«Қуантсаң, баланы қуант, шын көңілмен шаттанады» деген сөз бар емес пе еді, ел ішінде. Жаркенттік іскер әйелдер қауымдастығы осыған қоса: «Адам қартайғанда – бір бала» деген сөзді де қаперге ұстаса керек, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құрметіне өткен сенбі күні ерекше шара ұйымдастырды. Аудан бойынша жастары 75-тен 104-ке дейінгі 100 қарт ананы Жаркент қаласындағы сәулетті сарайлардың бірі – «Тянь Шань» мейрамханасына шақырып, мейрамдарымен арнайы құттықтады.
Сән-салтанаты келіскен кең сарайдағы көл-көсір мерекелік берекелі дастархан басында аудан әкімінің орынбасары Қанат Нұркешұлы Досмаилов құттықтау сөз сөйлеп, ардақты аналарға гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтар тапсырды. Сондай-ақ, Жетісу облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Руфина Қасымқызы Усанова мен Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менторы Светлана Оңғарбаева құттықтау сөз сөйледі. Ал Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова жиналған аналар атынан салтанатты ұйымдастырушыларға шексіз алғыс сезімін білдірді. Кездесу барысын өнерпаздар әсем әндерімен әрлеп, отырыс әсерлілігін арттыра түсті.