Шығырдай шыр айналған тарихтың тегершігін кері жүргізсең, қазақ елінің жиырмасыншы ғасырдың басындағы 20-40 жылдарындағы көрген зобалаңдарының зардаптары тізбектеле кететіні бар. Ол әлі де сезілуде. Сол жылдардың кез келген айында дүниеге келген адамдар тұрмыстың бар азабын: аштықты, жоқшылықты, елдің жаппай қырылуын адамдар арасындағы жікке бөлініп тартысу, алапат адам қанынын қара судай соғысты көрді. Жаппай жүргізіліп отырған саяси ойындардың құрбаны болды.
Қазақстандың тарихшылардың, зеріктеушілердің ізденістерінің арқасында халықтың санының азаюының басты себептері анықталғаны белгілі. Ел басына төнген 1930-1933 жылдардағы аштықтың салдары Алмалы мен оның төңірегіндегі ауылдарға да төнді. Осы жылдарда Қазақстандағы 6,2 млн адамның 2,1 млн аштықтан қырылды. Негізінен осы қиындықтың бәрін көтерген жарық өмір үшін күрескен сол жылдары дүниеге тірлік үшін тіресе күрескен буын ұрпақтарына қарыздар екенімізді ұмытпауымыз керек. Бұл жазылып отырған еңбек нардың жігін қайыспай көтере білген аға буын өкілдеріне ата-ағаларымыз бен әже-апаларымызға арналып отыр.
Сүйегі асыл тектілердің қатарынан келетін Дегдаш тәтеміздің сөзі де тың, жүрісі де ширақ, тоқсан асып, тоқсан бірге жүрген адамдай емес, езуінен күлкі кетпей, әзіл-қалжыңмен отырған адам. Біздің сөз еткелі отырған Дегдархан Рахманбекқызы 1927 жылы басын Тоқсанбай жобасынан басталатын тарам-тарам бұлақтардан алатын ағынды Қорғас өзенінің төменгі сағасындағы жидесі мен жидегі, тал-қарағашы сыңсыған Иінтал ауылында дүниеге келген. Сөз арасында айта кетсек, 1970 жылдардың ортасына дейін сол ауылда мал соятын орын болды. Кейіннен көшіріліп кетті. Бір қызығы нарықтық экономикаға көшкеннен кейін қысылтаяң уақытта сол Иінталда шоқы-шоқы болып қалған тұзды біршама ел тасып пайдалаланып, қажетіне жаратты. Әке-шешесі қарапайым шаруа адамдары. Тегінде, жұт – жеті ағайынды деген халықтың сөзі рас. Күндіз-түні ары-бері сабылған ел. Кейбірі жан сауғалап, жан сақтап қаламыз ба деп Қытайға қарай өтіп бара жатса, бірі сүйретіліп кері келіп жатады.
«Шекара дегеніңіз екі-үш шақырымнан кейінгі Қорғас өзені, – деп бастады тәтеміз әңгімесін. – Сол кездегі ауыл адамдарының арасында өлім-жітім көп болатын. Денсаулық сақтау мекемесі мүлдем жоқтың қасы. Балалар, үлкендер көптеп қайтыс болып жататын. Оба, шешек, қызыл шығып, балалар қырылып кететін. Осы аймақтағы жалғыз сүйенеріміз, сенеріміз Өрмеке деген емші еді. Өрмеке – суанның Мырзагелді руынан шыққан емші, балгер адам болатын. Тау бөктеріндегі бұлақтармен, мына сайдағы (Алмалының солтүстігіндегі бұлақ) Бұлақ – Арасандағы сулардың әр түрлі ауруға шипалығын айтып, елге түсіндіріп отыратын. Кейбір бұлақтар сол кісінің есімімен «Өрмекенің бастауы» деп аталады. Өрмеке ағамыз теміреткі, қотыр, көз тиген, сөз тиген, іш аурулары басқа көптеген дерттерді қарап, әр түрлі ем қолданып, жазып жіберетін. Ұзын бойлы, қара сұрлау кісі еді. Бір күні Садық бауырым қатты ауырып құлады. Ес-түсі жоқ, был-сылқ етіп, сұлық түсіп жатты. Әкем жылдамдатып атпен Өрмекеге жіберді. Бірақ ол кісі үйінде болмай шығып, шешесі келді. Шешесі де емші, балгер кісі екен. Қара тауық таптырып алып келіп, басын кесіп тастап ұшықтады. Ұшықтаудың өзі кешкі іңір кезі. Күн қызылы тарамай тұрып жасалады екен. Сойылған тауықты басынан айналдырып, лақтырып тастады. Содан үйге кіргізіп, қымтап жатқызып қойды. Бұрынырақ, банды шығыпты, атып кетеді екен, тонап кетеді екен деген қаңқу сөзді естіп жүруші едік. Дәл сол күні банды деген бәле бізге де келді. Жер үйде май шаммен отырамыз. Кешкі іңір кезі еді, қиюы қашқан есікті шик еткізіп, аузы-басын қара орамалмен тұмшалап алған мылтықты адам кіріп келіп, төрде ұзынынан түсіп демалып жатқан әкеме мылтықты тақап: «Қозғалсаң атам» деді. Әкем әлгінің жылтыраған көзіне қарап қойып, тырп етпей жатты. Шешем сыртқа шықса, сырттағы атты біреуі байлауын шешіп биені жетегіне алыпты. Шешем Бүбайша әлгіге жүгіріп барып: «Қайда апарасың, бермеймін» деп шаужайына жармасып, одан болмаған соң үйге кіріп әкеме айғайлап, «неге жатырсың аналардан малды алып қалсаңшы» десе де былқ етпеді. Әлден соң «кете берсін, мен оларды танимын» деді де қойды. Қу жан-ай десеңші бір мылтықтың аузына мың адам сияды деген шын екенінен көзім сонда жетті. Шешем жүректілік көрсеткенмен әкемнен асып ештеңе істей алмады. Әкемде малым жанымның садақасы, бала-шағам аман болсын деді-ау деймін. Қиынқыстау ол күндерді де өткердік. Қиындыққа төзіп, тапқандарымызды талғажау етіп, ол нәубетті жылдарды да өткіздік.
Бар үмітін жаздан күтетін халық Бестөбеге тұқым сеуіп, ауыздан жырып дән екті. Әкем бізді де таң алакеуімнен тұрғызып қолқабыс жасауға ертіп алады. Арбаға шеккен ат болдырады деп алтыдан асқан мені арбаға отырғызбайды. Ыңырсыған арбанының артынан ернім кеберсіп еріп отырам. Бестөбенің биігіне қарай өрлегенде құлап қалмас үшін ат арбаның жақтауынан ұстап алып төбе басына шығамыз-ау, әйтеуір».
Дегдаш тәтеміз жаны қиналған азапты күндерді ойлана баяндайды. Уақыт ауырпалығы, қиын кезеңдер балаларды да ерте есейтіп жібергендей. Сол кездегі балалар балалық кез дейтін балдәурен шақты өткеріп көрді ме екен?!
«Жаңадан отырықшылдыққа көшіріп, кеңес өкіметі балаларды жаппай мектепке тарту жұмысын жүргізе бастаған шақта қатарластарымнан қалмай 7 жасымда оқуға кіріп, он бір-он екі оқушы бар класта оқыдық. Қағаз, қалам тапшы. Хат тани бастаған кез. Айтқазы соғысқа кеткен. Әйелі Жанымбүбі сағыз құмар еді. Қарабастау суының арнасының орта шенінде тассағыз көп болады. Соны әкеліп, Жанымбүбіге жинап беріп, Айтқазының есеп-қисаптары жазылған сарғайған қағаздарына айырбастап алып, латын қарпімен жазамыз. Бесінші сыныпта оқып жүргенде Аманжолов Әскен, Ақынтаев Мұхаметқали, Ақынтаева Әсия, Көбіков Хамит (кейіннен Ұлы Отан соғысының батыры), Садықов Қожахмет сабақ берді. Көптеген ел-азаматтарын біліммен сусындатқан Қ.Садықов 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып кеткен. Сондағылары жапон шпионы деген желеулемен сабақ үстінде «Жаупин алып кетеді: биыл оқып алыңдар» және «Кеңес өкіметі құрысын, Мекалай заманы құрылсын» депті-мыс. Неткен заңсыздық заман. Жыртығымыз бүтінделіп, тамағымыз тойына бастағанда ел-жұртты азаматынан айырып сұм соғыс басталды. Оқу жайына қалды. Бала-шаға, үлкен-кіші демей, бәрін майданға береміз деген ұранмен күндіз-түні еңбекте жүрдік. Орақ орып, бау байлаймыз, астық бастыруда жүреміз. Мына Дөңгенеден түңгі бірлерден кете қайтамыз. Сол 1942 жылдары колхоз Алмалының айналасына күнжіт, мақта екті. Соның бәріне араластық. Көбіне сұлының ұнымен жүрек жалғаймыз, ашқұрсақпыз. Қазір қарап отырсақ, ажал аузынан да қалыппыз. Ол кезде өлеміз-ау деген ой мүлдем жоқ. Бестөбенің биігінен түсіп келе жатып, арбаның дертесі үзіліп кетіп, атты сыңар езулетіп айдай жөнелді. Арбада отырған Анаш құрбым жерге оқтай құлап түсіп, орта жолда ол қалды. Арбакешіміз Айтқазы теңкейіп ол бір жерге түсіп қалды. Жаным мұрнымның ұшына келді. Арба тік кетті. Бар ойлағаным арба сынып қалса, ертең жұмысқа немен келеміз деу болды. Соғыс бар ауыртпалығын ауылға салғандай жүретінбіз. Майданнан қара қағаз келіп жатады. Боздағынан айырылғандарды көріп қабырғаң қайысады. Кешегі күнгі мұғаліміміз Әсияның күйеуі майданға кетіп, қарақан басы қалды. Ауылдың қозы-лағын жинап бағып күн көреді. Әкеміз көмектесіп, күнделікті нанын беріп қоятын. Соғыс біткен соң, ел жағына кетті ғой деймін. Тағдырдың жазуы ғой. Майдан хабарларын ауылдың ортасындағы бағана басындағы қалпақ (репродуктор) радиодан естіп, жұмыстағыларға шамам келгенше жеткізіп отыратынмын. Кей мезгілде жазғы-күздегі жиын-терін аяқталған кезде бір үйге жиналып қолғап, шұлық, жүннен жемпір тоқитынбыз. Соғыста жүрген жауынгерлерге көмекке алып кететін.
Аһілеп-үһілеп отырып әйелдер:
Ахау-айдай қиғаш қас.
Герман болды бізге қас.
Герман үшін туылған
Бақыты жоқ өңкей жас.
Абанымыз, абанымыз,
Жаяу жүрсек ауырар табанымыз.
Төңіректің төрт бұрышын алдау соғыс,
Енді қандай болады заманымыз, — деп іштегі күйікті әнге қосып, шерленіп отыратын.
Енді бірде тағдырдың жазуына шара бар ма бәріне көнейік, бір жақсылығы болар деп:
Ахау-айдай Гүләйім,
Неге керек уайым.
Бір жазуға салды ғой,
Жаратушы құдайым.
Сабыр түбі – сары алтын
Ақырына шыдайын, – деп өзеріне-өздері тоқтау салатын. Немістермен қызу соғыс жүріп жатқан кезде Қытайдан отар-отар қой келетін. Қорғас өзенінің орта тұсынан жоғарырақ екі жағы сыңсыған тоғай арасынан салынған аспалы көпір арқылы Кеңес өкіметіне көмек ретінде өткізілетін. Импорттың қойы дейтінбіз. Оған бүкіл колхоздың қыз-келіншегін жинап апарып, жабылып жүріп ұстап жығып, жүнін қырқып, қағып сілкіп жинап, қаптап арбаға салып жөнелтететінбіз. Қойды мал айдаушылар Семейдің ет комбинатына өткізуге айдап кететін. Ол да бір қиын-қыстау кез екен-ау. Адам үмітін ешқашан үзбейді емес пе? Соған төздік. Қара бұлттың серпіліп, жарқырап күн шығарына сенім болды. Ол күндерге де жеттік.
Адам басынан қилы-қилы қызықтар өтеді емес пе? Менің тұрмысқа шығуымның өзі бір қызық дүние», – деп тәтеміз бәрімізді бір күлдіріп алды.
«Әкем жасы үлкен кісі болғаннан кейін соғысқа алмады, колхоздың қойын бақты. Колхоздағылар ара-тұра көмектесуге мені жіберетін. Соғыс бітіп ел тыныштала бастады. Әкемнің қиын-қыстау жылдардағы еңбегі ескеріліп, орден алды. Бір күні үйге Дәулетбек жүгіріп кіріп, қолымнан жетектеген күйі үйдің артында күтіп тұрған атты адамның артына міңгестіре салып, алып кетті. Сөйтсем Оразымбек екен. Бұрын сөйлесіп жүргеніміз болмаса, ол күні алып қашады деген ой болмады. Міңгестірген аты былай шыға бере мөңкіп кеп берсін, біраздан соң әрең басылды. Оразымбектің белінен тас қып құшақтап алып, құламай қалдым. Сондағы мені мазақтаған түрлері «Құйыршықты көп жегенсің, содан кейін атың мөңкігіш» дейтін де өздері мәз болып күлетін.
Адамның өмірі артыма қарасам ұсақ-түйектерден тұратындай, бірақ біз кешкен дүниені небір данышпан да, батыр да, билеушілер де басынан өткерді емес пе? Мен мына өзіммен соларды салыстырам. Егер аласапыран заман, аштық, соғыс болмай, тынымсыз еңбек етпей оқып, білім алсақ, бізде бір жерден шығар едік қой».
Тәтеміз кейде осындай ойшылдыққа да барып қояды. Жасы келсе де, жадынан жаңылмай, саналы ойға барып, отырғанына таңданбасқа шараң жоқ.
«Күйеуім қарапайым, кішіпейіл адам болды. Сыйластықпен отыз жыл тату-тәтті өмір сүрдік. Ауылдағы қатарластарымызбен араласып, жақсылығына жарыса қатысып, қайғы-мұңдарына сүйеу бола білдік. Шаруашылықтың жұмысы шексіз таусылмайтын аласапыран еді ғой. Үш қызымды, үш ұлымды дүниеге әкеліп, тәрбиелей жүріп, жұмыстан қол үзбедім. Қой қырқып, егін орып, астық бастырып бау-бақша бригадасында, алма бақта жұмыс жасадым. 70 жылдары осы Басқұншыдағы мектептің интернатында күзетші де болып істедім. 1975 жылы күйеуім қайтыс болды, адам маңдайына жазылғанды бастан өткереді екен. Тығырыққа тірелген шақтардың өзінде саналы адам одан шығудың жолын өзгеден емес, өзінен іздеу керек. Қиын күндердің өзінде алты баланы бағу үшін тауық өсіріп, жұмыртқасын пұлдап, қазақи қойдың жүнін тазалап, иіріп, шұлық, қолғап, кіржуа тоқып, оларды сатып азық-түлік, киім-кешек, қағаз-қалам, кітаптарын әперіп бағып – қағып жеткіздім. Шыдамдылықпен бәрін көтере білдім. Уақытты, мезгілді өз қажетіне қарай дұрыс пайдалана білгенге, өмір қысқа емес. Тоқсаннан асқан жасымда 16 немере, 21 шөбере, 1 шөпшек көріп отырмын. Бәрі әжелеп алды-артымнан шығып жүр. Баяғыдағы көрген қиындық-құқайларымның өтеуі осы шығар. 1978 жылы зейнетке шықтым, бірақ 1998 жылға дейін жұмыстан қол үзбедім. Мемлекет те елге еткен еңбегімді бағалап, 1978 жылы 16 мамырда «Еңбек ардагері» медалімен, Президент жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 60 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске 65 жыл» мерекелік медальдармен марапаттады. Оның сыртында бала-шағам тоқсан жылдық тойымды шөберемнің 1 жасқа толуымен қоса өткізуі мені қатты марқайтты».
«Өткеніңді ұмытсаң, өшкеніңнің белгісі, өткеніңді еске алсаң, өскеніңнің белгісі» деген өшпес сөз бар халқымызда. Сол замандағы өткен оқиғаларды тізбек-тізбегімен адам аттарын жаңылмай атап, тап басып мезгілімен, уақытын жаңылмай айтып отырған сұңғыла жан, тарихтың бізге қалдырған сыйы іспеттес.
Меніңше, бақытты болу деген қалаған еңбекті істеп, соның сүйіспеншілігіне бөленіп қартаю сияқты. Өз еңбегіңнен өзің ләззат алмасаң бәрі бекер. Дегдаш тәтеміздің азан шақырып қойылған аты Дегдархан. Дүниеге шыр етіп түскенде ана құрсағынан алып кіндігін кескен Қиуа есімді анасы тілі сақаулау кісі екен. Дегдархан дегенге тілі келмей «Дігідаш» дейді екен. Кейін ел Дегдаш атап кетіпті. Қазақта «Дегдар» деген сөз «текті», «тұқымы асыл» дегенді білдіреді. Әлі де ұршықша үйіріліп, жүріс-тұрысын тіп-тік қалпы ұстап жүрген Дегдархан тәтеміз нағыз тектінің, асылдың ұрпағы. Айналасындағы үйірімен жүрген немере, шөберелерімен, енесінің қас-қабағын әлпештеп отырған екі келіні мен немере ұлдары нағыз бақыт құсын қолдарына қондырып отырған жандар. Дегдархан Анаға қарсы алып отырған тоқсан екінші жылыңыздың көктемі несібелі болсын дегім келеді.
Молот СОЛТАНАЕВ