2025 жылғы өрт қауіпті маусымға байланысты Жетісу облысының аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу мен жою тәуекелдерін төмендету бойынша кезең-кезеңімен іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
Облыста жағдайды бақылау үшін 3 098 адам мен 529 техника бірлігінен тұратын өңірлік күштер мен құралдар тобы құрылды.
Наурыз айынан бастап тұрғындардың өрт қаупі жоғары кезеңге дайындығын тексеру бойынша комиссиялық тексерістер жүргізілуде. Олар 27 тармақтан тұратын «Ескерту» үлгісі негізінде өткізіледі. Бұл тексерістерде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, техника мен жабдықтардың жай-күйі, сумен жабдықтау, құрғақ өсімдіктерден аумақтарды тазарту және басқа да алдын алу шаралары қарастырылады.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт бекеттерін кезең-кезеңімен құру жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 49 өрт бекетінің күштері мен құралдарын жұмылдыруды жоспарларына енгізді. Бұл бекеттердің қарамағында 7 өрт сөндіру көлігі бар.
Құрылған өрт бекеттері жалпы халқы 154 мыңнан асатын 159 ауылдық елді мекенді өрттен қорғаумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, аталған жоспарға сәйкес, Алакөл ауданының Лепсі ауылы мен Қаратал ауданының Ақжар ауылында екі өрт бекетін құру қарастырылған.
Биыл орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 780 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат өртке қарсы жабдықтарды сатып алуға бағытталады. Өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық аясында кешенді алдын алу және сақтық шаралары қабылданды.