Көргенді қариялардың көкірек көзіңді ашатын, аңсарыңды баяғыда деген сөзге аударып, көнелер пайдаланатын тартымды тілмен баяндайтын тұщымды әңгімелері оқта-текте ойыма түседі. Әскерден кейінгі лепірме қуат-күшіміз басылмай, өкшесі кертілген, биік керзі етікпен жер тесіп ыстық-суығымыз тасып өзімізді қоярға жер таппай жүрген кезімізде бір-екі жігіт аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Талдықорған қаласындағы екпінді құрылыс деп жарияланып салынып жатқан аккумулятор зауытына жол тарттық. Ол кездердегі екі араға жүретін автобустардың тарту күші де онша анау дейтіндей мақтауға тұрарлық емес еді. Тектұрмасқа ілінер ілінбестен өрге көтерілерде өгізше ыңырана бастады. Жолаушының бәрінің ондайға еті өліп кеткен, бәрін сабырмен қабылдайды. Кемедегінің жаны бір демекші, таныстары жайбарақат көршілерімен әңгімелесіп, бірі басын шұлғып қалғып, енді бірі анда-санда қор етіп ұйықтап кетеді. Терезе жағымдағы кең иықты, еңсесі биіктеу жетпісті орталауға аяқ басқан қария жан-жағына қарап қойып көлігіміз басып өткен жерлердің атын атап, түсін-түстеп қойып келеді. Есейген заманы неміс фашистерінің кеңес өкіметіне қарсы соғыс бастауына тұспа-тұс келіп, біраз жылын өзінің қыңырлау сөйлеуіне қарағанда «адам өлтіруге» беріп келіпті. Тыныштық заманды көретін кезі бар екен, бірнеше рет жараланып, жазылып дәм тартып елге аман сау келіпті. Қоңырөлеңнің төскейіне көтерілгеннен бастапқара жолмен қатарласа созылып жатқан Аламан таудың бөктерінен, Алтынемелдің кезіңіне дейінгі жерлердің көне атауын түгел айтып отырды. Самалды тау сағасындағы қатпарланған қырқалардыңсаласындағы Найзатапқан арасанының шығу тарихымен және жанына ауырған жанына ем іздеп барған адамдарға батпағының мыңда бір шипалылығы жайлы да сөз қылды. Ершікті асудан аса бере ылдыйлағанымыздажан-жағын бағдарлап отырған қария тағы бір қызықты әңгімені бастап кетті. «Баяғыда мына созылып жатқан жолбарыс жонды алып таудың шөбі шүйгінді, малға жұғымды көкорай белді алқабын мыңғырған малын салып атақты Тезек төре жайлапты.Дәуірлеп тұрған, төрт атырапқа өктемдігі жүретін мейманасы асқан төренің ауылына кез-келген жолаушы батып кіре алмайды екен. Дауыс жетер жерден атынан түсіп, жаяулап әлекедей жаланған нөкерлерге жолығуға келген жөнін айтып, рұқсат етілсе ғана батылдары барып құс бөстектежатқан төренің ақбоз үйге кіре алатын болыпты. Бірде атағы алысқа кеткен, сөйлер сөздің шебері, қызыл көмей, дауылпаз ақын Шапырашты Сүйінбай жолығуға келген екен. Қашанда Тезек төремен дидарласып, кейде екеуі сөзбен қағысып жүрсе де, Сүйінбайдың осы жолғы келісіне қитыққан төре; «Бүгін төреміздің басы ауырып жатыр, сізді қабылдай алмас», деп айтыңдар депті. Үйге жақындап қалғанда, мұны естіген Сүйінбай дауыстаңқырап; «Ойпырмай, түйе малымен, төре баласының басы қисайса оңайлықпен оңалмайды деуші еді, арты жақсы болсын»,- деп кері қайтпақ болады. Сүйінбай сияқты әрнәрсені тұспалдап сөйлеп, ойымен сөздің түбін суыратын ақынның айтқанын естіп қалған Тезек төре жатқан орнынан басын жұлып алып; «Ай, айтқаны семсердей тіліп түсер, Сүйінбайым сенен сөз артылған ба? Шақырыңдар сұңғыламды!», деген екен. Арамызды аспандаған тау ғана бөлетін қабырғалас жатқан құдандалы Жалайыр руының Мырза атасынан тарайтын атақты Артық бидің асынан қайтып келе жатқанда тұйықсызданосы оқиға ойыма түсті. Сол шақтардағы ескідегі әңгіменің сорабын бұзбай майын тамыза айтып, шешендігімен есімізді елітіп отырған қарияның жасына бізде жетіппіз. Себепсіз салдар жоқ.Өткен күннен қалған белгі жоқ деуші еді, әй қайдам ол айтылған ұлағат дәл мына арада менің ішкі қабырғалы ойыммен қабыспай тұр. Бұдан 54 жыл бұрын көпті көрген қариямен жолшыбай дидарласып, салиқалы әңгімесін тыңдағыным жадымда жаңғырып жаңа бір аңыздың сілеміне жетеледі.
Найзатапқан атауымен астарлас біраз аңыздар, бізге ғасырлар қойнауында жатқан елмен-жұрттың басынан кешкен тылсымға толы оқиғалардан хабар береді. Қашанда болмасын көшпелі қазақүшін «жау» деген бірауыз үрейлі дауыс қорғаушысыз қалған ел-жұрттың есін алары сөзсіз.Найзатапқан арасан суы шығып жатқан сай ішінен екі шақырымдай өрлей берсеңіз тау етегіне қарай созылған қырлардың біріндегі алаңқайдағы бір қарағандағы ерекшелеу біткен көптеген тас мүсіндерге көзіңіз түседі.Аңызға сенсеңіз осындағы тас мүсіндер, бейнелер туралы шындыққа бергізсіз әңгімелер айтылады. Аңызды бізге жеткізушілердің айтуына қарағанда мұндағы бір ауылдың тас болып қалған дүниелерінің барлығы тек қана таң шапағы арайланып атқан мезгілде не болмаса, кешкі ымырт түспей күн сәулесі ыдырар алдында ғана бар болмысымен анық көрінеді екен. Шағын алаңқайдағы екі-үш шөккен түйенің және түйе жетектеген адамның тас болып қатып қалған мүсіні тұр. Сәл әріректе ұмсынып кеудесіне баласын қыса ұстап емізіп отырған әйел, қасына жеті қазынаның бірі саналатын тазысын алып, келер жауға мылтығын кезеніп ұзынынан етбеттеп жатқан мергеннің (кей адамдарға бала болып көрінеді) қатып жатқан бейнесі. Кеш түсер алдында сәп салып байқасаңыз тас жайнамазын алдына жайып құран оқуға көшкен сақалды қария,жалпақ тас үстінде шашылып жатқан тасбиғ.Өріске тізіле шұбаған тас қойлар, ары таман жатқан ертоқым көрінеді. Құдіреттің күштілігіне еріксіз бас иесіз. Былайғы жердегі екі тас мүсін, әйелдердің кеудесіндегі қос анарын көзіңізге әкеледі, екі анардың үрпінен ағып тұрған судан ішсеңізтәттілігі тіл үйіреді.Арғы жағындағы тастан мүсінделген сәбидің бесігі, жаратылыстың осы көрінісі бәрі бір топтамаға енгізіліп белгілі бір ойды аңғартып тұрғандай әсер береді.Қазақ ұғымында киелі саналатын шаңырақтың тас бейнелері жекелей кездеседі. Сол сияқты тастан салынған қазақтың үшбұрышты болып байқалатын киіз үйі, оның ішіндегі жасаулы жиналған жүк, тастан жасалған шырағдан есік алдында тапаға нан пісіріп отырған кемпірдің тас мүсіндері бастапқы ойымызды ауыл болған дегенге жетелейді. Бізге жеткізушілер аңыз көтеріп тұрған оқиғаны былай сабақтайды.
Жаугершілік заманда ел қорғаушылар, ауылдың ер азаматтары алысқа жорыққа кеткенде, тұтқиылдан жортуылдаған жау жақындап қалды деген хабар шығады. Тау сағалап отырған ауылда қалған қарусыз кәрі-құртаңдармен әйелдер, бала-шағалар бас сауғалап жазықтағы қоныстарын тастай көшіп, сайды өрлеп барып сол араны паналайды. Алыстан шыққан қатыгез жаудың жолындағының бәрін жас демей кәрі демей қырғынға ұшыратып, жауыздықты шегіне жеткізіп келе жатқанынан қатты сескенген ауыл біткен құдайдан тілеу тілепті. «О,құдайым! Бізді пендем деп жаратсаң жат жерлік жауыздардың табасына қалдырма. Балалары әкелерінің қанға батып өлгеніне, ата-анасы балаларының шырылдатып жанын алып жатқан азабына қалай шыдайды. Әйелдермен қыздарымызды жау қорлығына тастай көрме. Мейірімің түссе тас қыла гөр, тірімізде қорланғанша жауға мойынсұнбай тастай болалық деп», жалбарынған екен. Жаратқан жеті қат көкке жеткен елдің зарлы тілегін қабыл етіпті де, әлгі ауыл барымен; мал-жаны, қолдарындағы дүние мүлкі тұтастай тасқа айналған екен дейді. Аңыз түбіне бойласақ менімше, жау қолына түсіп, езгісіне тапталмас үшін жасалған намысты елдің, қайсар жұрттың үлкен қарсылығы деп санауға болады. Немесе, бұлда бір жаратылыстың, табиғаттың адамның миы жетіп шеше алмас тылсым құпияларының бірі.
Сонау 2000 жылдары жолым түсіп Ынталыға бір барғанымда ауыл азаматтарының аузынан сол өңірдегі тау арасындағы жартастан қыз бен жігіт құлаған деген әңгімені естігенім бар еді. Олар жартастан құлап қайтыс болған тас қорымның арасында олардың киесі, қорғаушысы іспеттес ақ қасқыр жортып жүреді, оның ұлыған дауысы тау ішінен жаңғырып ұзаққа естіліп тұрады деп аңыздайтын. Біреулері екеуінің қосылуына ағайын жұрт рұқсат етпегесін жартастан құлап мерт болыпты деседі. Бірақ бұл ғашықтық уақиға қазақ арасындағы туыстық байланысы бар,жеті атаға толмай қыз алыспайды деген жорамалға жүріңкіремейді. Не де болса бұл оқиғаның қызбен жігіттің тастан құлап өлу себебі, манағы ауылға бүйідей тиген, бірақ тас мүсіннен басқа ешнәрсе кездестірмеген жау әскеріне байланысты болуы мүмкін. Тау басында қыдырыстап жүріп ел тілегінің ішінде болмай қалып, ауыл орнындағы тас мүсіндерді көріп, жау қолына түсіп мазаққа айналғанша тәуекелге бел байлап тау аса қашып өзгелерден жанымыз артық емес деп намыстанып, құрбандыққа баруы ғажап емес. Шындық осыған саятын сияқты. Жақсы ниетіменбар ықыласы еліне ауған жандардыңжүрегі намысымен үнемі астасып жатады. Ақ тілекті, пәк көңілді қыздың бейнесін жылғалап ағып келіп сол арадағы қазылған шұңқырға толып, мөлдіреп тұнған кезіндегі судың бетінен көрген жандар елге сөз қылып өткен. Шекесіне жарқыраған жұлдыз қонған сұлу қыз тек күн сәулесі шығарда ғана бар кескін келбетімен көрінеді екен. Бұл да бір тылсым дүние. Жылдар өтіп, қоғам өзгеріп, ондағы өмір сүретін адамзат ауысып ой-өресі жаңғырып, көп дүниеге басқаша көз жіберіп жатсақта аңыздардың өзгермейтіндігінің өзі бір ғажап дүние емес пе.
Молот СОЛТАНАЕВ