Жетісу облысында жасанды интеллект дәрігерлерге науқастардың тексеру нәтижелерін сараптауға көмектесуде. «Дамумед» пен «Жетісу» жүйелерімен біріктірілген бұл бірегей қазақстандық жоба қазірдің өзінде өңірдегі мемлекеттік медицина мекемелерінің 90 пайызын қамтып отыр.
Мамандардың айтуынша, нәтижесі айқын. Өткен жылы ЖИ шамамен 400 мың адамның суреттерін талдап, 150-ден астам әйелде сүт безі қатерлі ісігін ерте сатысында анықтаған. Ал ақылды телерадиология жүйесінің арқасында адамдарға енді суреттердің дайын болуын күту қажет емес: рентген, КТ және маммография нәтижелерін дәрігерлер қашықтан бірден алып, қорытынды жасайды, ал пациенттер оларды жеке кабинеті арқылы онлайн көре алады.










