Ерлан ОСПАНБАЕВ, «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты
Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміз Ерлан Өмірғалиұлы Оспанбаев 1973 жылы 10 мамырда Жетісу облысы Панфилов ауданының Қоңырөлең ауылында қарапайым еңбек адамдарының отбасында дүниеге келген. І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін «Инженер-педагог» мамандығы бойынша 1995 жылы бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 1995 жылы ауданымыздың Дарбазақұм орта мектебінде физика-математика пәндерінің мұғалімі болып бастаған. 2001-2010 жылдары аталған мектепте директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2012-2013 оқу жылында Пенжім орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 2013-2018 жылдары Айдарлы ауылдық округінің әкімі, 2018-2022 жылдары Пенжім ауылдық округінің әкімі лауазымында қызметтерді абыроймен атқарды. 2022 жылдың қыркүйек айынан «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасы қызметін атқаруда.
Ұзақ жылғы мемлекеттік және қоғамдық жұмыстағы жетістіктері орынды бағаланып, ол 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Құрмет грамотасымен», 2023 жылы «AMANAT» партиясы Орталық комитетінің «Құрмет грамотасымен», 2024 жылы Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасы мәслихаттарына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың «Құрмет грамотасымен» және аудандық, облыстық деңгейдегі орган басшыларының көптеген марапаттарын алған. Панфилов аудандық мәслихатының 2023 жылғы VIII-ші шақырылымының депутаты. 2024 жылы партия филиалы облыс бойынша «Ең үздік партия филиалы» деп танылып, «Алғыс хатпен» және 100 мың теңгенің сертификатымен марапатталған.
– Ерлан Өмірғалиұлы, Кеңестер Одағының батыры, қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлы атамыз «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет» деп тура баға бергендей өмірде ұстаздық жолды таңдауыңыздың себебі неде?
– Өте дұрыс айтасыз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп адамзаттың данасы Абай айтпақшы, бізге білім берген ұстаздардың халық алдындағы беделіне, өзін ұстауына, жоғары адамгершілік қасиеттері мен кәсіби біліктілігіне тәнті болып, олардың бойындағы тұнып тұрған ұлттық қасиеттерін өзіме жасымнан үлгі тұтып, еліктеп өстім. Өскелең ұрпағымызға саналы тәлім-тәрбие мен сапалы білім беру кез келген ұстаздың кәсіби және абыройлы міндеті. Сол себепті жастық шағымның 18 жылын жас ұрпағымызға білім беру ісіне арнадым әрі өмірлік мол тәжірибе жинақтадым.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: Заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз» деген тұжырымына қатысты көзқарасыңыз қандай?
– Мемлекет басшысының 2024 жылғы халқымызға арнаған Жолдауының атауының өзі айтып тұрғандай Әділетті Қазақстанның негізгі іргетасы болып табылатын заң мен тәртіпті қамтамасыз ете отырып экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамда оптимистік көзқарасты қалыптастыру бүгінгі күнгі өзекті мәселе. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп халқымыздың біртуар батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, заңы аяққа тапталған қоғамда тыныштық пен ешқандай да даму болмайтыны ақиқат. Мемлекет басшысы қолға алған маңызды реформаларды жүйелі түрде жалғастыру мемлекетімізді өркениетті дамудың сара жолына алып шығатынына және Жаңа Қазақстанда әділетті қоғам құратынымызға сенімім зор.
– Аудандық филиалда қанша партия мүшесі бар және 2024 жылы қандай маңызды жұмыстар мен іс-шаралар атқарылды?
– Аудандағы 17 бастауыш партия ұйымында 6 446 адам мүшелікте тұрады. 2024 жылдың 10 айында 212 адам партия қатарына қабылданып, 97 адам шығарылды. 2024 жылы 2 бюро отырысы, 1 конференция, 5 ДФ және 3 КПК отырыстары өтті. Сайлауалды бағдарлама аясында көзделген 6 нысанға партиялық бақылау бекеттері ашылып, 2 мектеп қолданысқа берілді. Сонымен бірге Жаркент қаласында заманауи үлгідегі 1 200 орынды «Жайлы мектеп» 2024 жылғы 5 қараша күні пайдалануға берілді. 80 пәтерлі және екі 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйлер де жуырда қолданысқа берілді.
Аудандық желілік кестеге сәйкес жылдың I тоқсанында 955 адамның қатысуымен 32 іс-шара, II тоқсанда 375 адамның қатысуымен 24 іс-шара, III тоқсанда 1 338 адамның қатысуымен 37 іс-шара, IV тоқсанда 470 адамның қатысуымен 20 іс-шара ұйымдастырылып өткізілді. 2024 жылдың 10 айында партиялық жобалар аясында 73 іс-шара өткізілді. («Ардагерлерді ардақтайық»-25, «Кедергісіз келекшек»-20, «Бақытты отбасы»-15, «Ұлттық мұра»-13). 2024 жылы 185 қоғамдық қабылдаулар өтіп, 238 адам қабылданып, 33 өтініш ауызша, 1 өтініш жазбаша қабылданып, 145 азаматтың өтініштері оңды шешімін тауып, көрсеткіш 51,2% құрады. Сонымен бірге 2 мобильді және 15 көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізілді.
Құқықтық көмек аясында 4 тақырыптық қабылдаулар Әділет басқармасы, адвокаттар, нотариустар мен жеке сот орындаушылардың қатысуларымен өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында 120 мақала өңірлік интернет басылымдарында, 67 мақала мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрді. Аудандық партия филиалының әлеуметтік желілеріне 1 320 пост шықты.
Ал партиялық бақылау бойынша сайлауалды бағдарлама аясында 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында 49 іс-шара қарастырған болса, оның 37-сі орындалды (75,5 %), 12 іс-шара орындалу сатысында (24,5 %). Осы орайда сайлауалды бағдарламасында жоспарлы 6 нысанға партиялық бақылау бекеттері құрылып, 2 спорт кешені пайдалануға берілді.
– Мемлекеттік қызмет атқарған жылдарыңызға оралып өтсеңіз. Әкім ретінде халықтың арасында қызмет атқару Сізге қандай әсер қалдырды? Кәсіпкерлікті дамытуда қандай шаралар жүзеге асырылуда?
– 2013-2022 жылдар аралығында Айдарлы, Атамекен ауылдық округтерінің әкімі болып 9 жылдай мемлекеттік қызметті абыроймен атқардым. «Ұстаз – адам жанының инженері» демекші алған білімім мен ұстаздық қызметімде адамдармен қарым-қатынас жасауда имандылық, әдеп, адамгершілік және өзін-өзі тұрақты дамытып, білімді көтеріп отыру қағидаларын бойыма қалыптастырғандықтан осы ізгі қасиеттер менің елді мекен тұрғындарымен бірден етене араласуыма және олардың мұң-мұқтажын жүрегіммен ұғынуыма көп септігін тигізді. Халықпен жанашырындай етене жақын араласу маған жақсы әсер қалдырды. Түрлі мәселемен жүгінген қарапайым жандарға әркезде де түсіністікпен қарап, қолымнан келгенше көмектесіп отырдым. Сонымен қатар, округтердің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, инвестиция тартуға, инфрақұрылым жүйелерін жаңғыртуға, әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуден өткізілуі мен жаңадан бой көтеруіне құзырлы мекемелермен бірге тығыз ынтымақтастықта жұмыс атқардым. Шағын кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығының дамуын да басты назарда ұстадым. Орын алған кемшіліктерден дер кезінде сабақ алып, оларды түзетуге бар күш-жігерім мен біліктілігімді жұмсағанымды да жасырмаймын. Қазіргі күні де аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік шараларға, аудандық мәслихат жұмысына және аудан экономикасының дамуына ықпал ететін мемлекеттік және қоғамдық бағыттағы іс-шараларға белсене қатысып келемін.
Өзім «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық депутаттық фракциясының жетекшісі, аудандық партиялық бақылау комиссиясының және аудандық Саяси кеңес пен Саяси бюросының мүшесімін. Сондай-ақ, сегізінші шақырылған Панфилов аудандық мәслихатының «Бюджет және экономика, аграрлық, кәсіпкерлік, өндіріс, жол, құрылыс мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссияның мүшесі ретінде де ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына атсалысудамын. «Ауыл аманаты» жобасы аясында партия филиалы жанынан Ақпараттық қолдау орталығы ашылды. Орталықта аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары, кәсіпкерлік бөлімдері мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мамандарын қатыстыра отырып азаматтарға түсіндірме және қолдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі уақытта Жетісу облыстық кәсіпкерлер палатасының ішіндегі «Атамекен Жетісу» микроқаржылық ұйымына құжат өткізгендер саны 14 адамды құрап отыр. Оның ішінде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 96 500 000 теңгені құрайтын 12 жоба мақұлданып, 2 жоба мақұлданбады.
– Қоғамдық қабылдаулар халықтың мұң-мұқтажын шешудегі негізгі тетіктердің бірі. Ал партия филиалының белсенділігі қай деңгейде?
– Өзіңіз айтқандай қоғамдық қабылдаулар – ашықтықтың кілті екені ақиқат. Партияның сайлауалды бағдарламасының жүзеге асырылуы халықтың көкейкесті мәселелерінің оңтайлы шешімін табуға жәрдемдесетіні баршаға аян. Ауыл аймақтарға арнайы барып, мәселелерді жұртшылықпен бетпе-бет кездесу барысында шешудің өзі «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінің негізгі басымдықтарының бірі. Көшпелі қабылдаулар кезінде тұрғындардың шешімін таппай келе жатқан мәселелерін жауапты құзырлы органдар өкілдерінің қатысуымен тыңдап, нақты шешу жолдарын қарастырып, жәрдемдесу туралы ұсыныстар беру жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған шаралар халық пен билік арасында сенімді қарым-қатынас пен ашық диалогтың орнауына ықпал етеді. Жылдар бойы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер негізінен алғанда баспана, егін және мал жайлымдық жер жетімсіздігі, ауыз су, жолдардың сапасыздығы, медицинаның жетімсіздігіне, жұмыссыздыққа байланысты туындауда. Халықтың көкейкесті мәселелері жергілікті атқарушы билік пен құзырлы органдардың басшылықтарына, сондай-ақ өңірге халықпен тікелей кездесуге келген депутаттар арқылы Парламентке де жеткізілуде. Осының өзі-ақ «AMANAT» партиясының халық сенімін ақтауға әрқашан дайын екеніне нақты дәлел бола алады. Сонымен бірге партия филиалы аудандағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып ауданда құқық бұзушылықтың алдын алу, ұлт диаспоралары өкілдерінің арасында бірлік пен татулықты сақтау, жасөспірімдердің жақсы тәлім-тәрбиесі, оларды зиянды әрекеттерден сақтау мен білім алуы сияқты мәселелердің шешімін табу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Партия филиалы халық мүддесіне қатысты кез келген мәселеде өзіне тән белсенділік көрсетуді өз жұмысының басым бағытының бірі ретінде әрдайым басты назарда ұстап отырады.
– Ерлан Өмірғалиұлы, осындай сан салалы жұмыстан қолыңыз қалт еткенде қандай іспен шұғылдануды жаныңыз сүйеді?
– Шынымды айтсам бос уақыт деген аз болады. Бос уақытымда отбасыммен бірге көркем табиғат аясында демалғанды және кітап оқығанды жақсы көремін.
– Өмірде һәм қызметте кімді өзіңізге үлгі тұтасыз?
– Бар күш-жігері мен білімін еліме адал, қалтқысыз қызмет етсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимейтін әрбір адал азаматты ерекше құрметтеймін. Халқымызға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, еңбегімен еліміздің дамуына үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары мен зиялы қауым өкілдерінен үйренерім әлі де көп, оларды үлгі тұтамын. Өз саламдағы жетістікке жеткен партияластарыммен өзара тәжірибе алмасуды, олардың озық идеяларын өз қызметімде ұтымды пайдаланып, халқыма адал қызмет етуді өзіме әрдайым мақсат етіп қоямын.
– «Жаркент айнасы» газетінің көзі қарақты қалың оқырмандарына 2025 жылы қандай тілек айтар едіңіз?
– Ақпарат айдынында өзіндік айшықты орны бар «Жаркент айнасы» газетінің кәсіби шеберлігі жоғары қызметкерлері мен озық ойлы қалың оқырмандарына 2025 жыл еліміз үшін бейбіт, өркениетті өркендеуге әкелетін берекелі және мал-жанға жайлы жыл болсын демекпін.
– Билік пен халық арасында алтын көпір болып келе жатқан «AMANAT» партиясы Панфилов аудандық филиалының төрағасы ретіндегі қызметіңізде абырой биігінен көрініп, өмір мен еңбекте толағай табыстарға жете беріңіз, отбасында бақытты болып, ұрпақтарыңыздың жақсылығын көріңіз деп тілейміз!
Сұхбаттасқан Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ