Облыста мемлекеттік қызмет жүйесі тұрақты дамып келеді. Қызметшілердің басым бөлігі жоғары білімді, кәсіби мамандардан құралған. Жас мамандарға жол ашылып, жаңа кадрларды даярлау, тағылымдамадан өткізу және оқыту жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Меритократия қағидатына сай лауазымға тағайындалғандар саны артты. Бірнеше ауданда әкімдер сайланып, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен әділдігіне басымдық берілді.
Әдеп жөніндегі кеңес жұмысы да күшейіп, қызметтік тәртіп пен мәдениетке қатысты мәселелер қаралды. Заңбұзушылықтардың алдын алу, құқық бұзылған қызметкерлердің құқығын қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табуда. Бақылау бағыты бойынша 445 заңбұзушылық анықталып, 92 қызметшінің құқығы қорғалды.
Жыл басынан бері облыс бойынша 1,5 миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның 95,5 пайызы электронды түрде ұсынылған.
Сонымен қатар, бюрократияны азайту, халықпен кері байланысты күшейту бағытында арнайы жобалар қолға алынып, нәтижелі жүзеге асырылып жатыр.
Жетісу облысында тұрғындардың электрондық форматтағы мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру және цифрлық сауаттылығын көтеру мақсатында жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Биыл Департамент және аудандық/қалалық әкімдіктердің мемлекеттік қызметтерді мониторингтеу және ақпараттық технологиялар бөлімдерімен бірлесіп, 43 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды. Электронды қызметтер мен азаматтардың құқықтарын түсіндіру бойынша ақпараттық өнімдер таратылды. Жалпы аталған іс-шараларға 10 мыңнан астам адам қатысқан. Бұл облыс тұрғындарының цифрлық қызметтер туралы ақпараттану деңгейін арттыруға ықпал етті.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, өңірде электрондық қызметтердің дамуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бағыттарының бірі болып қала бермек. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады.