Қоғамның әр кезеңінде ел тағдырын айқындайтын тарихи сәттер болады. Бүгінгі таңда сондай маңызды кезеңдердің бірі – жаңа Конституция жобасын талқылау. Бұл тек заңгерлердің немесе саясаткерлердің ғана мәселесі емес. Бұл – мемлекет болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың, соның ішінде жастардың да ортақ ісі.
Жастар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі белсенді күші. Қоғамдағы өзгерістерге ең алдымен жастар үн қосады, жаңа идеяларды алға тартады, жаңашыл бастамаларды қолдайды. Сондықтан Конституция жобасына қатысты пікір білдіру, оны қолдау немесе талқылауға қатысу – жас буынның азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.
Жаңа Конституция жобасы мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге, қоғамдағы әділдік қағидаларын нығайтуға бағытталған. Заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, билік пен қоғам арасындағы ашықтықты арттыру – осының барлығы жастар үшін де маңызды. Себебі ертеңгі күні елдің тізгінін ұстайтын – дәл осы бүгінгі жас ұрпақ.
Жастардың көзқарасы көбіне жаңашылдықпен ерекшеленеді. Олар қоғамдағы өзгерістердің жылдам болғанын қалайды. Тиімді басқару, тең мүмкіндік, әділдік – жастар ұстанатын басты құндылықтардың бірі. Сондықтан жаңа Конституция жобасында осы ұстанымдардың көрініс табуы – елдің дамуына жаңа серпін береді.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білімді, саналы, белсенді жастардың қолында. Ал мұндай жастар ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерден тыс қалмауы тиіс. Өз пікірін білдіру, қоғамдық талқылауға қатысу, дауыс беру – мұның бәрі азаматтық мәдениеттің белгісі.
Бабаларымыз елдік мәселелерді әрдайым ақылдасып шешкен. Бүгінгі таңда да сол дәстүр жалғасып келеді. Жаңа Конституция жобасы – ел дамуының келесі кезеңіне бастайтын маңызды қадамдардың бірі. Сондықтан жастар бұл үдерістен сырт қалмай, ел болашағын айқындайтын бастамаларды қолдауға дайын екенін көрсетеді.
Елдің ертеңі – жастардың қолында. Ал ел тағдырына бейжай қарамайтын жас буын үшін жаңа Конституция жобасын қолдау – болашаққа деген сенімнің белгісі.
Гауһар МҰҚАТАЙ,
Панфилов аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы










