Осыдан екі-үш жыл бұрынғы уақыт. Аудандық Мәдениет үйі. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиналысы. Сол кездегі қалыптасқан эпидахуалға қарай қатысушылардың қарасы аз. Залда отырғандардың өзі әлеуметтік арақашықтықты сақтап орналасқан. Бейне шаршы тақтадағы шахмат тастары тәрізді. Бас-аяғы бір сағаттан астам уақытқа созылған бұл басқосуда біраз адам кезек-кезегімен сөйлеп үлгерді. Бәрінікі дерлік баяғы сарын. Көтеріңкі көрсеткіштер, цифрлар селі, даурықпа дәріптеу, асыра мақтау, асқақ мадақтау… Кенет: «Ендігі сөз байырғы диқан, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжановаға беріледі» деген кезде бағанадан бері дыбырласып отырған жұрт сілтідей тынып, жым-жырт бола қалды.
– Құрметті әріптестер! Қадірлі диқан қауымы! – деп бастады ол кісі өз сөзін. – Өздерің жақсы білесіңдер, мен жазиралы Жаркенттің қарапайым диқанымын. Кетпен шауып, жер суғарып жүріп, адал еңбектің арқасында көп абыройға ие болдым. Қазір құрметті демалыстамын. Алайда, қашан да құлағымыз түрік, санамыз сергек. Еліміздегі болып жатқан өзгерістер мен өркенді істерден еш тысқары қалып көрген емеспін. Теледидардан, газеттерден ұдайы қадағалап қарап отырамын. Жақсылығына сүйініп, қиыншылыққа бірге күйініп жүремін. Біздің халық талай-талай «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, елдігін сақтап қалған. Қазір де мынау аты жаман індетке қарсы күресіп, біртіндеп болса да қиындықты еңсеріп келеді. Ел іргесі бүтін. Төрт түлігіміз бен диқаншылық өніміміз көбейе түсуде. Бұған да шүкір. Айналайын, азаматтар, ел ағалары! Осы игі істердің басында тұрған өздерің екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан мен бүкіл Жетісу жеріндегі, оның ішінде жазиралы Жаркент өңіріндегі ақ ниетті аналар атынан шексіз ризалығымды білдіремін. Құрметті халайық! Баршаңызға жақсылық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Күләш апай сөзін осылайша тез қайырды. Қысқа да нұсқа. Еш әкім-қараның атын атап, түсін де түстеген жоқ. Алайда, әдеттегі құлаққа жағымды қарапайым қоңыр даусымен дүйім елді бірден баурап алды. Апайдың ерен еңбегіне құлағы қанық халық «айналайындаған» адал лебізіне имандай ұйыды.
Есімі елге әйгілі сазгер Еркеғали Рахмадиевтің «Жетісудың қыздары-ай» атты әні – қазақ музыкасы інжу-маржандарының бірі екені баршаға аян. Жезтаңдай әнші Нұрғали Нүсіпжанов әуелете шырқайтын сол әуеннің әні мен сәні келіскен қайырмасында:
…Сарадай жыры бар,
Зылиха, Күләштай,
Мәрия, Жұмаштай,
Жетісудың қыздары-ай! – деп асқақтата айтылғанын да талай рет тамсана тыңдағанбыз.
Мұндай ән-жырға арқау болу – жүзден, тіпті мыңнан бірдің пешенесіне бұйыра бермейтін бақыт! Елдің елеулісіне, халықтың қалаулысына ғана көрсетілетін зор құрмет! Жалпы, біз ежелден-ақ қызын қызғалдақтай құлпыртып өсіріп, анасын алақанына салып ардақтаған елміз. Осыған орай, арғы-бергі тарихымыздан ойып тұрып орын алған талай-талай аяулы аналарымыз өтті өмірден. «Алып та анадан туады» демекші, олар ұлтымыздың небір ұлықты ұл-қыздарын халықтық қалпымызға сай тәрбиелеп өсірді. Ел басына күн туғанда өздері де қолдарына қару алып, ер-азаматтармен қатар қас дұшпанға қасқая қарсы шапты.
Біздің Күләш тәтеміз – сол жұлдызды шоғырдың жарқын жалғасы, алтынның сынығы, жібектің қиығы. Соғыс даласының емес, еңбек майданының қаһарманы. Қаруы – кетпені. Алға бастары – ақылы. Тірегі – еңбегі. Серігі – көркем мінезі. «Мінез» дегеннен шығады, тәтеміздің теңдессіз қарапайымдылығы тәнті етпеген жан жоқ шығар-ау, сірә да! Мінеки, омырауында Еңбек Ері атағының Алтын жұлдызы жарқырағалы – қырық бір жыл! «Алтынның буы» деген болады. Ол буын-буынына түскенде буырқанбайтын пенде болмайды» деуші еді. Алайда, сол «алтыныңыз» астар болуға ғана жараған ғой деймін… Апайымыздың асыл адамгершілік қасиетіне! Тәтеміздің темірдей төзім тегеурініне! Әйтпесе, әпкеміз кеңестік кезеңде де, егемен ел атанғалы да қаншама құрмет-қошаметке бөленді?! Ауыл шаруашылығындағы қат-қабат ауыр жұмыстарға қаншалықты төзе білсе, соның бәріне, оның ішінде, мақтау-марапатқа да соншалықты сабырын сақтай қарады. Қорғасындай салмақты қарапайымдылығынан қалт кеткен жоқ. Аузынан «айналайыны» түспей, «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетудің үлгісіне айналды.
Осы арада айтпай кетуге болмайтын бір жайт: қазақта «Қызыр шалған» деген ұғым бар. Күләш апамыз халқымыздың қалаулы ұлы, заманымыздың заңғар перзенті Дінмұхамет Ахметұлы Қонаевтың тікелей өзімен бірнеше рет бетпе-бет кездесіп, емен-жарқын тілдескен. Сол шуақты дидарласуларда Димаш ата еңбекпен етене өсіп, өмірдің өзі шыңдаған ұлы дала қызының маңдайынан сүйіп, ақсақалдық ақ батасын берген.
Расын айту керек, мемлекет басшысы мекенімізге күн сайын, ай сайын аралап келе беретін құдайы қонақ емес қой. Аса мәртебелі Мемлекет басшысының ел ішіне әр сапары – тарихи оқиға. Осы тұрғыдан таразылағанда Күләш тәтеміздің Тұңғыш Президентіміз 2005 жылғы тамызда жазиралы Жаркент жеріне келгенде осы аймақтағы ел-жұрттың атынан аяғының астына ақ киіз төсеп, хан көтергені де қандай жарасымды, қандай салтанатты сәт болды!
Мен бұл жазбада әпкеміздің өмірбаяны мен еңбек жолы жайлы әспеттеп жазудан әдейі айналып өтіп отырмын. Ол туралы бүкіл ел-жұрт жақсы біледі. Сондықтан біз апайымызды тек мақтап қана қоймай, әрдайым мақтаныш етуге тиіспіз.
Негізі, «Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген сөз бар. Бұл сипаттама адамның болмыс-бітіміне, өмір сүру салтына байланысты айтылса керек. Тәтеміздің өмірлік серігі Болат та қазақтың бір ақжарқын азаматы болатын. Осы жан жарының бабын таба білген ол жанұясының да жарасымын қалыптастырды. Жасынан жер еміп, кетпен арқалап та, қой қырқып, трактор жүргізіп те жанкешті еңбек етті. Сөйте жүріп, өз өнегесімен жас ұрпақты еңбекті сүюге, адалдыққа, Отансүйгіштікке тәрбиеледі. Сонымен қатар нағыз қазақ әйелдеріне тән сән-салтанаты мен келісті кескін-келбетін де сақтай білді. Сәп салып қарасақ, оның күнге тотыққан бидай өңі мен нұрға толы қой көздерінен үнемі аналық мейірім шуағы төгіледі. Құлаққа жағымды қоңыр үні мен байыпты да байсалды қимыл-қозғалысынан ұдайы тектіліктің табы танылып тұрады. Бұл да болса әпкеміздің тәлейіне Жаратқанның бұйырған несібі, тағдырдың сыйы болар.
НұрӘДІЛ