Қоғам ілгерілеген сайын адамдардың талап-тілектері де өзгеріп отыруы заңдылық. Жаһанда өмір сүріп жатқан мемлекеттердегі барлық саланы қимыл қозғалысқа келтіріп жан бітіретін электр энергиясы. Жылдан-жылға адамдардың электр энергиясын тұтыну мөлшері арта түсүде. Бұл жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жүздеген жазбалар жарияланып жатады. Президентіміз халыққа Жолдауында АЭС салу туралы мәселені бекер көтеріп отырған жоқ. Қазіргі энергияның бірден бір көзі көмір, су, газ, мұнайды пайдаланудан өндіріліп отырғаны белгілі. Мұнда жел двигательдерінің де аздаған үлесі бар. Дегенмен де бұлар күн сайын артып келе жатқан кәсіпорындардың, т.б. тұтыну объектілерінің талабы қанағаттандыра алмайды.
Мысалы біздің ауданда да электр энергиясын күннен-күнге қажетсіну өсіп отырғанын мына көрсеткіштерден көруге болады. Аудан әкімінің баяндамасында көрсетілгендей: Шағын және орта кәсіпкерлік айлап, жылдап өркендеп келеді. 2024 жылдың 1 шілдесінде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілердің саны 12 247 бірлікке жеткен. Бұлар негізінен қоғамдық тамақтандыру, халыққа қызмет көрсету, жанар-жағармай станциялары, дәріхана, сауда-саттық салаларын құрайды. Бұл кәсіпкерлік мекемелердің барлығы қосымша электр энергиясын тұтынады. Болашақта электр энергиясына сұраныс еселеп арта түспек. Себебі, жаңа бағдармалар қабылданып тиімді жобалар енгізіліп жатыр. Аудандағы елді мекендерді газдандыру, жаңадан салынып жатқан көшелерді, тұрғын үйлерді жарықтандыру сияқты жұмыстар қосымша қуат күшін талап етеді. Сондықтанда АЭС салу туралы бүкіл ел бойынша халықпен үндесу жүріп жатыр.
Жақында ауданда құрылған халықтық штабтың мүшелері аудандық емхана, «Диана» медициналық колледжінің, №1 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің, Атамекен ауылындағы А.Розыбакиев орта мектебі ұжымымен жүздесу өткізді. АЭС салу, оның еліміздің экономикасына пайдасы, электр энергиясына деген қажеттіліктің орнын толтыру жөнінде жауаптасты. Әрине, кездесу барысында атом электр станциясының адам баласына, қоршаған ортаға тигізетін зияны бола ма деген де сұрақтар туындады. Сөйлеушілер ғылыми сарапшылар дайындаған дәлелді материалдарды келтіре отырып, сұраушыларды толымды жауаптармен қанағаттандырды. Мұндай кездесулер әлі де жалғаспақ.
Молот СОЛТАНАЕВ