Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол тасымалдары Достық және Алтынкөл шекара өткелдері арқылы қарқынды өсіп келеді.
«Жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы тасымалданған жүк көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артып, 11,4 млн тоннаны құрады, – деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі. – Оның ішінде Достық өткелі арқылы 6,2 млн тонна жүк тасымалданды (5%-ға өсім), Алтынкөл арқылы 5,2 млн тонна жүк өтті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 24%-ға артық».
Айта кетейік, соңғы бес жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемі 48%-ға өсіп, 32 млн тоннаға жетті. 2020 жылдан бері экспорт көлемі 13,7 млн тоннаны құрап, 25%-ға артты. Атап айтқанда, астық экспорты екі еседен астам өсіп, 700 мың тоннадан 1,8 млн тоннаға дейін жетті.
«2024 жылы 3,3 млн тоннадан астам астық өнімі экспортталды, оның ішінде 1,8 млн тоннасы – астықтың өзі, ал 1,5 млн тоннасы – өңделген өнімдер. Оның 600 мың тоннасын ұн мен өзге де ұнтақталған өнімдер құраса, 900 мың тоннасы – мал азығы. Айта кетерлігі, мал азығы экспорты 2023 жылмен салыстырғанда бес есе артты», – деп нақтылады ҚТЖ өкілдері.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теміржол желісінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда.
«2024 жылы 1,4 мың шақырымнан астам жол жөнделді, сондай-ақ 1 мың шақырымнан астам жаңа теміржол құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобаларға Достық-Мойынты, Дарбаза–Мақтаарал және Алматы станциясын айналып өтетін жолдар кіреді, – деді ҚТЖ. – Сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға ерекше назар аударылуда. 2024 жылы Сиань қаласындағы Құрғақ портта қазақстан-қытай терминалы іске қосылып, соның нәтижесінде ТХКБ арқылы транзит көлемі 30 есе өсті».
Бұған дейін Алматыда орналасқан жаңа Zhetysu контейнерлік терминалы алғашқы пойызды қабылдауға дайын екені хабарланған болатын. Осылайша, Қазақстан жаңа логистикалық хабты іске қосуда.










