ӘЖЕ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Жаным менің гүлденеді далада,
Сенің сөзің шындық екен, рас апа.
Қайырымы қазаққа аз қалада,
Мейірбандық жайлы соғып пәлсапа.
Өзіңді аңсап отырғаным міне, енді,
Тағдырдың бұл бір жазуы шығар-ау.
Қатырады сан сауалдар сілемді,
Жүрегімнің тұсындағы шық анау.
Қайшылайды жас жанымды егесті ой,
Иіп-иіп жұмсақтыққа әкелген.
Тірлік дәмі сондай тәтті емес қой,
Мәмпәсидей сен дүкеннен әперген.
Іздейтіні жайлы мекен, ылғи ық,
Бұл қаланың ережесі бағзыдан.
Қабағына көрмеген еш мұң жиып,
Жыланның да басына ақ тамызған.
Қайран әжем,
Пейілі кең ұқсайтұғын бақшаға,
Текеметі түрлі күй де сырмағы-ән.
Өкіметің өлшеп берген ақшаға,
Ел қатарлы күнін көріп жүр балаң.
Арқаңыздан түспейтінбіз күн ұзын,
Келмес жаққа кете бардың жылыстап,
Арқасынан түспейін деп өмірдің
Мен жалынан ұстап алдым уыстап.
Қадап қойып қанқу дейтін сүңгіні,
Қарқ-қарқ күліп сырт жағымнан жатты кей.
Мейрімге шөлдеп жүрмін бұл күні,
Жан қалтаңнан үзілмейтін тәттідей.
***
ТАҢБАЛЫ ТАС
Сақ деген батыр адам, аңғал адам,
Қисайса түзеуге әзір сәл бағанаң.
Зердесіне түйіп ап тағылымды,
Тарихын тасқа жазып таңбалаған.
Қонақ келсе бұл халық қарбаласқан,
Дәм таттың ба «ет» дейтін арман астан.
Сонау, сонау заманда, ықылымда,
Өркениеттің өзіне таңба басқан.
Жұлдыздай жарқыраған жанып көктен,
Уақытқа таңбасын салып кеткен.
Тарихы сондай ауыр болғасын да,
Таудай-таудай тастарға жазып кеткен.
Ат мінген, қой да баққан, түйе мінген,
Халқымның қасиетін сүйемін мен.
Сан шет елдік тамсанып жатқан сырды,
Аңғал бабам көңіліне түйе білген.
Шежіре шерткен тасқа сөнбесін деп,
Айтпаймын мақтан етіп өңгесін көп.
Сақтардай садақ тартып тұрам ылғи,
Елімізге еш қауіп төнбесін деп.
***
САҒЫНЫШ
Жіберсеңде Ұрымға, Қырымға айдап,
Жырымменен жеткізем сырымды айғақ.
Ауылдағы ақ көңіл ағайындар,
Бірің шекер болғанда бірің қаймақ.
Осындайда күй — қобыз тартылмай ма,
Желідегі қара өлең ағытылмай ма.
Әр ісіме батамен бақ беретін,
Ассалаумағалейкум, қартым қайда.
Жөн білетін және де еп білетін,
Торта құртын өреде кептіретін.
Зер кимешек киетін зерлі әжелер,
Тәтті беріп текемет тептіретін.
Бірге болып іргеміз, бірге аспаным,
Өздеріңдей ешкіммен сырласпадым.
Іліп-тартып әзілмен жүретұғын,
Сағындым құлын-тайдай құрдастарым.
Көңілдің шоғын кімдер маздатпады,
Өткен шақтан айтайық қозғап тағы.
Сөзге ілініп қалмайық деп қорқатын,
Сол бір қызды сағындым саз жақтағы.
Сағындым ауылымды бағы бар шын,
Бауырларым жанымнан табыларсың.
Қала жақтан бұйырған несібесі,
Бір ұлыңды сен — дағы сағынарсың.
***
Құстар да қайтты базарын жаздың тарқатып,
Салатын сән жоқ баяғы әнге шырқатып.
Қызыл жар сынды қызарып күнге қараған,
Көңілімде күмбір қатпарлы ойлар тұр қатып.
Өзіңмен өткен сәттік мезет те бас бармақ,
Күлетінбіз тегі жұмбақтап сырды астарлап.
Қосынын тігіп арғымақтарын арқандап,
Миымды енді естеліктер келіп басқармақ.
Екеуміз бірге еркелеп күлген шақтардан,
Санамда менің қып-қызыл шоқтар сақталған.
Өсектің суы секілді өрекпіп өрге ағатын,
Көкірегімнің түбіне түйіліп қалды тәтті арман.
Қайда да кеттің қиқулы шақтар думанды,
Думанды күнге сезімнің жүзін жуғам-ды.
Өткен шақтардың сырмағын сілкіп қаққанда,
Жүзімдей жүзің жарқ етіп, осы бір өлең туған-ды.
***
БАҚЫТ ЖАЙЛЫ
Бақыт деген немене өзі ұға алсам,
Көптігі ме қалтаңдағы теңгенің.
Өмір көрген ағалардан сұрасам,
«Бағың дейді жеңілгенің …… жеңгенің».
Мағыналы аталы сөз, мақал мың,
Жол көрсеткіш белгісіндей бақыттың.
Күрмеуі көп күрең ойға маталдым.
Өз-өзімді жұбаттым һәм қағыттым.
«Бақыттымын дейді жарым үйдегі,
Тез атансақ, бақуатты, барлы адам».
Байлар қанша дәл осындай күйдегі,
Бақыт іздеп, аласұрған, зарлаған.
Бақыт деген немене өзі ал сонда,
«Бақыттымын» дей алам ба бір күні.
Өткінші өмір құрсауында қалсам да,
Бақыт іздеп сарылғаным күлкілі.
Жалғаныңыз шын жалған, жә, дауласпа,
«Бақыттымын» дей алмаймын құба-құп.
Өзі өлшеулі ғұмырымды әу баста,
Ұрлап жатса сағат сайын уақыт.
***
НЕСИЕ
Қызбағасын өткен күнде шекеміз,
Мирасқа пұл қалмағасын нетеміз.
Адалдықты кепілдікке бердікте,
Уыс-уыс ақша алғамыз кеше біз.
Бай ұлындай балпаң-балпаң басқан ек,
Бәрінің де нарқын нән ғып тастап ек.
Жарнамадай алдамшы екен барлығы,
Кепеш күндер қайта орнады басқа кеп.
Дағдарыс деп отырсақ та тұрсақта,
Далда-далда күй кешеміз бұл шақта.
Аш балықтай қылқытқасын теңгені,
Жем боп еніп кеткеннен соң құрсаққа.
Наразы боп, нали берме, мұң шақпа.
Алған едік ойланбастан сертпенен,
Құр қалардай банк бөлген кертпеден.
Вирусы бар бәле екен ғой білмеппіз,
Тең екен ғой ауруменен, дертпенен.
Ақша деген кір емес пе қолдағы,
Әйтсе-дағы тіршіліктің сол мәні.
Өзі ауыртқан Үкіметтің мейірлі,
Ұшықтауға теңгемен қордағы.
Үшкіріп кеп жіберсе ғой болғаны,
Өнер еді үміттердің солғаны.
Ұшар еді аппақ арман тордағы,
Бір үшкіріп жіберсе болғаны. . .
Түшкіріп. . .
Рас екен.
***
ТІЛЕК
Махаббаттың маздап жанып алауы,
Жүректердің орындалды қалауы.
Көңілдері тәтті арманмен көктеген,
Жас отаудың желбіресін жалауы.
Ағытылсын қуаныштың тиегі,
Ата-ананың ұзақ күткен күйі еді.
Жас отаудың мықты болсын іргесі,
Берекемен өрнектелсін жиегі.
Асып-тасып қалатұғын күн бүгін,
Ырыс еніп түрсін үйдің түндігін.
Ата-ананың қос еркесі қосылды,
Мойындатып өмір өзі шындығын.
Құлындары арманына жеткесін,
Ата-анасы ырымдарын жөткесін.
Өздеріңдей жас отаумен жарасып,
Егемен ел өсіп, өнсін, көктесін.
***
МЕН ӨЗІҢЕ МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫН
Азамат болып қалыптасуыма,
қанатымның қатаюына үлкен еңбек сіңірген
аяулы ұстаздарыма арнаймын
Мектеп үйі – бесігім тербетілген,
Мен де өзіңде еркелеп ер жетіп ем.
Көп үмітті көктетер, дәл өзіңдей,
Еш бір сая таппадым жер бетінен.
Сақшысы тазалықтың алтын ұям,
Тірі болсам жанымның нәрін кұям.
Өзіңде өткен алаңсыз күндерімді,
Тәлкегі мол тірлікке қалай қиям.
Болады ма қиялым мұнша қалың,
Сыздықтаған сәуледен сыр санадым.
Шағылғанда терезем шындық іздеп,
Өзіңе келіп жиі мұң шағамын.
Бұлқынып көгенінде бұла сырдың,
Арқас таудың басынан жыр асырдым.
Өзің берген тәлімді бойтұмар ғып,
Тасып жатқан айдынға құлаш ұрдым.
Балалығым асыр салған сән кұрып,
Өмірімді өрнектеген ән қылып.
Қанатымды қатайтып көкке ұшырған,
Мен өзіңе қарыздармын мәңгілік.
***
ӨМІР ӘЛІППЕСІ
Тірлік заңын сан жаттап,
Түсінбей-ақ қойғаным.
Жүргеніммен қалбақтап,
Ал бір басқа ойларым.
Қарға біткен қарқылдап,
Қыранбыз деп шулайды.
Өзін-өзі алқымға ап,
Жүрек құрғыр тулайды.
Қара жерді басамын,
Өкшем болса сүп-сүйір.
Өз жолымды қашадым,
Шың басына тік те иір.
Падишасы көңілдің,
Мен, мен, мен едім.
Әліппесін өмірдің,
Тауыса алмай келемін.
***
УАҚЫТҚА УӘЖ
Өмір неткен сөз жұмбақтай күрделі,
Шешуінен қалам ылғи жаңылып.
Тарқатылса танымымның күрмегі,
Айқай салып шыға келем қағынып.
«Ақылыңның құдығына түкірдім,
Өз пәлсапам асырып-ақ келеді»
Дейді ағайым. Жауабына кідірдім,
Жынды сөздің неше атасы кеп еді.
Қымырандай қымызыңды ашытқан,
Ойлар мені келіге сап түйеді.
Қарауларды сөзе аламын қашықтан,
Бірақ кімнің қышиды оған иегі.
Талдың басын жел иеді тәкәппар,
«Қардың басын қар алады» ежелден.
Уақытқа өз уәжіңді жалғап қал,
Асып бара жатқанында кезеңнен.
***
АЗАТТЫҚ
Өрге қарай домалаған бақ тасы,
Өктемдіктің белгілі елге жақпасы.
Желтоқсанда шытынады сөгіліп,
Мұз құрсанған империя қақпасы.
«Жаным – арым садағасы» анық-ты,
Бабалардан осы өсиет қалыпты.
Озбыр жүйе жұтқысы кеп жанықты,
Дархандығы даласындай халықты.
Жұта алмады, керісінше қирады,
Көктен келіп тоғышардың сирағы.
Жұлындасып кеткен әбден жүйесі,
Ұлт пен ұлыс есін әрең жинады.
Тілерсегін қиған тозақ, азаптың.
Тәуелсізбін бүгін міне, азатпын.
«Ақтабаннан…» аман қалған аштықтан,
Ар жолында жанын қиған қазақпын.
***
АЙЫ ТУДЫ ЕЛІМНІҢ…
Алыстап елден, жерден де,
Атам мен әжем шерменде.
Тартыпты тілдің азабын,
Қытайдан ауып келгенде.
Анда да арыз айтыпты,
Мұнда да арыз айыпты.
Тасқа соғылып маңдайы,
Жігері құм боп қайтыпты.
Қанына талай от тепті,
Қазақша айтса «жоқ» депті.
Төлқұжат алар кезінде,
Батырбек «Вадим» боп кетті.
Тал қармап қалды Есілі,
Жәутеңдеп қалды жесірі.
Кеудесін басты өр ұлдың,
Тіл білместіктің кесірі.
Зарыққан жанды жол күтіп,
Олай да бұлай орғытып.
Етектен тартты есерлер,
Орысшасымен қорқытып.
Содан да болар кім білсін,
Былдырлаған бүлдіршін.
Балаң да балаң кезімде,
Айтқызып маған сан дүркін,
«Дай хлеб» деген бір сөзді,
Мақтанды-ай атам қауымға.
Бір қойын сойып ақыры,
Той жасап берді ауылға.
Ал әжем болса, күн – өзі,
Атама қайшы мінезі.
Арқасына мені сап алып,
Желмаядай жүзеді.
Айналады толғанып,
Жаны бір менімен, ол да анық.
Шатықты талай салсақ та,
Көрген жоқ шыбық қолға алып.
Етік қып алсақ мәсіні,
Жекіген емес әсілі.
«Орыс келеді» деп қорқытып,
Зәремді алатын – тәсілі.
…Ержеттік біздер осылай,
Орыстан қорқып, тасымай.
Бас қала өгей баладай,
Қарсы алды бізді, япыр-ай.
…Тәңірі түзу қарапты,
Шуаққа бөлеп алапты.
Бағына біздің толқынның,
Тәуелсіздіктің таңы атты.
Иманым және ұяттай,
Миуалы да мияттай.
Айы туып келеді тілімнің,
Құбыла жақтан қияқтай.
Жыр теңіз болып толқытып,
Мұз теңіз болып толқытып.
Қазақшамменен жүремін мен,
Тіл білместерді қорқытып.
Өз тілін білмес дүмше ғой,
Менде жоқ бүгін бүрсең ой.
Осыны аңғал атамның,
Аруағы сезіп білсе ғой.