Заманыздың атақты ақындарының бірі – Қадыр Мырзалиевтің осы өлең жолдары заман ағымындағы қан тамырының лүпілін тап басып тұрған сияқты. Жыл сайын қыстың аязы қайтып, көктем лебі сезіле бастағанда, мені іштей бір мазасыздық жайлай бастайды.Кешегі қанды соғыстың дүрбелені басылып, қырғын аяқталғаннан кейін бес жылдан соң туылған — маған соғыстың барлық ауыртпалығын көтерген, екі баласынан айырылған ағайын – туысын жоғалтқан, әкемнің күйзеліс жылдардағы қанындағы мазасыздық маған да берілген сияқты.
Адамзат баласын орасан зор апатқа ұшыратқан дүние жүзі халқының 80% құрайтын 61 мемлекет қатысқан, 65-67 млн адам опат болған екінші дүние жүзілік соғыстың зардабы әлі де халық есінен кетпейді. Қазақ халқы да қан майданға 1 млн 200 мыңнан астам боздақтарын аттандырды, майданда ерліктің үлгісін көрсетіп талай-талай ұлыларды өмірге әкелетін жастарымыз өмір қызығын көрмей, қыршыннан қиылып, көр қойнауына кетті. Майдан даласында қаза тапқан 600 мыңдай сол батырлар жеңіс күнін жақындатты. Жеңіс те келді. Міне, осы сәтте мен де мазасыздық күй кешемін.
Мынау ашық аспан, жарық дүние, қамсыз өмір. Тыныш, көңілді мейрамды күндер. Бәрі көңіл көншітерлік шақтар. Бірақ, мұның есебі бар емес пе? Қандай есеп дегенде біз кешегі жауға қасқайып тұрып төсін төсеп, айдаһардай аранын ашқан ауыр артиллерия мен танктерге, қарақұзғындай көктен сусылдаған жау авиациясына, қарсы шайқасқан жауынгерлердің олар мен қалай соғысқанда да, олардың өмірін сақтап қалуға орай әрекет еткен командирлердің, ержүрек қолбасылардың ерлігін ұмытпадық па? Оларды кейінгі ұрпақ есте ұстайтындай естелікті іс-әрекеттер жасадық па? Барлық мәселенің түйіні осында.
Екінші дүниежүзілік соғыс барысында бейбіт жатқан КСРО еліне бүйідей тиген фашистік Германия бастаған қанды қыргын 1418 күнге созылды.
1941-1945 жылдардағы қиян-кесті соғыс Ұлы Отан соғысы деп аталуы тегіннен-тегін емес. Соғыс даласында әрбір жауынгер бірінші, туған отбасын- ошақ қасын қорғау арқылы, өзінің ұланғайыр даласын жау таптап, қорлық пен езгінің астында қалмауын тілеп, бойында қасық қаны қалғанша шайқасты. Жеңісті күндерді жақындатқан жауынгерлердің ерлік үлгісі ұрпақтарға ұран болып қалды.
Пай-пай өмір!
Өтесің-ау бір күні.
Тиясың-ау қуанышты, күлкіні.
Өмір деген – жарқ еткен бір найзағай
Өмір деген көк аспанның күркүрі.
Хантәңірінің мұзбалақ ақыны Мұқағали ағамыздың осы толқу өлеңі сол ағаларымыздың жасындай өмірі. Олар өмірге келді, найзағайдай жарқ етіп, ерлік көрсетіп, қан майданда қаза тапты, күркүреген күндей сан-сапалақ шайқасты әңгіме етіп тірі қайтқан ардагер- жауынгерлерде өтті дүниеден. Кешегі сұрапыл ұрыстың белгісі болып, тас тұғырға солдат мүсіні тұрғызылып, қаза тапқан ерлердіңесімдері тасқа басылып жазылды.Туған жерінде ардақталғандары қанша ма? Ұлтының мақтанышына айналған батырлар есімі де ел есінде. Әйтсе де, көңілге түйіткіл салатын нәрсе бар екен.
Бір жарым айдай бұрын кітап сөресінен өзіме қажет болған бір кітапты қарастырып жүріп, қолыма алған кітапқа қарасам, Алматыдағы «Нұрлы әлем» баспасынан 2007 жылы шыққан Ерлік Дүйсенбековтің «Генерал Сабыр Рақымов» деген деректі повесі екен. Алғаш повесті шыққан кезде бас алмай оқып шыққам. Парақтап орнына қойдым. Содан кейін осы есім ойымда жүрді. Түбі бір туыс туралы, қазақ айтатын екі туып бір қалғанымыз жайлы қалам таратпасақ аруағы риза болмайтындай көрінеді. Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысы басталғанда 1941 жылдың маусым айында майор шенінде мотоатқыштар полінің командирінің орынбасары болып ұрысқа кірген. 1942 жылы қыркүйек айында 56-шы армияның құрамындағы 395-ші дивизияның командирі болып тағайындалған. 1943 жылы Орта Азия халықтарының арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор атағын алған Сабыр Рақымов – қазақ елінің мақтанышына айналды. Суан елініңазаматы. Ұлы жүз ішіндегі Суан баба ұрпақтары екіге бөлінген Ханбағыстан тараған ұрпақтары Қазығұрт тауының төңірегін мекендеген олар – Бағыс Суан атанған, Жаркент шұратын мекендейтін Суандар Арқастың баласы – Тоқарыстан ал, Бекарыстың баласы – Бәйтугей таралады.
Генерал Сабыр Рақымовтың арғы атасы – Жетібай батырдың ұрпағы Мәмбетқұл датқа атағы алысқа кеткен, дәулетті адам болған.
Генерал Рақымовтың өмір жолын зерттеп, архив деректерін ақтарып бірнеше мақалалар топтамасын шығарған «Лениншіл жас» қазіргі «Жас алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Әкім Ысқақтың «Қазақ үні» газетіндегі Е.Дүйсебековтің «Генерал Сабыр Рақымов» деректі повестеріндегі мағлұматтарға сүйенсек, атасы Мәмбетқұлдың тәрбиесін көріп, арабша хат танып өскен делінеді. Әкесінен жастай қалсада, қанына тартып самдағай, ширақ болып өскен Сабыр Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ауқатты адамдардың балалары оқуға қабылданбайтынын естіген соң, нағашы атасы Рақымға шағынады. Білімге құштарланған баланың ой-арманын тез пайымдаған нағашысы Рақымов деп жаздырып мектепке береді. Ұлы Отан соғысы басталғанда Сабыр Рақымов әскери соғыстың қыр-сырын меңгерген, әрбір шабуылынжаудың қимыл әрекетіне қарай тактикалық тұрғыдан белгілей алатын сара қолбасшы болып, қалыптасқан еді. Әзірбайжанның астанасы Баку қаласындағы әскери мектепті үздік бітіріп, Тәжікстанда бүлік шығарған, бейбіт елді қырғынға ұшыратқан басмашыларды тас-талқан етеді. Азамат соғысының даңқты қолбасшылары М.В.Фрунзенің қолынан қоладан құйылған арғымақ аттың мүсінің, Буденныйдың өзінен қылды қиып түсер алмас қылыш алған, алғыр да, айбарлы командирден болашақтағы генералдың бейнесі сомдалды. Қиын-қыстау күндерде көрсет ерлігі үшін Сабыр Рақымов 1937 жылы «Қызыл ту» орденімен марапатталды. 1930-1936 жылдары екі рет Қызыл жұлдыз орденінің иегері болуы да елдің тыныштығын сақтауға қосқан үлесі үшін берілді.
Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысына Самарқанда әскери басшы болып жүрген жерінен аттанды. Ауыр ұрыстар кезінде өз қарамағындағы әскери күшті ұтымды пайдаланды.Аз шығынмен жаудың әскерін көп шығынға ұшыратуды, тез қимылдауды шебер меңгерген, Сабыр Рақымовқа Солтүстік Кавказдағы жауды талқандаудағы ерекше ерлігімен көзге түскені үшін 2- дәрежелі Суворов орденімен КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумнің төрағасы М.И.Калининнің қолымен жазылған Алғыс хатын алды. Ростов бағытындағы жаумен шайқастардағы күрескен ерлігі үшін «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Майдан даласындағы қайсарлығы үшін КСРО Халық Комиссариаты 1943 жыл 19 наурыздағы бұйрығымен генерал-майор атағы берілді. Даңқты жерлесіміз туралы Е.Дүйсебековтың «Генерал Сабыр Рақымов» әскери қабілеттілігі туралы қарулас жолдастары өте жағымды пікірде еді.
Әскери саладағы талантын таныған бас штаб генералды Мәскеуге академияға оқуға шақырады. Майдан даласының қиын телімдеріне көмек қажет болған кездерде де, генерал тайсалмай өз дивизиясын жылдам ұйымдастырып, діттеген жерден дәл уақытында табылатындығы жөнінде 1-ші кейін 2-ші Беларус майданын басқарған маршал К.К.Рокоссовский командованиеге генералды жоғары бағалағаны мәлім. Осындай қадау-қадау ерлігі үшін кезекті «Қызыл ту» мен Богдан Хмельницкий ордені тапсырылады. Қазақ халқының батыр ұлы майдан даласын көктей өте отырып, өзі басқарған 65-ші армияның құрамындағы 37-ші атқыштар дивизиясы мен 1944 жылдың қаңтарынан бастап, Польша жерін жау әскеріненазат етуге кіріскен.
Е.Дүйсебековтің «Генерал Сабыр Рақымов» кітабының беташар сөзін жазған Кеңес Одағының батыры Тоғанбай Қауымбаев пен Сабыр Рақымовтың екеуінің кездесуі адам жанын тебірентеді. Генералдың Тоғанбаймен кездесуінде алыста жатқан туған жерін, туған-туыстарын аңсауы батырды көргенде қазақ екендігін айтып, арқа-жарқа әңгімелесуі біздің ұлттық дархандығымыздың көрінісін көреміз.Осы екі қазақ батырларының қарым-қатынасы Ұлы Отан Соғысының ардагері жазушы Н.Төлендіұлының «Қазақтың қос батыры» романында шынайы берілгендігіақиқат. 1945 жылы кеңес әскерлерінің бас командованиесі Висла-Одер шабуылдау операциясын жоспарлаған еді. Мақсаты немістердің «Орталық» деп аталатын әскери тобын талқандап, Польшаны басқыншылардан азат етіп, тікелей Берлинге соққы беруге жағдай туғызу болатын.
Даңқты қазақ генералы 1944 жылы 26 наурызында осы операцияны іске асыру барысында бақылау пунктіне кетіп бара жатқанда, жау минаметінің снарядының жарықшағынан қасындағы серіктерімен біргежараланады. Жау оғының жарықшағы бас сүйегінен өтіп, миын зақымдаған. Генералдың демі үзіліп бара жатқанда, қасында болған лейтенант Тоғанбай Қауымбаев батырдың ең соңғы сөздерін естіген, іштей жаны күйзеле отырып, сөздерін аманат ретінде халқына жеткізген жандардың бірі. Батырдың жан-жүйені солқылдататын қазақша айтқан соңғы «Әй, Тоғанбаймысың? Көзім,бауырым. Түбі суырыпбарады. Ой, жарық дүние-ай!» деп барып есін жоғалтқан сәтін тебіреніссіз қабылдай алмайсыз. Майдан даласында жауға қарсы көптеген ауыр ұрыстарды өзі басқарған жауынгерлерді көптеген операцияларда жеңіске бастай білген генерал Сабыр Рақымовтың қазасы көптеген жауынгерлердің, туған-туысқандарының, бауырлас өзбек халқының да қабырғасын қайыстырып жіберді. Деректер бойынша Сабыр Рақымовтың сүйегі 1945 жылы 25 мамырда Ташкент қаласына жеткізіліп, сондағы бауырластар зиратына жерленген. Сұрапыл соғыс жүріп жатқан кездің өзінде өзбек үкіметі батырдың мәйітін алып келіп, өзі тұрған өлкеге әкеліп жер қойнына тапсырған. Халық арасында дәріптеліп үлкен ескерткіш тұрғызып, мектепке, көшеге, метроға есімі берілді. Алғаш мектепке барғанда Рақымов ұлты өзбек деп жазылғандықтан.
Сабырдың туған-туыстарының архив құжаттарынан іздестіріп, қазақ екенін дәлелдеп жүргендігі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа да жеткендігі мәлім. Екі елдің бірінші хатшылары телефон арқылы сөйлесіп бір мәмлеге келгенге ұқсайды. Екі басшы да сол кездегі саясатқа байланысты ұлттар сыйластығын сақтауға барған болу керек. Ел тәуелсіздігін алғаннан кейінұлттық санаға өзгеріс ене бастағанда, даңқты жерлесіміздің атын республикаға қайтару мәселесі қайта көтерілді. Генералдың өмірбаянын зерттеген, зерделеген қазақ жазушылары қазақ екенін оның ішінде ұлы жүздің Суан тайпасынан тарайтын Ханбағыс екендігін жүйелеп берді.Осы мәселеден кейін өзбек жеріндегі генерал Сабыр Рақымовқа қатысты мектеп, көше т.б берілген атаулар өзгертіліп ескерткіш басқа жерге көшірілген. Туған жері, елі батыр ұлын дәріптеуді дереу қолға алды. Қазығұрт аймағындағы елді мекенге Көкібел ауылындағы мектепке, Шымкент қаласындағы республикалық әскери мектеп-интернатқа, атақты қолбасшының қазаққа қайта оралған ұлының есімі берілді. Сабыр Рақымовтың қазақ халқының мақтанышына айналуына, ұлтының қазақ екендігін бар даусымен баспасөз беттерінде, теледидарда жар салып, айтқан оның сүйікті жары Құралай Натулаева. азамат соғысының батыры Әліби Жангелдиннің қызы Құралай екеуі қосылып, майданда жауға қарсы шайқасқан жау оғына жараланып жатқан Сабыр Рақымовтың қасында сүйікті жары Құралайда қан жұтып басын құшақтап отырды.
Қашан да, тегінде қазақ ұлтының қаны жатқан рухы биік асыл азамат жары Құралайға да, өзінің қазақ екендігін менің жоқтаушым сен боласың, қазақ екендігімді елге жеткізесің, осыны аманаттаймын деп айтып кеткен батырдың өсиетін орындаушылардың бірегейі. Кеңес Одағының батыры атағын алған дивизия командирі болған генерал – майор Сабыр Рақымов қазақ еліне оралды.
Әскери қолбасшы ретіндегі ерліктері майдан төрінде әрбір жауынгерге бауырындай қамқорлық жасайтын, соғыс арасындағы аз-кемдік тыныс алу сәттерінде қазақ бауырларын туған жерін, елін, бауырларын еске алып әдемі әңгіме өрбіткендігі туралы газет, кітап беттерінде естеліктер аз жазылған жоқ.
Батыр ағамыз туралы Қазығұрт баурайындағы ақын бауырымыз Амангелді Құралов «Батырыма тағзым ет» Суан бабамыз жайлы толғай келе:
Сабыр батыр тартыпты Суаныма,
Тектіден текті ұрпақ туады да.
Айлалы, қайратты екі алыпты,
Ұқсатамын Қазығұрттың қыранына- десе өзіміздің ақсақал ақынымыз Оразхан Асқар «Сабыр Рақымов ескерткіші алдында» өлеңінде:
Ерте елдің қорғаған еркіндігін,
Қайталадың ерлігін Елтіндінің.
Жалғастырды үлгінді желтоқсанда,
Қарындасын Ләззат пен Ербол інің, — деп тағдыр айдауымен екі жақта бөлініп жатқан Суанның екі баласының рухани бөлінбейтінің паш етеді.
Өз ұлын өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі, қайдан алсын кеменгерді- деп айтқан қазақ поэзиясының құлан жүйрігі Ілияс Жансүгіровтің осы өлеңі генерал Сабыр Рақымовқа арнап айтылғандығы дәл бүгінгі күні көрініп тұр.
Қазақстанның Тәуелсіздігінің 27 жылдық мерекесі ел іргесін нығайтты. Ел еңсесі биіктей түсті. Қолға ерікті түрде қалам алғызған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы – саналы қазақ қоғамына салиқалы сөз салып, тың ойлар туғызатын ұлағатты сөздер. Мысалы, «Өзінің бір тұтас ұлы ұлттың перзенті екендігінді әсте ұмытуға болмайды» — дегенінде үлкен мән жатыр. «Мәңгілік ел» идеясын алға таратушыларға айтылған бағдар. Мақаладағы «Туған жерге туынды тік» жобасында патриотизм туралы айта келе «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған есімдері ел есінде сақталған бір туар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп, өсуге тиіс». Елбасымыз айтқандай генерал Сабыр Рақымов Қазақстанның даңқты бір туар азаматы. Биыл туғанына 117 жыл толып отырған батырымызға біз мынау Жаркент өңіріндегі, қала берді бүкіл республикаға таралатын іс-шаралар өткізуіміз керек. Мұндай ізгі шараны өткізу үшін табан тірер тұғыр керек, ол үшін аудандағы кеңестік дәуірдің сарқыншағы болып жойылмай тұрған мектептерге, көшелерге, елді мекендерге генерал Сабыр Рақымовтың есімін берілуіне ықпал етуге тиіспіз. Қаладағы іргелі мектептердің бірі Н.Крупская атындағы орта мектептің атын өзгертудің уақыты келген сияқты. Осы игілікті іс шешімін тауып жатса, Астана қаласында да осындай шаралар жүргізіледі деп сенемін. Батыр есімінің ұлықталуын Жаркент аумағының зиялы қауымы, қалың жұртшылығы қолдап отыр. Осы айтылған ойлар бұрын да көтеріліп барып басылып қалды. Бұл игі шаралардың бәрі жұртшылықтан қолдау тауып отырса, қазірдің өзінде өңірімізде көптеген тыңғылықты істердің ұйытқысы болып, атқарған жұмыстарының нәтижесін көрсетіп жүрген аудан әкімдігінің азаматтары абыроймен бітіретіндігі белгілі. Әрбір ауылдың жасы мен үлкені келіп тағзым ететін қасиетті жер бізге емес елжандылық рухта тәрбиеленетін келешек ұрпаққа қажет екендігін түсіне білген кісі қандай құрметке де лайық. Батыр Суан бабамызға тартып, өшпес ерліктің құдыретін көрсеткен генерал Сабыр Рақымовтың атымен аталатын мектеп не болмаса елді мекен не болмаса оларға орнатылған ескерткішке адамдар тағзым етіп, тоқтамай өтпейтін қасиетті жерге айналуы тиіс.
Осы мақаланы жазу барысында материалдар жинастыруға қолғабыс жасап рухани демеушілер бола білген елжанды азаматтарға, тарихшы Ш.Уалиханов атындағы орта мектептің директоры Мухаметәли Туғамбаевқа, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, аудандық білім бөлімінің инспекторы Роза Ыстайға үлкен ризашылығымды білдіремін.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.