Бойын қорқыныш билеп жүретін. «Жаратқан ием осы қозымды аман қыла көр» деп төсекке бас қойғаннан жалбарынып, түні бойы алты аунағандай құдайға жалынып, күбірлеп шығатын. Сан мәрте көрер таңды көзбен атырды. Ондайда көзінің жасын көл қылып бұлап алатын. Алдыңғы туған бір-екі сәбиі шетіней бергесін, неден екенін, жүрегі шайлығып қалыпты. Босанар алдында үлкен абысыны жұртқа естіртпей, сыбырлаңқырап:
– Құдай жарылқасын, аман-есен босанасың, бұл бала сенікі емес, бұйырса менікі. Айтып қояйын, кейін менен сатып аласын. Мақұл ма? – деді.
Жарыққа шығар нәрестесінің амандығын тілеп жатқасын «иә» дегендей иегін изеп, келіскенін білдірді. Байсалды кейіпке түскен абысыны:
– Алдынғы босанғаныңда етегі қанамаған ана қатын келіп алып, көзінің сұғын қадап…, – деп бастады да, мұның қиналып жатқан жүзін көріп, сөзінің соңын жұта қойды.
Үй ішінде адуынды кемпірден жасқанған екі-үш қатын жайымен иек қағысып, ымдасып сөйлесіп, Жамалдың кезекті толғағын күтіп отыр. Таңға жуық есік алдынан бір-екі ер адамның сөйлескен дауысы құлаққа келді. Күбірлесіп, әлденені айтқан сөздері әзер естіледі.
Қатты келген толғақтан соң тұла бойы лықсып барып денесі босағандай болғанда, шыр ете түскен сәбиінің үні құлағына тиді. Қинала тілін әзер бұрап:
– Қарашығым-ау, аман болшы, – деп талықсып кетті.
Бір ұйықтап барып есін жиып, қолын сүт кернеп сыздаған кеудесіне апарды. Басын бұра алмай жатып көзін ашып, маңайын сипалап, бағанағы шарананы іздеді. Жүрегі тас төбесіне шықты. Бақырып жіберуге шамасы келмеді. Сөйткенше:
– Апайым оянды, – деген жұмсақ үн құлағына келді. Қасында тұрған әйел әлсіздіктен мұның шыпылдап тершіген маңдайына салқын орамалды басты. Түскеніне аз уақыт болған ағайындас туыстарының келіндерінің бірі екен, көздері күлім қағып, құлаққа жағымды үнмен:
– Ұлыңыз сондай сүйкімді, – деп иіліп бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Қылығына іші жылып кетті.
– Майын қалқып тастап жарты кеседей ыстық сорпа беріңдер, бойына жылу жүгірсін, байқұс кешеден бері қиналып қалды, – деді, бұның бір түн толғақтан ауырлап жатқанын есіне түсірген әжелерінің бірі.
Туа салысымен ырымдап, етегіне орап алып кеткен сәбиді абысыны ешкімнің көзіне түсірмей кешке қарай әкеліп бауырына салып еміздіртіп, тойғызып, алып кетіп жүрді. Балаға сенің уызың ауыр келер деп, баланы бұлардың жанына тастамай алып кетіп, өздерінің үйінде үш түнетіп, бақты. Тұмса әйел болмағасын ертесіне басын көтеріп, ілбіп үй ішінің шаруасына араласқансыды. «Жамал аман-есен босанса қалжаға соямын» деп борлап отырған үлкен қойды күйеуі жанындағы көрші тұратын досы екеулеп дем арасында терісін сыпырып, қазанға салатындай етіп жіліктеп тастады. Жамал десе жаны қалмайтын елгезек көршісі Қалымша бар, басқа қайын сіңлілері бәрі мәз-мейрам болып, құтты болсын айтып келген туған-туыс, көрші-қолаңға бір шәугім шай берді. Үшінші күні ел аяғы басылғанда сәбиін көрпеге орап құшағына қысып әкелген абысыны, шай ішіп отырып:
– Қайыркелді, Жамал, мен бала сатамын. Сендерге керек болса ертең ақысын өтеп баланы сатып алыңдар, – деді. Сөйлеген дауысы бөтен адамдарға айтып жатқандай тосын естілді. Көп үндемейтін Қайыркелді жеңгесіне:
– Иә, бізге бала керек. Жақсы, ертең таңертең барып, ақысын төлеп беріп, сатып аламыз, – деп шынайы көңілімен жауап қайырды.
Осымен жауаптасу аяқталып, тамақтарын ішіп болғасын ас қайырып, қайынағасы абысынын ертіп шығып кетті. Екеуі бала сатып алудағы жасалатын қарапайым жоралғыны түгендеп жатып, көздері жұмылып, ұйқыға кетті. Ертесіне ұйқыдан тұрып жатқан жұрт жұпынылау киінген, арқасында бір қап бидайы бар Қайыркелді мен бір құшақ отын арқалап кетіп бара жатқан көнетоздау көйлекті Жамалды көрді. Есік алдына ертерек шығып мал жөндеп, көзі шалғандар жолдарына жақсылық тілеп, іштерінен қайырлы болсынды айтып тұрды. Саудаласулары ұзаққа созылды. Ет пісірім уақыттан кейін жөн-жоралғыларын бітіріп кері қайтқанда, ежелгі ұстаныммен жол ұзартып, екі-үш көшеден айналып барып үйлеріне оралды. Құнын төлеп алған баланы бейне бір базардан зат сатып алғандай етіп, өбектемей, екі бас қоржынның бір басына салып, ырымдап, әлгі барған көшелерімен емес, басқа айналма жолмен немқұрайды көтеріп өтті. Бұл екеуіне жолай жолыққан тамыр-таныстары жылы амандасып өтіп жатқанымен, көпшілігі екеуінің не істеп жүргендеріне көп мән бермеді.
Үйге кірген бойда қоржынның бір басына салып алған баласын шығарып, ерлі-зайыпты екеуі бас салып кезек пе кезек қолдарына алып, құшақтарына басты. Бірақ сүймеді. Оған жүректері дауаламады. Қолтоқпақтай ғана қып ораған сырт көрпені жазып, жөргегін ауыстырған Жаңылсын ит көйлегін кигізбек еді, ойына әлдене түсіп кетіп сәбиін қайта орай қойды.
Жарық дүниенің сәулесіне шомылғысы келгендей орауынан босанбақ болып қыңқылдап, тырбаңдай бастаған ботақанын омырауын ашып емізіп тыныштандырды. Есіне әлдене түсті. Сөйтті де бұрыштағы ораулы түйіншекті шешіп, әртүрлі маталардың қиындыларының ішінен қалыңдау әдемі қоңыр-қызылын таңдап шығарып, тігімге отырды. «Бұл, үйге қоржынмен кірген бала болды» деген ой келді. Көнелеу болса да, ауыл үйдің адамдарының тұрмысқа деген талай қажетін өтеп беріп жүрген ескі тігін мәшинесі әлі күнге дейін тоқтаусыз зырылдап тұр. «Менің қолым емес, қасиетті Ұмай ананың қолы» деп жарылқаушы анаға сиынып алып, өзі ұнатқан ені екі елі, ұзындығы бір қарыстай етіп матаны ызып алды. Оның үстіне әдемі ұсақ гүлді матаны қоса жапсыра сырып, жұқа шағын ғана қоржын тігіп шықты. Сандықтағы қаттап салып қойған пұлдардың арасынан сәбиі дүниеге келмей тұрып тігісін сыртына келтіріп тігіп, дайындап қойған ит көйлекті шығарды. Әдемі қоржынды ит көйлектің оң иығына аузын үстіне қаратып екі-үш жерінен іліп жапсырды. Осының бәрін жүрек түкпіріндегі мейірімін сәбиіне төге отырып шығарды. Үнсіз істеді. Анда-санда жанына баяу басып келіп, үнсіз қарап тұрып, иегін қағып «не тігіп отырсың» деген күйеуінің сұрауына да жауап қатпады. Әлден соң дауыстап жұбайын шақырды. Ит көйлекті қолына алып сыбырлағандай:
– Қоржыннан шыққан бала болғасын, ырымдап ит көйлегіне қос қоржын жапсырдым, – деп қолына берді.
– Ылайым құдайым, тілеуіңді берсін. Осы нәрестеміздің құдай амандығын берсін! Өмірде қоржыны тоқ, уайым-қайғысы жоқ болсын, – деді күйеуі күлімсіреп. Жамал іштей құп көріп, құдайға құлшылық етіп, баласына жақсылық тілеу тілеп тұрды.
Сөйтіп, құдайдан тілеп жүріп тапқан, бар жоралғысын жасап, аға-жеңгесінен сатып алған баласының ит көйлегін ауыстырған сайын әлгі гүлді қоржынды тазасына жөрмеп тігіп жүрді. Қырқынан шығарғанда оны көріп, ырым етіп алмақ болған кейбір қатындарға бермей қалды. Бұл «мұны не үшін қосарлап тіккенсің?» дегендерге «таңдай қағып» сұқтанар деп үндемеді.
«Бала – адамның бауыр еті» демекші, көзінің қарасындай көріп мәпелеп жүріп өсірген баласы ержетті. Мойнына бұршақ салып тілеп алғаны ақжолтай болып, осы баласының соңынан томпаңдап тағы да бес-алты қарғасы ерді. Көңіл түбіндегі кірбің ой қылт еткенде, ит көйлектегі қоржынды еске алған сәтте қорқынышы да сейіле қалады. Жанының бөлінбес бөлшегіндей көреді. Ең кенжесіне дейін осы кішкентай қызыл қоржынды ит көйлегіне қоса тігіп кигізіп жүрді. Бала-шағасы ержеткен соң Қайыркелдіге қосылып, келін болып осы үйдің босағасын аттағанда жасау-жабдығымен бірге келген көне заттарды сақтайтын сандығына таза орамалға орап салып қояды. Сары сандықтың ішінде шешесі мен енесінен қалған, тағыла-тағыла жіңішкерсе де әдемілік қалпын сақтаған аздаған оюлы алтыннан, күмістен соққан білезік-сақиналар, жүзіктер жататын. Жамал оларды көріп «көненің көзі ғой, жата берсін» деп қандай қиын-қыстау күн туғанда да ешкімге тигізбейтін.
Өмірдің өзі қалыпты өтпейтіні белгілі. Ұл ержетті, келін түсті. Қыз бойжетті, тұрмысқа шықты. Қайыркелді мен Жамал да арттарына өздерін жоқтайтын ұрпақ тастап, көздері жұмылып, бұл өмірге ризалықпен о дүниеге аттанды. Қазақ салтында үлкендер дүниеден озғасын артта қалған кенже ұл шаңырақтың иесі саналатындықтан, тұрмыс-тіршілікті реттеу, шаруашылықты жүргізу, ішкі-сыртқы жағдайдың бәріне қарау соның мойнында. Келін де басына жаулық тартып, оң аяғымен босаға аттап кіргеннен кейін сол үйдің қазанын ортайтпай, түтінін түзу түтететін, түптеп келгенде бәрі соған байланатын алтын қазығы. Болашағын өсіретін ұрпақ жалғастырушы. Үлкен шаңыраққа түскесін өзге абысындарына қарағанда бұл үйдегі келін дәрежелі саналады.
Бірде жұмыстан шығып, үйге түстенуге келген Сұлтанбек жұбайының әке-шешесінің жатын бөлмесіндегі көне сандықты ақтарып отырғанының үстінен түсті. Талай дүние бар екен. Әйелі шығарған заттарын екіге бөліп жарамды, жарамсыз деп қойыпты.
– Оу, Бақытым, қазынаға бөгіп қалыпсың ғой. Маған да көрсетші, шешемнің бізге не қалтырғанын көрелік те, – деп әзілдеп жақындады.
– Апамыздың сақтап қойған жақсы заттары көп екен. Ауырып жатқан кезінде сандықта анау бар, мынау бар деп айтатын. Қаттаулы материалдардың көбін тәтелерім қайтыс болғанда жыртысқа, тәберікке таратты ғой. Боқшасына салынған сақина, білезіктерін, күміс ыдыстарын, жинаған түрлі-түрлі заттарын сендер апамды жерлеуге кеткенде әйелдер көкпар қылып талап әкетті. Ұсақ-түйектер қалыпты. Мыналарын, ешқандай кәдеге жарамайтындарын тастайын деп бөлек шығардым. Қалғандарын тазалап, қағып-сілкіп, кептіріп салып қоям, – деп оң жақтағы жинаулы жатқандарын нұсқады. Біршамасы бірқұры киюге жарайтындар сияқты.
– Өзің білерсің, тазалап қойғаның да дұрыс шығар әйтпесе қаракүйе түссе үгітіліп кетеді, – деп күйеуі мақұлдай қостады. Айтарын айтып алып бұрыла бере:
– Тоқтай тұршы, – деді. Есіне әлде не түскендей әйелінің жанына қайта келіп, тізерлей бере тастаймын деген заттарды тез-тез ақтарыстыра бастады. Көріп отырса мұнда не жоқ дейсің. Ескі суреттер, баяғыдан келе жатқан айырбасталмай қалған заемдар, балалардың көнетоз бас киімдері, шүберекке түйілген ұлдардың сүндеттері, өздері омырауларына тағып мектепке барған алғашқы жұлдызшалары да сақталыпты. Анасы бағалы дейтін мүліктерінің біразы бар екен.
– Не іздеп отырсың?, – деді әйелі.
Мұның іздегені жас кезінен анасының анда-санда әңгіме арасында естеріне салып кейіннен жиі қайталап отыратын бұйымы еді. Ол затты анасы осы үйдің құты әрі оны киелі деп санайтын. Алақандай сарғайған шүберекке түйілген түйіншекті қолына алып орауын жазып жіберген Сұлтанбек, ішінен көрінген қызғылт кішкене қоржынды көрсетіп:
– Таптым. Міне, апам айтпақшы біздің үйдің құты осы. Мынау анам өмір бойы тұмардай сақтап келе жатқан бұйымы. Менің де жер басып жүргенім осы киелі дүниенің қасиеті шығар. Біз мына қоржынды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деп келіншегіне қарады. Толқи сөйлегеннен бе, көзіне жас үйірілді.
Бір шикі өкпеге зар болып, өміріміз ұрпақ аңсап өксікпен өте ме деп жүргенде, қазақы ырыммен құдайдан тілеп алған осы ұлы екенін енесі Бақытқа ескертуші еді. Екеуара қалғанда ұлымның амандығын осы кішкене қоржынның киесі сақтайды дейтін. «Қалайша ұмыттым?». Керексіз бұйымдардың ішіне қоса салғанына қарадай қысылған келіншегі, жүрелей отырған күйі жыламсырап:
– Кешірші, – деп мойнынан құшақтады.
– Түсінгенің жақсы. Үлкендердің айтуынша әр үйдің қастерлеп ұстайтын мүлкі болады. Ол затта, малда, ағашта, темірде болуы мүмкін. Әкем мен шешем үшін осы кішкене қоржын киелі саналады. Өйткені мен туылғанша сәбилері шетіней беріпті. Ал, мен туылғанда үйден аға-жеңгелерім көп елге көрсетпей алып кетіп баққан. Ата-анам оларға ырымға лайықты заттарын апарып беріп, сатып алған. Аман-сау ержетіп, осы халге жеткенім әке-шешемнің сенімі түйілген, өздері киелі санайтын мына кішкентай қоржында. Бүгінгі күндері атадан қалған қара шаңырақтың иесі мен, ал, үйдің ішкі дүниесі саған қалды. Басқа бауырларымыз бізге қарап көш түзейді. Сондықтан да біздің үйдің бақ-құты әрі киесі – қоржынды қастерлеп, биігірек жерге іліп қой, – деді Сұлтанбек.
Қазақ – ырымшыл халық. Одан безінуге болмайды. Ырымды ұстансаң – ырыс қонады дейді екен бұрынғылар. Ырым да пендесін қанағатқа, шүкіршілікке шақыратын адамға қонған қасиеттің бірі. Содан болар дүниеден өтіп кеткен үлкендерінің өсиет-нанымын ұстанып киелі қоржынды сақтап отырған орта буынның өкілдерінің бірі Сұлтанбектің өз отбасымен айналасы өмірдегі жақсылық атаулыға сенімін жоғалтпай, ырысқа кенеліп отырғаны.
М.СОЛТАНАЕВ