– Алмас Тоқсанбайұлы, өзіңіздің туған жеріңіз, өскен ортаңыз туралы айсаңыз?
– Мен Панфилов ауданы, Шолақай ауылында туып-өстім. Он бірінші сыныпты аяқтаған соң әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультетіне оқуға түстім. Себебі, мектеп кезінде тарих пәніне бейім едім. Ол кезде ата-анамда оқуын оқып, қолына дипломын алса деген ниет болды. Мені ғалым, PhD докторы болады деп ата-анам да ойламаған шығар.
Университет қабырғасында оқып жүрген шағымда бала қиялдарды бұл өмірдегі шынайы армандармен алмастырып, нағыз мақсаттар қоя бастадым.
– Ғылымға қалай келдіңіз? Сізге бағыт берген ұстаздарыңыз туралы айтып өтсеңіз.
– Менің ғылымға келуіме бірнеше адам себеп болды. Әрине, ең бірінші ата-анам бала күнімнен адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиеледі. Жасыратыны жоқ, өте ерке бала болдым. Ауылдың бірде-бір ауыр жұмысын жасамадым. Менің бар міндетім – білім алу және спортпен айналысу болды. Бұл менің бала жастан алғыр, зерек болуыма зор септігін тигізді. Арман қуып Алматы шаһарындағы жоғарғы оқу орнына келгенде туған әпкем мені өз қамқорлығына алды. Студенттік кезімде де жоқшылықты, қарын ашу дегенді білмедім. Әпкем шамасы жеткенінше ақылын айтып, түзу жолға бағыттап отырды. Ал университетте оқыған жылдары маған зор ықпал еткен екі тұлға болды. Бірі – тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Меңдігүл Сағатқызы. Екіншісі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков ағамыз. Бұл екі кісі мені кәсіби тарихшы қылу үшін бар білгендерімен бөлісіп, қолдарынан келгенді аяп қалмады. Мен тіл білетін, сыни ойлай алатын, терең көзқарасты тарихшы болуым үшін ұстаздарымның жөн сілтеуімен көптеген ғылыми жобаларға қатыстым. Ғылым жолында жасаған әр қадам мені шыңдай түсті. Ал сол жолда қос ұстазымның тигізген үлесі зор. Әсіресе, ғылыми диссертациямды жазу барысында көрсеткен ұстаздық еңбектері үшін алғыс білдіремін. Талас Омарбекұлының: «Адам өмірде бір мақсатқа жету үшін өзінің деңгейіне қарау керек. Әрине, мүмкіндік болса басқа салада да өзіңді байқап көрген жақсы. Дәл қазіргі сенің қолыңдағы бар мүмкіндік – PhD докторы, тарихшы ғалым болу. Өйткені қазір ғылымда жігіттердің рөлі әлі аз. Ғылымға деген адамдардың құрметі азайып бара жатыр. Елдің бәрі бизнеске, әр түрлі кәсіпке кетуде. Бұл жалғаса берсе қазақ тарихында, ғылымда кім қалады?» дейтін өсиет сөзі әлі күнге дейін жадымда. Мен докторлықты қорғағанға дейін де, кейін де басқа салаға кетуге мүмкіндіктер болды. Алайда Талас Омарбекұлының сөзінен, ұстаздарымның маған артқан сенімінен аттап кете алмадым. Тарих ғылымында осындай тұлғалардың жолын жалғап, еңбек етуге ниеттімін.
– Қазір өзіңіз де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұстаздық қызмет атқарасыз. Шәкірттеріңіздің айтуынша Алмас Тоқсанбай білімге қатал адам. Бұл қаншалықты рас? Болашағынан үміт күттірер шәкірттеріңіз бар ма?
– Студенттерде екі түрлі түсінік бар. Олар қаталдық пен жаны ашуды ажырата алмайды. Қадыр Мырза Әли бір сөзінде: «Қазақты қазақ қылу үшін екі нәрсе керек. Бірі – асқан байлық, екіншісі – темірдей тәртіп» дейді. Сондықтан да, жастарға қаталдау болмасаң көбінің оқуға талпынысы болмайды. Мүмкін бұл біздің қазақи қасиетімізге де байланысты шығар. Қазақ жауынгер халық. Өзінен мықты адам болмаса біреуге мойынсұна бермейді. Ең бастысы, қазақ балалары өте дарынды. Өкініштісі, сол дарынды қазір түкке тұрғысыз істерге өлтіріп жатыр. Менің студенттерге қатал болуымның басты мақсаты – оларға сапалы түрде қазақ тарихын оқыту. Барынша өзімде бар біліммен шәкірттермен бөлісуге, оны ұғындыруға тырысамын.
Бүгінгі таңда шәкірт тәрбиелеу, ұстаздық ету дегеніміз студенттерге жай ғана сабақ беріп, жалақыға қарап отыру емес. Бізде көп ұстаздардың қателігі осында. Олар өздерін ұстазбын деп ойлайды. Жоқ, ол ұстаз емес. Ол бала-шағасын бағу үшін қызмет істеп жүрген адам. Нағыз ұстаз болу дегеніміз айлық алмаса да, балалармен қосымша жұмыс істеп, таланттарды тауып, соларды бір жолға салу. Мен осыдан бір жыл бұрын «500 кітап. 2 тіл» деген топ құрдым. Бұл топтың мақсаты – студенттерге оқуды бітіргенше екі тілді жетік меңгерту. Жобаны іске асыру үшін ең алдымен әр факультеттен, әр топтан он шақты баланы алдық. Олар маған, мен оларға ешқандай ақы төлемейміз. Бізде арнайы график бар. Таңғы бестен жетіге дейін ағылшын тілін оқимыз, аптасына бір кітап оқимыз. Биыл түрік тілін қатарға қостық. Сонда он студент оқу бітіргенше бес жүзден аса кітапты оқып, екі тілді жетік меңгеріп шығады. Оларға магистратураға түсу деген ешбір қиындық тудырмайтындай деңгейге жеткіземіз. Магистратуға түскеннен кейін де шәкірттерді ғылымға бағыттаймыз. Ғылыми ізденістің жаңа тәсілдерін үйренеді. Кейіннен доктарантурада білімін жалғастырып жатса нұр үстіне нұр. Мен қазақ балаларының оқу бітіріп тек қана ауылға барып мұғалім болғанын қаламаймын. Ондай мамандарды онсыз да университет дайындайды. Неге біздерде білікті ұстаз, ғалым, депутат, министр, үлкен компаниялардың іргесін қалайтын жан-жақты, қабілетті, жанып тұрған жастарды даярламайды? Менің бар ойым осындай назардан тыс қалып жатқан маңызды дүниелерге көңіл бөліп, қазақ балаларына соны ұғындыру, оларды дұрыс жолға бағыттау.
– Бұл сонда сіздің негізгі мақсатыңыз ба?
– Менің ең басты мақсатым – қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтеру. Бізде саясаткерлер елдегі саясатты тұрақтандыруға барын салуда. Экономистер Қазақстанды дамыған елдің қатарына қосамыз деп жүгіріп жүр. Әр сала даму жолында. Өкінішке қарай, ғылым саласы, әсіресе, гуманитарлық ғылым саласы әлі күнге дейін кенжелеп келеді. Оны отаршылдық жүйенің салдары деп сылтаурата беруге болмайды. Әр адам жұмыс жасауы қажет. Қазақтың тарихын әлемдік рейтингтегі, өзгелер қызығып оқитын тарихтар қатарына енгізуге күш салу керекпіз. Өйткені біздің салт-дәстүріміз, біздің өткен жолымыз, оқиғаларымыз әлемде түсіріліп жатқан тарихи кинолардан он есе мықты. Бұл дүниеде қазақтай жанкештілікпен тәуелсіздікке жеткен халықтар өте аз. Сондықтан да біз осындай дүниелерді жаңғыртуымыз керек. Оны ұрпақ санасына сіңіртіп, рухын көтеруге тиістіміз. Осы жолда ғылыми және идеологиялық бағытта еңбек етуге дайынмын және ниеттімін.
– Сіз кімнен үлгі аласыз?
– Мені тәрбиелейтін бір адам бар. Ол – Абай. Абай Құнанбайұлын оқу арқылы мен өз өзімді тәрбиелеймін. Маған «Ғылым таппай мақтанба, Орын таппай баптанба» дейтін Абайдың бір-ақ ауыз сөзі жетіп жатыр. Ғылымды жасамай несіне мақтанамын? Қазақ ғылымында орын таппай неге мен баптанамын?
– Жақсы. Алмас мырза, өміріңізде әттеген-ай деген сәттер болды ма?
– Әрине, болды. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» деп хакім Абай айтпақшы, маған оқы деп айтқан адам аз болған жоқ. Мен ғылымға сәл кештеу келдім. Ерте ғылымға бет бұрғанда ағылшын, түрік тілінен басқа араб яки қытай тілін де білуім мүмкін еді. Көп дүниені уысымнан жіберіп алдым.
Біз барлық саладан ақсап жатырмыз: ғылымнан, спорттан, экономикадан, бәсекелестіктен. Бүгінгі таңда Қазақстан қиын жағдайда тұр. Менің таңғалатын дүнием – қазақтың еңгезердей жігіттері той тойлап, көкпар шауып, бес сағаттық көңіл көтеруді өзіне бір бақыт санап, соған ақша шашып жүруі. Жастарымыздың сондай құнсыз дүниеге уақытын құртып, өмірін өткізіп жатқанына өкінемін. Қазір қазақтың әрбірі жас ұрпақты тәрбиелеуге күш салуы қажет. Қазіргі ең басты мәселе – жастар. Біз жастарға шама шарқымыздың жеткенінше білім беріп, оларды ғылымға бағыттап, дұрыс тәрбие беруіміз керек. Қазір біздің балалар қалай білім алып жатыр? Ал Еуропадағы балалар қалай білім алып жатыр? Кеше әлеуметтік желіден көрдім. Жапонияның он бірінші сынып түлектері арасында байқау ұйымдастырылып жатыр. Қандай байқау дейсіз ғой. Түлектер өзі жасаған роботтарын жүгіртуден жарыстырып жатыр. Біздің он бірінші сынып оқушылары не істеп жүр? Біз Жапониядан технология жағынан неше есе артта қалып қойғанбыз? Қашанғы біз бәрін сырттан сатып ала береміз? Технологияға тәуелді болған ел ешқашан ол елден алда бола алмайды. Сондықтан да, қай жағынан болса да біздерге әлемдік деңгейдегі додаға қатыса алатын жастарды тәрбиелеу қажет. Міне, осы мәселе шешілетін болса басқа барлық түйін өзінен-өзі шешіледі.
– Айтып отырғандарыңыз дұрыс-ақ. Алайда, әлі күнге дейін шешімін таба алмай келе жатқан тарих ғылымындағы даулы жайттарды қайтеміз?
– Қазақтың тарихында бүкіл тарихи оқиға әлі проблема күйінде тұр. Оның жасыратын түгі жоқ. Бізде бір тарихшының айтқанын екінші бір тарихшы әлі мойындамайды, дұрыс деп те айтпайды. Себебі, біздің шынайы тарихты жазу үшін бізге әлі де болса уақыт керек. Мен алдыңғы буын ағаларды кінәламаймын. Өйткені олардың әрбірі сол шындықты табу үшін ізденуде, барын салуда. Соның арқасында қазіргі тарихта неше түрлі көзқарас қалыптасуда. Бұл өте дұрыс нәрсе. Өйткені біз сияқты жас тарихшыларға қайсы жолдың дұрыс екеніне көз жеткізуге мүмкіндік беріп жатыр. Бар түйткілдің басы – жетпіс жыл бойы отарлық саясат кезіндегі қазақ тарихының оқытылмауы, жойылуы. Солақай саясат қазақ тарихына байланысты құжаттардың бәрін құнсыз деп танып, өртеп жіберді. Қазақстан тарихына көңіл бөлетін ғалымдар да жоқ болды. Қазіргі ғалымдардың көбі кезінде диссертацияны КСРО тарихы бойынша қорғаған. Кейіннен олардың бәрі Қазақстан тарихына ауысты. Осындай кезеңде өмір сүріп, еңбек еткен ғалымдарға бас иемін. Енді біз сонау Шыңғыс ханнан бергі даулы мәселенің бәрін қайта қарауымыз қажет. Ең өкініштісі, бізде әлі күнге дейін қазақ тарихын білсем деген қызығушылық, сұраныс жоқ. КСРО кезінде қазақ тарихына деген қалыптасып қалған құрметсіздік әлі сол қалпында. Тәуелсіздік алып, егемен ел болсақ та санамызда қазақ тарихына деген құрмет, махаббат оянған жоқ. Біз қазақ тарихына деген қызығушылықты ояту үшін ең бірінші халықтың жүрегіндегі өз ұлтына деген махаббатын оятуымыз керек. Халық жаппай тарихқа бет бұрғанда сұраныс артады. Сұраныс болған жерде ғалымдар да жұмыс жасайды. Сонда жоғарыда айтылған мәселелер оң шешімін табады.
– Сіз осы іске қандай үлес қосудасыз?
– Қазақ тарихының ғылымы жолына үлес қосуым енді ғана басталды. Менің тақырыбым – «Көшпелілердегі билік мәселесінің тарихнамасы». Түркі халықтарында билік жүйесі қандай болды және әр тарихи кезеңде билік жүйесінде қандай сабақтастық бар? Олардың өзгешелігі неде? Міне, осы мәселені зерттесем деймін. Осы тақырыпты зерттеу арқылы қазақтың мемлекеттілігі ежелгі сақтардан басталғандығын, биліктің бір-біріне ұқсастығын осы арқылы дәлелдеп, жаңа қырынан танытсам деймін.
Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы сапалы, шынайы деректерге негізделген видео-подкасттар түсірсем деген жоспар бар. Қазақ тарихындағы өзекті мәселелерді нақты ғылыми еңбектер арқылы дәйектеп көрсетсем деймін. Бұйырса, бұл істі жақын арада бастаймын.
– Қазақ тарихында Алаш зиялыларының өміріне қатысты деректер де, аңыз да, ақиқат та көп. Қазір әдебиет пен тарих саласында сол кезеңдегі тұлғалардың бір-біріне жасаған сатқындығы, жазған арыздары әлі күнге дейін дау тудырып келеді. Бұл жөнінде не дейсіз?
– Өткен адамдардың өміріне қарап оларға баға беру ерте. Мен ешбір қазақ атын, ешбір алаш азаматын мынау жау деп бағамдамаймын. Оған құрметпен қараймын. Шынайы қателескен арамза адамдарды тарихта оқыту арқылы адамдардың санасын улап қажет емес. Оларды жай ғана тарихтан ысыра салу керек. Тарих – қазақты тәрбиелейтін бірден бір құрал. Біз әлі тәрбиелеу үстіндеміз. Біз біреуге біреудің жаманшылығын айту арқылы оны жақсы етіп тәрбиелей алмаймыз. Шыны керек, біз шаршаған халықпыз. Абай әр нәрсеге шынайы қарау керектігін айтады. Бізге өткен тарихтағы кейбір адамдардың қателігі маңызды ма, жас ұрпақтың ауызбіршілікте өсіп, рухани бай болғаны маңызды ма? Қайсы маңызды? Әрине, бүгінгі таңда ұрпақты дұрыс тәрбиелеу маңызды. Ал оларды дұрыс тәрбиелеуге байланысты азды-көпті дүниені жас ұрпақтан санасынан жасырған жақсы. Кішкентай балаға жасына жетпей жатып үлкен проблемаларды айтпаймыз ғой. Сол сияқты, жас буынды рухани байытатын, үлгі болатын пайдалы іліммен сусындату қажет. Ал ақ пен қараны айыратын деңгейге жеткен кезде олар бәрін де өздері-ақ оқып алады. Ізденген адамға бәрі табылады. Бірақ іздене алмайтын жас буынға дұрыс материал беруіміз керек.
– Жастарға не айтасыз?
– Жастарға оқу керек. «Білмесең, білгеннен сұра» дейтін сөз бар. Ұялмау керек. Мен мұны жастарға емес, ата-аналарға айтар едім. Өз балаңды оқыта алмайсың ба, оқыта алатын адамға табыста. Бізде қазір ата-ананың бәрі баламды жақсы көремін деп оның алдына бар дәмдіні тосып, үстіне бар жақсыны кигізеді. Көбі баласына киім кигізіп, тамақ бергеннен ары аспайды. Әр түрлі курстарға беруі мүмкін. Бірақ оның сапасы қандай? Сондықтан да, біздерге балаларды дұрыс оқытатын сапалы орта қалыптастыру қажет. Әрбір мектеп, әрбір жерде оқу орталықтары болса деп ойлаймын.
– Сіздің өмірлік миссияңыз қандай?
– Мен өмірімді тек қана тарихшы ретінде елестеткім келмейді. Менің бұл өмірге келгендегі миссиямның бірі жастарды тәрбиелеу деп білемін. Жастарды қазіргі қоғамда қалай тәрбиелемек қажет? Осы орайда ниеттес жігіттер бірігіп «Жаңа Жаркент» деген топ құрдық. Онда бір елудей жігіт бар. Біз жастарды тәрбиелеу ісін өз ішінде бес бағытқа бөлдік: білім, спорт, руханият, мәдениет және кәсіпкерлік. Осы бес бөлімнің ішіндегі білім саласын мен өзімнің жауапкершілігіме алдым. Менің бар Қазақстанды оқытуға қауқарым жетпейді. Алайда, бір ауданның балаларын оқытуға менің қарым-қабілетім толықтай жетеді. Бұл істі бастау үшін бір жоба жасадық. «Жаңа Жаркент» тобының Жалғас Алтынбек дейтін бастаушысы бар. Біздер ауданымыздан шыққан жігіттермен бірлесе отырып «EduLike!» оқу орталығын аштық. Оның ерекшелігі – ауданымыздан келген студенттерге ағылшын тілінен тегін курс өтіледі. Ағылшын тілінен бөлек ораторлық өнер, жылдам оқу, оқимын деген балаға қосымша орыс, түрік тілдерінен сабақ, физика математикалық бағытта білім беру, пайдалы тренинг сынды түрлі бөлімдерді қамтимыз. Менің бір байқағаным екінші-үшінші курсқа келгенде көбіміз шет елде оқығымыз келеді. Қазір бұл барлық университеттерде қолжетімді. Бастысы тіл білсеңіз және сабақ үлгеріміңіз жақсы болса болғаны. Өкініштісі, бұл жоба бойынша бір факультеттен бір немесе екі бала ғана жолдама алып жатады. Қалғандары тіл білмегені себепті мүмкіндікті жіберіп алады. Екінші курста ағылшын тілін оқымаған бала үште де, төртте де оқи алмайды. Кейін магистратураға түсер кезде де тіл білмегені алдына бөгет болып, өзінің бойындағы қабілетін шектеп жатады. Сондықтан да осы мәселені көріп, Жаркенттік балаларды оқытуды қолға алдық. Қазірше тек аудан көлемінде. Шамамыз жетсе Қазақстанды қамти алатындай күнге жетуіміз әбден мүмкін. Қазір крустардың көбі қымбат әрі сапасыз. Бұл бірінші. Екіншіден, жастарымызды ағалық қамқорлығымызға алып, дұрыс бағыт береміз. Ата-анасынан жырақ кеткен ұл-қыздарымызды дұрыс тәрбиелеп, ертеңгі магистр, доктор, депутат, министр етіп шығарсақ деген үмітіміз бар.
Қазір екінші жобаны да қолға алдық. Жаркенттен келген студенттерді оқыту ісі жолға қойылды. Ал ауылдағы балаларға қалай білім бере аламыз? Жасыратыны жоқ, қазіргі ауданымыздағы, тіпті еліміздегі білім деңгейі төмен. Аудандағы елу мектептен бес кітапты толық оқыған елу бала таба алмайсыз. Осы мәселені шешу үшін 9-11 сынып оқушыларына арнап «Kitap fest» атты жарыс ұйымдастырмақшымыз. Байқау он мектепті қамтиды. Басты мақсат – жастарды кітап оқуға құлшындыру, білім көкжиегін кеңейту. Жарыс үш турдан тұрады. Жеңімпаз бес балаға ақшалай сыйлық беріледі және олар екінші кезеңге жолдама алады. Он мектептен елу бала шешуші кезеңде бақ сынайды. Финалда жеңімпаз болған балаларға бір миллионға дейін сыйақы берсек дейміз. Байқауға үш жыл қатарынан қатысқан бала жалпы 45 кітап оқиды. 45 кітап оқыған бала мен бір кітап оқымаған баланың арасы жер мен көктей.
Жастарды тәрбиелеудің ең алғашқы қадамы – кітап оқу. Кітап оқыған баланың болашағы жарқын.
Ал ғылым жолында кітап, ғылыми мақалалар жазу, видеоподкасттар түсіруді мақсат етіп отырмын. Бұның бәрі бір-бірімен байланысты. Әрине, уақыт, энергия керек. Бірақ аз-аздан үздіксіз әрекет етеміз.
– Қоғамдағы тіл мәселесі жөнінде не айтасыз?
– Мәселе өзге ұлтта емес. Проблема бізде. Біз өзгелер үлгі алатын ұлтқа айналуымыз керек. Өзіміз әлсіз болсақ, бізді ешқашан ешкім сыйламайды. Қазақтың сапасын көтеруіміз керек. Әр қазақ өзінен бастасын. Өзін дамытсын. Шамасы жетсе өзінің айналасын, оқыған мектебін, ауданын, университетін дамытсын. Біз қазақтың жастарын дамыту арқылы саналы түрде басқа ұлттарды өзімізге бас идіре аламыз. Бір қазақ он қазақты оқытса, 5-10 жылда Қазақстанда барлық ұлт қазақша сөйлеп, қазаққа деген құрметі артады.
Биыл ҰБТ-да мектеп бітіруші түлектердің 75%-ы қазақ тілін таңдаған. Бұл дегеніміз біраз дүниені айғақтайды. Меніңше тіл мәселесінде бұрынғыдай қауіп жоқ. Әр қазақ қазақша сөйлесін, баласын қазақ мектебіне берсін. Бағамдай алсақ, тіл мәселесі оң жолға қойылып келеді.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге алғысымыз шексіз. Ұлт тәрбиелеу жолындағы ұлы істеріңіз тоқтамасын!
Сұхбаттасқан Алуа АСҚАР
??????
Керемет сұхбат! Оқыған әр бір қазақ баласын ойландырмай қоймайды??