Бүгін өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар орынды мәселелерді уақытылы көтерді. Оның ішінде Үкіметтің инвестор іздеу, экономикаға тірек болар инвестиция тарту ісінде қарқынды жұмыс істеу керектігін, оларға қолайлы жағдай жасап, жұмыстарын үйлестіруге біртұтас экожүйе қалыптастыру керектігін де атап өтті. Осындай жағдай барлық аймақта бірдей жасалып, өзіміздің инвесторларға да, шетелдік компанияларға да теңдей қарау керектігі де назардан тыс қалмады.
Сонымен қатар мемлекет қолдауына ие болған компаниялар да өздеріне тиісті талаптарды сақтап, еңбек өнімділігін арттырып, өндірісті жаңғыртуға міндеттенуі керек. Сонда ғана әлемдік стандартқа сай өнім өндіріп, шетелдік тұтынушылардың қызығушылығын арттыра аламыз. Әрі соңғы уақыттары еліміздің бас ауруына айналған экологиялық мәселеге де атүсті қарамай, инвесторларды экологиялық талаптарды мүлтіксіз сақтауға міндеттеуіміз керек.
«Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.
Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек.
Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт».
Президентіміздің осы келтірген деректері инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтей беру түйіткілді мәселені шешудің жолы емес екендігін анық аңғартып отыр. Демек қазіргі таңда нарық заңдылықтары облыс және аудан басшыларынан бұрынғыдай бюрократиялық пәрменді емес, нағыз менеджерге тән шешім қабылдайтын, тығырықтан жол тауып шығатын уақыт келгенін көрсетуде. Бұл ретте өңірлерді сапалы инвесторлар есебінен дамыту бюджет тапшылығын жоюдың, экономиканың оң көрсеткішке ие болуының кепілі екендігін естен шығармайық.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
«Жаркент айнасы» газетінің бөлім редакторы