Панфилов аудандық мәдениет үйінде аудандық ардагерлер ұйымы мен аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Батагөй» байқауы болып өтті. Байқауға аудандағы 13 ауылдық округ пен Жаркент қаласынан 16 ақсақал қатысып, бата беру бойынша өзара бәсекеге түсті.
«Тұсаукесер», «Наурыз тойы», «Шілдехана», «Соғым басы», «Дастарханда», «Сүндет тойы», «Үйлену тойы», «Бесікке бөлеу», тағы басқа да осы тақылеттес салт-дәстүрлер бойынша өздерінің сөзге шешендігін, ой ұшқырлығын, тақырыпты аша білу қабілетін, сахнада өз-өздерін ұстау мәдениетін көрсеткен қариялардың арасында Шолақай ауылдық округінен келген Жанаманов Бердіғожа ақсақал бас жүлдеге ие болып, қазақтың қасиетті аспабы – домбыраны сыйға алды. Ал үлкеншығандық Мұстапаев Нұрахамет бірінші орынды, пенжімдік Нүсіпов Құрманғали екінші орынды, жаркенттік Жайшыбеков Қабди үшінші орынды иемденді. Ынталандыру жүлделеріне сүптайлық Дауытбеков Серғожа, көкталдық Солтанқұлов Сайлау, сондай-ақ, талдылық Сәдуақасов Рақымғазы ие болды. Бұл жүлдегерлерге де ұлттық нақыштағы бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сонымен қатар қатысушылардың барлығына аудан әкімінің дипломдары мен «Алғыс хаттары», естелік сыйлықтар берілді.
Нұр ӘДІЛ