Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева АЭС құрылысы бойынша референдум өткізуге байланысты ақпараттық науқанға баға беріп, оның белсенді жүргізілгенін айтты.
«Мен ақпараттық науқанды өте белсенді өтті деп сипаттаймын, өйткені атом электр станциясының жақтаушылары да, қарсыластары да бұл мәселеге қызығушылық танытып, өз ұстанымдарын түсіндіріп, дәлелдеді. Бәрі ашық түрде жүріп жатыр. Қазақстанда ашық қоғам құрылғанын көріп отырмыз, онда әркім пікірі мен көзқарасын білдіре алады», — деді Аида Балаева БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ, ведомство басшысы референдум Президент бастамашылық еткен реформалардың арқасында болып жатқан елдегі үлкен өзгерістердің жарқын айғағы екенін атап өтті.
«Бүгінгі референдум — бұл біздің еліміздегі Мемлекет басшысының реформаларымен тікелей байланысты үлкен әрі түбегейлі өзгерістердің дәлелі», — деп толықтырды ол.
Бұған дейін Аида Балаева референдумда халық даусының маңызына тоқталған еді.
Айта кетсек, Мәдениет және ақпарат министрі Астанада Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №164 дауыс беру учаскесінде өз таңдауын жасады.
kaz.inform.kz