Талдықорған қаласы Мансап орталығы жыл басынан бері еңбек нарығында сұранысқа ие жобаларды жүзеге асырып, жүздеген тұрғынды жұмысқа орналастырды. Осындай ақпаратпен Талдықорған қаласының Мансап орталығы филиалының директоры Азамат Балтабеков бөлісті.
Атап айтқанда, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша биыл 80 жас маманды қамту жоспарланған, қазіргі таңда оның 71-і еңбекке тартылды. «Жастар практикасына» жолданғандар саны 279-ға жетіп, жылдық жоспардың басым бөлігі орындалды.
Қоғамдық жұмыстарға тұрғындарды тарту ісі жоспарда көрсетілген межеден асып түсті. Жылдық жоспар 890 адам болса, әртүрлі мекемелерге 1176 адам жолданған. «Күміс жас» жобасы да белсенді атқарылып, жоспарланған 160 адамның орнына 205 адам жұмысқа орналасты.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Ұрпақтар келісім шарты» жобалары толықтай жүзеге асырылды. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында да оң көрсеткіштер бар: биыл 48 адам тұрақты жұмысқа орналастырылып, қосымша екі жаңа жұмыс орны ашылды.
Қоғамға бейімделуге жағдай жасау мақсатында пробация есебіндегі азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар да еңбекке тартылуда.
Сонымен қатар, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 118 адам жолданып, жаңа мамандық игеру мүмкіндігіне ие болды.
Гранттық қолдау да жалғасуда. Жыл басынан екі рет өткізілген іріктеу нәтижесінде 30 жас кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болды.
Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға да қолдау көрсетілуде. Биыл 1039 отбасыға, яғни 5062 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 467 миллион теңгеден астам қаржы төленді. Бұдан бөлек, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылып, 1672 балаға 58 миллион теңгеден астам көмек көрсетілді.
Осылайша, Мансап орталығы еңбекпен қамту және әлеуметтік қолдау бағытында бірқатар ауқымды жұмыстарды атқарып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға үлес қосып отыр.










