Біз бүгін азаттықтың үшінші мүшеліне, 34 жылдығына аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдары болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қаулымен бекітіліп, жарялануымен атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туыды. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті.
Елімізде 1995 жылы 25 қазаннан бастап Республика күні мерекесі тойлана бастадды. Арада біраз жыл үзіліс болса да 2022 жылы қыркүйек айында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Республика күні мерекесі қайта жаңғырды. Келер жылы рухы асқақ, тұғыры биік Республика күні мерекесінің атап өтіле бастағанына 35 жыл толмақ. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Тағылымы мол тарихымыз – сонау сақ дәуіріндегі, түркі бабалар тұсындағы, күні кеше 550 жылдығын ел болып тойлаған Қазақ хандығының кезеңіндегі, кешегі екінші дүниежүзілік соғыстағы ұлтымыздың ұлы күрестерінің куәсі. Бұл – біздің өткеніміз, бұл – біздің тағдырымыз.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан», – деген халық даналығын барша біледі. Десе де біз елу емес, небәрі 34 жылда қарыштап жаңаланған, төрткүл дүние бағалаған ел болдық. Өзгелер ғасырлап өтетін, ал енді біреулері мүлдем мақұрым кететін тарихи жолды бар болғаны отыз жылдан астам уақытта еңсердік. Ол да болса кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған бүгінгі замандастарымыздың, сіздер мен біздердің еселі еңбегіміздің, бірлік-берекеміздің жемісі.
Отанды сүю – ерекше бақыт, ал оның аптабына күйіп, аязына шыдау әркімге бұйыра бермейтін бөлек дүние. Оның жолында оза шапсаң да, шоқтай жансаң да, жанып жатып арманда қалсаң да жарасады. Бұл ата-бабаларымыздың асыл арманы. Біз тәуелсіздікті бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен алдық. Тәуелсіздік – тарихтың толқынында шайқалмай, уақыттың соққысын байқамай өз бетінше тұратын тұғыр ғана емес, ол шарболаттай шыңдалған рух, наркескен жаңашыл мінез, арайлы ақ таң үшін күрес.
Міне, мәңгілік жасайтын елдің өмірлік ұстанатын кепілі – осы. Мыңжылдықтар тоғысар тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі қазақстандықтардың, яғни сіз бен біздің пешенемізге жазылды. Білгенге бұл үлкен бақыт, әр таңда қастерлеп тәу ететін, кеудені кернейтін сарқылмас қуаныш. Тәуелсіздігімізбен тамырласатын Республика күні мерекесінің қастерлі қасиеті елімізге қымбат.
Тасқын ЖАПАРҚҰЛ,
Жетісу облысының,
Панфилов ауданының
Құрметті азаматы.