Біздің атақоныс «Жеті өзен» өңірі жайлы шежірені бағамдауда тамырын тереңнен алатын тарих атты «Абызға» жүгінетініміз кәміл. Кезекті болжамымыз бойынша біз сөз етіп отырған Жаркент өңіріндегі қала, кент, қорғандардың пайда болуы біздің заманымызға дейінгі ежелгі дәуірлерден бастау алатындығы шүбәсіз. Себебі, айтылған ойлар мен жоғарыда жазылған жайларды мына бір мұрағат дерегімен толықтыра түскенді де жөн көріп отырмын: «…1979 жылы Қазақ ССР Мәдениет министрлігінен «Казреставрация» археологтарының тобы шығып, Панфилов ауданының «Мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамымен» бірлесіп ежелгі ескерткіштерді есепке алу жұмыстарын жүргізген. Яғни, сол жылдардың аудандық мемлекеттік мұрағатындағы экспедиция құжаттары негізіндегі жазбалардың бірінде «Қазақ ССР мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының» жауапты хатшысы В. Семенова: «Жоңғар Алатауының солтүстік беткейінде орта ғасырдағы қалалар орны анықталған, ежелгі жазулар мен петроглифтер, тастағы жазулар мен суреттер табылған. Жоңғар тауының Панфилов ауданына қарасты оңтүстік сілемінде ежелгі қоныстардың орны және Өсек өзені аңғарында, Лесновка, Еңбекші ауылдары аймағы мен одан жоғарыда тау бөктерлерінде орналасқан ерте дәуірдегі көшпенділердің бейіт – қорғандары табылған. Мұнда 2500 жыл бұрын өмір сүрген адамдардың қонысы болғанын білдіретін «із» қалған» деректер келтірген.
Мінекей, Жаркент аймағындағы көне заман ескерткіштерінің бәрі сол бабаларымыздың өмірі мен тыныс – тіршілігінен хабар беретін рухани баға жетпес құндылықтар екендігіне бұдан артық қандай дәлел керек. Сол дәуірдің қала мәдениетінің негізгі құрылыс нысандарына – қыстақтар, кенттер мен қорғандар, қамал бекіністер жатады. Оған айғақ боларлық біздің өңірдегі орта ғасырлық қоныстарға жататын қала, кенттер мен қорған — бекіністердің қиранды жұрттарының баршылығы. Солардың бірі – Түрген қорғаны.
Түрген қамал-бекінісінің орны ауданымыздағы Үшарал ауылының солтүстік жағында 1,5 – 2 км қашықтықтағы Жаркент – Сарөзек тас жолының бойында. Күре жол қорғанның оңтүстік – батыс жағының біраз жерін ала тіке кесіп өтеді. Шамалап алсақ, Түрген қорғанының 95% бөлігі үлкен тас жолдың үстіңгі (солтүстік) жағын алып жатыр. Жалпы аумағы шамамен 15 – 20 га жерді құрайды. Айналдыра сары топырақпен соқпа арқылы соғылған қамал қорғанының сыртқы дуалының қалыңдығы 2,5 м, биіктігі 3 – 4,5 м (қазіргісі) бұрындары әрине бұдан да биік болғаны белгілі. Дуал сыртында ені 6 м болатын ор қазылған, сірә бұл ор қорғаныс қажеттілігі мақсатында су толтыру үшін қазылған болуы керек. Сыртқы қабырғадан ішкі жағына қарай 10 м аралық бос, содан кейін ғана тұрғын үйлердің қабырғалары басталады, олардың қабырғасының қалыңдығы 70 см болатын сары топырақты соқпалар. Тұрғын үйлердің көпшілігі қамалдың Солтүстік бөлігінде орналасқан. Халықты, бақша өсімдіктерін ауыз сумен қамтамасыз ету үшін арнайы қазылған тоғандар орны бірден көзге ұрады, ал, бекіністің оңтүстік батыс жағы ашық алаңқайлы болып келген, бірақ тағы бір ерекшелігі ұзындығы 60 – 70 – 80 м, ені 30 – 36 м болып келетін ұзынша тамдар осы бөлікке жанай орналасқан.
Тұрақ – жайлар қатар – қатар қоржын тамдар сияқты үлкенді – кішілі болып салынған. Бөлмелер көлемі 10х7, 8х7, 7х7, 5х7 м, тағы басқа әрқалай көлемді болып салынған. Тағы бір айта кететін жағдай сыртқы, ішкі қабырғалардан бір де бір шикі немесе күйген кірпіш қолданылмаған. Тек топырақ, ағаш, қамыс қана пайдаланылған. Қазылған (бізге дейін) шұңқырлардан байқағанымыз қамалдың солтүстік – шығыс жағынан 50 – 70 см тереңдікте 3 – 5 см күл қабаты бар екені байқалады. Соған қарағанда бұл қорған соңғы өмір сүруін тоқтатар кезеңде түгі қалмай жермен – жексен болып өртелген сияқты.
Тозған тамдардың мүжілген қанаттары, төмпешік болып үйілген қирандыларының жұрнақтары ғана қалған. Қорғанның қираған жұртынан өткен дәуірдің белгісі болып бізге жеткен қыш құмыралардың шойын, темір, шыны ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі. Осынау Түрген қорғанының сыртқы жағына тоқталар болсақ: қазылған ордан кейін оның шығыс және солтүстік жағы бір – біріне жалғасқан обаларға толы. Обалардың биіктігі 4 – 6 м, ені 10 – 12 м болып келеді. Менің өз тұжырымым бойынща бұл бейіттер б.з.б ІІ – б.з. V ғасырларда өмір сүрген Үйсіндердің обасы болуы керек. Себебі, біршама ақсақалдарымыз өздерінің бала күнінде қазір Қу, Тақыр аталатын осы маңайдан түрлі көлемдегі көптеген қыш құмыраларды, түрлі тұрмыс құралдары мен ыдыстарды, жармақ тиындарды (ортасы тесік мыс ақшалар) тауып алып ойнағандарын аңыз етіп айтады.
Қамал қорғанының солтүстігіндегі кейбір обалар Кеңес үкіметі тұсында трактормен (бульдозер) тегістетіліп егістік жерлерге айналдырылған екен. Ол туралы Үшарал ұжымшарында көп жылдар трактор жүргізушісі болған, қазір зейнеттегі Атубаев Өмірзақ (Торғай) қариямыз: «…көптеген обаларды түзетіп егістікке айналдыру кездерінде әртүрлі қыш ыдыстардың cынығы көне тұрмыстық бұйымдар қалдығын, 1х1 м болатын қыш плиталарды, кейбір обалардан жер бетінде ашық қалған табыт бұрыштарынан түрлі-түсті қытайдың жібек маталарының қиындыларын көргенін, бульдозермен тегістеліп жүгері егілген оба орнын суғарған кезде, аяқ астынан ұңғымалар пайда болып, сол сулардың 5 – 6 сағаттан астам уақыт жер астындағы белгісіз құрдымға сіңіп, кейін қайта өз арнасымен ағатын» деген сөздерін естіп таң қалдық. Дәл осы Өмірзақ ағамыз сөз етіп отырған Қу және Тақыр аталатын Бурақожыр өзенінің алқабы туралы орыс саяхатшысы Н.М.Ядринцев: «…баса назар аудара отырып, Түргенкенттің желке тұсындағы аталмыш егістік жерлерге еккен бидай мен тарыдан мол өнім алынатындығын, беденің де жақсы өсетіндігін, мақтаның да егілгендігі туралы» өзінің 1882 жылы Петербургте шыққан «Отарлық Сібір» кітабында біршама мәліметтер жазып қалдырған екен.
Енді әңгімеміздің бағытын өзгертіп, кезекті тарихи деректерге берсек. Кезінде осынау жерұйық Жетісуда арнайы зерттеп «Жетісу тарихының очерктері» атты еңбекті жазған, Шығыс, Батыс Түркістанды, Азия тарихын жете меңгерген академик В.В. Бартольдтің қысқа ғана осы Түрген қорғаны туралы: «…Іле өзенінен өткеннен кейінгі бірінші бекет Почтавой станица 15 верст, екінші бекет 25 верст қашықтықта орналасқан. Сол маңдағы Бурақожыр өзенінің бойында Көкталдан кейінгі жерде қираған қаланың орны бар, қаланды үйлерден, қорғаннан бірнеше заттар табылған, бірақ нақты зерттелмеген» деп айтқан анықтамасы бар. Сондай-ақ, Түрген қорғаны туралы жергілікті ақын Ш.Жаманқараұлының «Шойнақ батыр» дастанында айтылады. Мәселен, Ұлы жүз қазақтарының аға сұлтаны Тезек төрені осы Түргенде тұрған Сарамба сібе жасақ жіберіп тұтқынға алады, тұтқынға түскен төрені Суаннан шыққан Әпсүгір Шойнақ батыр өз жасағымен келіп босатады. Шойнақтың қаһарынан қорыққан Сарамба сібе бір түнде жүз түйе, екі жүз атқа жүгін артып өзінің жасағымен Қытайға қашып, жанын әрең аман сақтап қалады.
Дәл осы Түрген қорғаны туралы қосымша мәліметтерді ағартушы, қазақ ғалымы Ш.Уалихановтың 1856 жылғы Құлжаға барған сапары жайлы жазылған күнделігінен табамыз және де сонда картаға түсірілген. Бірақ, осы картадағы белгіленген орны түсініксіздеу. Себебі: Осы карта бойынша Өсек (Үсек) өзенінің Бурақожыр өзеніне қосылып барып Ілеге құяр сағасында «Тургень» деп белгіленуі.
Және бір назар аударарлық жағдай: Жетісу өңіріне тән қалалық үй құрылыстарында Қазақ жерінің басқа өңірлерге қарағанда өзіндік жергілікті ерекшелігі болғандығына да тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Демек, жалпы көлемі 600 – 700 шаршы метрді құрайтын аумақ биік дуалмен қоршалып, оның ішкі жағында дуалға тақап жағалай тұрғын үйлер салынып, ортасы немесе белгілі бір бөлігі ашық алаңқайлы болып келеді де, ол аула ретінде пайдаланылған. Тағы бір өзгешелік, қалада тұратын түрік шонжарлары өздерінің үй – жайларының алдына сәнді де әдемі киіз үйлерді тігіп қоятын болған. Сондай-ақ, үй-жай, тұрақтар салуда қолданылған құрылыс материалдарына – топырақ, ағаш, қамыс, тас және шикі немесе күйдірілген кірпіштер жатады. Осы бір түркілік ерекшелікті аталмыш Түрген қорғанынан байқауға болады. Сызбаға зер салып қарасаңыз оңтүстік – батыс жағы бос алаңқайлы, ол жерде ешқандай да үй немесе басқа да ғимарат орнының қалдықтары байқалмайды. Қорыта айтқанда солтүстігі мен шығысындағы обаларға жүгіне отырып, бұл қоныстың түп – тамыры үйсіндерден басталып, түркілік кезеңнен бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырған байырғы, өте көне елді мекен болды ғой деген тұжырымға тоқтадым. Әрине, бұл әлі де түпкілікті, жан-жақты зерттеуді қажет ететін дүние екендігі даусыз.
Ия, біздің туған өлке Жаркент жерінің бізге беймәлім тарихи құпиялары әлі де көп-ау… Сөз соңын «Төл тарихымыз түгенделіп, келешек ұрпақтың рухани құндылығына айналса екен» деген ақжарма тілекпен аяқтаймын.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ