Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылы Кеңес кезінде «Октябрь» қой кеңшарының нөмірі төртінші фермасы болатын. Кеңес үкіметінен бұрын бұл жер Аламан деп аталған екен. Жоңғар шапқыншылығынан кейін бұл жерде қаңлылардың ұрпақтары өмір сүрген. Он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде қаңлыларды Алтынемел жаққа, ал Қоңырбөріктерді Төңерек, қазіргі Басши жаққа көшіріп, Ақшаның екі баласы Есдәулет пен Байтілеуді осы жерлерге орналастырады
Байтілеудің Қойгелді, Жангелді, Едіге, Ебей, Күң, Мықтыбек деген ұлдары болады. Албан-Суанға, Жалайыр, Дулатқа шешендігімен, әділдігімен аты шығып, жалпақ жұртқа танымал болған Қожбанбет би Ебейұлы 1815 жылы осы жерде дүниеге келеді. Қожбанбет Байтілеудің баласы Ебейден тарайды. Қожбанбет би атақты Тезек төренің бас биі болған. Тезек төреге сөйлесуге ешкімнің батылы жетпеген кездерде Қожбанбет би барып, бар мәселені өзі шешіп беріп отырған. Қожбанбет би қайтыс болған кезде Тезек төре «Қырық жыл жолдас болған Қожам еді, ас маған қалай батсын» деп қатты қайғырған екен. Қожбанбет би Тезек төреден Аламаннан Қоңырөлеңге дейінгі жерлерді сұрап алып, Ақша, Жәдігер, Бөлек, Үмбетейді орналастырады.
Есдаулет пен Байтілеудің ұрпақтары осы жерлерде тұрақтап қалады. Бүгінде Ынталы ауылында 100-ге тарта отбасы тұрып жатыр. 90-шы жылдары елде жұмыссыздық белең алған кезде ауыл адамдары жан бағыс үшін жан- жаққа қоныс аударып кетті.
Осы бұрынғы Аламан, қазіргі Ынталы ауылының аяқ жағында үлкен зират бар. Осы зираттың бас жағында төрт күмбез іркес-тіркес бірге тұр да, тағы бір күмбез сәл алыста жеке орналасқан. Бәрі ескірген, бұрынғы ата- бабаларымыздың күмбезі. Бұл мазарлардың ешқайсысында жазу жоқ. Болған да шығар, жыл өткен сайын жазу да өшеді. Тек осы мазарлардың ішіндегі кішкене аласалау күмбез бар, соның ішінде төте жазумен жазылған жазу бар екен, оны арнайы адам шақыртып оқытпаса, ешкім оқи алмайды. Сонымен жеке тұрған төрт күмбез бен жеке тұрған күмбез кімдікі болды? «Сұрай-сұрай Меккеге де барасың» демекші, ауыл ақсақалдарынан сұрап жүріп, там-тұмдап болса да мәліметтер тапқандай болдық.
Ақша руының Байтілеудің баласы Базаргелдіден Өмірбек, Құлбек, Кәрі деген ұлдары болған екен. Өмірбек ел ішінде аты шыққан емші болыпты. Өзі қылтамақ деген аурумен ауырады. Ол өзінің жазылмайтынын біліп, ел-жұртын Дәуітбай деген төбеге жинайды. Содан қамшысын отырған жерге шаншып, «Мен егер анау-мынау болып жатсам, осы жерге жерлеңдер» дейді. Кесененің біреуі осы Өмірбек емшінікі болса, екінші кішкене күмбез он сегіз жасқа келіп қайтыс болған Құлан Телібай баласынікі. Бұл күмбезде ескі арабша жазу әлі бар. Оның қасындағы күмбез Базарбектің баласы Кәрінікі болуы әбден мүмкін. Кәрі мыңғырған малы бар, елге сыйлы, бай адам болған екен.
Байтілеудің баласы Мықтыбектің Кәріп, Орманбек деген екі баласы болған. Кәріптен Тойлыбек, Несіпбек атты екі ұлы бар. Ел ішінде төртінші күмбез осы Тойлыбектікі деп айтылады. Ал жекелеу тұрған күмбез кімдікі екен деп біраз адамдардан сұрауға тура келді. Байтілеудің Ебей деген баласының алдында Едіге деген ұлы болады. Осы Едігенің Қоңыр деген жетінші ұлынан Көкебай, Көкебайдан Темірбек, Нұрбек, Отыншы, Болсанбек, Қойшыбек, Сәрсенбек, Қалиса атты жеті баласы бар. Көкебай ауқатты, өз заманындағы бай адамдардың бірі болған екен. Ол бай ғана емес, көзі ашық, көкірегі ояу, сол кездегі адамдардың ішіндегі озық ойлы, елдің, жердің қамын жеген игі жақсылардың бірі болған. Баласы Нұрбекті Қазан қаласында оқытып, білім алғызады. Көп күмбезден бөлектеу тұрған Көкебай байдың күмбезі екенін оның тікелей ұрпағы, Жаркент қаласының тұрғыны Нұрбеков Әділхан бізге жеткізді.
Ресей патшалығы біздің жерімізді ғана иемденіп қалған жоқ, өздерінің тілдерін де, діндерін де сыналап кіргізді. Сондай-ақ, бүкіл елдің санағын да жүргізіп отырған. Сондай мұрағат құжаттардың бірі 1910 жылғы Суан елінің Бурақожыр болыстығына қарайтын ауқатты адамдардың тізімінде қыстайтын қыстаулардың атауы, басшыларының аты-жөні ер-әйелдердің саны көрсетілген.
Біз әңгімелеп отырған Көкебай Қоңырдың қыстауы «Қату тауы, руы Байтілеу, шаруашылығы біреу, сегіз ер, төрт әйел адам» деп көрсетілген. Ал Көкебайдың баласы Нұрбектің қыстауы «Аламан, шаруашылығы біреу, төрт ер, үш әйел адам адам» деп жазады. Нұрбекте адам саны аздау, яғни жас отбасы болу керек. Әкесі Нұрбекке еншісін беріп, алдына мал салып берді ме, өзі пысық болып байыды ма, ол жағы белгісіз, қалай десек те Көкебай мен Нұрбек ауқатты адамдар екені сөзсіз. Жоғарыда айтып өткеніміздей Нұрбек ескіше хат танитын, көзі ашық, білімді, бай болған. Кеңес үкіметі 1932 жылы оның дүние-мүлкін тәркілеп, өзін ату жазасына кескен. Нұрбектің ұрпақтары үркіншілік заманда Қытай жеріне барып, бас сауғалап, аман қалған. Бүгінде Көкебайдың балалары Нұрбек, Мұқадан тараған ұрпақтар Жаркент өңірінде тұрып жатыр.
Роза ЫСТАЙ