25 қазан – Республика күні. Осы мереке әлемнің көптеген елдерінде сол мемлекеттің республика болып жарияланған немесе елдің конституциясы қабылданған күн болып та табылады.
Республика күнінің тарихына қысқаша түрде тоқталып өтетін болсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақ КСР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Осы күндей болып жарқ еткен тарихи құжат ел егемендігіне алғаш жол ашты десек болады. Декларацияны жазған әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-нің заң факультетінде бізді оқытқан ұстазымыз, ғұлама ғалым һәм академик Сұлтан Сартаев болғанын орынды мақтаныш етеміз.
Тумысынан текті, қаны мен жаны таза, бір ауыз сөзге тоқтаған, дана һәм ержүрек ата-бабаларымыз сан ғасырлар жанкештілікпен күрес жүргізіп, армандаған ел тәуелсіздігін жариялаудағы алғашқы сәтті қадамымыз осы Қазақ КСР мемлекеттік егемендігін һәм қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздерін жариялау болды. Декларацияда тұңғыш рет Қазақстанның егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілумен бірге аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіндігі және халықтардың татулығы, Қазақстан халықтарының тілдерін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты егемен мемлекетке ғана тән құқықтық қағидалар алғаш рет бекітілді.
Нақты айтқанда, аталған Декларация респубикамыздың егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды деуімізге әбден болады. Декларацияда республиканың тең құқылы шарт негізінде егеменді республикалар одағына кіру құқығынан басқа алғаш рет Қазақ КСР-ның егеменділік құқығы жағдайы үшін принципті мемлекеттік-құқықтық ережелер: Одақтың шешуіне берген мәселелерді қоспағанда, ҚазКСР аумағында Республика Конституциясы мен заңдарының үстемдігі туралы, Одақтық Жоғарғы органдардың Қазақ КСР Конституциясы мен егеменділік құқықтарын бұзатын заңдары мен басқа да актілерінің өз аумағында күшін жою құқы, Қазақ КСР-ның егемендігінің негізін құрайтын өзіндік меншігі, жер және оның қойнауы, су, ауа кеңістігі, өсімдік және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, оның аумағындағы барлық ұлттық байлықтар және ғылыми-техникалық әлеует туралы, республиканың қосқан үлесіне сай жалпы Одақтық мүліктен өз үлесіне құқы, соның ішінде алмаз, валюта және алтын қорындағы үлесіне, өзіндік қаржы-кредит жүйесін құру, өз ішкі әскерлерін, мемлекет қауіпсіздігі және ішкі істер органдарын ұстау, республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасау, халықаралық қатынастардың субьектісі болу, өз мүдесіне сай сыртқы саясатын анықтау туралы да басты конституциялық қағидалар нақты бекітілген.
Сонымен бірге, Декларация алғаш рет билікті бөлу принципін жария етті. Яғни, Декларацияның 7-ші бөлімінде атап көрсетілгендей, республикада мемлекеттік өкімет билігі оны заң шығару, атқару және сот билігіне бөлу принципі бойынша жүзеге асырылатыны нақтыланды. Сонымен, Декларацияға сай, заң шығару билігі Жоғарғы Кеңеске берілді, Президент республика басшысы болып ең жоғары әкімшілік-атқарушы билікті иеленді, ал сот билігі Жоғарғы Сотқа берілді, мемлекеттік әлеуметтік негізін анықтауға таптық тұрғыдан қараудан бас тартты, республика аумағында ядролық қаруды сынауды жүргізуге, қырып-жою қаруларының барлық түрі үшін сынақ полигондарының құрылысы мен қызметіне тиым салды. Декларацияның 16-шы бөлігінде атап көрсетілгендей, Қазақ КСР мемлекеттік егемендігінің символдары – елтаңба, ту, әнұран – қасиетті болып табылатыны және оларды қорлаудың қандайы болса да заңмен жазаланатыны қарастырылған. Кейін аталған мемлекеттік нышандар туралы қағида Конституиямыз бен өзге де заңдарымызға енді.
Яғни, тәуелсіз қазақ мемлекетінің республикадағы демократиялық, құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени қайта жаңарулары туралы негізі идеяларды толық қамтыған Декларациядан Республиканың жаңа Конституциясын жасау басталған деуге толық негіз бар.
Қорыта айтқанда, қазақ мемлекетінің егемендігі және территориясының тұтастығы, саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан айқындалды. Бұл қазақ халқы жаралғалы бергі оның тарихындағы аса маңызды тарихи оқиға һәм өте маңызды шешім болды. Тәуелсіз мемлекет ретінде өмірге келуіміз де түсінген адамға осы күннен басталатыны айдан анық. Сол себепті осы күнді мемлекеттік мереке ретінде бекіту мемлекеттілік тұрғысынан алғанда кезіндегі өте дұрыс қадам болды деуге болады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995 жылғы 18 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мерекелер туралы» Жарлығымен 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мереке болып жарияланды. Бірақ, халыққа белгісіз себептермен 2009 жылғы 22 сәуірдегі аталған Заңға бұл күнді алып тастау туралы өзгертулер енгізілді. Ел егемендігіне жол ашқан, Конституциямызға құқықтық негіз болған тарихи күнді тағылымды тарихымыз һәм санамыздан сызып тастау ұлттық, мемлекеттік идеология саласында жіберген үлкен қателігіміз болды деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы маусымда Ұлттық Құрылтайда аталған мерекені қалпына келтіру туралы ұсынысымен ел егемендігіне алғашқы рет негіз қалаған тарихи күнді қайтадан мемлекеттік мереке ретінде қалпына келтірілгенін тарихи әділеттілік деуге әбден болады. 13 жылдан кейін, яғни 2022 жылдың 29 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Республика күні» мерекесіне Ұлттық мемлекеттік мереке мәртебесін қайтарды. Мен тәуелсіз қазақ мемлекетінің саналы һәм ұлтжанды азаматы ретінде 25 қазан «Республика күні» мемлекеттік мерекесін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні» мемлекеттік мерекесі ретінде белгілеу керек деп есептеймін. Ал, қаралы 16-17 желтоқсанды ұлы дала төсінде қазақ жаралғалы бері сан ғасырлар бойы тәуелсіздік үшін күресіп, жандарын қиған барлық ұлт күрескерлеріміздің қасиетті һәм биік рухына тағзым ету, еске алу күні деп белгілеу керек деп ойлаймын. Яғни, бұл күні қазақ тарихында тәуелсіздік үшін құрбан болған барлық ұлтжанды азаматтарымызды еске алып, құран бағыштау дұрыс болар еді. Себебі, алаң мен тергеу орындарында жастарымыздың қаны судай аққан қасіретті, қаралы да жаралы күндерді тәуелсіздік мерекесі ретінде тойлау исі қазақтың тумысынан жаратылысына, имандылығына, адамгершілігіне, ұлттық түсінік пен сана-сезіміне жат әрекет деуге болады.
Себебі, 1986 жылдың қаһарлы һәм ызғарлы желтоқсанында қазақ мемлекетінің болашағы үшін жаны қиылған боздақтарымыздың қаны төгіліп, тірілерінің ұлттық ар-намыстары жалдамалы жендеттер тарапынан өрескел түрде тапталып, адам төзгісіз азапталған күндерді тәуелсіздік күні мемлекеттік мерекесі ретінде тойлап, атап өту әруақтарды, рухы мықты, текті қазағымызды қорлау һәм тарихқа қасақана жасалған қиянат деп есептеймін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанға мемлекеттік мереке мәртебесін қайтарғанындай осы күнге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні» мемлекеттік мерекесі мәртебесін берсе нұр үстіне нұр болып, тарихи әділеттілік қалпына келер еді. Себебі, тәуелсіздіктің 30 жылында кеткен орасан зор кемшіліктер түзетіліп, қоғамда біртіндеп әлеуметтік әділеттілік орнап келеді. «Батпандап кірген дерт мысқалдап шығады» деген. Барлық салада кеткен кері кетушілікті жою үшін үшін уақыт пен күш-жігер қажет. Мемлекет басшысы Жолдауында айтқандай, кемшіліктерді түзете отырып, тәуелсіз қазақ елін әлемнің өркениетті елдерінің қатарына қосу үшін алдымен елімізде қоғамдық сана мен азаматтарымыздың ниетін өзгертуіміз керек.
Яғни, бұл күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1990 жылғы 25 қазандағы №307-XII-Қаулысымен қабылданған, ұлттық тәуелсіздігімізге жол ашқан һәм Конституциямызға құқықтық негіз болған Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация да кеңінен насихатталар еді. Менің бұл ұсынысымды мемлекет басшысы да, зиялы һәм ұлтжанды азаматтарымыздың да бірауыздан қолдайды деп сенемін. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп адамзаттың данышпаны, ұлы Абай атамыз айтқандай қазіргідей аласапыран, алмағайып заманда сүйікті Қазақстанымызды ұлттық мемлекет ретінде сақтап қалу үшін елімізді мекендеген барлық өзге ұлт диаспорасы өкілдерінің ынтымақ-бірлігі, татулығы, сыйластығы, білімділігі һәм еңбекқорлығы ауадай қажет.
P.S. Ел тәуелсіздігіне жол ашқан, Конституциямыз мен заңдарымызға негіз болған 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекесі күні қасиетті қазақ елінің ұлттық рухы көтеріліп, әлемдегі мәртебесі асқақтайды. Меншік түріне қарамастан барлық мекемелерде салтанатты іс-шаралар өтеді. Ұлттық ұлық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
заңгер-журналист