Ақпанның 15 күні Панфилов ауданында үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) өкілдері мен жергілікті белсенділердің қатысуымен «Реформаларды жүзеге асырудағы азаматтық қоғам институттары» тақырыбында сараптамалық талқылау ұйымдастырылды. Кездесу азаматтық бастамаларды қолдау және мемлекеттік реформаларға қоғамның белсенді қатысуын арттыру мәселелерін жан-жақты қарастыруға арналды.
Іс-шара барысында реформаларды жүзеге асырудағы ҮЕҰ-лардың рөлін күшейту қажеттігі атап өтілді. Қатысушылар азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы серіктестігін арттыру, қоғамдық бақылау мен кері байланысты жүйелеу бағытында ұсыныстар білдірді.
Сондай-ақ аудандық ресурстық орталық пен қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайту мәселесі талқыланды. Бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ақпарат алмасу тетіктерін жетілдіру және әлеуметтік бастамаларды үйлестіру жолдары қарастырылды.
Жергілікті белсенділердің әлеуетін арттыру да кездесудің маңызды бағыттарының бірі болды. Қоғамдық көшбасшыларды қолдау, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және азаматтық бастамаларды дамыту тетіктері жөнінде пікір алмасу өтті.

Аталған талқылау «Азаматтық қоғамды қолдау» аясында ұйымдастырылып, конституциялық реформалар мен инновациялық даму бағыттарын тиімді жүзеге асыруға бағытталды. Кездесу нәтижесінде қатысушылар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыруға мүдделі екендіктерін білдірді.










