Қай халықтың да белгілі бір заманда бетке ұстап, бедел тұтар дара тұлғалы данышпаны болады. Ол өзінің озық ой, санасымен халқының тарихи дамып жеткен бүгінгі рухани дәрежесін таныта отырып, оның алдындағы болашақ мұрат межесін меңзейді. Сондай кісінің бірі және бірегейі біздің қазақ халқының өткен ғасырда өмір сүрген ұлы ұлттық ақыны Абай екені әмбеге аян.
Абайды өз заманының шындығын, кайшылығын кең суреттеген, халықты еңбекке, оқуға, бірлікке шақырған, ел басына душар болған әлеуметтік қырсықтарды білген, көптеген көркемдік сауалдардың жауабын айтқан, халқының өзгеге кіріптар халіне жаны ауырған, жұртшылық пиғылын түзеуді көздеген ғаламдық деңгейдегі ұлы ақын деп бағалау дұрыс-ақ. Дегенмен мұндай сипаттаманың сыртында да Абай тағылымы мен дәстүрі дерлік көп шындықтар қалып қоятыны шүбәсіз. Біздің ұғуымызша, Абайдың неғұрлым толық бейнесі оның ренессанстық, қайта өрлеу дәуіріне тән белгілерін ашқанда ғана айқыңдалмақ.
Абайдың қара сөздеріне ықылым замандардың адамшылық, ар, ұят, намыс, мейірімділік, мәрттік секілді жалпы адамзаттық құндылықтар жайында қалдырған асыл сөздері мен ойларының қазақ жағдайына лайықталып қорытылған синтез қорытындысы берілгендей. Абай шығармаларында сонау X ғасырларда жасаған данышпан бабамыз, әлемнің екінші ұстазы атанған энциклопедист, ғұлама философ Әбунасыр әл-Фарабидің ойларымен үндестік сезілетінін атақты ғалымымыз Ақжан Машанов өзінің «Фараби және Абай» деген зерттеуінде дәлелдеді.
Ұлы ақын, ағартушы Абай сонымен қатар, музыка саласында да айта қалғандай мұра қалдырды. Жазба әдебиетіміздің негізін салған Абай өзінің асыл өлеңдерін, қарасөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа қалдырса, музыка жөнінде оның мұндай мүмкіншілігі болмады. Өйткені Абай өмір сүрген кезеңде қазақта музыканың жазба мәдениеті жоқ еді, халықтық музыка ауыздәстүрлік қалыпта еді. Сондықтан Абай әндері де қазақтың басқа халықтық ән-күйлері сияқты ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті.
Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі — мелодиялық, ырғақтың жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында. Бұл өзгешелік алғашқы кезде тыңдағандардың бәріне бірдей түсінікті бола қоймады, болмақшы да емес еді. Мәдениеттің дамуына кедергі болған феодалдық жағдайда кейбіреулер үшін ол әндердің жаңа тілдері қазақтың халықтық ән дәстүрінен шығып кеткендік болып көрінуі де мүмкін еді. Бірақ жаңа, прогресшіл мәдениет күрескері болған Абай өз бетінен қайтқан жоқ. Сөйтіп, Абай әндері алғашында оның өз айналасына, ауыл-аймағына, кейін жалпы қазақ арасына тарай бастады. Абай әндері, халықтық негізден нәр алғандықтан, халық әндерімен тамырласып жатқандықтан нотаның жоқ кезінде-ақ, ауыздан ауызға көше отырып, қалың бұқараның игілігіне айналды. Бұған бұрын-соңды қазақтың халықтық музыка салтында болмаған жаңа музыкалық өткір тіл мен жаңашыл өлең текстіне кұрылуы да себеп болды.
Қорыта келгенде, Абай Құнанбайұлын біз ұлы ақын дейміз. «Ұлы» немесе «Данышпан» деген мақтау сөздерді әртұста әркімге қолданылады, бірақ, соның бәрі бір дәрежеде емес. Абай есімі аталғанда «Ұлы», «Данышпан» деген сөздер еріксіз ойға келеді. Бұл сөздер айтылмаса, Абай есімі өгейсіп тұрғандай сезім кешеміз.
Көркем РАХИМГАЛИЕВА,
«Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер
музейінің қор сақтаушысы