Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – республикалық референдум Панфилов ауданында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындардың белсенді қатысуымен өтті. Бұл күн аудан халқы үшін жай ғана саяси науқан емес, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылданатын тарихи сәтке айналды.
Таңғы сағат жетіден бастап аудан бойынша барлық 79 дауыс беру учаскесі өз жұмысын бастады. Учаскелер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранымен ашылып, дауыс беруге келген азаматтарды ерекше атмосфера қарсы алды. Көптеген учаскелерде ұлттық нақыштағы безендірулер, фотозоналар, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Референдум барысында Панфилов ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Дауыс беру учаскелерінде таңғы уақыттан бастап азаматтардың үздіксіз келіп жатқанын байқауға болды. Кейбір учаскелерде ұзын-сонар кезек те қалыптасып, тұрғындардың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетті.
Аудан бойынша дауыс беру құқығына ие 84 мыңнан астам азамат бар. Солардың басым бөлігі өз таңдауын жасау үшін дауыс беру учаскелеріне келіп, азаматтық ұстанымдарын білдірді. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарының қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысатынын айқын көрсетті.
Референдум күні әртүрлі сала өкілдері де белсенділік танытты. Атап айтқанда, логистика саласында еңбек ететін ұжымдар, кәсіпорын қызметкерлері, жастар мен зейнеткерлер дауыс беруге келіп, ел болашағына қатысты маңызды науқаннан шет қалмады. Мәселен, жүк тасымалы саласында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорын ұжымдары ұйымдасқан түрде келіп, бір кісідей дауыс берді.
Сонымен қатар, бірқатар дауыс беру учаскелерінде комиссия мүшелері тұрғындарды ұлттық киіммен қарсы алып, референдум күніне ерекше реңк берді. Кейбір учаскелердің алдында спорттық ойындар ұйымдастырылып, дауыс беріп шыққан тұрғындар түрлі сайыстарға қатысып, бос уақыттарын көңілді өткізді.

Жаркент қаласындағы аудандық Мәдениет үйінің алдында арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, театрландырылған көріністер қойылды. Бұл шаралар дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше әсер сыйлап, референдум күнін мәдени мерекеге ұластырды.
Панфилов ауданындағы референдумның жоғары деңгейде өтуі тұрғындардың азаматтық жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетті. Мұндай саяси науқандар халықтың мемлекет өміріндегі маңызды шешімдерге қатысуына мүмкіндік беріп, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілік сезімін нығайтады.
Жалпы алғанда, Панфилов өңірінде өткен референдум ұйымдастыру деңгейі мен халықтың белсенділігі жағынан жоғары бағаланатын маңызды саяси оқиға болды. Бұл аудан тұрғындарының ел тағдырына бейжай қарамайтынын, мемлекет болашағына қатысты мәселелерге жауапкершілікпен қарайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы










