Алматының Жетісу ауданындағы №43 мектепте орналасқан №343 сайлау учаскесінде екі ғасырдың куәсі Қанша Жақсыбаева әжей дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Кейуананы сайлау учаскесіне қызы Кенже арнайы көлікпен алып келді.
Шаһардың ең қарт тұрғыны Қанша Жақыбайқызы 1916 жылы 18 шілдеде дүниеге келген. Бұл күнде 26 немере, 36 шөбере,19 шөпшек көріп отыр. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартып, өмірдің бар белесінен өтті. Ұзақ жылдар бойы колхоздың қызылшасын еккен. Қой бағып, сиыр сауып, сауыншы да болған.
«Еліміздегі саяси науқаннан қалыс қалғым келмеді. Сондықтан сайлау комиссиясына өтініш білдіріп, сайлауды көзіммен көріп қатысайын деп шештім. Менің даусымның аз да болса, еліміздің өркендеуіне өз септігі тиер деп ойлаймын. Мен келешек үшін дауыс бердім, — дейді 107 жастағы кейуана Қанша Жақсыбаева.