Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиевтің мәліметінше, биыл өңірде көкжөтелдің 34 жағдайы расталған. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалардың көрсеткіші көп. Сырқаттанушылық облыстың Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған қаласында тіркелді.
«Бүгінгі күні Жетісу облысы бойынша расталған жағдайлардың 94 пайызы бұрын көкжөтелге қарсы бірде-бір екпе алмаған. Осы орайда, инфекциялық ауруды төмендету үшін бірқатар шаралар атқарылуда. Мәселен, жоспарлы түрде 2024 жылдың төрт айында 2, 3, 4, 18 айдағы және 6 жастағы 10 мыңнан астам балаға көкжөтелге қарсы екпе егілді. Ал, 18 жасқа дейінгі екпе алмағандардың иммундық мәртебесіне ревизия ұйымдастырылып, екпе жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, науқастардың арасында ересектер тіркелген жоқ», — деді департамент басшысы.
Маманның айтуынша, көкжөтелдің белгілері жоғарғы тыныс жолдарының инфекциясына ұқсас, яғни дене қызуы +38°С-қа дейін көтеріледі. Мұрыннан су ағып, бітеледі, құрғақ жөтел мазаны алады.
Инфекция ауырған адаммен тығыз байланыста болған кезде ауа-тамшы жолымен жұғады.
Департамент басшысы көкжөтелге қарсы негізгі алдын алу шарасы вакцинация екенін атап өтіп, облыс тұрғындарына балаларын екпемен қамтуға шақырды.