Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтетінін атап өтті.
Қазақстан мұнай мен табиғи газдың ірі өндірушісі бола отырып, әлі де жаңа энергия көздеріне мұқтаж. АЭС құрылысы Қазақстанның атом потенциалын, соның ішінде уранның қорын пайдалануға көмектеседі. «Атом энергиясын экспорттаудың арқасында экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары, әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Осы саланың мамандары АЭС-тен алынатын энергия экологиялық ең таза әрі қауіпсіз екенін айтуда.
Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, көрші мемлекеттердің электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдауымыз керек. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Басты мәселе экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек. Келешектің қамы үшін дұрыс таңдау жасау өз қолымызда!
Медет МҰҚАТАЙ,
Жетісу облыстық
мәслихатының депутаты