

Бүгін «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция өкілдері Серік Мұқанов, Әсет Қыдырманов, Несіпжамал Баймадиева, Ляйля Сембаева Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылындағы №21 мектептің ұжымымен кездесіп, Конституциядағы жаңартулардың маңыздылығы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың қорғалуына әсері туралы нақты мысалдар келтірді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушыларға Конституциядағы жаңартулардың маңыздылығы қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізілді. Спикерлер құқықтық реформалардың ел дамуына, әділ сот төрелігіне, азаматтардың қорғалуына әсері туралы нақты мысалдарды тілге тиек етті.
– Жаңа Ата заңда қарастырылған цифрландыру ауылдық жерлерде дамып, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, тұрғындардың мемлекеттік әрі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетеді. Сонымен қатар, елде жергілікті өзін-өзі басқару институты енгізіледі, ол халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетінше шешуге, мәслихаттар арқылы өз өңірінің өміріне белсенді ықпал етуге мүмкіндік береді. Барлық осы мүмкіндіктер жаңа Ата Заң жобасында ресми түрде бекітілген, — деді Серік Мұқанов.
Мұнан кейін мінберге көтерілген Несіпжамал Баймадиева жаңа жобада әлеуметтік кепілдіктердің күшейтілуі, еңбек құқықтарының қорғалуы және әділетті қоғам құру қағидаттары айқын көрініс тапқанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, сот төрелігінің тәуелсіздігі және құқық қорғау жүйесінің ашықтығы – жаңа редакциядағы негізгі басымдықтардың бірі.
Сонымен қатар, Конституциялық Сот институтының енгізілуі азаматтардың өз құқықтарын тікелей қорғау мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл – құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі нақты қадам екенін атап өтті.
Ал, Ляйля Сембаева жобаның негізгі бағыттары мен жаңашыл реформаларын таныстырып, цифрлық технологияларды қолдану, сот және құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударды.
– Цифрлық технологиялар дәуірінде азаматтардың құқықтарын қорғау жаңа мазмұнға ие болуда. Осыған байланысты жаңа Конституцияда цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға ерекше мән берілген. Жеке деректердің қорғалуы, онлайн-қызметтерге тең қолжетімділік, интернеттегі қауіпсіздік пен жеке өмірге қолсұғылмаушылық конституциялық деңгейде бекітіледі. Бұл – мемлекеттің азамат құқығын тек дәстүрлі кеңістікте ғана емес, цифрлық ортада да қорғауға дайын екенінің айқын дәлелі. Жаңа Конституцияда дін мен мемлекеттің аражігі нақты ажыратылып, білім беру мен тәрбие жүйесінің зайырлы сипаты айқын бекітіледі. Оның ғылымға, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделетіні нақты көрсетіледі. Бұл қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің және радикалды көзқарастардың алдын алудың маңызды кепілі, – деді спикер.
Кездесу барысында қатысушылар конституциялық бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты. Жалпы жиынның ашық форматта өтуі ұжым мүшелеріне өз пікірін білдіруге және өзекті сауалдарға жауап алуға мүмкіндік берді.









