Əбіш əлеміне ену үшін, «Үркер» мен «Елең-алаңды» қайта шолдым. Басқа шығармаларының жөні бөлек, ал бұл екі романға Əбіш аға жанын салды. Арада екі ғасыр өткенде Əбілқайыр ханды Ресей жеріндегі ел тағдырын шешкен кездесуге қайта апарып келудің салмағы екі өліп тірілгенмен бірдей болған-ақ шығар. Сонда қайраткер қаламгер Əбілқайыр ханды қыл көпірден қалай өткізді, ол туралы «Аңыз Əбіш» атты мақаламда жаздым.
Ал Оралхан əлеміне ену үшін, «Мұзтауды» қайта оқуыма тура келді. Басқа шығармаларының орны бөлек, ал «Мұзтауда» Оралхан өз биігін көрсеткісі келгені хақ. «Мұзтау» əйгілі Берел қорымының құпиясы ашылардан жиырма екі жыл бұрын жазылған хикаят. Берелде қарағайдың діңінен қақ жарып жасалған астау-табыт терең тоң қабатынан аршылып алынса, «Мұзтауда» кейіпкердің іздеген шындығы да терең мұз қоймасынан табылады. Ол туралы «Аңыз Оралхан» атты мақаламда жаздым.
Енді Бексұлтан əлеміне ену үшін, «Əй, дүние-ай» романына тағы бір көз жүгіртіп өту керек болды. Себебі, бұл романында ол қоғамдық өміріміздегі өз жеке басын үлкен дауларға қалдырған мәселелерді бір жағына шығаратындай көрінді. Кітапта көтерілген он алтыншы жылдың оқиғасына ол даулардың тікелей қатысы жоқ болса да. Тіпті олай ойламайын десең де романды қолға алғанда авторының әдеби өміріміздегі беймаза адамдардың бірі екені еріксіз еске түсе береді.
Оқығандардың екі пікірін бөле-жарып айтқымыз келеді. Халықшылдауы, Әуезовтің «Қилы заманында» көтерілген тақырыпты қайта жазуға батылы жетіпті. Ресмилеуі, «Əй, дүние-ай» арқылы жазушы тəуелсіздіктің көркем баянын жасапты. Ал, өз пікіріміз, романды қара сөзбен жазылған баллада деуге де болар еді. Ойға түйгеніміз, мұның артында «мен жазбасам кім жазады?» деген ерлік жатыр. Нәтижесі, роман мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Соңғы айналымға қатар жеткен жүз томдық «Бабалар сөзінің» қасында тау көтерген Толағай құсап тұрды.
Қалай дегенде де жүз томдықтың салмағы оңай емес. Бірақ ұсынылғандар жүз томдыққа кірген авторлар емес, жүз томдықты құрастырушылар. Құрастырушы болса да дүмі диірмен тартып тұрғаны бесенеден белгілі. Бізде әр мемлекеттік сыйлықтың тұсында есте қалатын «әй, үй» деген одағай бір сөз айтылып қалады. Бұл жолғы есте қалатын сөзді: «Мемлекеттік сыйлықты» бір алса Бексұлтан ағам алсын, одан өтіп кетсе мен алуға тиістімін», – деп Рақымжан Отарбаев айтты. Кейін бәрі ұмытылса да, Рақымжанның осы тентек сөзі ұмытылмайтын шығар деп біз отырдық.
Ал басқалар жол берейін деген жоқ, қайта: «Қыз-қырқын туралы кітапқа мемлекеттік сыйлық беруге бола ма?» – деп ығыстырып тастағысы келді. Шынында да Бексұлтан Нұржекеұлы бұл сыйлықты әйел тақырыбына жазған романдары үшін әлдеқашан алуы керек болатын. Мысалы, «Алаш айнасы» атты ақпараттық портал жазушының көп томдығы жарық көргенде: «Қыз сезім», «Күтумен өткен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», «Күнәлі махаббат», «Бір өкініш, бір үміт» секілді шығармаларын оқығаннан кейін әлемде Бексұлтан Нұржекеұлы секілді адам жанын, әйел жанын түсінетін ер азамат жоқ шығар деген ойға қаласың», – деп жазған екен.
Осы сөзді оқырмандардың аузынан қанша рет естідім екен? Мұның ар жағында «қоғам жаны» деген сөз сұранып тұр. Ол қоғамды әйел жаны арқылы түсінуге жол салған жазушы. Әйел жанын айна деп ұғынып, сол айнадан көргендеріне құлай сенген адам, негізі, адаспаған. Оның оқырмандарының көп болуының бір себебі сондықтан болса керек. Шығармашылық табиғаттарының ұқсастығына қарап, «Бексұлтан – прозадағы Мұқағали» деп қалғаным да сол себептен еді.
Қабағында мұң бар адамдардың бәрі Мұқағалиды оқиды. Көңіліне қаяу түскен жандардың барлығы Бексұлтанды оқыған жылдар да болған. Ондай оқырмандарды қоғам да, саясат та, тарих та қызықтырмайтын. Олардың мұңы ортақ әрі уайымы біреу-ақ сияқты көрінетін. Жаратушыдан бір-ақ рет берілетін өмірді бірге өткізіп келе жатқан ерлі-зайыптылардан жақын кім бар? Енді сол адамдар бір-бірімізді адаспай тапқан жандармыз ба, бір-бірімізді түсіну үшін қандай жолдардан өттік, арамызда пайда болған кедергілерді жеңе алдық па өзі деп сыр ашысады. Ең қызығы да, керегі де сол, бұл романнан әркім өзін іздейді және өзін сол романның ішінен табады да.
«Ерлі-зайыптылар» – көп жыл отасқан жандардың өмір тәжірибесін сыр ғып айтқан шығарма. Онда мына нәрсені өнеге қылайын, өкініштеріммен бөлісейін, біреуге сабақ болсын деген мақсат жоқ. Отбасылық өмірдің құпия да тылсым сырлары қалай болды, солай шертіледі. Автор да кейіпкерлеріне қосылып егіліп, жүрегі езіліп кетпейді. Әңгімелерін өз ауыздарымен айтқызып, сырттай бақылаумен шектеледі. Бұл жағынан кейіпкерлері қандай да бір идеялық қысымға түспейді. Қайта үлкен идеяларға оларды өмірдің өзі әкеледі. Шығарманың шынайылығын арттырып тұрған осы ерекшелікті оқырман да өгейсімей, өзімсіне қабылдайды.
Мен «Ерлі-зайыптыларды» түрмеде қалай оқығанына куә болдым. Түрмеде түзелмейтін адамдар ғана жатпайды. Атпалдай бір азамат басына іс түсіп, қамалып қалды. Талдықорғанға халін сұрап бардым. Сондағы оның бірінші айтқан жаңалығы жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының осы аталған романын қалай көргені болды. Оның айтысынша кітапты кезек-кезек алып оқығандар жол арасына өздерінің мұңдары мен сырларын бос жер қалдырмай жаза беріпті, жаза беріпті. Сөйтіп баспадан тасқа басылып шығып, аяғында түрмеден табылған кітапты өздерінің сырласу құралына айналдырып алыпты. Кейін сұрастырғанымызда, қазынаның мүлкін бүлдірді деген әңгімеден қашты ма, кітапты қолымызға бермеді.
«Ерлі-зайыптылардағы» үзік-үзік ойлар мен сезімдер көшірілген қойындәптерді де көрдім. Бұл қойындәптердің жалғыз емес екенін де ішім сезді. Себебі романнан теріп алынған осындай сөздерді газет-журналдардың бірінен оқыған болатынмын. Сондай тағы бір топтаманы оқушы қыз бала көшіріп әкелгенде тіпті таңғалдым. Демек, романды кейіпкерлерінің бастан кешкен оқиғалары ғана емес, ішіндегі айтылатын ойлары да тартымды ете түскен. Жазушының мұнда келтіретіндері «ә, солай екен ғой» дегізіп, көңіліңе қона кететін өмір-тұрмыстың философиясы. Оны оқығанда күні кешегі аға буынның жаны қандай бай, сезімдері қандай мәуелі болған дейсің еріксізден-еріксіз.
«Әй, дүние-ай» романы да «дың» еткізіп сезім пернесін басумен басталады. «Он алтыға толған қызды қазақтың піскен жеміске балайтынын Шәйі білетін», – деген алғашқы жолдан-ақ жазушының «өзіміздің Мопассан» атандырған дағдылы стилі қылаң береді. Одан кейінгі әуезді сөйлемдер де тіліңе кібір-тіксіз еркін оралып, көңіліңді үйіре түседі: «…айнаға сәт сайын сүзіле, өзгеше бір өзгеріс іздеп қарайды». Өзіне өзі: «…Қайта-қайта неменеге қарай бересің?» – дегендей, айнадан әжуалап күлімсірейді». Жазушы осы бір беймарал шақты иін қандыра суреттеген сайын жер астынан бір дүмпу жақындап келе жатқандай алағыздырады. Себебі, қыз он алтыда, шығарма қазақтың басына қасірет болып туған он алтыншы жыл туралы.
Ана бір жылдары қазақтың тұңғыш халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің өз аузынан жазылып алынған естелік табылып еді. Сол естелікте қазақтар ашық аспан астында жиналып ас беріп жатады. Осы кезде от қаруы шошайып отряд келіп қалады. Отряд ас беріп жатқандарды көтерілісшілер деп ойлап қалып, мылтық атады. Жан-жаққа пірім-пірім болып қашқандардың алды Қытайға өтіп кетеді. Сонда бір бай жалшы боп жүрген бала Әбілханға: «Біз кеттік, артымыздан отарды айдап келерсің», – деп айқайлап бара жатады. Әбілхан олардың артынан жаяу-жалпылап, бес жүз қойды шығын шығармай аман-есен арғы бетке айдап өтеді.
Міне, осылайша жайынша жатқан халық тышқан мұрнын қаната ма? Бірақ соған да қарамастан адам шығыны көп болған. Жазалаушылар отряды оң-солына қарамай, аң аулап жүргендей шетінен қыра берген. Мұндайда ер-азаматтардың ықпалынан шықпаған момын қазақ әйелі не істейді? Шиті мылтық асынып, ер-азаматымен бірге көтеріліске шығудың жөні жоқ. Таяққа сүйеніп қалған кәрі-құртаңдар мен бала-шағаға ие болып қала береді. Тауға да сіңіп кете алмайды, ойға да қашып құтыла алмайды. Үрім-бұтақтың бар жауапкершілігі енді солардың мойнында. Біздің кейіпкеріміз Шәйі осындай бір күн бар, бір күн жоқ ауыр заманда ата дәстүрін сақтап, сүйген жігітінен еш болмаса ұрпақ қалсын деп күйеуге шығады. Жазушының «Әй, дүние-айда» айтуынша, қандай заман болса да: «Күйеусіз қалу – ханның қызына да кемістік. Жоқтан бар жақсы, жалғыздықтан жұп жақсы. Жақсыға ұмтылғанның несі сөкет?».
Қайбіреулер айтып қалған «қыз-қырқынның әңгімесі» деген сөз осы жанкештілік болмаса басқа не? Жалпы отаншылдық деген қасиет әлеуметтік статусыңа байланысты биіктемейді де, төмендемейді де екен. Мысалы, бұл Ги Де Мопассанның әйгілі «Томпышындағы» жолбике қыздың қасындағы шен-шекпенділерден әлдеқайда отаншыл да патриот болып шыққаны сияқты. Бірақ, бұған қарап Шәйіні Жүсіпбек Аймауытовтың Ақбілегі сияқты қор болып кеткен жан екен деуге болмайды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның жандүниесі айна секілді он алтыншы жылғы ереуіл мен сексен алтыншы жылғы көтеріліс аралығындағы тағдыр-талайы талқыға түскен ұлт жанына тереңірек үңілдіреді.
Осы тарапта бас кейіпкер Шәйінің басындағы кейбір жайттарды ашық жазу қаншалықты керек екені ойлантпай қоймайды. Ұлт толық жетілмесе қорыну сезімінен арыла алмауы мүмкін. Ал өз қолы өз аузына жеткен халық ештеңені жасырмайды. Қайта басынан өткен қорлықтарды ашына айтады. Әсіресе ол батыстың әдебиеті мен киносында өткір қойылады. Ондайға бір мысал етіп Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты әңгімесін келтіруге де болар еді. Бұл әңгімеде Ақан мен Қалтай есімді екі жолаушы отағасы сүзектен өліп, жетім-жесір қалған үйге түседі. Ол үйде қорғансыз, қуатсыз кемпір мен келін және жаңа жетіліп келе жатқан жас қыз Ғазиза үшеуі ғана бар. Сонда алдарына ас қойып, аттарына шөп салған қорғансыз жандарға әлгі қандас жолаушылар не істейді?
«Ғазизаның алдында сескенген ойы Қалтайдың не айтпағын сезіп, қатты ашуланып, бір жағынан, намыстанғандай болып, сөзінің аяғын бітіртпестен: «Сенің ойыңдағы сұмдығыңды білмей тұрмын ба? Аулақ жүр! Мен сенің мазақ қылатын кісің емеспін!» – деп, лампыны жерге қойып, жөнеле берді. Қалтай күтпеген сөзді естігенде: басындағы күліп тұрған пішінін жия алмай, оның үстіне аңырайып аң-таң болып, ойына ешнәрсе келмей, біраз тұрып қалды. Ғазиза сол бетімен жүгіріп, екінші қораның есігінен шыға бергенде, есік алдында екеуінің сөзін естіп тұрған Ақан ұстай алды. Ғазизаның әуелде үрейі ұшып кетіп есін жиып алғанша, Ақан көтеріп пішен-қораның қуысына алып келді. Қалтай шамды өшіріп жіберіп, қораның ішіне қарай кетіп қалды. Дүниені қараңғылық басты», – деп жазады Әуезов.
Айтайын дегеніміз, он алтыншы жылғы көтерілісті басып-жаншуда нелер сұмдықтар орын алды. Ондай сұмдықтардың неше атасы сексен алтыншы жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін де қайталанды. Біздіңше, «Әй, дүние-ай» романында арлы жазушы мұны айналып өте алған жоқ. Бәлкім, мемлекеттік сыйлықтың тізімінен сыздырып тастағысы келгендер осыны меңзеген шығар. Мемлекеттік сыйлық комиссиясы мүшелерінің бірі: «Сондай шу көтерілген соң, кітапты таптырып алып оқысам, олай емес екен», – дегенін де естідік. Әйткенмен ақыры айтылып қалған соң, мысалын да келтірейік:
«Жүзік малдың шығыс жақ шетін қайырып, Шәйі батыс жағына шықты. Атын отқа жіберіп, өзі жалпақтау тасқа енді отыра бергенде, кенет батыс жақ қарағайдан сопаң етіп екі атты шыға келді. Олардың орыс екенін Шәйі асынған мылтықтары мен киім киістерінен бірден таныды. Қорыққанынан аяқ-қолы дірілдеп, Жүзікті шақырайын десе, тамағы құрғап, дауысы шықпады. Жалма-жан атына қарай жүгірді. Екі-үш аттай беріп сүрініп жығылды. Тұра беріп тағы сүрінді. Әбден үрей биледі. Сонда да сүріне-қабына атына жетті. Шылбырынан енді ұстай алғанда, бір орыс артынан келіп шап берді… «Әй, тиме оған! Маған кел! Мені істе, иттің баласы!» – деді (Жүзік – ред.) ышқынып», – деп жазады Бексұлтан Нұржекеұлы.
Бұл бір көрген қорлық емес. «Қазақ пен қырғызды кіріптар қылып, қалмақтың тілеуін құдай беріпті», – дейді «Әй, дүние-ай». Қалмақтар арғы бетке қашқан елге ұрымтал тұстан ұрынады. Мал-жанын талауға салып, бөріктісін сабап, көріктісін атқа өңгеріп әкетеді. Қолды болған қыз-келіншектерін тастап кете алмай қаңтарылған көштің қасіретін енді қайтып басқа бермесін дейсің. «Сол әкеткеннен кейбірі қайтпай қалып жатқан көрінеді. Көбін бір түн асырып қайта әкеп тастайды екен. Селге аққан салындыдай не өң жоқ, не түс жоқ, сөлбірейіп қайтады екен», – деп жазады суреткер.
Мысалды көп келтіріп кетсек, кешірім сұраймыз. Бірақ кітап көп жұрттың қолына тиген жоқ. Екінің бірі сайттағы нұсқасын алып оқи бермейді. Біздікі әйтеуір оқырман ұзын ырғасынан хабардар болсын деген ниет қана. Мұның бәрін жазушы беталды жаза бермейді. Романның композициялық құрылымына үйлестіре келтіреді. Мәселен, тыныш заманда он алтыға толған Шәйі жеңгесімен бірге Қарқара жәрмеңкесін аралап жүріп, жабайылау бір қалмақты көреді. Сонда жеңгесі «мына біреудің жел жағымызға шығып алғанын-ай» деп мұрнын басып теріс айналады. Кейін үркіншілікте қуғын-сүргін басталғанда сол жабайылау қалмақ Шәйіге тап келеді.
«Еңгезердей төрт-бес қалмақ әй-шәй жоқ Шәйі мен Жәмешті бас салды. Қалиша мен Жүзік бажылдап ара түспек болып еді, екеуін екі жаққа ұшырып жіберді. Есіктің алдында тағы үш қалмақ ат үстінде әзір тұр екен. Жәрмеңкеде көрген жалпақ бет қалмақ Шәйіні өңгеріп алды да тұра шапты…
– Маған тимеңдер! – деді (Шәйі-ред.) олардың ұятын оятқысы келіп. – Ішімде балам бар. Байы бар әйелмін. Сендердің әпкелерің, қарындастарың жоқ па? Жылатпаңдар мені!», – деген жолдар тұяқ серпуге ғана жараған қорғансыз жандардың қасіретін көрсетеді. Мұның бәрін теріп жазудағы мақсат не десек, оған да жазушының романда келтірілген өз сөзімен жауап беруге болады екен: «Әлгі бәріміз айта беретін, бірақ мән бермейтін надандық дегенің – сол: тура айтқан шындыққа емес, аймалап айтқан арамдыққа сену».
Ал енді осыны «қыз-қырқынның әңгімесі» деп жүргендерде жүрек жоқ шығар. Шындап келгенде қалмақтың да жақсысы бар. Қазақпен көп шабысқан соң өзара жаулық сөздерді көп айтысамыз. Сол себептен де ол ұлттың өзі ұмытылып, аты жеккөрінішті образ болып қалған. Әйтпесе қорғансыз жандарға қорлық көрсететін қалмақ мінез қандастарымыз да жоқ емес. Тарихта өз сорымызды өзімізден көретін мысалдар да жеткілікті. «Елдің қамын ойлайтын бір ұл туса, оны қабатын бір ит қоса туады», – делінеді романда. Жазушының тілі мірдің оғындай, образды дәл бере алатын танымпаздығы, бейнелік сөздерді іркіп қолданатын талғампаздығы, халықтық нақыл сөздерді тудыруға жүйріктігі романның өңін аша түседі. Мұны мұңлы-зарлы шығарма деп қана қоя салуға болмайды, бұл ел өмірінен жазылған көркем де кестелі шежіре. Тұтас дәуірді суреттейтін панорамалық көріністерге толы кең тынысты роман.
Қазақта «Ерді кебенек ішінде таны» деген сөз бар. «Әй, дүние-ай» романының мақсаты үркіншілік жылдарындағы қасірет-қайғыны еске салумен шектелмейді. Түпкі идеясы қалай ел болдық немесе қалай ел боламыз дегенге келеді. Бір азамат біреудің өзін жамандағанын естісе: «Мен бұған философша қараймын», – деп қоймаушы еді. Міне, «Әй, дүние-ай» романында жазушы ұлт болмысын тануға философша қарайды. Ал философ арға тиетін, жанға бататын кемшіліктерді ешқашан жасырған емес. Қайта ұлт жарасы тырналған кезде танылады, жарасы тырналған кезде есіне келеді, жарасы тырналған кезде кеудесін көтереді.
Романда кейіпкер аузымен: «Өзі мемлекет құра алмаған елді мемлекеті бар ел бағындырды. Біз бірікпедік, бір-бірімізге бағынбадық, өзіміз секілді бір бауырымызға бағынғанды қор санадық. Ақырында жат жұртқа жем болдық», – деген ой айтылады. «Біз қандай ұлтпыз?», «Неге осындай халге түстік?» деген ащы сұрақ романның лейтмотиві іспетті де көрінеді. Бірақ ол жүкті сол заманның белгілі әнші-композиторы, романның белді бір кейіпкері Қапез Байғабылұлының әндері де атқарып тұрғанымен келісуге болады.
Қапез сияқты мәшһүр тұлғаның толыққанды образ болып кіргені де шығармаға аңыздық сипат дарытады. Ал аңызға айналған бейнелер оқырманды магниттей тартып тұрары әрі шығарманың мазмұнын байыта түседі. Романның кейіпкерлерінің біразы сондай өмірде бар, жалпы халыққа болмаса да, ел ішіне танымал тұлғалар. Ел-жер аттары да нақтылы жазылады. Оның барлығы көркем шығармаға лайықты етіліп суреттеледі. Әйгілі көтеріліс болған Қарқара қандай жер дегенде, оның сыр-сипатын осы романнан табасыз.
Жазушы «Әй, дүние-ай» романында: «Ұлт үшін не істептік?» деген сұрақты алдан шығарады. Публицистика болып кетпес үшін, оған көркем реңк беріп, кейіпкердің әрекетіне теліп көрсетеді. Бұл өзі аласапыран заманда құрбандыққа бармай бітпейтін іс. Әйтпесе екінің бірі қаһарман болып кетер еді. Негізі роман деген жанр тәмсілдің ұлғайтылған формасына ұқсайды. Сондықтан да тәмсілдік элементтерді бойына емін-еркін сіңіріп кете береді. Мысалы, қаһарман дәрежесіне көтерілген бас кейіпкерлердің бірі, Шәйінің күйеуі Тазабектің ішкі дүниесі мен сырттайғы әрекеті былайша үйлестіріледі:
«Тазабек өзенге көлденеңінен сұлап жатқан сопақ тасқа ұзақ қарап тұрды. Қаншама жыл суға төсін тосып бекер тұрды екен? Енді оны арыққа бұрып, қызмет жасап жатыр. Өз орнын тапты. Атынан түсіп, мұздай суға бетін жуды. Өне бойы лап тітіркенді. Орнынан түрегеп атына қарай жүре бергенде, қарсы алдында мылтығын кезеніп тұрған таныс орысты көрді. Айдалада аяғы сынып жатқанда атқа өңгеріп үйіне апарған орысы. Қамшысын ыңғайлап, орысқа қарай ышқына ұмтылды. Кеудесін қапқан ыстық от жарқ етіп жанарынан төгіліп кетті. Үңірейген қараңғы тұңғиық зымырата жұтып бара жатты. Тұңғиыққа зымырап сүңгіп бара жатқан сәулені шыбын жаны шырқырап қуып бара жатты. Сонан соң бәрі лып сөнді».
Жоғарыдағы мысалдарды тәптіштеп келтіріп отырған себебіміз, осының бәрі Бексұлтан Нұржекеұлының өзінің өмірлік ұстанымы мен тұлға ретіндегі жеке стихиясына келеді. Ол да оқырман арасында өзіне лайықты аңызы бар адам. Жүрген жүрісі аңыз, тұрған тұрысы аңыз, сөйлеген сөзі аңыз. Мұндай адамдар, қазір қатары сиреп бара жатқан ағалар, қадау-қадау болып ұлтымыздың ұстынына айналып отыр. Олар әйел тақырыбын жазса – ұлт, отбасы тақырыбын жазса Отанға әкеп тірейді. «Әй, дүние-ай» да солай басталып, солай аяқталған. Он алтыншы жылғы кеп сексен алтыншы жылы алдымыздан тағы шықты. Шәйінің шөбересі Кәусеннің роман соңында қалай құрбан болғаны жүрегіңді жылатады. Сонда Шәйіге мән-жайды түсіндіруге келген адам:
«Кәусеннің көтеріліске қалай қатысқанын егжей-тегжейлі білетін заң қызметкерімен жолықтым. «Кәусенді өлтірген – намыс», – деді о кісі. – Орталықтан келген тергеушілер ол қызды әуелі зорлаған, сонан соң қорқытып, қорлаған. Қорланған қыз жатақханасына жылап келгенде алдынан жетекші оқытушы әйел шығып: «Сен оңбаған Қазақстанды мен сақтап қалам деп жүрмісің? Мектебімізге жаманат келтірмей, неге жайыңа жүрмейсің? Мен сені оқудан шығартам!» – деп шабаланған ғой», – дейді.
Жазушының күйінетіні де, сүйінетіні де өз ұлты. Бірақ, мен ол кісіден үнемі бір нәрсені сұрағым келеді. Алайда ол сұрағымның жасандылау шығатынын жақсы білемін. Себебі оның бірбеткейлігі, яғни принципшілдігі ешкімнің басында жоқ. Сұрасам: «Екі нәрсе: ұлт пен шындық таласқа түссе, қай жағына шығар едіңіз?» – деп сұрар едім. Оның: «Е-һе, шындық ұлттың жағында болмаса, мен қалай ұлттың жағына шықпақпын?» – деп жауап береріне кәміл сенімдімін. Мысалы, сөз болып отырған кітабы жайлы өзі:
«Романды «Әй, дүние-ай!» деп атаған себебім, бұл жеке адамның тағдыры емес. Бас кейіпкері – Шәйі деген Албанның қызы. 2016 жылы Албан көтерілісіне, Торғай көтерілісіне, жалпы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл қазақтың үлкен бір тарихи белесі. Қазақтың үлкен қайраткерлері, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш азаматтары 1916 жылғы көте-ріліске шығудың қажеті жоқ деген. «Халық қырылып қалады, қарсы шығамыз деп қазақты қырып алмау керек» деген ұстанымда болған. Кейбіреулер осының өңін теріс айналдырып, ел алдындағы азаматтардың халыққа деген қастандығы тұрғысында бағалаған. Ал мына тарихты көргеннен кейін солардың ұстанымының дұрыстығына көзім жетті», – дейді. Жалған намысшылдыққа салып, көтеріліске шыққандардікі дұрыс еді, ол менің елім еді демейді.
Осы тұрғыдан келгенде Бексұлтан Нұржекеұлы елдік мәселе етіп көтеріп жүрген тақырыптар да жалған намыс үшін көтеріліп жүр десек, қателесер едік. Ол тақырыптардың ішінде не бар, санап көрейікші. Соның біріншісі, ол қазақ арасында дау болып жүрген өнер адамдарының ешбірінің тағдырынан шет қалмапты. Мысалы, Сегіз Сері туралы өмірде болғаны шындық, ән шығарғаны рас, орыстың жиырма солдатын өлтірді деген жаламен қуғындалғаны да ақиқат деп төрт-бес мақала жазды. Ақын Сараны ақын емес дегендерге, «әй, ол Шоқан өліміне жоқтау шығарған жағалбайлының үлкен ақыны Төребайды жеңді емес пе?» деп күйіп-пісті. Күләш Байсейітованың үстінен Мәскеуге арыз жөнелтіп, ақыры өліміне себепкер болған бәсекелестерін әшкерелеп жазғандарын да талай адам оқыды. Келешекте осы Күләш пен Мұқағали туралы жазған көркем әңгімелерінің астарында не бар деп, зерттеп көргендер елді елең еткізер бірер жаңалықтың үстінен түсуі әбден мүмкін. «Қазақ ақыны мен кәріс қызының арасында не болып еді, одан не қалды?» деген сауалдың жауабы түбі бір айтылатын да шығар. Сол сияқты, Әсет Найманбаев пен Шолпан Жанболатқызының әндерін басқаға теліп жібергендерге: «Апыр-ай, Затаевичте бар ғой, бұларың не?» – деп тағы шыр-пыр болады.
Екінші-үшінші мәселенің Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баяны» мен Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабының төңірегінде туындағанын жұрттың бәрі біледі. Екеуін де тауып әкеліп, баспадан шығаруға өзі бас болды. Бұл екеуі де бүгінгі тілмен айтқанда сенсация дәрежесінде қабылданды. Бірақ қарсы шыққандар да аз болған жоқ. Әсіресе «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы талқыға түскенде, кейінгі біз таулар соғысып жатқандай әсерде қалдық. Оның алды-арты Абылай, Әбілқайыр, Ханкелді, Райымбек, тағы да басқа хандар мен батырлар, тарихи шайқастар өткен жерлер жайындағы үлкен пікірталастарға ұласты.
Осы қатарға төртінші етіп Шыңғыс хан тақырыбын да қосуға болады. Мұны бұлайша бір жолмен бере салу обал. Қазақтың Мағжан бастаған «мен» деген ақын-жазушыларының бәрі Шыңғыс ханның тегі өзімізден екенін айтты да, жазды да. Солардың қатарында әдебиетші-ғалым Шерияздан Елеукенов Бексұлтан Нұржекеұлының еңбегіне ерекше баға берді. Жазушы, өлкетанушы Бекеңнің Іле бойын шарлаған ізімен неге экспедиция жүргізіп көрмеске деген мәселе көтерді. Қытай архивін ақтарған Қойшығара Салғараұлы да біраз шындықтың бетін ашып келді. Оралхан Бөкейдің «Мұзтауындағы» ұлы қаған тақырыбы да «Шыңғыс хан қатын-баланың қарнын жарды» деген балладалардан әлдеқайда терең. Шырылдап Мағжан кетті, сүргіндеп Мағауин жүр, безілдеп Бексұлтан көкеміздің де жаны бір тынар емес. Осылар нені біліп жүр, іштерін ненің дерті алды, ойланып көруге тұрмай ма?!
Ал, бесіншісі талайлар кеше кетісіп, бүгін бекісіп үн қоса бастаған Орбұлақ шайқасы десек, оның да жоғарыдағы ұлан-асыр тақырыптардың жалғасы екенін көреміз. Жақында Оңтүстік Қазақстан облысында 375 жылдығы атап өтілген бұл шайқас Жетісу жерінде, Белжайлаудың бас жағында болған. 1643 жылы елу мың қолдан тұратын жоңғар әскеріне осы жерде Салқам Жәңгір бастаған алты жүз қазақ сарбазы қарсы тұрады. Ұрымтал тұстан арнайы қазылған оқпанадан оқ жаудырып, жоңғарларды қатты қырғынға ұшыратады. Сол аралықта Самарқаннан жиырма мың қолды бастаған Жалаңтөс баһадүр көмекке келіп жетеді. Сонда қонтайшы мән-жайды ұғуға келген орыс елшісіне он бір мың адамынан айырылғанын айтады. Орыс елшісінің архивте сақталып қалған сол тілкемдей дерегі болмағанда, Бексұлтан ағамыз күйіп те кетер еді.
Өйткені, 1993 жылы 4 шілдеде осы кісінің қозғауымен Орбұлақ шайқасының үш жүз елу жылдығын атап өту жөніндегі Үкімет қаулысы шыққан. Орбұлақтың бергі етегіне 508 киіз үй тігілген. Салмағы оншақты тонналық ескерткіш тасты таудың басына сүйреп шығару үшін сол кездегі 97751 әскер бөлімшесінің командирі Бақытжан Ертаев танкі жіберген. Оған тау-тасқа жүретін жергілікті техника қосылған. Сергей Терещенко бастаған үкімет мүшелері, Әбіш Кекілбайұлы бастаған қазақтың ақын-жазушылары, Шот-Аман Уәлиханов бастаған ғалымдар мен тарихшылар арнайы ат шалдырып келген. Жоңғардың әскеріне тойтарыс беру үшін сол заманда қазылып, бүгінде сілемі сақталған оқпана бойына тәуелсіз елдің жауынгерлері қаз-қатар тізіліп тұра қалып, гүрсілдетіп оқ атқан. Осының бәрі аңыз емей немене?
Жақында қазақ басылымдарына сілтеме жасалып жазылған «Как 600 сарбазов дали отпор 50-тысячной армии» атты орысша мақала оқыдым. Сонда: «Сегодня можно с полным основанием говорить, что это одно из уникальных сражений в мировой истории. В ней нет другого случая, когда 600 воинов бесстрашно вступили в бой с 50-тысячной армией. Мировая общественность хорошо знает о том, как древние греки в борьбе с персидскими завоевателями выставили 300 воинов против 20-тысячной армии персов. Об этом сражении, которое датируется 460 годам до нашей эры, снят фильм «300 спартанцев». Не значит ли это, что и нашим режиссерам стоит задуматься о подобном фильме? Он расскажет о подвиге наших предков и будет возвышать боевой дух современных защитников Отечества», – деген ойлы ұсыныс айтылыпты.
Шынында да режиссер Ақан Сатаев түсірген «Мың бала» көркем фильмі рухымызды бір көтеріп тастап еді. Баһадүр бабаларымыздың өзінен 83 есе көп жауға қаһармандықпен қалай қарсы тұрғаны да кең көлемді көркем фильмге сұранып тұр. Қала берді, кешегі өткен ауған соғысы туралы «9-рота», сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыс хақында «28-панфиловшылар» көркем фильмдері не үшін түсірілді, бұл да сол үшін түсірілуге тиіс. Басқаға сенгенде, өз бабаларымыздың қаһармандығына сенбейміз бе?
Бексұлтан ағамыз тау басындағы екі шақырымнан астамғы иір-қиыр сол оқпананы елу, бәлкім жүз мәрте адымдап жүріп өткен шығар. Мұндағы оқпана дегені орыс елшісінің жазбасында «шанец» деп беріліпті. Бекең оның оқтан қорғанатын оқпана екенін В.И.Дальдің сөздігінен қарап білдім дейді. Осы сілемнің оқпана екені, жалпы шайқастың осы жерде болғаны, ол жайында Қазыбек бек Тауасарұлының жазғаны, жергілікті халық арасындағы ауызша шежіреде айтылғаны, бәрі-бәрі күмән тудырды. Бірақ, ол кісі қасына нөкер ертіп, Орбұлаққа жылына бір-екі рет бармаса бойына ас батпайтын. Содан бергі жиырма бес жыл ішінде талайды жетектеп апарып көрсетті, талайды пікірінен қайтарды, талайды мойындатты. «Осының бәрін шаршамай-шалдықпай бір адамның істеуі мүмкін бе?» деп ойлайсың кейде. Неге бір-бірімізге бір нәрсені түсіндіру соншалықты қиын әрі азапты болып кеткеніне таңырқайсың. Бұл сұраққа да Бексұлтан Нұржекеұлы «Әй, дүние-ай» романында: «Өмірдің бәрі түсінікті болса, онда тіршіліктен мән кетер ме еді, кім біледі?» – деп жауап беріпті. Осы тақырыпты талмай қаузап жүрген Бексұлтан Нұржекеұлының жасы қазір жетпістің жетеуіне келді. Соған қарамай ол кісі «Әй, дүние-ай» романынан кейін міне, «Орбұлақ» романын да аяқтап, соңғы түзетулерін жасап болып қалды. Жазушының бұл романды кәдуілгі біз оқып, жазып жүрген қаріп көлемінен үш есе үлкен қаріппен жазып шығуына тура келіпті. Көзінің ғана сыр беріп тұрғаны болмаса, ағамыз әлі сыптай, жас адамдай сылыңғыр. Қырық жыл бұрынғы танысын: «Дауысыңнан таныдым», – деп жатқан адамның жадындағы жазулар да тасқа қашағандай әлі көмескі тартпаған. «Әбекеңмен әңгімелесіп келе жатырмын» деп, үйінің қасындағы Ә.Қастеев музейі жақтан келе жатқанында бір кездестім. «Әбекең» дегені, музейдің алдына орнатылған тас тұғырдағы суретші мүсіні, сол жақтан өзімен-өзі болып ақырын ыңылдап келеді екен.
Бексұлтан Нұржекеұлының «Күтумен өткен ғұмыр» атты романының рухында туған «Баркөрнеу» атты әні бар. Романға жазушының өзі қойған ат «Күтумен кешкен ғұмыр» екен. Баспадағылар қоймай «Күтумен өткен ғұмыр» деп қойыпты. Жазушы «ғұмырды өтпейді, кешеді» деп кейін қайта қалпына келтірген. Бірақ, бізге де баспаның қойғаны тез қабылданатындай көрінді. Міне, жазушы осы романының әсерімен әнін де, әуенін де осылай ыңылдап жүріп өзі шығарған. Сол әнінде:
Атыңнан айналайын атамекен,
Кім сені Баркөрнеу деп атады екен?
Қайғы мен қапаны да көремісің,
Саған да соның зілі бата ма екен? – деген жолдар бар. «Әй, дүние-ай» романын жазғанда да іштегі ыңыл маза бермесе керек. Ақыры аттас, рухтас тағы бір ән дүниеге келіпті. Бұл әнді белгілі әнші Нұржан Жанпейісовтің орындауында тыңдасаңыз, сіз де бір терең ойға шомасыз. «Әй, дүние-ай, шіркін, Өтерсің бір күн. Өтеріңді еске сап тұр, дүркін-дүркін», – деп келеді. Жоғарыда жазушының өз басын үлкен дауға қалдырған мәселелерді бір жағына шығарар ма екен деп қалдық емес пе? Иә, ол да бар бұл әннің сөзінде:
Әй, дүние-ей, қандай едің бұдан бұрын,
Түгің жоқ түгенделген жұрым-жұрым.
Ақылын бабалардың алмадың ба,
Сарп еткен ел сақтауда бар ғұмырын.
Әй дүние-ай, шіркін,
Өтерсің бір күн.
Өтеріңде еске сап тұр,
Дүркін-дүркін.
Әй, дүние-ай, не боларсың бұдан бұлай,
Өмірді ете алмайсың бұрынғыдай.
Алауыз дегізбейтін бірлік берші,
Қазаққа болу үшін өзге ауылдай.
Әй, дүние-ай, не боларсың ақырында,
Соны ойлап басыңды сен қатырдың ба?
Сен дағы біз секілді мәңгі емессің,
Түбі кеп қисаярсың қасымызға, – дейді ән авторы.
Сонымен, қош делік. Сөйтіп, міне, Бексұлтан Нұржекеұлының көтерген алтыншы тақырыбы «Әй, дүние-ай» романындағы он алтыншы жылғы үркіншіліктен басталған тәуелсіздіктің баяны болып шықты. Бекеңді жақсы, басқаны жаман етіп көрсеткіміз келіп отырған жоқ. Бірақ, мемлекеттік сыйлық комиссиясының мүшелеріне: «Қыз-қырқынның әңгімесіне де мемлекеттік сыйлық бересіңдер ме?» – деп дау шығарғандардың болғаны рас. Жылқы тектес ағамыз жаңалық күтіп құлағын бір қайшыласа, мұндай сөздерді естіп екі қайшылап отырды. «Әй, осы кітапты мемлекеттік сыйлыққа ұсыналық деп жаныққан сендер едіңдер, ақыры басымды дау-шарға қалдырдыңдар» деп бізге де кейіген сыңай танытты. Тұп-тура комиссияның соңғы шешімі шығатын күні шыдамы таусылып, ауылға кетті де қалды. Тамырын басып қоймақшы оймен телефон соққанымда: «Ақжазықта бір ағайын ас бергелі жатыр екен, соған барғалы жатырмын», – деді. «Е, Бунин Нобель сыйлығын алатын күні көлдің жағасына кетіп қалған екен, сіз мемлекеттік сыйлық алатын күні елдің ішіне кетіп барады екенсіз онда», – дедім жұмсақ қана әзілдеп. Ол өзіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілгенін жолда кетіп бара жатып естіді. Алматыға қайтып келу үшін талай жол. Амал жоқ, елдің бәрі қалта телефонмен құттықтап жатты. Бірақ, айтайын дегенім ол емес.
…Бір балаға өзінен жасы үлкендердің ызасы әбден өтіп кеткен екен. Басқа еш шарасы қалмаған соң: «Мен кейін үлкен болғанда сендерді Құдайға айтам!» депті шамырқанып. Біздің де он алтыншы жылғы көтерілісте, одан кейінгі ақ пен қызылдың аранында, отыз екінші жылғы ашаршылықта, отыз жетінші жылғы қуғын-сүргінде, екі аралықтағы босқыншылықта, қала берді кешегі Желтоқсан көтерілісінде де көргендерімізді Құдайға айтқаннан басқа еш зиянымыз жоқ. Оның «Әй, дүние-ай» атты романы да сол, жүректегі сөз, басқа ештеңе емес дегім келеді.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК
1961 жылы 3 ақпанда Әулиеағаш ауылында туған. 1984 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш» газеттерінің Бас редакторы болды. Балалар мен жасөспірімдер басылымдарын біріктірген «Жас өркен» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарды.
1985 жылы «Жалын» баспасынан «Көгілдір керуен» атты әңгімелер жинағы, 1995 жылы «Жансебіл» атты повестер мен әңгімелер топтамасы жарық көрді. «Жансебіл» кітабының негізінде түсірілген осы аттас көркемфильм киносценарийінің авторы. «Қасқыр – Адам» повесі бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Талан» (2016-2017) көркемфильмін түсірді. Соңғы жылдары «Жынды қайың», «Үлпілдек», «Көкжалдар» кітабы жарық көрді. 2001 жылғы «Тарлан – Үміт» сыйлығының иегері. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері (1998).