Бүгінгі отандық өндіріс орындары маман жұмысшыға зәру. Әсіресе ауыл шаруашылығында кәсіби біліктілігі жоғары, механизаторлар мен әмбебап темір жонушылар, газбен, электр қуатымен дәнекерлеушілер, машина-трактор жөндеуші, құрылыс шебері, тігінші, аспаз сияқты мамандықтарды жетік меңгергендер таптырмайды. Бұған мал шаруашылығы саласындағы орта буын мамандарды да қосуға болады. Мәселенің мәнін зерделесек нарық жағдайында қайта дамып, өркенді жолға түскен ел экономикасындағы үрдісті өсу бұрынғы жаппай жұмыссыздықты азайтып, енді заман талабына сай іскерлігі мол жақсы мамандар табудан тарығатын сыңайлы.
Еліміздің Білім туралы заңында «Кәсіптік мектептердің басты міндеттерінің бірі – еңбек рыногында бәсекеге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлау және олардың біліктілігін арттыру», – деп атап көрсетілген екен. Заң талабына сәйкес қызмет атқарып келе жатқан біздің облысымызда жиырмадан астам кәсіптік орта оқу орындарында жыл сайын сан салалы мамандықтар бойынша жүздеген шәкірт қолдарына орта арнаулы оқу орынын тамамдады деген диплом алып шығады.
Осындай өндіріске өрелі мамандар дайындап жүрген байырғы білім ошақтарының бірі – Жаркент көпсалалы колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігін зертедік. Алдымен колледж басшыларымен сұхбаттасқан соң кәсіптік мектептер жайлы санадағы сан сауалға қанағаттанарлық жауап тапқандаймыз.
– Соңғы бірнеше жылдан бері біздің Жаркент көпсалалы колледжіне талапкерлерді арнайы құрылған комиссияның іріктеуімен оқуға қабылдаудамыз. Өйткені оқуға түсем, жұмысшы мамандығын меңгерем деушілер өңірде аз емес, – дейді Жаркент көп салалы колледжінің директоры Байұзақ Бажиев. – Заманның талабына қарай жұмысшы мамандығына деген қоғамдық көзқарас та өзгеруде. Негізгі бағытымыз ауыл шаруашылық өндірісіне мамандар дайындау болғандықтан, саладағы сұранысқа жете мән беріп, тіпті шаруа қожалықтармен, басқа да кәсіп орындарымен тығыз байланыстамыз. Бізден алған мамандық көптеген өңір жастарының күнкөріс көзіне айналды.
Сырт көзге бірден байқалып тұрған жақсылықтарды, жаңалықтарды баяндаған колледж директорының орынбасарлары Ақжол Құрманғалиұлы мен Нұрлан Дәуітақынұлы өткен ғасырдың соңғы жылдарында өздерінің ешкімге керек болмай, қаңыраған оқу корпусы мен жатақхана, шеберханаларын күзетіп қалған мүшкіл халдерін де еске алды.
Жалпы бұл кәсіптік оқу орынының кезінде училище болып құрылу тарихы өткен ғасырдың орта шенінен бастау алады. Қазіргі ат шаптырым аумақты алып жатқан жаңа типті кешенді қалашығы 1978 жылы пайдалануға беріліпті. Қалашықта кәсіптік лицейдің 600 оқушыға арналған көп қабатты оқу корпусы, 150 орынды асханасы, спорт залы, 410 орынды жатақханасы, ашық алаңдағы стадионы, өндірістік тәжірибе өткізетін шеберханалары, ауыл шаруашылық техникалары қойылатын арнайы тұрағы бар.
Мекеме мүлкін талан-таражға бермей, тоздырмай сақтап қалу үшін 1997-2001 жылдар аралығында ұжым шаруашылық есеппен тіршілік етті. Осы жылдарда оқу орынын сақтап қалуға бойындағы бар күш-жігерін жұмсап, мамандығына қайсарлықпен адалдығын танытқан Ораз Исаев, Алтынай Бекболаева, Құралай Карбузова, Бақыт Батырбеков, Ерғанат Сұлтанбеков, Сатыбалды Мұқанов сияқты ұстаздар қауымын бүгінгі жас толқын ұжымдастары табандылығы үшін ерекше қадірлеп еске алып отырады.
Соңғы жылдары Үкімет кәсіптік білім ошақтарына көңіл бөліп, бұл оқу орынының да жағдайы жыл санап жақсарып келеді екен. Пайдалануға берілген мерзімнен бері күрделі жөндеуден өткізілмеген оқу корпусы мен жатақханасының жылу жүйелері 2002 жылы толық ауыстырылып, сұйық отынмен қыздыратын қазандықтар қойылды. 2008 жылы оқу корпусына толық, 2009 жылы жатақханаға жартылай ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2010 жылы материалдық жағдайын жақсарта түсуге 15 миллион теңге бөлінді. 2014 жылы тағы 25 миллион теңгеге «Беларус» тракторын, эксковатор, «Газ-53» жүк көлігін, шөп шабатын трактор, 10 компьютер берілген.
Қазір мекеме меншігінде оқу-өндірістік тәжірибеге пайдаланылатын екі «Беларус» тракторы, екі «Газ-53» жүк көлігі, бір эксковатор, екі шөп тайлағыш, екі сеялка, екі картоп тұқымын себетін және қазып алатын, тағы басқа да ауыл шаруашылық техникалары бар. Бұлар аудандағы науқандық жұмыстарға қатысып, шәкірттерінің өндірісте тікелей тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндіктер беріп келеді. Өндіріс шеберлері астық жинайтын комбайнға қол жеткізуді армандайды. Сонымен қатар пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуық уақыт болса да күрделі жөндеу көрмеген оқу ғимараты мен жатақхана, 150 орынды колледждің өндірістік шеберханасы да тыңғылықты жөндеуді қажет етеді.
Бұл оқу орынында қазіргі таңда 449 студент білім алады. Олардың орталау мектепті тамамдап келгендері үш жылда Ауыл шаруашылығын механикаландыру, Тігін өндірісі және үлгілеу, Тамақтандыруды ұйымдастыру, Дәнекерлеу ісі, Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, Электр жабдықтары, Есептеу техникасы және ақпараттық желілер, Шаштараз өнері, жалпы 8 түрлі мамандық, 11 біліктілік бойынша білім алады. Сонымен қатар оларға орта мектептің жоғарғы сыныбында оқытылатын пәндерден сабақ беріліп, оқу орынын тамамдағанда орта білім алып шығады. Бұлардан басқа орта мектепті аяқтап келіп, ауыл шаруашылық өндірісіне қажет мамандықтар алуға талаптанғандар да бар. Олардың басым бөлігі аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы оқытылады. Бұлар таңдаған мамандықтары бойынша қысқа мерзімде білім мен тәжірибе жинақтап, кең көлемді механизатор, шаштараз, тігін шебері мамандықтарын меңгереді. Олардың басым бөлігі әзірге ауыл шаруашылық өндірісінде тұрақты жұмыс істейтін механизаторлар мен жүргізушілерге қолы жетпей жүрген жеке шаруа қожалықтарының тапсырысымен келгендер. 2023-2024 оқу жылында 163 негізгі орта білім, ал 50 білім алушы жалпы орта білім базасында оқуға қабылданып, қазір колледжде жалпы 449 жас оқытылуда.
Қазіргі оқу бітіріп, өндіріске барған қандай да маманға қойылар басты талап – өз ісін бірден біліктілікпен атқару. Яғни, жас маман білімін өзі оқыған орыннан тыңғылықты тәжірибемен шыңдап шығуы шарт. Оқушыларының алған білімін өндірістік тәжірибемен ұштастыруға көпсалалы кәсіптік колледжде мүмкіндіктер мол. Колледждің 2-3 курсында оқитын оқушыларға тікелей өндіріс орындарында тәжірибеден өтуге жағдайлар жасалған. Бұл іс «Дуалды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы №50 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» министрдің 2022 жылғы 27 тамыздағы бұйрығына сәйкес колледжде «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Дәнекерлеу ісі» және «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша жүзеге асырылады. Яғни білім ошағында студенттердің өндірістік оқыту сабақтары, оқу практикасы, өндірістік-технологиялық және диплом алды тәжірибесі арнаулы бағдарламаға сәйкес қарастырылған. Өндірістік оқыту мен тәжірибелік сағат саны жалпы жылдық сағат санының 60 пайызын құрайды.
Дуалды білім беру жүйесінің маңызды элементерінің бірі – болашақ мамандардың алған тәжірибелік дағдылары мен кәсіби біліктіліктерін өндіріс орындарында қолданатын әртүрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысуы және ең бастысы оларды жұмыспен қамту болып табылады. Қазіргі таңда дуалды оқыту бойынша колледжбен әлеуметтік серіктестіктер арасында үш жақты келісім-шарт жасалған. Олардың қатарында «Жаркент-Арасан» шипажайы, Жаркент крахмал-сірне зауыты, «ТАТЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Жалпы дуалды оқыту жүйесі бойынша 253 білім алушы қамтылған.
Тиянақты білім алып, тыңғылықты тәжірибеден өткен жастар әртүрлі жарыстарда жеңімпаз атанып, кәсіптік колледж абыройын асқақтатып жүр. Өткен жылы 132 білім алушыға диплом тапсырылған. Биылғы оқу жылында колледжден 148 жас орта арнаулы кәсіби мамандық алып шықпақшы. Өткен оқу жылында әскер қатарына шақырылғандар мен жүктілігіне байланысты демалысқа шыққандарды қоспағанда колледж тамамдаған жастардың 72 пайызы жұмысқа орналасқан.
– Уақыт талабы ұшқыр, – дейді колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақжол Қожаханов. – Біз мүмкіндігіне қарай уақыт талабы мен жергілікті өндіріс орындарының сұранысына сай келетін жаңа мамандық түрлерін оқу жүйесіне енгізуді де ойластырып келеміз. Айталық жоғарғы орындарға сұраныс хат жазып, болашақта Газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін қарастыру және пайдалану, Жиһаз өндірісі, Жүк көтеретін машиналар мен транспортерді басқару шеберлері сияқты мамандар дайындауды да қолға алмақпыз.
Үстіміздегі жылы облыстық бюджеттен 98 миллион теңге бөлініп, колледж жатақханасы, шеберханасы және оқу ғимаратының жылыту жүйесі табиғи газға көшірілмекші. Ауыл шаруашылығы мамандығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 150 миллион теңге сұралып отыр.
Көпсалалы колледж студенттерінің әлеуметтік мәселелері де заңға сәйкес оңды шешімін тапқан. Оқу орынында әлеуметтік жағынан төмен топтағы білім алушыларға ерекше назар аударылады. Олардың ішінде жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі студентер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көп балалы отбасының түлектері ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулысы негізінде белгіленген көмектің барлық түрін пайдаланады. Атап айтқанда олар жатақханамен, ыстық тамақпен және киім-кешекпен бірінші кезекте қамтылып, әрқайсына ай сайын 32681 теңге шәкіртақы төленеді. Колледж студентерінің шәкіртақысы алдағы уақытта тағы 50 пайыз көбейеді деген жақсы хабар жетті.
Мекеменің мерейін арттырып жүрген білімді, білікті, тәжірибелі ұстаздар да аз емес. Колледжде жалпы 52 оқытушы, 22 оқу-өндіріс шебері жастарға білім береді. Айталық жас ұрпақ тәрбиесіне өмірін арнаған ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері ұжымның ұйытқысы іспетті. Олар өз мамандықтары бойынша шәкірттеріне тиянақты тәрбие, терең білім берумен қатар, білім ошағындағы қоғамдық-саяси істерге де белсене атсалысады. Осында қырық жылдан астам уақыттан бері еңбек ететін өндіріс шеберлері Тұрсын Қоңыратбаев, Рафхат Тұрғанов, жатақхана меңгерушісі Дәния Апекова саладағы бай тәжірибелері мен ұжымдағы беделін жастар тәрбиесіне жұмсап жүрген қадірлі жандар. Әдіскер Жанар Бакирова, химия пәнінің оқытушысы Зағира Омарбекова, тарихшы Ләззат Қабылбекова, аспаз мамандығы бойынша арнайы пән мұғалімі Ғалия Ернебаева, аға өндіріс шебері Амангелді Қалық, колледж директорының тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Саят Баратов, жас маман, информатика пәнінің оқытушысы Жанар Нұрмолда белсенді іс-қарекетімен ұжым мақтанышына айналған ұстаздар.
Жылдан-жылға кәсіптік колледжге оқуға келуші жастардың саны артып, білім сапасы жоғарылай түсуде. Осындай міндеттер мен мақсаттар жастарға кәсіптік білім беретін ұстаздарға салмақты жауапкершіліктер жүктейді. Өйткені бүгінгі кәсіптік мектепте білім алатын жастар – ертеңгі отандық өндірісті өрге өрістететін өрендер.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ