Баршаға аян, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының басында фашистік Германияның қанқұйлы қолбасшысы Гитлер бастаған басқыншылар бейбіт жатқан Кеңес еліне қатыгездікпен шабуыл жасап, қанқасап майдан ашты. Бүкіл адамзатқа орны толмас орасан зор қасірет әкеліп, миллиондаған адамдардың өмірін жалмаған бұл кесапатты соғысқа сол кездегі одақтас республикалардағы қолына қару ұстауға жарайтындардың барлығы тайлы-таяғымен аттанды. Сөйтіп, сол тұстағы ортақ Отанымызды жаудан қорғау жолында өшпес өрлік пен ерен ерліктің тамаша үлгісін паш етті.
Осынау елдің еркіндігіне қауіп төнген кезде жерұйығы Жетісудан облыс бойынша 120 мыңнан астам адам аттанып, олардың 47052-сі соғыс даласында ерлікпен қаза тапты. Хабар-ошарсыз кеткендері де аз емес. Күллі әлемді табанына салып таптағысы келген неміс-фашистерімен шайқастарда қаһармандық көрсеткендердің қатарында 52 жетісулық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Сонымен қатар даңқы дүйім дүниеге тараған жиырма сегіз панфиловшы батырлардың тең жартысы облысымыздан болуы да – біз үшін үлкен мәртебе.
Ал, біздің жазиралы Жаркент жерінен осынау қан майданға 9133 адам қатысып, олардың 3423-і басқыншыларға қарсы шайқаста қаһармандықпен көз жұмған. 1700-ден астамы қиян-кескі күрес кезінде хабар-ошарсыз кеткен. Сұрапыл соғысты Жеңіспен тәмамдаған соң 5700-ден астам жауынгер жерлестеріміз туған топырағына оралып, бейбіт еңбекке белсене араласқан. Бірақ, уақыт өткен сайын олардың да қатары сиреп, бүгінде ешқайсысы қалмағаны әрине, үлкен өкініш! Дегенмен, тағдырдың табиғи қалпы, өмірдің өз заңы бар. Ұрпақ алмасады, алайда, аға буынның ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Сондай-ақ, майданда батырлар қанын төксе, тылдағы азап одан мысқалдай да кем болған жоқ. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұранмен майданға аттанған әкелердің, ерлері мен ағаларының өндірістегі орындарын жасөспірімдер, әйелдер мен қарттар алмастырды. Өздері аш-жалаңаш жүріп, барлық күш-жігерін сарп ете егіс алқаптарында, фермаларда еңбек етті. Жарқын болашақ үшін қан мен тер төккен сол бір қаһарлы күндер алыстаған сайын олардың ерен ерлігі мен еселі еңбегі жұрт жадында қайта жаңғырып, мәңгі сақталатын болады.
Иә, соғыс – өмір мен өлім күресі. Ерлік пен ездік сыналар сындарлы шақ. Осындай сын сәтте біздің жаркенттік жауынгерлер хас ерліктің үлгісін көрсеткенін мақтан етеміз. Олардың арасында Қырым үшін болған қиын-кескі шайқаста ерекше ерлігімен танылған Қожахмет Тышқанбаев, қаза болған командирінің орнына он екі адамдық топты басқарып, ерлік көрсеткен Павел Федорович Поросенков, Житомир қаласының түбінде фашистердің төрт танкісі мен бір бронемашинасын жойған Павел Васильевич Хмылев, барлаушылар жасағын басқарып, су кедергісінен бірінші болып өткен Анисим Павлович Пащенко, Познань қамалын алу шайқасында айрықша ерлік көрсеткен Николай Семенович Иванов, Каунас облысында өзінің взводымен жаудың он төрт танкісін жойған Илья Васильевич Каратаев, қас дұшпанның көптеген техникасы мен солдатын жоюға белсене қатысқаны үшін Сульги Лутфуллин Кеңес Одағының Батыры атанды. Бүгінде бүкіл егемен еліміздің, жерұйығы – Жетісудің, оның ішінде жазиралы Жаркент жерінің мақтанышына айналған Хамит Қожабергенұлы Көбіков атамыз да осынау аса мәртебелі жоғары атаққа ие болды.
Ұлы Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерекше ерлігі үшін атамызға Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығы 1945 жылы 10 сәуірде шыққан. Жарлыққа КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы М.Калинин, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы А. Горкин қол қойған. 1969 жылы Алматы қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан «Совет Одағының Қазақстандық Батырлары» атты энциклопедиялық кітаптың 327-бетінде батыр атамыз туралы төмендегідей деректер берілген: «Көбіков Хамит Қожабергенұлы 1916 жылы 9 мамырда Алматы облысы Панфилов ауданы Сарыбел ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ. 1932 жылы Ленин комсомолының қатарына өтті. Педагогикалық училищені бітірген соң Басқұншы ауылындағы толық емес мектепте ұстаз болып қызмет етті. 1942 жылы Панфилов аудандық әскери комиссариатынан шақырылғаннан бастап соғыс аяқталғанға дейін майданда болды. Хамит Көбіков басқарған зеңбірекшілер фашист баскесерлерін Сталинград түбінде, Днепр мен Одер жағалауларында, Берлин мен Прага көшелерінде талқандады. Ол майданда Коммунистік партия қатарына қабылданды. Х.Қ.Көбіков – ІІ дәрежелі Отан соғысы және «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің кавалері. Ол Одердегі ұрыстарда ерекше көзге түсті…». Энциклопедияда осылай қысқаша жазылған.
Ал, басқа да сенімді ресми деректі әдебиеттегі мәліметтерге сүйене отырып баяндасақ, атамыздың ерлік істері одан әрі былай өрбиді: Киев қаласы түбінде Днепр өзенінен өту үшін қатты ұрыстар жүріп жатты. 23-гвардиялық моторлы атқыштар бригадасы артиллерия дивизионының кұрамында шайқасып жүрген батыр атамыздың әскери расчетінің алдында Кеңес әскерлерінің өткелден өтуіне бөгет жасап тұрған жаудың атыс орындарын жою міндеті қойылған. Алайда, Днепр жағалауына берік бекініп алған жау оңай берілмеген. Әйтсе де, Кеңес әскерлері дегендеріне жеткен. Хамит атамыз қасындағы жауынгерлермен қарапайым сал жасап, оған зеңбіректі тиеп, өзеннің оң жағалауына өткен соң, осы ұрыста жаудың миномет батареясы мен бірнеше пулемет ұясын жойып, адам жағынан да едәуір шығынға ұшыратқан. Сондай-ақ, 1945 жылы 23 ақпанда өз әскерлерімен Одер өзенінен бірінші болып өткен. Осы ұрыста да атамыз басқарған жауынгерлік расчет жаудың «Тигр» атты 3 танкісін, 30-ға жуық әскері мен офицерлерін жойып, 4 бронды машинасын істен шығарған. «Кеңес Одағының Батыры» атағы осы ерліктері үшін берілген.
Әрине, біз сияқты бейбіт заман адамдарына қазір соғыс туралы тілге тиек ету – онша қиын емес. Ал шын мәнінде ондай қиян-кескі қанқасаптан екінің бірі аман шықпайды, оған ердің ері ғана шыдайды. Львов қаласы үшін болған алапат шайқаста атамыз да ауыр жараланған екен. Алайда, бойын дұшпанға деген кек кернеген атамыз госпитальдан емделіп шығысымен қайтадан сапқа тұрып, жауға қарсы аттанған. Бұл да Хамит атамыздың қаһармандығын паш етсе керек! Қан майданда осылайша қайтпас қайсарлығымен көзге түскен батыр атамыз бейбіт қызметте де қажырлығымен танылған. Соғыс аяқталған соң, 1946 жылы елге оралып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанындағы партия мектебін бітірген. 1948-1949 жылдары Талдықорған облысы партия комитетінің нұсқаушысы, одан кейін Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Мәдениет қызметкерлері республикалық кәсіподақ комитетінің хатшысы және төрағасы болған. Сонан соң Алматы нан саудасы басқармасының бастығы, Алматыдағы «Тянь-Шань» гастрономының директоры лауазымдарын да жемісті атқарған.
Осыншама өмір өткелдерінен батыл ерлігі, қажырлы қызметі, биік парасаты, адамгершілік асыл қасиеті арқылы абыроймен өткен батыр атамыз 1973 жылы 8 қаңтарда дүние салған. Алайда, өзі өмірден озса да, артында өшпес даңқы, өрелі өнегесі қалды. Туған ауылы – Сарыбелдегі орта мектепке 1985 жылы есімі берілді. Аудан орталығы – Жаркент қаласының көрікті бір көшесі де батыр атамыздың атында. Өзі бүкіл саналы ғұмырын өткізген Алматы қаласының Түрксіб ауданында 1974 жылы бір көшеге аты берілген. Хамит атамыз барша халыққа қандай қадірлі болса, туған-туыстарына да сондай сыйлы жан еді. Бүкіл Көбіковтер әулеті осындай аса беделді болғанына қарамастан өте кішіпейіл, жаны жомарт жанның өздерінің өте жақындары болғанын шексіз мақтаныш етеді. Атамыз жан жары Александра Александрқызы Көбікова екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, қоғамымызға лайық азамат етіп өсірді. Үлкен ұлы Көзмаш – геолог. Екінші ұлы Серік – медицина ғылымдарының докторы, профессор, онколог. Қызы Жанна да медицина ғылымдарының кандидаты. Осы перзенттерінен өрбіген 7 немере, 8 шөбересі бар.
Азаттық үшін арыстанша арпалысқан Хамит атамыздай қаһармандардың әруағы алдында әрқашан басымызды иіп, тағзым етеміз. Олардың тұғырлы тұлғалары – жастарды Отаншылдыққа, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеудің нақты да өнегелі құралы. Батырлар ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін қашан да үлгі болып келді, қазір де сондай және алдағы уақытта осылайша жалғаса бермек.
К. БАЛАЕВ