Алматы облысында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына келіп, дауыс берушілер легі арта түсуде. Тұрғындар облыс орталығында ғана емес, өңірдегі аудандарда да белсенді.
Мәселен, бүгін Ұйғыр ауданында 38 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Аудандағы сайлау құқығына ие тұрғындар саны 70 мыңның үстінде екен. Қазірге дейін сайлаушылардардың жартысына жуығы өз таңдауларын жасап үлгерген. Ал облыс орталығы Қонаев қаласындағы сайлау учаскелеріне тіркелген тұрғындардың 10-15 пайызы дауыс берді.
Жалпы бұл сайлау күні тек дауыс беру сәтімен ғана емес, түрлі қызықты іс-шаралармен де есте қалатын сияқты. Мысалы, Қонаев қаласындағы «Тұлпар» ретрокөліктер салонының иесі, белгілі кәсіпкер Мұрат Сіргебаевтың ұйымдастыруымен автошеру өтті.
«Шаһар маңында орналасқан «Тұлпар» ретро салонының көліктерін ел Президентінің кезектен тыс сайлауына орай автошеруге алып шықтым. Барлығы 10 көлік шеруге қатысып жатыр. Бұл көліктер қаладағы барлық сайлау учаскесін аралап шықты», дейді Мұрат Сіргебаев.
Айтпақшы, Кеген ауданында бір ғасырдан астам өмір сүрген әжей Күлпара Жуашқыз сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Әжейдің немересі Тақабаев Олжастың өзі елуді алқымдаған ел ағасы. Тақабаевтар әулеті ұстаздар династиясы. Ал әжей мектепте талай жыл директор болып қызмет атқарған.
Жалпы Кеген ауданы бойынша 34 сайлау учаскесі ашылған. Аудан бойынша 18608 сайлаушы бар.