Жыл сайын тамылжыған тамыз айының екінші жексенбісінде өздерінің кәсіптік мерекесін атап өтетін құрыш қолды құрылысшылардың еңбегі ерен. Олар ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына үлес қосатын майталмандар. Өйткені құрылысшылар тек сән-салтанаты асқан ғимараттар салумен қатар тұрғындар тіршілігіне қолайлы баспаналар мен әлеуметтік нысандар тұрғызуға құлшынады.
Жазиралы Жаркент өңіріндегі «Жөндеу құрылыс» ЖШС 20 жылдан бері аудан аумағында жаңа құрылыстар мен көне ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, ел игілігіне ұсыну сияқты қастерлі іспен шұғылданып келеді. Бұл ұжым өткен жылдың күзінде Жаркент қаласында аудандық құрылыс, сәулеткерлік және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен 60 пәтерлі қос үйді салуды бастаған болатын.
– Тұрғындарға несиеге берілетін осы екі үйдің құрылысына 3 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Екі үйде жалпы 120 пәтер, оның 10-ы бір, 20-сы екі және 30-ы үш бөлмелі болып, жалпы аумағы 8 мың шаршы метрді қамтиды, – дейді аудан әкімінің құрылыс саласын басқаратын орынбасары Дидар Ешенов. – Қазір бірінші үйдің 89 пайыз, ал екіншісінің құрылыс жұмыстары 95 пайыз атқарылды. Кезекте ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары істелуде, одан соң есіктерін, жылу жүйелерін орнатады. Екінші үйде бұл істердің басым бөлігі жүзеге асты. Талдықорғанның «Темірқазық» ЖШС көгалдандыру мен көріктендіру шараларын қатар жүргізуде.
Соңғы жылдары Панфилов ауданында халыққа тұрғынүй салу үрдісі қарқындап, тек өткен жылы ғана 700-ден астам отбасы баспаналы болды. Жаркент қаласы мен шекарадағы Нұркент ауылында жаңа үйлер көптеп бой көтеруде. «Отбасы банкінің» салымшыларына осы күзде сол үйлерден пәтерлер берілмекші.
Осы ұжымда жиырма жылдан бері тұрақты еңбек ететін учаске басшысы Жаңабай Қаниевтің айтуынша, бұл нысандарды пайдалануға беру мерзімі үстіміздегі жылдың қазан айына белгіленген. Алайда қазіргі құрылыс жұмыстарының қарқыны межеленген мерзімнен екі ай бұрын істі тиянақтауға мүмкіндік беретін сияқты.
– Қазір құрылыс алаңында 98 құрылысшы маман еңбек етуде, олардың жартысынан астамы жергілікті азаматтар. Болашақ үй тұрғындары риза болуы үшін облыс орталығынан тартылған «Темірқазық» ЖШС мамандарымен бірлесіп, сапаға баса мән берудеміз, – дейді Жаңбай Жолаушыбайұлы.
– Компания мамандары кез келген қиындықтарды еңсере алатын кәсіптік шеберліктері шыңдалған азаматтар. Жаңа тұрғынүй ғимараттарын жоғары сапамен тұрғындарына тапсыратынымызға сенімдімін.
«Жөндеу құрылыс» ЖШС облыс аумағында басқа да жаңа жобаларды сапалы жүзеге асырып, ел сеніміне селкеу түсірмеген ұжым. Олар Панфилов ауданында Н. Головацкий атындағы орта мектептің, Талғардағы С. Сейфуллин атндағы № 2 орта мекктептің күрделі жөндеу жұмыстарын талапқа сай атқарып, пайдалануға берген. Қазір компания құрылысшылары Жаркент өңірінде Талды ауылындағы орта мектеп құрылысын тамамдау қарсаңында. Облыс орталығындағы теміржол бекетін салуда.
«Темірқазық» ЖШС соңғы екі жылдан бері шекаралы аймақта халықты ауыз сумен қамтамасыз ету ісін жүзеге асырып келеді. Учаске басшысы Марат Мырзахановтың айтуынша, аталған тұрғын үйлерді көркейту шараларымен қатар Көктал, Нәдек және Керімағаш ауылдарындағы инжинерлік ауыз су жүйелерін салуды міндетіне алған.
– Қазір біздің бригадалар Керімағаш ауылындағы ауыз су желісін жасауда, сонымен қатар 25 құрылысшы мен 5 техникамыз осы 60 пәтерлі тұрғынүйлердің инженерлік жүйелері мен көріктендіру жұмыстарын жүзеге асыруда. Біз мұнда балалар ойнайтын алаңдарды, жаяу жүргіншілер соқпағына бурсчаткалар төсеп, ауланы асфальттауды, басқа да жобадағы жұмыстарды атқарамыз. Бір сөзбен айтқанда жаңа үй тұрғындарына заман талабына сай қолайлы аула жасауды қолға алдық, – дейді Марат Жұмабайұлы.
Тарихы тереңнен тін тартатын Жаркент қаласының бүгінгі көрінісі заманауи жаңа сәулеткерлік үлгідегі құрылыстармен жасануда. Бұл өз мамандығын жетік меңгерген шебер қолды құрылысшылардың кәсібіне адалдығының белгісі.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










