XXI ғасырдағы цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы зияткерлік меншік құқықтарын қорғау жүйесінің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Интернет желісі арқылы таратылатын шығармалардың санының күрт артуы және оларды пайдаланудың жаңа нысандарының пайда болуы авторлық құқықтарды басқарудың дәстүрлі тетіктерінің тиімділігін төмендетуде.
Осыған байланысты авторлық сыйақыларды әділ, ашық және тиімді бөлуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін цифрландыру бағытында стратегиялық қадам жасады.
2025 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған заң зияткерлік меншікті қорғаудың ұлттық жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды кезең болып табылады және авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауға бағытталған заманауи, ашық әрі әділ басқару жүйесін қалыптастыруды көздейді.
Қабылданған заң бірнеше негізгі міндеттерді жүзеге асырады. Біріншіден, авторлар мен құқық иеленушілердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, олардың мүдделерін қамтамасыз ететін құқықтық негіз қалыптастырады. Екіншіден, тауар таңбаларын және патенттерді тіркеу саласындағы негізгі рәсімдер нақтыланып, олардың ашықтығы мен қолжетімділігі арттырылды. Үшіншіден, ұжымдық басқарудың жаңа тетіктері енгізіліп, авторлық қоғамдардың қызметі мен сыйақыларды бөлу үдерісінің ашықтығы қамтамасыз етілді.
Заңда ұжымдық басқару үдерістерін цифрландыруға ерекше назар аударылған. Бұған дейін шығармаларды пайдалану есебі мен авторлық сыйақыларды бөлу ішінара қолмен жүргізіліп, бұл қателіктердің туындауына және ашықтықтың төмендеуіне әкелетін.
Осы мәселені шешу үшін Бірыңғай цифрлық платформа (БЦП) енгізілді. Платформа шығармаларды пайдаланудан бастап авторлық сыйақыларды төлеуге дейінгі барлық кезеңдерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
БЦП заманауи цифрлық технологиялар негізінде жұмыс істейді және ұжымдық басқарудың барлық негізгі процестерін қамтиды. Атап айтқанда, платформа келесі мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді:
- Ашықтық – авторлар, құқық иеленушілер және пайдаланушылар жасалған шарттар, шығармаларды пайдалану және есептелген сыйақылар туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады;
- Есепті автоматтандыру – телерадио хабар тарату кезінде орындалатын музыкалық шығармалар жүйеде автоматты түрде тіркеліп, есептің дәлдігі артады;
- Авторлық сыйақыларды әділ бөлу – платформаның деректері негізінде сыйақылар уақытылы әрі нақты бөлінеді;
- Авторлар үшін қолжетімділік – әрбір автор жеке кабинет арқылы өз шығармасының қай жерде және қалай пайдаланылып жатқанын, сондай-ақ сыйақының дұрыс есептелуін бақылай алады.
Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу кезеңдері
БЦП-ны енгізу үш кезеңде жүзеге асырылады:
Бірінші кезең (2026 жылғы 23 қаңтардан бастап) – эфирлік және кабельдік хабар таратушы ұйымдарды қосу. Бұл кезеңде радиостанциялар, телерадиоарналар, кабельдік операторлар және спутниктік провайдерлер арқылы шығармаларды пайдалану есебі жүргізіледі.
Екінші кезең (2026 жылғы 1 шілдеден бастап) – театрлар, кинотеатрлар және филармонияларды қосу. Бұл концерттік және сахналық қызмет саласында шығармаларды пайдалануды есепке алуға мүмкіндік береді.
Үшінші кезең (2027 жылғы 1 қаңтардан бастап) – өзге де барлық пайдаланушыларды қосу. Олардың қатарына кафе, мейрамханалар, барлар, концерт залдары, сауда орталықтары, қонақ үйлер және онлайн-платформалар жатады. Осылайша, платформа ел аумағындағы шығармаларды пайдаланудың толық циклін қамтиды.
Бірыңғай цифрлық платформаны енгізу авторлар мен құқық иеленушілерге бірқатар маңызды артықшылықтар береді:
- шығармаларға қатысты барлық операциялардың ашықтығы;
- есептеу үдерістерінің автоматтандырылуы нәтижесінде сыйақыларды төлеу мерзімінің қысқаруы;
- авторлық қоғамдар мен пайдаланушылар арасындағы даулардың азаюы;
- шығармалардың таралуына қатысты аналитикалық деректерге қол жеткізу мүмкіндігі.
Сонымен қатар, цифрландыру ұжымдық басқару жүйесіне деген қоғам мен мемлекеттің сенімін арттырып, шығармашылық саланың әрі қарай дамуына негіз қалайды.
Заң ұжымдық басқару ұйымдарының қызмет аясын кеңейтіп, интернет желісінде шығармаларды пайдалану мәселелерін де қамтиды. Цифрлық контенттің қарқынды өсуі жағдайында авторлық құқықтардың сақталуын бақылау аса маңызды.
БЦП интернет-платформаларда шығармалардың пайдаланылуын есепке алып, авторлық сыйақыларды автоматты түрде есептеуге мүмкіндік береді.
Авторлық құқықтарды ұжымдық басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру және цифрлық платформаны енгізу елдің экономикасы мен мәдениетіне оң ықпал етеді. Ашық әрі әділ жүйе шығармашылықты ынталандырып, жаңа мәдени және ғылыми жобалардың дамуына жол ашады, сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділікті арттырады.
Мемлекет үшін бұл авторлық құқықтардың сақталуын тиімді бақылауға және креативті индустрияны дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жүйесін цифрландыру туралы заңның қабылдануы және Бірыңғай цифрлық платформаның енгізілуі Қазақстандағы зияткерлік меншік жүйесін жаңғыртудың маңызды қадамы болды. Платформа авторлық сыйақыларды әділ әрі тиімді бөлуді қамтамасыз етіп, ұжымдық ұйымдардың қызмет аясын кеңейтеді және жүйеге деген сенімді арттырады.
Цифрлық платформа шығармашылықты, инновацияны және кәсіпкерлікті дамытуға жағдай жасап, авторлық құқықтарды қорғаудың халықаралық стандарттарға сай заманауи жүйесін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осылайша, Қазақстан авторлар, пайдаланушылар және мемлекет мүдделерінің теңгерімін сақтай отырып, зияткерлік саладағы цифрлық трансформация жолында маңызды қадам жасады.
Берік САЛТАЕВ,
Жетісу облысы Әділет департаментінің
зияткерлік меншік құқығы бөлімінің
бас маманы.










