Ежелгі замандағы сыртқы жаулармен алысқан бабалар ерлігін айтпағанның өзінде, кешегі 1643 жылғы жоңғарлармен болған Орбұлақ шайқасында елі мен жерін қорғауда қазақ-қырғыз батырларымен тізе қосып Жәңгір ханның қасынан табылған атағы алысқа кеткен Елтінді батыр. Біздің негізгі кейіпкеріміз Елтінді батырдың сол Орбұлақ ұрысының алдында дүниеге келген жалғыз ұлы Молақтың Жәмеңкесінен тараған, бабасының ерлік дәстүрін жалғаған Керімбаев Борис Төкенұлы.
Ертеректе Жәмеңкенің біраз баласы Жамбыл ауданы, Қордай өңіріне қоныс аударып барып тұрақтап қалыпты. Борис Төкенұлы Керімбаев 1948 жылы 12 қаңтарда Алматы облысының Ұзынағаш аумағында мұғалімдер отбасында дүниеге келген. Әкесі Төкен мектеп директоры, ал анасы мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған. Орта мектепті бітірген соң ұшқыш болуды армандаған ол Орынбордағы ұшқыштар училищесіне құжат тапсырады. Бірақ, дәрігерлік тексеруден өте алмай қалып, сол училищедегі үлкендердің ақылымен әскери оқу орнының бірі – Ташкент қаласындағы В.И. Ленин атындағы Ташкент жоғары командалық училищесіне түседі. Ол кезде бұл жоғары командалық училище Орта Азиядағы жақсы саналатын әскери мамандарды дайындайтын оқу орындарының бірі болатын.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен КСРО және бірқатар социалистік даму бағдарына көшкен мемлекеттер мен АҚШ бастаған капиталистік жүйемен дамуға түскен мемлекеттер арасында қырғи-қабақ соғыс басталды. Европада 1945 жылы АҚШ бастаған НАТО әскери-саяси ұйымы құрылғанда, социалистік мемлекеттер өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1955 жылы мамырда Варшава Шарты ұйымын құрды. Бұл құрылған одақ та әскери-саяси ұйым болатын. Кеңес өкіметі кезінде АҚШ сияқты біраз континенттерде өзінің ықпалын пайдаланып әскери топтар ұстайтын. Сол сияқты Варшава Шарты ұйымының әскери тобы Германияда еді. Борис Керімбаев училищені жақсы аяқтаған соң Кеңес әскерлерінің Германиядағы әскерлер тобына жіберіліп, онда барлаушылар ротасының командирлігіне тағайындалады. Ал 1980 жылдары Эфиопиядағы қалыптасқан саяси оқиғаларға байланысты Кеңес одағы сол елге жан-жақты қажетті көмек көрсеткен-ді. Борис Керімбаев дүрбелеңді жағдайдағы сол елге барып жаяу әскер бригадасының кеңесшісі, әрі арнаулы барлау отряды командирі қызметін атқарып қайтады. 1978 жылы дүниежүзі халқының назары Ауғанстандағы сәуір төңкерісіне ауды. Төңкеріс соңы ұзақ жылға созылған соғысқа ұласты. Ішкі күштердің Ауғанстан Демократиялық Республикасы үкіметі мен оларға қарама-қарсы қаруланған оппозициялық топ – моджахедтердің арасындағы билік үшін тайталасы елде азамат соғысын тудырды. Бұл айтылмыш соғысқа сыртқы күштер – КСРО мен АҚШ араласып кетті. Өйткені олардың мақсаттары Орта Азия мемлекеттері арасындағы өз ықпалдарын әлсіретпеу еді. 1979 жылдың 29-шы желтоқсан айында енгізілген Кеңес әскерлерінің Қарулы күштерінің 40-шы армиясы 1989 жылдың 14 ақпанына дейін 10 жыл бойы Ауғанстан территориясында тұрды. Осы жылдардағы қантөгіс ұрыстарға Қазақстаннан 22 000 жауынгер қатысып, оның 924-і майданда қаза тапты. Міне осы Ағанстандағы соғыс ұрыстарын жүргізген 40-шы армиямен қатар, арнайы мақсаттағы 177-ші әскери бөлімді Борис Керімбаев басқарды.
Мемлекеттік барлау басқармасы бастығының бұйрығымен Мәскеуге шақырылған Борис Керімбаев Қапшағай қаласында 500 жауынгерден жасақталған 177-ші арнайы мақсаттағы (спецназ) 2-ші «Мұсылман батальонының» командирі болып тағайындалды. Олардың алдына бөлек тапсырма қойылғандықтан алдағы болатын ауыр ұрыстарға жауынгерлерді дайындау өте қатал жүрді. Батальонға тек физикалық дайындығы мол, күш-қуаты мықты, шыныққан, жігіттердің жігіті ғана таңдап алынды. Осыған дейінгі ұрыс жүргізу тәжірибесі бар командир арнайы тапсырмалар орындайтын бөлімді жан-жақты тактикалық жауынгерлік дайындықтан өткізеді. Өзі ғана білетін Ауғанстандағы соғысқа жіберілетін арнайы тапсырмалар орындайтын батальонды дайындап болғаннан кейін 1981 жылы 20 қазанда Ауғанстан шекарасына кіре салысымен Меймене қаласы маңында моджахедтік топтармен ұрыс қимылдарын бастайды. Майор Борис Керімбаев басқарған батальонның жауынгерлері жолында кездескен моджахедтермен шайқаса отырып 1982 жылдың басында майордың атын шығарған Пандшер шатқалына жетіп тоқтайды. Борис Керімбаевтің арнайы батальонының келуімен Дарзобтағы моджахедтермен жүріп жатқан ұрыс тоқтайды. Борис Керімбаев ұрысты тоқтатып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың сеніміне кіріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып оларға қираған мешіттерді, мектепті қалпына келтіруге, барған жерлерінде бейбіт тұрғындарды азық-түлікпен жабдықтауға көмектесіп отырған. Сондықтан да жергілікті елдің арасында мейірімді майордың атағы алыс аймақтарға кеткен. Командирлерінің кез-келген жағдайға дайын тұруға, аяқ астынан басталатын шабуылға, ұрысқа қырағы болуға үйрететін қасиеті үшін оны жауынгерлері қатты құрметтейтін. 1982 жылы осындағы әскери тапсырмаларды нәтижелі атқарғандығы үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен наградталады да, подполковник атағы беріледі. Сонымен қатар аса қауіпті, ұзындығы 120 шақырымға созылатын Пандшер шатқалын 1 ай қорғауға тапсырма алады. Борис Керімбаев қарауындағы батальондағы жауынгерлерді аман сақтап қалу үшін бұған келіседі, оның бұл ісінен өзіне өмірлерін сеніп тапсырған адамдарға қалай қарайтындығын және батылдығы мен өз біліміне сенген зор әскери талантын танимыз.
Пандшер шатқалындағы ұрыста моджахедтердің атақты қолбасшы Ахмад Шах Масудтың 100 мың әскеріне қарсы соғысып, шабуылына тойтарыс беріп отырады. Ауған соғысының бел ортасында болған Бақытбек Смағұл «Қазақтың «Қара майоры» кітабында Ахмад Шах Масудтың әскерлерімен шайқасы туралы генерал Ляховскийдің кітабынан үзінді келтіреді. «Ахмед шахтың күшейгені соншалық, 1981 жылдың аяғында ол бүкіл Ауғанстан территориясының үштен бір бөлігіне бақылау жасады. …Совет әскерінің Ауғанстандағы шектеулі контингенті құрамында айрықша тапсырмалар үшін жасақталған 177-ші отряд ерекше көзге түсті. Бұл жанкешті отрядтың жауынгерлері жаудың аса күрделі, кіруі қиын, шығуы одан да шым-шытырық бекіністері мен оқ ататын қуыстарын бірінен кейін бірін алып жатты» дейді. Пандшерді ала алмаған Ахмед Шах Масудтың көзіне қан толып ашуланып «Қара майордың» басына 1 млн афган ақшасын тігіп жүргені де осы кез. Шатқалды қорғаған Борис Керімбаевтың батальоны моджахеттерді алдыға жүргізбей, 2 ай қорғап тұрады.
«Қара майор» атанған Борис Керімбаевты қарсылас дұшпандары қиын-қыстау жерлерде соғыс жүргізу ісінің аса шебері деп санағандықтан құрметтеген. Ержүректігімен қатар, әсіресе жүретін ұрыстарды алдын-ала болжай алатын қабілетінің арқасында жауынгерлерін көп шығынға ұшыратпай қалай шайқасудың жолын көрсете отырып басқаратын, ақылды стратег болған. Солай соғыса жүріп қарауындағы талай жауынгердің өмірін сақтап қалып отырған. Ерлік тарихының бастауы Пандшер шатқалындағы ұрыстардан басталған даңқты командирдің әскери қызметі содан кейінде жалғасын тапты. Елге оралғаннан кейін 1985 жылдан бастап 546 арнаулы полк командирі болып тағайындалып, оны сол жылдардың соңына дейін басқарды. 1992 жылы денсаулығына байланысты отставкаға шығады. Көптеген жан алып, жан берген ұрыстарды басқарып, жауларымен бетпе-бет шайқастарға түсіп, жауынгерлеріне ерлік үлгісін көрсеткен батырдың аты өшпестей болып қазақ тарихында қалды. Отставкадағы полковник 2019 жылдың 12 ақпан күні 71 жасында дүниеден озды. Даңқты жауынгердің ерлігін мәңгілік есте қалдыру мақсатында ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен Алматы қаласындағы Қарулы Күштердің әскери бөліміне аты аңызға айналған «Қара майордың», полковник Борис Керімбаевтің есімі берілді. Жауынгерлік «Қызыл Ту», «КСРО Қарулы Күштерінде Отанға қызмет еткені үшін», 1 дәрежелі «Айбын», орденімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалімен наградталған Борис Төкенұлы енді міне, түп тамыры Жаркент өңіріндегі Суан елінің ұрпағы ретінде тарихқа еніп отыр.
Батырдың өмірі көптеген кітаптарға аңыз болып енген. Ерлік жолы жайлы «Қара майор» фильмі түсірілген. Борис Төкенұлы өзі де «Қапшағай батальоны» атты повесінде осы батальонның, өзінің жауынгерлік жолдарын баяндайтын өшпес естеліктер жазып ұлттық рухты қалыптастыруға тәрбиелейтін еңбегін қалдырған. Оның жазбалары да Бауыржан Момышұлы сияқты ұлттық батырымыздың командирлік-қолбасылық қасиетін айшықтай түседі. Отанына адал қызмет көрсеткен, антына берік дәл Борис Керімбаевтай елді қорғайтын ұлдар туылса деп ойлайсын. Қандай болмасын Отан қорғау жолында қаза тапқан жандарды еске алып құрметтеу кез-келген халықтың қасиетті дәстүрі. Мұны ешқашан естен шығаруға болмайды. Әңгіме төркіні осыған дейін біздер анықтаған Суан елінің 30-дан астам батырының бірі полковник Борис Керімбаевтың, тарихы тым тереңде жатқан Жаркент жерінің оғланы екендігінде. Олай болса Жаркент жері өз батырын құрметтеп, есімін елі-жұрты ұмытпайтындай есте қалдыру шараларын жасау керек. Қазақ-қалмақ текетіресіндегі 1643 жылғы Жаркент өңіріндегі Орбұлақ, 1726 жылғы Бұланты өзені бойындағы «Қалмақ қырылған», 1418 күнге созылған екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Кеңес-неміс шайқасында қаза тапқан батырларды құрметтеу, олардың есімдерін, ерліктерін айтып-жазып отыру қалам ұстаған аға буынның парызы. Ерлеріміздің ерлік тарихын жазсақ, оны оқыған кейінгі өсіп келе жатқан ойлы жасөспірімдер, жастар ұлттық рухта тәрбиеленеді.
Молот СОЛТАНАЕВ