Бүгінгі таңда жастар, балалар мен жасөспірімдер арасындағы теріс діни ағымдардан сақтану, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру, зиянды әдеттерден арылу, құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу жұмыстарын жандандырудан асқан жауапты міндет жоқ. Осы бағыттағы істі ілгерілету үшін Панфилов ауданы бойынша «Азаматтық бірегейлікті нығайту» жоспары жасалған болатын. Осыған сәйкес ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, олардың биылғы 7 ақпан мен 27 наурыз аралығында аудандағы орта мектептер мен колледждерде кездесулер өткізуі басталып та кеткен.
Жақында осы жоспар аясында Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Сарытөбе ауылындағы Сарытөбе орта мектебінің жоғары сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі, ұстаздары мен ата-аналардың қатысуымен кездесу болып өтті. Кездесуде «Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие», «Отбасылық құндылықтарды нығайту», «Этносаралық татулық пен бірлік», «Ұлтаралық қатынастар, құқық бұзушылық бағыттарындағы заңдылықтарды түсіндіру», «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру», «Жат ағым жарға жығады», «Колледждер мен мектептерде құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру», «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі және мектеппен байланысы», «Спирттік ішімдік, есірткі, темекі,электронды темекі т.б. зиянды заттардың зардабы» атты тақырыптарда әңгімелер өткізілді. Тақырыптарға сай бейнероликтер көрсетілді. Жиналысқа қатысушылар ақпараттық түсіндіру топтарының мүшелеріне өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша әр алуан сұрақтар қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.
Алмагүл ҚАСЕНОВА