилиясы Қару екен,
Тегінде жатқандай ма расында мән.
Ару менен Қаруды қатар беріп,
Қазылар сый жасады тосын маған.
Қару деген жігіттің жан серігі,
Қастерлеп ап жүрейін, қасымда әмән.
Бауыржанның елінен келгесін бе?
Қару көрсем кетеді басым жаман.
Қолыма судай жаңа қару түсті,
Өзі түгіл қорабы ашылмаған.
Зауыттан тоқсан төртте шыққанменен,
Әлі күн шүріппесі басылмаған.
Па, шіркін, қасымдағы тәтті арудай,
Көрінген кезікпейді баққан ұдай
Намысың Асанова Ләззатындай,
Дауысың Исабектің Мақпалындай.
Иығыңа төгілген қос бұрымың,
Қорғас пен Іле өзенінің аққанындай.
Қас, кірпігің Шежіннің шыршасындай,
Ақ жүзің Алатаудың ақ қарындай.
Қарақат көз, шие ерін, алма мойын,
Бет-жүзің Айдарлының бақтарындай.
Ал енді кеуде тұсың көкке өрлеген,
Қәдімгі Найзатапқан шатқалындай.
Сөздерің Ойжайлаудың елігіндей,
Тұрысың Қоңырөлеңнің асқарындай.
Тал бойыңда тарыдай мін жоқ екен,
Музейдің аса құнды заттарындай.
Әбілхан Қастеевтің суретіндей,
Оразақын Асқардың хаттарындай.
Көзіме оттай болып басылдың ғой
Ып-ыстық Керімағаштың бұлағындай,
Буынымды босатып жібердің ғой,
Жаркент-Арасанның батпағындай.
Нұрзат:
Ақын болып құдай істі оңдағасын,
Ал, алашым дем беріп қолдағасын.
Атамыздың аты Қару болғаны үшін,
Сахнада қалды ғой дауға басым.
Шүріппені басам деп шүйлігеді,
Әркімнің аузында бір қорланасың.
Осы ғой елдің бәрі тиісе береді,
Жұматтың қарындасы болмағасын.
Демеймін бүгін тойда бомба жарам,
Қолыма қару емес, домбыра алам.
Бастай салып батпаққа теңедің ғой,
Әжуа әзіліңе болдым алаң.
Әй, бірақ елден аяр ештеңем жоқ,
Нәзік ару емеспін болбыраған.
Арасанның батпағы шипалы ғой,
Қайта жақсы дертке ем қондыра алам.
Айтқың келсе айта бер айналайын,
Оның емі ежелден елге ұнаған.
Қай жерде қандай нәрсе болсам дағы,
Халыққа пайдам тисе болды маған!
Ақындарың Алла деп атқа мінді,
Жандарбекке жыр арнап ақтарылды.
Мен енді алты алашқа бұрылайын,
Сен езіп отыра бер батпағыңды.
Жаркенттім Алатаудай өр екенсің,
Алтын менен Белжайлаудай бел екенсің.
Азия мен Еуропаны жалғап тұрған,
Байырдан Ұлы Жібек жолы екенсің.
Ешбір жауға есесін жібермеген,
Еңселі Елтіндінің төлі екенсің.
Кешегі Сатай менен Бағай тартқан,
Көбені ұстап тұрар жебе екенсің.
Салпық би, Қожбанбет пен Бөрібайды айтсам,
Бүгінгі сөзіміздің сөлі екенсің.
Рақышев Дәнештердің әні екенсің
Қастеевтің төгілген кені екенсің,
Ләззат пенен Ерболдай ер екенсің.
Атыңнан айналайын Жаркент елі,
Пейілің кең даладай кең екенсің!
Жандарбек ағамыздың тойын жасап,
Керемет өтіп жатыр мерекең шын.
Қағбаны қадірлеген мұсылмандай
Ақынын қадірлейтін ел екенсің!
Әулиеағаш жеті ғасыр ғұмыр кешкен,
Топырағы құнарлы жер екенсің!
Тамырынан тараған қос шынары,
Бойжеткен, бозбаланың төрі екенсің!
Жетісу жер жұмағы болғанменен,
Жетісудың жұмағы сен екенсің!
Қанат сен ақын әрі жыршыдайсың,
Әзілдің отын жаққан шырпыдайсың.
Семіріп кетіпсің ғой соңғы кезде,
Ұлсың-ау көңілі тоқ, ұрты май шын.
Дарыныңнан қарының басым боп тұр,
Түлеген түліктей боп жылтырайсың.
Жандарбектің жиреніндей шабамын деп,
Өзіңді жүйрік санап шұрқырайсың.
Сен қалай жирен аттай шаппақшысың,
Соғымға сойылатын жылқыдайсың.
Бұл Қанат шекелеген маңдайлы екен,
Тұлпардай тынысты екен, таңдайлы екен,
Бегімбет Жандарбекке балдызбын деп,
Су төгілмес жорғадай заулайды екен.
Жаркенттік құдаларға сенеміз деп,
Осы уақыттан жүлдені қамдайды екен.
Майрадай апамызды пайдаланып,
Алты Алаштың көңілін аулайды екен.
Суандарға туыспын демей тұрып,
Өзінің түр-тұрпатын аңдайды екен.
Қайда барса, елдің бәрін туыс қылмай,
Айна болса, бір қарап алмай ма екен?
Ағайын байқайсың ба, байқамаймысың,
Мына бала басқаша сайрайды екен.
Өзі пысық және де көзі қысық,
Бұлбұл ақын болып тұр жандай көркем,
Сөздері қазақтікі болғанмен
Көздері қу қытайдан аумайды екен.
Қанат:
Оу, семіз деп сынағаның неткеніңіз,
Томпиған тоқаш сынды беттеріңіз.
Соғымға сойылатын жылқыдай деп,
Жарамас бізді мазақ еткеніңіз.
Дененің салмағы емес, ең бірінші,
Өлеңімнің салмағын дөп көріңіз
Семіз боп сізге салмақ салмап едім,
Неліктен тарылды өкпеңіз қыз.
Семізсің, семізсің деп қоймайсың ғой,
Немене көтерейін деп пе едіңіз?
Елдің жүгін көтеріп қара нарша,
Қайтпаймын кәдесіне жарағанша.
Бір қойдың етін өзі бірақ жеген,
Ірі болдым баһадүр бабаларша.
Кешегі ұлы Абайда толық болған,
Қарыштайтын қолына қалам алса.
Абай жолы кітабындай қалыңдаумын,
Қуала жолың сондай дара болса.
Ат белі майысатын салмағынан,
Қабанбай ат үстінде садақ тартса.
Суанда Арқабайдай палуан өткен,
Алысқанын жығатын абаданша.
Осындай бабаларды үлгі еткесін,
Арықтық ұнамайды маған онша.
Арық-тұрық жігітті не қыласың,
Толығына жармасқын шама болса.
Семіздің қарнын сипап жатқан жақсы,
Арықтын қабырғасын санағанша.
Туған жерім Қазақстан, шет ел емес,
Джеки Чан мен Брус Ли көкем емес.
Қысық көз қытайлардан аумайсың деп,
Айтқаның ойымнан еш кетер емес.
Көзім кіші болғанмен, сөзім ірі,
Себебі мен ақынмын, рэпер емес.
Баяғы қазақ қызы қандай еді,
Берейін бүгін саған жеке кеңес.
Жігіттің көзіне тік қарамаған,
Егер жары болмаса некелі емес.
Ал сен көзің қысық деп ұрып отырсың,
Деймісің әлде мені бөтен емес.
Көзіме қарамасаң қайдан білдің
Байқаймын көңілің маған кет әрі емес.
Көптен күткен жігітің мен шығармын.
Көзіме көз салғаның бекер емес.
Нұрзатжан маржан сөзді тересің-ау,
Жетісуды жұмаққа теңерсің-ау.
Жетісудың жұмағы Жаркент деп,
Бағасын бармақпенен бересің-ау.
Жұмаққа кіргеніңе қарағанда,
Әзірше тура жолмен келесің-ау.
Райға кіргендей таң қаласың,
Районды көргенде сен осынау.
О дүниенің жұмағы вообще мықты
Бұйырса өз көзіңмен көресің-ау.
Бұл жұмақты көргенде бүйтіп отсың,
Ол жұмақты көргенде өлесің-ау.
Қарудың Нұрзат қызы қарагері
Көңілім саған деген адал еді.
Айтыстан соң Жаркентті аралатам
Осында сұлулықпен сән әлемі.
Қыдыртам Бөлек батыр саябағын,
Талайлар сонда барып табар еді,
«Айсттың» лағыманын жегізейін,
Жаркенттің ең сүйікті тағамы еді.
Қастеев мұражайын көзбен көрсең,
Жаныңыз рахаттанып қалар еді.
Орбұлақ шайқасы өткен жерге барсаң,
Ерлікті есіңізге салар еді.
Өсектің жағасында тұрмасаңыз,
Өсек айтып кетпесең болар еді.
Әулиеағаштың суынан сімірмеген
Тисінші шипасы мен саған емі.
Жүгері алқабын да сөз етемін,
Крахмалы бар салада бағалы еді.
Бұл жақтың таксистері ашуланса…
Әйтпесе, бәрі, бәрі, бәрі әдемі.
Көлігіңе ешкімді міңгізбе деп,
Тойынған таксистердің талабы еді.
Өзіңді көлігіммен қыдыртамын,
Қанаттың астында бар қарагері.
Әйтеуір Жаркент таксистері,
Жағамыздан алмаса жарар еді.
Нұрзат:
Мен қарамын сен-дағы қара едің,
Қарасың топтан озған қарагері.
Жұмаққа барған кезде өлесің дейді,
Әулие атаның әулие санагері.
Онан соң даттадың ғой таксистерді,
Бұл жақта жаңалық тез тарар еді.
Айтқаныңды сол таксистер естіп қойып,
Районға жиналмаса болар еді.
Жаңағы өзің айтқан ырайыңа
Менен бұрын бармасаң жарар еді.
Көп қарайсың тесіле, көз саласың,
Салмасақ та салды деп сөз таласып.
Қарағанға қараған айып емес,
Қарағым қызық екен көзқарасың.
Сөз таласып көрем деп келген едім,
Ақындардың көшінен кеш қаласың,
Мен мұны жылқы деп ем кісінеген,
Қанат неге айтады қысыр өлең?
Асанова Ләззаттан ұялғаным,
Отан үшін отқа да түсіп өлем.
Әлия, Мәншүк, Хиуаздың сіңлісі едім,
Ірілігін көрсеткен ісіменен.
Кіші жүздің қызы едім қызу қанды,
Өзімнің сеніп тұрмын күшіме мен.
Көтер десең келе ғой көтерейін,
Көтеру Нұрзаттың ісі дер ем.
Бірақта кіші жүзді білесің ғой,
Алысқан үлкен менен кішіменен.
Дұшпандарын төбесіне көтереді,
Тек қана найзасының ұшымен.
Ендеше Жаркентті бетке аламын,
Жандарбек ағамызға тоқталамын.
Ішінен суырылып шыққан топ қараның.
Жасындай жарқ еттің де кете бардың,
Ән жинақ, күй жинақтың тоқтағаны.
Қарашаң бірақ күнде жоқтап қалды,
Қарашықтың ішіндегі от қараны.
Жалпақ жұрттың жанарына жас толтырды,
Сарылтып текті әке мен текті ананың.
Жандарбек Бегімбетті еске алғанда
Қарулы оқ боп жандарға оқталамын.
Арланға қастық қылған шибөрінің
Тауып та берер жаза сотқарға әлі.
Өйткені Жандарбекті еске алғанда,
Жайнаған бұлбұлдарды еске аламын.
Мен кейде шуақ шашқан күнге қарап,
Жандарбектің бейнесі деп қаламын.
Ешкімге тимесе де жамандығы.
Біреулердің білінді арамдығы.
Атасына лағынет жауыздардың,
Тұғырынан тайдырған табандыны.
Қанышердің қолынан қаза тапты,
Қаншама жаратқанның адал құлы.
Апатты Бекзат ағам құшқанменен
Басқаша жорып отыр ғалам мұны.
Мерт қылып академик Марданды да
Жарамсыз қылды қанша жарамдыны.
Кәріс емес, қазаққа қызмет қылған,
Қаза қылды Денис Тендей балаңды ұры.
Жандарбек те кісі қолынан қаза тапты,
Біреулердің білініп надандығы.
Қайтейін қолдан келер шара бар ма?
Әттең-ай осы болды заман түрі.
Жер бетінде адамдар көбейгенмен,
Азайып бара жатыр адамдығы.
Жырыңды Жандарбекше төге алмайсын,
Өлеңді сауатты қып өре алмайсын,
Семізді сипап жатқан жақсы ғой деп,
Құрдасым мына бізді неге алдайсың?
Егерде осы айтқаның рас болса,
Сен өзің семіз қатын неге алмайсың?
Бұл Қанат Жаркенттің құдасы деп,
Сондықтанда алмай тұр сірә себеп
Жетісудың жұмағы Жаркент деп ем,
Құрдастың қызыл тілі құлаш екен.
Өлесің, сол жұмаққа енесін деп
Жанашыр боп жасаған дұғасы екен.
Онда барғым келеді, бірақ өлгім келмейді
Бір Алла ақиқаттың куәсі екен!
Жарық дүниені қимады-ау бұл жарықтық,
Бәлкім сауап, бәлкім құл күнәсі екен.
Ағайын көзі қысық адамдардың
Іші тар болар деген рас екен.
Қанат:
Оу, іші тар деп бастадың, тар егесте,
Қалжың сөз құрдастардың сәні емес пе?
Іші тар адам емес сен айтқандай
Бұл Қанат құшағы кең жан емес пе.
Тар деген сөзді көп айта берме,
Сенің де тар жерлерің бар емес пе.
Көптен бері үстіңнен түспей жүрген,
Көк көйлегің өзіңе тар емес пе?
Мені ешкім демесе де Төлеген ғой
Мен сені Қыз Жібекке теңегем ғой.
Сен мені семіз әйел алмайсың деп,
Бұл Нұрзат елді әзілге бөлеген ғой.
Әйелі семіз, ері арық болса,
Қазағым осалдыққа теңеген ғой.
Қыз нәзік, ерге алып болған жақсы,
Атадан қалған дәстүр өнеге ғой.
Бір күнде сегіз қызды алып қашқан,
Иманжүсіп бабамда көреген ғой.
Сегіз қызды ап қаштым деген, бірақ,
Семіз қызды ап қаштым демеген ғой.
Мен жаңа таксистерге жыр арнадым,
Қалжыңмен қандырсам деп құмарларын.
Сен болсаң, таксистерді жинап алып,
Сыбағамды беруге пландадың.
Бұл жақта маған ешкім тиіспейді,
Сондықтан орындалмас бұл арманың.
Мысалы Жандарбекке айтыс жасап,
Ас беріп, бағыштауда құран кәрім.
Жаркенттіктер ақынды құрметтейді,
Болмасын ол жағына күмәндарың.
Қатынын сабаса да, ешуақытта,
Ақынын сабамайды Суандарым.
Көк құсындай асыққан жылы жаққа,
Уақыт шіркін барады зымырап та.
Жасындай боп жарқ еткен Жандарбектің,
Жетеді жақын түгіл үні жатқа.
Айтысты Құлагермін деп бастаса,
Ұқсайтын қамшылатқан дүбір атқа
Құлагерді мерт қылған Батыраштар,
Лайықсың жауыз атқа, зұлым атқа.
Нұрзатжан Денис Тенді еске салдың
Жұлынған тағдырының гүлі бақта.
Мұз үстінде жүріп-ақ із қалдырды,
Ешқашан шығармаймын мұны жоққа.
Денис Тен атында бар академия
Баратын жас талаптар шұбырап та.
Жандарбектің атында бір сарай жоқ,
Айтылса да әні мен жыры жатқа.
Мәдениет үйіне атын берсек,
Бергендей болар едік тұғыр атқа.
Отыз жыл бұл шаруаны қолға алмаған,
Соншалық басшылардың қыры жоқ па?
Бұл шаруаны қолға алса, қазіргі әкім,
Мараттай ағаларың мініп атқа.
Жандарбектей біртуар азаматтың,
Қазаққа Денистердей құны жоқ па?
Оу, бұл жаққа кеп, не көріп не білдіңдер,
Кем еді жерім неден, елім кімнен?
Швецария Альпісінен асып түсер,
Жоңғар Алатауым бар елік жүрген.
Грузияның Боржомиінен асып түсер,
Керімағаш суымен мөлтілдеген.
Голландия қызғалдағын не қыласың?
Жайқалып тұрған кезде жерің гүлмен.
Қазанкөл, Алтынкөлім тұрған кезде,
Әйелді менсінбейсің көріп күлген.
Жаркенттің мешітін көрген сәтте,
Тәж-Махалды қоя бер тегі бөтен.
Тау-тасың, өзен-көлің, табиғатың,
Жаратқан сыйлық берген сенің жүлдең.
Шетел десең шетел ғой Жаркент жері,
Беретін әлемдегі нөмір бірден.
Жаркенттіктер бақытты жансыңдар ғой,
Күн сайын қымбат жерде тегін жүрген.
Шекарадан шықпай-ақ сіздер ғана,
Шет елді көздерімен көріп жүрген.
Нұрзат:
Бұл Қанатқа шап дегенге тап береді,
Таңдайынан төгіліп тәтті өлеңі.
Ол рас жанымызға қатты батты,
Жандарбекке бір сарай жоқ дегені.
Ақынның алпыс жылдық бұл тойында,
Халқымның осы болды әттегені.
Сен бірақ бұған қатты алаңдама,
Бәрібір қуанатын сәт келеді.
Жүресің айтыстан соң кеңсе жаққа
Айтағаң мен Дәулеткерей Кәп келеді.
Мараттай ағамызбен ақылдасып,
Үлкендер қара қылды қақ бөледі.
Ақынның сөзін жерге тастамайды,
Мәкеңнің биік болса бақ-беделі.
Атақты Әкімбектің баласына,
Әкім мырза қаржыны нақ төледі
Ал енді әкім қаржы бермей жатса,
Жиналып Құлагердің бақ берері,
Өзгені бұл шаруаға кірістірмей,
Өздері-ақ сәулетті сарай сап береді.
Киімімді айтасың тергеп мені
Көйлегімді кеңейтіп бермек пе едің?
Құдайым бойға шақтап бергені ғой,
Размерім кіші болса өл деп пе едің?
Тар киім қыз балаға жарасады,
Киіміме килікпе ер боп менің,
Осы айтысқа арнайы шақтап кидім,
Апалардың көрген соң мен мектебін.
Алба-жұлба бірдеңе жамылып ап
Аңырап жүре берер сен деп пе едің?!
Кешке дейін жырламай киімімді,
Өзіңнің түгендеп ал бұйымыңды.
Қанатжан осыменен қоштасайық,
Қатал болмай жан болшы мейірімді.
Жігіт деген атыңыз бар емес пе,
Сондықтан сөз айтқайсың жүйелі, оңды.
Көкбет келін секілді салғыласпай,
Айтысқа қойып кетші түйініңді.
Алашым сен ежелден тұғырлы елсің,
Саған қастық қылғандар құлың болсын!
Қоштасарда ардақты елімменен
Қорғасындай салмақты жырым болсын!
Сақ пен ғұнның ұрпағы сар далада,
Сары алтынның құмындай құмың болсын!
Бірлігіміз бес саусақ біріккенде,
Жұмылған жұдырықтай жұмыр болсын!
Татулық балталаса бөлінбейтін,
Мірдің оғы секілді мығым болсын!
Алты қырды аралап іздейтұғын,
Жастарда ілім менен білім берсін!
Арың менен жерімді сатпайтұғын,
Қылықты қыз, мінезді ұлың болсын!
Қарға тамыр қазаққа Хақ Тағала,
Жақсылық атаулының мыңын берсін!
Әр қазаққа үш жүз жасайтұғын
Қарғаның ғұмырындай ғұмыр берсін!
Қанат:
Оу, негізі Нұрзат Қару жетелі ғой,
Кей кезде шекарадан өтеді ғой.
Қарға құсап үш жүз жыл жасаңдар деп,
Қыран елге айтың-ау қате бір ой.
Құзғынның жасын тілеп не қыласың?
Жамбылдың жасын берсе жетеді ғой!
Өзіңе жыр арнадым бай көңілмен,
Аумайсың Абай сүйген Әйгерімнен.
Осымен сахнадан біз тұрайық,
Бұйырса шай берерсің шәйнегіңмен,
Кетер кезде өзіңді бір сүйейін,
Бетіңнен я болмаса қай жеріңнен?
Баян Есентаеваны сүйіп алған,
Қуандық Шәкіржаннан қай жерім кем?
Нұрзат:
Бетімнен сүйейін деп сарнайсың ба?
Нұрзатты алдайсың ба, арбайсың ба?
Есентайдың Баянына есің кетсе,
Актер боп кино жаққа бармайсың ба?
Қуандықтан қай жерім кем деп сұрамай
Продюсерге қолқаны салмайсың ба?
Қай жеріңнің артық-кем екендігін,
Баянға бір тексертіп алмайсың ба?!
Қанат:
Оу, қайың ағаш тербелер жел тұрғанда,
Қыз-жігіт жарасады ел тұрғанда.
Баянға бар дейтіндей мына маған,
Біреуге беріп қойған сертің бар ма?
Елуді алқымдаған келіншектің
Бетін сүйер бойымда дертім бар ма?
Баянды неғылайын айналайын,
Баянсұлу секілді сен тұрғанда.