Мұнай өндіру азайғанына қарамастан 3%-дық өсім бар
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 3%-ға өсті. Ресми түрде – бұл орташа нәтиже. Бірақ егер оны факторларға бөліп, құрылымына қарасаңыз, әңгіме сәл өсу туралы емес, мұнай тасымалы сынды негізгі экспорттық сектордың ауыр қысымына қарамастан өсімнің бой көрсетіп отырғаны туралы екенін түсінесіз.
Мұндағы басты тежеуші фактор – шикі мұнай өндірудің 19,8%-ға төмендеп кеткені, ол тау-кен өнеркәсібіне тікелей әсер етті де, сала индексі 88,6%-ды құрады. Нәтижесінде өнеркәсіптік өндірістің жалпы индексі жүз пайыздан төмен бол қалды — 99,3%.
Экономиканың бұрынғы моделінде мұндай құлдырау бүкіл жүйенің автоматты түрде тұралап қалуын білдірер еді. Алайда бұл жолы бұлай болған жоқ. Экономика өсім құрылымын өзгерту арқылы өсуді жалғастырды. Мысалы, тауарлар өндірісі небәрі 0,7%-ға, ал қызмет көрсету секторы 4,5%-ға өсті. Бұл жетекші салалардың шикізат блогынан шикізат емес блокқа ауысқанын білдіреді. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің өсімі ерекше болды — 108,5%. Бұл ретте ол бір саламен ғана шектелмейді, сегменттердің бүкіл жиынтығынан тұрады. Атап айтқанда — азық-түлік +12,6%, сусындар +10%, металл емес өнімдер +37,1%, машина жасау +21,9%-ға өсті. Бұған қоса, құрылыс — 114,8%, көлік — 112,8% және сауда — 104,8% көрсеткішпен өсімге үлес қосты.
Шын мәнінде, бүгінде Қазақстан экономикасы өзінің дәстүрлі сипатына қарсы соққыларға төтеп бере отырып, ішкі көздер есебінен өсімді жалғастыруда. Әрине, бұл мұнайға тәуелділік жойылды дегенді білдірмейді. Бірақ оның кезіндегі теңдесі жоқ қалпынан айырылғаны анық болып отыр. Сондықтан да қазіргі 3%-дық өсім, оның қарқынын ғана емес, сапасын да білдіреді.
Экономика баяулағанымен оның құрылымы қарқынын жоғалтқан жоқ
Бір қарағанда, бірінші тоқсанның экономикалық динамикасы екіұшты көрінеді. ЖІӨ өсімі 3%-ды құрады, өнеркәсіп 100%-дан төмен, сауда баяулап келеді, көлік саласы бір жыл бұрынғыға қарағанда бәсең өсуде. Алайда, бұл сырт қарағанда ғана солай. Егер оның құрылымына мұқият зер салсаңыз, өзгеше суретті байқайсыз. Мәселен, негізгі негатив өндіру секторында шоғырланған. Ондағы өнеркәсіп өндірісінің индексі 88,6%-ды құрады, бұл мұнай өндірудің 19,8%-ға төмендеуімен байланысты орын алып отырған жағдай. Бірақ сонымен қатар бір мезгілде тағы бір процесс жүріп жатыр, ол — шикізаттық емес блокты күшеюі.
Бұл бағытта өңдеу өнеркәсібі 8,5%-ға өсті, әрі бұл бір реттік әсер емес екені анық. Бұл – өңдеу саласы екінші жыл қатарынан өндіріс саласынан озып келе жатқан трендтің жалғасы. Өсім негізгі сегменттер бойынша келесідей ретте бөлініп отыр: машина жасау – +21,9%, құрылыс материалдары – +37,1%, азық-түлік – +12,6%. Сонымен қатар экономиканың басқа да секторлары өсім көрсетуде: құрылыс – 114,8%, көлік – 112,8%, ауыл шаруашылығы – 103,4%, байланыс – 103,9%. Бұл қосымша ЖІӨ-нің құрылымымен де нақтылана түседі, онда тауарлар 34,9%, ал қызметтер 54,5%-ды құрады.
Бұл дегеніміз, экономика көпвекторлы болып келе жатқанын білдіреді, ал оның негізгі бөлігі бүгінде шикізат секторынан тыс қалыптасуда.
Басқаша айтқанда, классикалық жағдай көрініс беріп отыр, яғни, қарқын баяулағанымен құрылым жақсарып келеді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, біріншісінен гөрі екіншісі маңызды.
Мұнай төмен құлдырағанымен, енді ештеңе шешпейді
2026 жылдың бірінші тоқсаны Қазақстанның экономикалық моделінің тұрақтылығына шын сынақ болды. Мұнай өндірудің 19,8%-ға төмендеуі экономика үшін қатты ауыр тигені рас. Бұл өнеркәсіп пен аймақтық динамикаға, әсіресе мұнай өндіретін салаларға бірден әсер етті. Алайда, түпкі нәтижеде ЖІӨ 3% өсім көрсетті. Неліктен? Өйткені экономика енді бір ғана секторға арқа сүйемейді.
Өсім бірден бірнеше бағытта қамтамасыз етілді. Олар: құрылыс – 114,8%, көлік және қойма – 112,8%, сауда – 104,8%, ауыл шаруашылығы – 103,4%, байланыс – 103,9%. Осы тұстағы маңызды бір жайт — көлік секторының ішіндегі күрделі жағдай, мәселен: құбыр тасымалы 98,5%-ға дейін төмендегенде, жалпы сектор сенімді түрде өсім көрсеткен қалпы қала берді. Бұл экономика тек салаларды ғана емес, салаішілік өсу көздерін де әртараптандырып жатыр деген сөз.
Құрылыс саласы, өз кезегінде, барлық дерлік өңірде тұрақты өсім көрсетіп отыр, бұл инвестициялық белсенділіктің жалғасып жатқанын және инфрақұрылымдық жобалардың іске қосылғанын білдіреді.
Осылайша, мұнай факторы бұрынғысынша маңызды болып қала бергенімен, енді экономиканың траекториясын айқындамайтыны анық. Осынау үлкен өзгеріс экономиканың мұнай өндіру саласына байланып қалмай, өз алдына бөлек жүйе ретінде жұмыс істей бастағанын көрсетеді.
Өңдеу саласы – экономиканың жаңа тірегі
Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша экономика құрылымында көрініс беріп отырған ең басты өзгеріс – өңдеу өнеркәсібінің рөлінің күшейе түскені. Мұнай өндіру құлдыраған шақта (өнеркәсіп өндірісі индексі – 88,6%) қайта өңдеу саласы 108,5%-бен сенімді өсім көрсетіп отыр. Десе де, бұл өсімнің бірнеше принципті сипаты бар. Біріншіден, ол – әртараптандырылған. Бірнеше сегмент бір мезетте бірге өсіп отыр. Машина жасау – +21,9%-ға, құрылыс материалдарын өндіру – +37,1%-ға, тамақ өнеркәсібі – +12,6%-ға, сусындар – +10%ға артты.
Екіншіден, ол инвестициялық тұрғыдан қолдау тауып отыр. Мысалы, негізгі капиталға инвестициялар индексі 106,4%-ды құрады, бұл ретте жекелеген өңірлерде өсім анағұрлым жоғары. Айталық, Жамбыл облысында – 171,6%, Түркістанда – +71,2%.
Үшіншіден, ол аймақтық базаға ие. Жан-жақты өсім Алматы, Астана және Шымкентті қоса алғанда, көптеген облыстар мен ірі қалаларда тіркелуде. Бұл қайта өңдеу саласы ішінара бой көрсеткенді тоқтатып, экономиканың жүйелік элементіне айналды деген сөз. Іс жүзінде ел ішінде өндірістен бастап логистикаға және одан әрі тауарды өткізуге дейінгі қосылған құн тізбегі қалыптасып келеді. Ал бұл дегеніміз – экономикалық модельдің сапалық өзгеше деңгейі.
Мұнайдан тепе-теңдікке дейін: өзгерістердің шынайы бағасы
2026 жылдың бірінші тоқсаны бір нәрсені айқын көрсетті: Қазақстан әлі де болса мұнайға байланған экономикаға ие, бірақ бұрынғыдай емес. Мұнай өндірудің 19,8%-ға төмендеуі макро көрсеткіштерге бірден әсер етті, яғни тәуелділік бар деген сөз. Бірақ бұл ретте экономиканың тоқыраудың орынына өсуді жалғастырғаны, аралас модель қалыптасып келе жатқанын білдіреді. Бір жағынан, шикізат секторы негізгі рөлде қала беретіні рас, өйткені ондағы ауытқулар жалпы динамикаға бірден әсер етеді. Екінші жағынан, қызмет көрсету секторы ЖІӨ-нің 54,5%-ын құрады, қайта өңдеу өндіріске қарағанда тез өсуде, ал инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар ішкі сұранысты қанағаттандырып отыр. Құрылыс (114,8%) және көлік (112,8%) сияқты салалардағы өсім экономиканың ішкі процестерге сүйене бастағанын көрсетеді.
Осы ретте шикізат моделінен көшу бір сәттік процесс емес екенін түсіну маңызды. Бұл дегеніміз, құрылымның біртіндеп өзгеруі, ондағы мұнайдың рөлі оның жойылып кеткенінен емес, басқа салалардың өсуінен төмендейді. Дәл осы процесс Қазақстанда біртіндеп жүріп жатыр.
Батыл саясат жемісі: тиімді және жүйелі
Бірінші тоқсанның нәтижелері Қазақстанның ағымдағы экономикалық саясатының тиімділігін анағұрлым нақты бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Егер тек қорытынды цифрдың өзімен ғана бағаласақ, ЖІӨ-нің 3%-ға өсуі – алдын ала мәлім етілген меже аясында ортаңқолдау, тіпті жеткіліксіз болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, бұл тұста қарқынның өзі емес, өсімнің көздері мен құрылымы әлдеқайда маңызды.
Ағымдағы кезеңнің басты ерекшелігі – өсім негізінен шикізаттық емес салалар есебінен қалыптасып отырғаны. Бұл өте принципті сәт, өйткені экономиканы әртараптандыру – соңғы жылдардағы экономикалық саясаттың басты міндеттерінің бірі.
Мұнай өндіру 19,8%-ға төмендеп, ол өнеркәсіпке едәуір қысым көрсеткендіктен өсім басқа секторлар арқылы қамтамасыз етілді. Өңдеу өнеркәсібі индексі 108,5%-ды, құрылыс 114,8%-ды, көлік және қойма 112,8%-ды, сауда 104,8%-ды, ауыл шаруашылығы 103,4%-ды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар да 106,4%-дық оң динамиканы паш етті. Яғни, экономика енді тек шикізат секторына ғана сүйенбейтіні, керісінше кең ауқымдағы өсу базасын қалыптастыра бастайтыны анық болды. Бұл жерде біз бір реттік лықси көрінген көрсеткіштер туралы емес, бірден бірнеше бағыттан бой көрсеткен тұрақты динамика туралы айтып отырмыз.
Оған қосымша институционалдық күн тәртібі де одан ары күшейтілуде. Оның ішінде наурыз айында 11%-ды құраған инфляцияны тежеу жөніндегі шаралар да, бәсекелестік ортаны дамыту да, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және жаңа өнеркәсіптік жобаларды іске қосу да бар. Бұл құралдардың барлығы неғұрлым тұрақты және болжамды экономикалық ортаны қалыптастыруға бағытталған.
Осы ретте ағымдағы нәтижелер соңғы қорытынды емес, аралық кезең екенін түсіну маңызды. Көптеген инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда, ал олардың экономикалық өсімге қосқан үлесі біртіндеп көрініс бермек.
Әрине, қазіргі өсімді жоғары деп атауға болмайды. Ол мақсатты межеден төмен, әрі сыртқы және ішкі шектеулер де сақталып отыр. Алайда оның сапасы түбегейлі өзгеріп келеді. Экономика қолайлы шикізат конъюнктурасы есебінен емес, ішкі факторлардың – қайта өңдеу, инвестиция, құрылыс, логистика және ішкі сұраныс есебінен өсе бастады. Мұндағы ең басты жүйелік нәтиже де осы – «ресурстар – экспорт» моделінен «өндіріс — қосылған құн — ішкі өсім» моделіне біртіндеп көшу. Бұл процесс, әрине, жылдам жүріп өтуге болатын әрі түзу төселген жол емес, бірақ қазірдің өзінде-ақ ол өлшеуге болатын сипат алып келеді. Міне, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша шығарылар басты қорытынды да осындай.










