2014 жылдың он алтыншы сәуірінде Басғұншы ауылының 77 жасар тұрғыны Үйсінтаев Тоқтасын ақсақалдың үйінде болдық. Бес – алты жыл бұрын әңгімелесе қалып, ақсақалға осы өңір көне үйсіндер мемлекетінің иелігі, олардың осы ауылдың орнында қаласы болғандығы туралы сөз қозғаған едім. Сол кезде Тоқтасын ақсақал Басқұншы ауылының үстінгі жағындағы қыратқа орналасқан қырманның солтүстік жағында өзіне тиісті жер телімінен тауып алған тас құралдар туралы айтып еді. Міне соның орайы келіп, үйіндегі тастан жасалған үйсіндердің құралдарын көріп, суретке түсіріп, мектептегі менің кабинетіме әкеліп қойдық.
Менің пайымдауымша осы көне тас құралдар табылған жер көне қаланың орны. Табылған заттардың бірі ұзындығы 45 – 46, ені 8 – 9 сантиметрлік дән үгіткіш. Егіншілікпен айналысқан адамдардың негізгі құралдары болуы керек. Шағын ғана бір қолмен ұстап кен үгітетін екі тас келсап (балға, және кішкентай шағын ұсақ заттарды үгітуге пайдаланылатын) тас құрал егіншілікпен айналысқан адамдардың негізгі құралдары.
Тоқтасын қарияның айтуы бойынша осы жерден тастан ойып жасаған тостаған және ұзындығы – 50 – 60 см, ені – 20 – 25 см болатын тастан ойып жасаған астау табылған. Шамасы үйсіндер кен орнынан алынған қоспаларды тас астауға салып ұсақтап үгітіп, содан кейін қорытқан болуы керек. Академик, археолог Ә.Марғұлан Бегазы – Дәндібай мәдениетін зерттегенде сол жерден табылған тас балғалармен бұлардың да көлемі бірдей балғалар немесе келсаптар біздің даламызды мекендеген ежелгі бабаларымыз кен өндіру ісін кеңінен жүргізгені көрінеді. Жоғарыдағы айтылған ескерткіш заттардың барлығы осы ауылдағы Крылов атындағы орта мектебінде істеген тарих пәнінің мұғалімі С.Құрманбекова ұйымдастырған тарихи мұражайға өткізіліп, кейіннен көптеген жәдігерлермен бірге Жаркент қаласындағы аудандық мұражайға алыныпты. Бұл жер Үйсіндердің көне жұртының орны, яғни тұрағы болғандықтан осы жерден қыштан, қайрақ тастан жасалған үлкен шылапшынға (Тоқтасын ақсақал «ежіре» — дейді) ұқсас затты жер жыртып жүрген трактор басып сындырып кеткен. Төменгі Басғұншы ауылынан табылған тастан қашап жасалған кен үгітетін астаудың тұғыры болуы бек мүмкін. Сынықтары шашылып, сол орында қалған. Тағы бір қызықты жәдігердің бірі — ұзындығы 60 – 70 см жебе. Үйсін жауынгерлерінің сол заманда қолдан соққан ұштарды жебенің басына орнатып жауына жасындай жарқылдата заулата тартқаны білінеді. Шірімей жатқандығына қарағанда қоладан соғылған болуы керек. Жебенің мыңдаған жылдар топырақ астында жатуы оның күңгірттеніп кетуіне ықпал еткен. Ұшын тазалап жібергенде жарқырап шыға келген.
Әңгіме арасында, «Осыдан жеті — сегіз жыл бұрын осы ауылдағы бақшаны қазып жүрген адамдар құранды ер тауып алыпты деп естіп едім, олар кімдер екен» — деп сұрадым. Сәлден кейін «Оны мен тауып алып едім» – деді. Көрсетуін сұрап едік, қасымызда отырған баласы қоймаға барып балаларға жасап шабылған ерді көтеріп алып келді. Шағын ғана ердің екі қапталы, қасы, артқы қасы бөлек шабылып жасалған, қаттылығына қарағанда осы өңірде көп өсетін жидеден шауып жасалған болуы керек. Алдыңғы қасына түгелдей қалақша темірден қапсырма жүргізген, оны екі қапталымен жалғастыра отырып құйысқандыққа дейін шегендеп апарған. Құйысқанды бекітетін жерге айналсоқ жасап айылбас орнатқан, оны темірден соққан. Шамасы ерді қыз балаға арнап жасатқан болуы керек, себебі, қас бетімен, ердің екі жақтауына жалтырауық тастардан көз салған. Ердің қасының басына жасалған жылы 1913 жыл деп жазылған және жасаған шебердің аты болуы керек, арапша жазу бар. Мұндай көне жәдігерлер Басғұншы ауылының орны мен батысындағы қырат үстіндегі Көкжазықтан көптеп табылады.
Көкжазықтағы Үйсін обаларын қайтадан барып санап, суретке түсіру барысында қалың обалар қоршап жатқан орталықтағы үлкен қара тас назарымды аударды. Кезінде колхоз басшылары егіс көлемін ұлғайту мақсатында обалардың арасындағы бос алаңқайларды жыртқызып, егін егіп тастаған жерде жатыр екен. Бетін жартылай топырақ жауып қалыпты. Тазалап жіберіп суретке түсіріп алдық. Қара тас бетіндегі көне жазулардың ежелгі аңшылардың аң аулау мезеттері қашалған.
Үйсін обаларын зерттеуге көлігімен алып келіп, қолғабыс тигізіп жүрген Атамбаев Әбілғазы Насыролдаұлының да ел сүйгіштік қасиетін айтпай кетуге болмайды. Үйсіндер туралы олардың тұрағы, қолданған тұрмыстық заттары туралы естіген соң өзінде де үйде біраз үйсін ескерткіштерінің сақтаулы екендігін айтты. Сақтаған заттардың шын мәнінде құндылығы жоғары екен. Шамамен б.з.д. ІІІ – б.з. ІІІ ғ. жасалынып, тұтынылған саздан жасалған бір құмыра мен көзені көрдік. Кен үгіткіш балға (келсап) пен ұршық тастар (2 — еу) көңіл аударуға тұрарлық бұйымдар болып шықты. Басғұншы ауылындағы Крылов атындағы орта мектебінде сурет пәнінен сабақ беріп жүргенінде оқушылар тауып алып келіп беріпті. Бұл жинаған заттардың барлығы Басғұншы ауылының үстіңгі жағындағы қыраттағы застава орналасқан жерден солтүстікке қарай бір шақырымдай жерден табылған. Мектеп оқушылары колхоздың алма бағының арасына су жіберілетін арық қазып жүргенде топырақ астынан шыққан.
Осы ауылдағы Крылов атындағы орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Туғамбаев Бейсембектің 5 сыныпта оқитын ұлы Бағашар Тілек 2012 жылы ауылға келіп құбыр саламыз деп қазып қойған, жабуға әлі мүмкіндіктері болмай жүрген ескі диірменнің жанынан өткен шұңқырдан ойнап жүріп бірнеше үйсін ескерткіштеріне жататын қыштан, тастан жасалған заттар тауып алыпты. Ұқыпты өскен бала оларды сындырмай үйіне әкелген. Қыштан жасалған шағын көзенің биіктігі 12 см, бүйірі қысыңқы, ернеуінің ені 12 см. Бастапқыда бүйірінде тұтқасы болған, бірақ сынып түсіп қалыпты. Үй тұрмысында, сүт, көже қайнатуға пайдаланған болуы керек түбі мен бүйірі күйеден көрінбейді. Сол сияқты үлкен кен үгітетін тас астаудың түбін тауыпты. Үстіңгі бөлігі сынып түсіп қалған.
Ендігі бір көптеген археологтар мен тарихшылардың көңілін аударатын ескертікш үйсін суретшісінің тасқа қашап (шекіп) салған бейнесі. Үлкен адамның алақанындай қалақша тастың шеттері дөңгелендіріліп кертілген. (Нұрсағат Әлібаевтың айтуынша «коржик» (тәтті тоқаш) нан). Тастың сәл дөңестеу бетіне үйсін суретшісі, үйсін яки ғұн жауынгерінің бейнесін салған. Басына тәж киген патша немесе қолбасшы жауынгер болуы мүмкін, қолында қылышы, бір қолында найзасы бар салт атты жауынгер сұлбасы бедерленген. Жауынгердің астындағы атының төбелігіне де тәж кигізілген. Соған қарағанда ұлы қолбасшының немесе жауынгер патшаның бейнесі көрінеді. Салт атты батырдың суретінің айналасынан күн сәулесінің шапағы таралғаны келтірілген.
Табылған заттардың барлығы шамамен б.з.д ІІІ ғ – б.з. ІІІ ғ осы араны мекендеген Үйсін мемлекетінің бас қаласының орны Басғұншы екендігін көрсетеді. Жасалған заттардың бәрі үйсіндердің қол өнершілерінің жасаған бұйымдары. Халқымыздың көне жәдігерлерін мұқият сақтап отырған қадірменді Тоқтасын қария мен болашағынан көп үміт күттіретін 5 сынып оқушысы Бағашар Тілекті тарихшы әрі фотогроф Нұрсағат Әлібаев суретке түсірді, осындай тарихымызды толықтыратын жәдігерлерді жоғалтпай бізге беріп отырған жарандарға алғысымызды айтып, ризашылығымызды білдірдік.
Басғұншы ауылы орналасқан (Шығу – Қызыл Аңғар қаласының орны) мекеннің астыңғы қатпарында қазақ халқының қалыптасуының негізгі ұйытқысы болған ұлы үйсіндердің, біздің бабаларымыздың тіршілігінен дерек беретін қаншама жәдігер жатыр десеңізші.
Әңгімелесе отырып, тасқа түскен жауынгер салтанатты киінген сұсты бейнесіне қарай отырып ежелгі қытай жазбаларында «Үйсіндер жауынгер халық» деп мойындаған сөзді тағы да бір есімізге түсіреді.
Молот СОЛТАНАЕВ