Ядролық энергетика, бұл – электрмен жабдықтауға кепілдік беретін, ластаушы шығарындыларды тоқтататын, сыртқы энергияға тәуелділікті азайтатын және тұрақты электр энергиясын өндіретін энергия көзі. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының шамамен 15 пайызын құрайды. Дүниежүзіндегі ең алғашқы АЭС 1954 жылы Обнинск қаласында (КСРО) салынды. Оның қуаты 5 Мвт болды. Кейіннен Колдерохоллда (Англия) қуаты 60 Мвт, Шиппингпортта (Америка) АЭС өз жұмысын бастады. Бүгінде Америкада тұтынуға қажетті барлық электр энергиясының 23 пайызын, Францияда 75 пайызын, Жапонияда 48 пайызын АЭС береді.
Бүгінде әлемнің 30 шақты елінде 400-ден аса ядролық энергетикалық реакторлар жұмыс істейді. Олардың жалпы қуаттылығы шамамен 390 ГВт, әлемдегі электр энергиясының 10,5 пайызын өндіреді.
Энергетика мен қоршаған ортаның алдында тұрған қиындықтарды түсіне отырып, бұл елдер атом энергиясын өз елдерінің бүгіні мен болашағының маңызды көзі деп санайтындықтан, жаңа зауыттар салуда. Қытай – әлемдегі ең көп реакторларды салған ел. Оның 55 қондырғысы жұмыс істеп тұр. Екінші орында құрылысы қарқын алған сегіз реакторы бар Үндістан, төрт реакторы бар Ресей мен Түркия, үшеуі бар Оңтүстік Корея тұр. 2022 жылы Египет өзінің алғашқы АЭС-ның құрылысын бастады.
Кейбір елдерде жедел нейтронмен жұмыс істейтін тиімді реакторлар іске қосылған. Оның ең алғашқысы Қазақстанда салынған. Ол Ақтау қаласын тұщы сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етеді. ХХ ғасырдың соңында дүниежүзіндегі АЭС-тердің жалпы қуаты 500 000 Мвт-қа жетті. Ядро энергиясынан электр тогын тікелей (турбинасыз, электр генераторсыз) алу жолдары да зерттелуде. Әсіресе термо ядролық энергияны игеру ісіне халықаралық қауымдастықтар атсалысуда. Ондай АЭС-тер адам баласының тұтынуына қажет энергия мәселесін түпкілікті шешетін болады.
Қазақстандағы АЭС еліміздің энергетикалық саясатының маңызды бағыты болып табылады. Болашақта Қазақстанда атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылықтары бар екенін атап өтуге болады: АЭС елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал етеді; атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын азайтатын экологиялық таза энергия көзі болып табылады; атом энергиясы энергиямен қамтамасыз етудің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Өйткені АЭС үздіксіз жұмыс істейді және ауа райы жағдайына тәуелді емес; заманауи технологияларды енгізу АЭС-тың жоғары тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді; атом энергетикасы еліміздің технологиялық дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді; АЭС-тың жұмыс істеуі олар орналасқан аймақтардың экономикалық өсуіне ықпал етеді; заманауи АЭС энергия тиімділігін арттыра отырып, смарт-желілік жүйелерге біріктірілуі мүмкін; атом энергетикасы импорттық энергия ресурстарына тәуелділікті азайтып, елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады; АЭС Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың ұзақ мерзімді перспективасын қамтамасыз етеді; АЭС сутегі және басқа да жоғары технологиялық өнімдерді өндіру үшін пайдалануға болады; АЭС енгізу ядролық физика мен технология саласындағы зерттеулер мен инновацияларға ықпал етеді.
Президенттің АЭС салынуы туралы мәселесін көтеруі – мемлекетіміздің маңызды шешімі болмақ. «Еліміздің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделері мен ерекшеліктерін ескере отырып, біз болашақ туралы ойлануымыз керек. Сондықтан мен АЭС құрылысы мәселесін дестратегиялық сипаттағы жоспарларды кең көлемде қоғам талқысына салып, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдау қажеттігін үнемі айтып келе жатырмын», – деп қоса айтты. «Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Қазақстанда энергияны тұтыну қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бірақ іске қосылып жатқан жаңа қуат көздері оған сай емес. Сұраныстан артық өндірілген электр қуаты таяу арада сарқылуы мүмкін. Шын мәнінде, еліміздің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемде өнеркәсіп пен экономиканы көміртегінен ада қылудың орнықты үрдісі байқалады. ЕО-ға мүше елдерде парниктік газдардың қалдығын 2030 жылға қарай 55 пайызға азайту жоспарлануда. ЕО-да көміртегі салығы («carbontax») енгізіледі. Бұл қазақстандық өнімнің экспортын едәуір қиындатуы мүмкін. Жаңа жағдайларға байланысты тауарларға қойылатын техникалық регламенттер, стандарттар мен талаптар өзгереді. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегін аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленуде. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалуда.
Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. Еліміз жалпы энергия теңгерімі құрылымындағы жаңартылатын қуат көздерінің сапалы өсімін 3 пайыға жеткізе алды. Бұған дейін біз бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін стансалардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы.
АЭС құрылысының егеменді еліміздің дамуына мультипликативті әсерінің мәнін ашып көрсетейік.
Әлеуметтік әсерін қарастыратын болсақ: ғылыми-техникалық, жоғары білікті кадрлар әлеуетінің өсуі; құрылыста 8000 адамға дейін жұмыс орнының және эксплуатация кезеңінде 2000 адамға дейін жоғары сапалы персоналдың қалыптасуы; АЭС салу кезіндегі 1 жұмыс орны іргелес салаларда 10-нан астам жұмыс орнын ашады.
Техникалық әсерін қамтысақ: жергілікті өнеркәсіпті дамыту, жанармай базасын кешенді пайдалану; 60 жылдан астам уақытқа тұтынушыларды энергиямен қамтамасыздандыру.
Экономикалық әсеріне тоқталсақ: жергілікті кәсіпкерлікті қолдау (құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде шамамен 2,5-3,5 млрд доллар табыс түседі); бүкіл өмірлік цикл кезіндегі салық түсімдері – 2,5-3,0 млрд доллардан асады; елдің инвестициялық тартымдылығы артады.
Экологиялық әсерін баяндасақ: парниктік газдар шығындыларын жылына 10 млн тоннаға дейін азайту.
Айта кету керек, Қазақстанда өз атом стансасы болған. Еліміздегі жалғыз АЭС Ақтауда 1973 – 1999 жылдар аралығында болған. АЭС жайлы түсінік болуы үшін, бірінші кезекте мұның біз күнделікті қолданатын электр энергиясын алудың бір жолы ғана екенін ұғынуымыз қажет. Бүгінге дейін елімізде электр қуаты ЖЭС және СЭС-нан алып келеді. Біз қолданып жүрген электр қуатының 90 пайызға жуығы ЖЭС-нан алынған. Елімізде электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 14 пайызы СЭС-нан, 10 пайызы газдан және 5 пайызы мұнайдан алынады.
Алайда электр энергиясының жеткіліксіздігі қазірдің өзінде байқалады. Сондықтан Қазақстан электр энергиясын көрші елдерден импорттайды. Енді, біз бүгін тоқталып отырған электр өндірудің балама жолы – АЭС – атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын қондырғы. Атом электрін алудың үш кезеңі бар. Біріншісі – ураннан ядролық энергия алу, одан жылу энергиясына өту кезеңі, ал одан кейін механикалық энергияға өту жолы. Бу турбинаны қозғап, электр генераторын жұмысқа келтіреді. Алдағы 50 жылда адамзат тарихта осы күнге дейін қолданған энергиядан да көп қуат көзін талап етеді. Бұл барлық технологияның электр қуатымен жұмыс істеуге көшуіне байланысты болуда. Қазірдің өзінде елімізде электр автокөлігіне сұраныс артқан.
АЭС-те қызмет жасайтын ресейлік ғалым Р. Алыев АЭС-тағы жағдайды авиациялық жағдаймен салыстырады, әуе кемесіндегі орын алған апат жайлы барлығы естиді, дегенмен күнде қаншама рейс ұшырылады. Сонда да ұшақ ең қауіпсіз көлік түрі болып саналады.
Жоғарыда аталған мәселелерді қорытындылай келе, келесідей ұсыныстар жасалады: АЭС салу және оны жүзеге асыру бойынша инфрақұрылымды нақтылау; АЭС салу құрылысын тәжірибесі бар дамыған елдердің компаниясына табыстау; АЭС бойынша құзыреттілігі жоғары жауапты оператор ретінде арнайы органды қалыптастыру және оның Президентке ғана тікелей есеп беретін мәртебесін беру; АЭС-қа қажетті мамандарды даярлау, біліктілігін көтеру және ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру.
Ғалымжан КЕРІМБЕК,
экономика ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор