Конституция – кез келген мемлекеттің саяси-құқықтық өміріндегі ең басты құжат. Ол елдің даму бағытын айқындап қана қоймай, азамат пен мемлекет арасындағы қатынастың шынайы өлшемін белгілейді. Сондықтан Конституцияға енгізілетін кез келген жаңалық немесе жаңа жоба – қоғам тағдырына тікелей әсер ететін тарихи шешім.
Ұсынылып отырған Конституция жобасының басты артықшылығы – адамды, оның құқығы мен бостандығын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты әрі айқын бекітуінде. Бұл қағида декларативті сипатта ғана емес, құқық қолдану тәжірибесінде нақты жүзеге асатындай тетіктермен толықтырылған. Яғни азаматтың ар-намысы, жеке өмірі, ой еркіндігі, әлеуметтік қорғалуы бұрынғыдан да жоғары деңгейде заңмен қорғалады.
Тағы бір маңызды басымдық – билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің күшейтілуі. Мемлекеттік басқару жүйесінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің өзара тежемелік әрі тепе-теңдік қағидасы нақтылай түседі. Бұл бір қолға шамадан тыс өкілеттіктің шоғырлануына жол бермей, мемлекеттік шешімдердің ашық әрі жауапты қабылдануына мүмкіндік береді. Парламент пен жергілікті өкілді органдардың рөлі артып, қоғамның саяси үдерістерге қатысу аясы кеңейеді.
Конституция жобасының тағы бір артықшылығы – жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытуға басымдық берілуі. Бұл ауыл, аудан, қала деңгейіндегі өзекті мәселелерді сол жерде тұратын халықтың тікелей қатысуымен шешуге жол ашады. Халық өз өңірінің дамуына ықпал ете алатын нақты тетіктерге ие болады. Мұндай қадам азаматтық жауапкершілікті арттырып, қоғамның белсенділігін күшейтеді.
Әлеуметтік бағыттағы нормалар да айрықша назар аударарлық. Конституция жобасында әлеуметтік әділеттілік, еңбек адамының құқығын қорғау, денсаулық сақтау мен білімге қолжетімділік басты міндет ретінде айқындалған. Мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігі нақты міндеттер арқылы бекітіліп, әлсіз топтарды қорғау тетіктері күшейтіледі. Бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің негізгі кепілі.
Сонымен қатар жаңа Конституция құқық үстемдігін қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Соттың тәуелсіздігі, заң алдындағы теңдік, әділ сотқа қол жеткізу қағидалары нығая түседі. Заң бәріне ортақ болуы – демократиялық қоғамның басты белгісі. Осы тұрғыдан алғанда, Конституция жобасы азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған.
Қоршаған ортаны қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау, ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері де негізгі заң деңгейінде көрініс тапқан. Бұл – тек бүгінгі күнді емес, болашақты ойлаған ұстанымның айғағы. Табиғатты қорғау, жер мен суға ұқыпты қарау – енді тек моральдық емес, конституциялық міндет ретінде қарастырылады.
Қорыта айтқанда, ұсынылып отырған Конституция жобасының артықшылығы – әділетті мемлекет, жауапты билік және белсенді қоғам қалыптастыруға бағытталғанында. Бұл құжат ел дамуының жаңа кезеңіне құқықтық негіз қалап, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға қызмет етеді. Конституция – тек заңдар жинағы емес, ол – халықтың еркі мен болашаққа деген сенімінің көрінісі. Сондықтан оны талқылау мен қолдау – әрбір саналы азаматтың ортақ ісі.
Медет Әкімжанұлы МҰҚАТАЙ,
Жетісу облыстық мәслихатының депутаты










